Қыз бала:
Көк күмбезді төбесін,
Сонадайдан көресің:
Қос қабатты қос шеңбер
Кереге ме...
Не дерсің?
Күнде байқап жұрт легін,
Ынтам артты күрт менің:
Ішін,
Ойша қызықтап,
Қарап тұрмын сыртта өзім...
Елдік ғұрпым танылар,
Осында екен қазына:
Кітапхана,
Мұражай,
Оқу залы...-
Бәрі бар»
Ерекшелеу сырт, өңі,
Бір қызық үй бұл тегі:
«Президенттік мәдени
Орталық»-дер жұрт оны. (Ө.Ақыпбекұлы)
Ұл бала:
Әсем әнді қал естіп,
Досыңды да ал, ертіп...
Ұзын үй-
Ұлы ордасы:
Опера һәм балеттің...
Кеңге жайған құлашын,
Ұстанған ұлт мұрасын:
Ол-
Атымен аталар-
Әйгілі әнші Күләштің... (Ө.Ақыпбекұлы)
(Құрманғазының «Саржайлау» күйінің әуені қойылып сәл баяулай береді де, Президенттің мәдени орталығының, опера театрының, консерваторияның суреттері көрсетіледі)
Кітапханашы: Ертеден біздерге қазақ халқының әндері, күйлері қалды. Мысалы, Құрманғазы атамыздың, Дина әжеміздің күйлерін тыңдағанды ұнатасыңдар ғой. Осы ескі ән мен жырлар сендерге неліктен ұнайды? (Балалардың жауабы: Олар бізге өте жақын. Халық әндері жақсылықа, өмірге қуануға, мейірімділікке, өз Отанын сүюге үйретеді) Балалар, бізге жақсы таныс қандай халық әндерін білесіңдер? (Балалардың жауабы: «Елім-ай», «Қараторғай» т.б.) Осы әртүрлі күйлер, музыкалық шығармалар, әртүрлі театрландырылған қойылымдар ойналатын жерлерді қалай атайды? (Балалардың жауабы)
Кітапханашы: Біздің халқымызды ерекшелейтін киіз үйіміз, ұлттық оюларымыз, ұлттық аспабымыз- домбыра бар. Сонымен қатар, біздің халқымыз төрт түлік малды жақсы көреді. Соның ішінде жылқы малына ерекше көңіл бөлген. Біздің елді ерекшелейтін, мынау Қазақ елі дейтін мемлекеттік, ұлттық рәміздеріміз бар. Олар елтаңбамыз, туымыз, әнұранымыз. (Рәміздердің суреттері көрсетіледі) Балалар, неліктен туымыздың түсі көк, елтаңбамызда шаңырақ, ат, ұлттық оюымыз бар? (Балалардың жауабы)
Ұл бала:
Ай қабақ, жайма шуақ жүзі қандай,
Ақ гүлдей сүйгің келер үзіп алмай.
Астана-қазағымның жас қаласы,
Ажарын көрген адам қызығардай.
Аңсатқан шырын, шарбат бал-уызы,
Тансантқан таңғажайып дәру жүзі;
Бой жазған Сарыарқаның самалында,
Астана-қазағымның бақ жұлдызы.
Кітапханашы:Балалар, біз ұлттық рәміздерімізбен таныстық. Енді осы рәміздеріміздің пайда болуы туралы мен сендерге ертегі айтып берейін. Оны Кеңес Оразбекұлы деген жазушы жазған. (Осы ертегі бойынша балалар көрініс көрсетеді) Сонау көне заманда, бүнінгі қазақ елінің төрінде, Ергенеқон елінде ай мүйізді, аққу қанатты қос Пырақ өмір сүріпті. Сол қос Пырақты бүгінгі Қазақтың, кешегі Көк Түріктің, ертедегі Ғұн мен Сақтың ата-бабалары алғаш рет ауыздықтап, жанына серік етіпті. Сөйтіп, «Ат-ердің қанаты» деп, желден жүйрік тұлпар мінген, тұлпар емес-ау, Пырақ мінген Ерлердің рухы биіктеп, бойларына желік бітіпті. Сонымен олар ұшса-қайыспас қанат, ұмтылса қайырылмас қару болып, жер-дүниені кезіп, шарлапты. «Бергеннің қолынан, бермегеннің жолынан» деп, ел мен жерді жаулапты. Шығыста сонау Амурдан, Батыста сонау Дунайға, тіпті Римға дейін саулапты. Бірақ, бір уақыттарда «Ел аралаған сыншы болар» дегендей, Ерлер есін жиыпты. Өзге елдің ерге құт болмайтынын біліп, «Отан- оттан да ыстық», «Өз елім-өлең төсегім» деп, Ергенеқон еліне қайтып оралыпты. Олар қайтып оралғанда, алдарынан қалқып Қыран шығыпты.
