Қысқаша әдеби энциклопедияда» мұндай да анықтама жоқ, мүлде ұмыт қалдырылған. Толғау
жанрының табиғаты З.Ахметовтың «Казахское стихосложение» еңбегінде едәуір тереңдей
ашылады. «Толғау – шындап келгенде ән емес, бірақ әуенмен айтуға лайықталып шығарылған
халықтық лириканың бір түрі»,-деп жазады ғалым. «Толғау – қазақ, сондай-ақ қарақалпақ,
ноғай секілді басқа да халықтардың ауызша поэзиясында кең тараған қоғамдық-саяси
лириканың бір түрі» деп анықтама береді Б.Абылқасымов. Толғау тектес сөз үлгілерін
қырғыздар «санат-насыят ырлар», башқұрттар «қобайыр», құмықтар «ойлы йырлар» деп
атайды. Ноғай мен құмықтың «қазақ йырлары» ерлік толғауы мағынасында қолданылады.
Толғаудың жанр ретінде қалыптасуы аталған халықтар әлі бөлініп үлгермеген ХІІІ-ХІV
ғасырларға сәйкес келеді. ХV-ХІХ ғасырлардағы қазақ поэзиясында толғау ерешке өркендеп,
өзінің ең жоғары даму сатысына жетті. Толғау халық нақылдарының афористік стиліне жақын
және жұтынған, жарқын афоризмдерге бай. Толғау - өлең түріндегі ой қозғау, толғану.
Толғау деген атынан көрініп тұрғанындай-ақ шығарманың ойлану, толғану түрінде
туатындығын байқатады. Сөздің әлеуметтік, азаматтық әуенінің артуы толғау ерекшеліктерінің
бірі. Толғау үшін айтылмақ жайдың өзара байланысты болуы шарт емес, шығарманың
тұтастығы мұнда суреттелмек құбылысқа автор қатынасының бүтіндігі арқылы, сондай-ақ
тұрақты композициялы тәсілдерді қолдану нәтижесінде қамтамасыз етіледі. Ойдың өрістілігі,
тақырыптың тереңдей ашылуы, лирикалық және эпикалық бастаулардың біте қайнасуы, өмір
құбылыстарын мол қамту сияқты қасиеттерінің арқасында толғау халық арасында кең қанат
жайып, ең өнімді жанрдың қатарына жетті. Толғаудың жанрлық түр ретінде қалыптасуы
халықтың дидактикалық поэзия дәстүрімен байланысты.
Толғау тарихы жыраулық поэзияға тікелей қатысты. Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Ақтамберді,
Үмбетей, Бұқар, т.б. бейнелеу тәсіліне насихаттық, өсиеттік сарын, мәселені жан-жақты терең
толғап айтатын ойшылдық әсіресе тән болған. Толғауда маңызды қоғамдық-әлеуметтік, саяси-
философиялық тақырыптар, азаматтық әуендер кеңінен орын алады. Әрбір даму кезеңінде
толғау мазмұны жағынан да, бейнелеу тәсілі жағынан да бірталай өзгеріп, жаңаша сипат алды
(Дулат, Махамбет, Базар, Жамбыл).
Толғау кейде күрделі, көлемді лирикалық туынды, тіпті сюжетсіз поэма дерліктей сипат алады.
Ырғағы 7-8 буынды тармақтарға негізделеді, олар еркін, әр мөлшерде топтасып, түйдек-
түйдегімен шоғырланып келеді. Бұл ерекшелігі ауызша поэзиялық өлеңді суырып салу
дәстүріне сәйкес қалыптасқан.
Жыраулар репертуарынан әртүрлі тақырыптағы арнау жырлар да үлкен орын алады. Мұндай
жырлар әдетте әмірші атына қарата айтылады. Оның белгілі бір іс, әрекетін мадақтап қостау, я
даттап наразылық білдіру, немесе белгілі бір оқиғаға байланысты ақыл, кеңес беру тұрғысында
келеді.
Достарыңызбен бөлісу: