Көздің алдынғы камерасына қан құйылу. Негізгі себебі көздің ашық және жабық механикалық жарақаттары. Көздің алдынғы камерасына қан құйылу көбіне түсті қабықтың, кірпікті (цилиар) дененің және ақ қабықтың қан тамырларының жарақаттануынан (кесілген, тесілген немесе операциялық жарақаттар) болады. Сирек жағдайда аталған көз құрылымдарының геморрагиялық қабынуы, инфекциялық аурулар (инфекциялық анемия), авитаминоздар (К, РР) салдарынан көз камераларына қан құйылады.
Белгілері. Құйылған қан мөлшері аз болса көздің алдынғы камерасы сұйығы қызғылт, ал көп болса қою қызыл түске боялады. Ол «гифема» деген атқа ие. Соңғы жағдайда түсті қабық пен қарашық көрінбейді. Уақыт өте келе қан құрылымдары (эритроциттер, лейкоциттер, фибрин) көз камерасының түбіне шөгіп, оның жоғарғы жағындағы көз камерасы сұйығы мөлдірленеді. Түсті қабық және қарашық айқын көрінеді. Сонымен бірге жарыққа қарай алмау, қарашықтың кішіреюі сияқты жалпы көз ауруларына тән клиникалық белгілербайқалады.
Емі. Алғашқы күннен бастап емдесе көз камерасына біршама мол құйылған қанның өзі тарап, тартылып кететіні белгілі. Басқа малдарға қарағанда көз камерасына құйылған қан сиырда өте жай тарайтыны анықталған және ол үшін екі айға дейін уақыт кетуі мүмкін. Сонымен бірге көз камерасының түбіне шөккен эритроциттер мен фибрин түсті қабықты қасаң қабыққа жабыстырып тастауы жиі кездеседі (алдыңғы «синехи»). Аурудың алғашында көзге суық басу керек. Екінші күннен бастап жылулық емдер қолданады. Көзге 2 -3 % - ды дионин ерітіндісін тамызады. Ішке иодты калий береді. Көз камерасына аса көп мөлшерде қан құйылғанда қасаң қабықты инекциялық инемен тесіп, қанды сұйықты сорап алып, көз камерасын новокаин антибиотик қоспасымен жуу жақсы нәтиже береді. К және РР витаминдері егіледі. Антибиотиктер қосып ретробульбарлық новокаин блокадасы жасалады.