Біріншіден, төбе астында тас блоктардың жетерлік қоры бар.
Екіншіден, іргесінде ағып жатқан мол сулы Ұзынбұлақ өзені болған.
Үшіншіден, кірпіш-құбыр өндіруге сары топырақ қоры жеткілікті.
Төртіншіден, 40 шақырым күн батысында ежелгі Тараз қаласы, солтүстігінде Түймекент, шығысында Құлан, Меркі қалалары Ақыртаспен бір бағытта әлемді байланыстырған Ұлы Жібек жолы бойында қатар жатыр. Осындай экономикалық және саяси мақсат көздеген де болуы керек. Қалай айтсақ та қамал құрылысы өте сауатты, геометриялық есептерге сәйкес соншама сәтті атқарылған. Салмақ түсетін топырақ жынысының тығыздығы, жерасты су деңгейі, ғимараттың жалпы жерге түсер салмағы, ірге тасының жерге қазып орнатылуы, осы айтылған ережелер Ақыртаста өте ұқыпты қатаң сақталынған. Адам айтқысыз ғимараттың сыртқы қабырғаларының қалыңдығы 5 метр, әрбір метрге 15 см ішке қарай еңкіш (уклон) ережесін қатаң сақтап отырғаны сүйсіндіреді. Табаны 5 метр, төбесі 3 метр болғанда сыртқы қабырғасының биіктігі шамамен 15 метр болып шығады емес пе? Осындай зор көлемді 5 метрлік 15 тас бағаналардың тізбегі күн батыс терістікке қарай қатар орналасқан.
Ғажап! Тас өндіруді-өңдеуді, оны 500 метр қашықтықтан құрылыс орнына жеткізуді, одан әрі қамал тұрғызуды т.с.с күш-құдыретті қажет ететін осындай алып шаруаны бабаларымыздың қалай жүзеге асырғанына қарап, еріксіз бас имеске амалымыз жоқ! Тарихы тылсым Тасқаланың әлем мәдениетінен ойып тұрып орын алары ақиқат. Аталарымыздың тарихтың даму барысында сан ғасырлар бойы Еуразия даласын көшіп-қонып жүріп-ақ, қала мәдениетін дамытып, әлем өркениетінде мәдениеттің озық үлгісін жасай білгені керемет!
Ақыл-ойдың кені бола білген, білімділік пен біліктіліктің иесіне айналған аталарымыздың жасаған шеберлігіне әлем тарихшылары бас июде десем артық айтпаған болар едім.