-Иә, не көрдіңдер, не түйдіңдер?- депті Қыран.
Сонда қос Пырақ:
-Көргенімізді айтсақ- көп сөз. Түйгенімізді айтсақ, «Әркімнің өз жері- жұмақ» екен, - депті.
-«Туған жер- тұғырың, туған ел- қыдырың»,- деп қостапты Қыран.
-«Кісі елінде күркірегенше, өз елінде дүркіре» дегендей, Алтын Шаңырағымызды өз еліміздің төріне тігуге бел байладық.
Онда алдарыңнан жарылқасын!- деді Қыран.
Сол Шаңырағымыз биік, берекелі болсын, нұр шашсын, шайқалмасын деп, қанатымыздың астына алып, Жұлдызымыз әрдайым жоғары болсын деп, қырағы қорғаны болмақпыз.
Онда, «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп, мен де Көк төрінде төбелеріңнен қалықтайын. Алтын нұрлы Күн астында айбарларыңды асқақтатайын.
Тауып айттың, Қыран! «Ынтымақ түбі-игілік»-дейді. Сол игіліктің арқасында «Қазақстан» атты елдің мәңгілік рәмізіне айналсақ, біз үшін бақыт емес пе.
Міне, қысқаша түйіп айтсақ, Еліміздің Елтаңбасы мен Туы осылайша пайда болыпты.
Қыз бала:
Астана арман қала,
Бағы бір жанған қала.
Тұрады ол- жас болып
Мен үлкен болғанда да.
Төкті оған нұрын дала,
Астана сұлу қала.
Біз оны анамыздай
Сүйеміз шынында да
Жүректе сақтап атын,
Жүретін салтанатым.
Астана биігіміз
Биіктер күнге жақын.
Т. Молдағалиев.
(экраннан Астана қаласының эмблемасы көрсетіледі)
Кітапханашы: Бұл –Астана қаласының эмблемасы немесе қаланың өзінің жеке таңбасы. Онда бейнеленген аспанға атылған ақ барыс мүсіні-жас Қазақстанның болашақтағы жарқын да бақытты болашағының символындай болып тұр. Астындағы «Астана» жазуы, оның астананың таңбасы екендігін растап тұр. Астананың болашағы алда. Ол келешекте Еуразия құрлығындағы әйгілі қала болмақ.
Қыз бала:
«Бәйтерек» құшақ жайған көшем жаңа,
Астана қарқын алды өсер дара.
Есілдің жағалауын жарқыратқан,
Аққудың ұясындай әсем қала.
Құлшынған күншығыста жас қалаға,
Батасын берді Алатау бастап алға.
Егемен елге ерекше нұрын шашқан,
Тілейміз құт, береке Астанаға.
(К.Салықов. Астана-азияның ару қызы)
Кітапханашы: Міне, балалар, біз өзіміздің туған еліміздің елордасы Астана қаласына сырттай саяхат жасап шықтық. Астанамыздың туған 10 маусым. Біздің Астанамыз ең әдемі, ең жас қала. Сонымен, Отан деген не? (Балалардың жауабы. Сөзі: Н.Назарбаевтың, әні: Б.Тілеухановтың «Елім менің» әнінің баяу әуенімен) Бізге сая, панамыз-егеменді Қазақстан, көркем жер! Бүгіннің биігінен көз салсақ Қазақстанға: адам жаңа, жаңа астана, жер жаңа – бәрі жаңа! Республика-достықтың туын тіккен жер. Мәуелі бақтай жемісін шашқан көп ұлттар бір-бірімен тату тұрады. Иә, Біздің Отанымыз – Қазақстан. Бұл біздің туған жеріміз, туған еліміз. Еліміз-қазақ. Біздің әнімізді, жырымызды тыңдап, бұл қазақ дейді. Біздің ерлігімізді, батырлығымызды көріп, бұл қазақ дейді. Жерімізді, байлығымызды көріп. Бұл қазақ дейді. Сондықтан, біз қазақ болғанымызға мақтанамыз, шаттанамыз! Біздің еліміз ең ғажап ел! Мұндай ел еш жерде жоқ! Қазақстан деген Қара шаңырағымыздың ертеңі мен әке-шешелеріңінің бүгінгі еңбегін жалғастыру –ХХІ ғасырда Ел мен Жер иесі болатын сенің еншіңде, балақай!
(Балалар сабақтың соңында Отан, туған жер туралы суреттер салады)
Достарыңызбен бөлісу: |