Бала (2): Ата, неліктен бұл Жол «Жібек жолы» деп аталған?
Тарих ата: Ұлы Жібек жолы ежелгі атау емес, ол 1877 жылы пайда болған. Оны қолданысқа енгізген белгілі неміс географы Фердинанд фон Рихтгофен. Жолдың бұлай аталуына сауданың негізгі заты Қытайдан шығарылатын жібек мата себеп болды.
Бала (3): Жібек жолы біздің Қазақстан жерімен де өткен деседі. Сонда ол қай қалалар арқылы өтті?
(Экраннан Жібек Жолының картасы көрсетіледі) Тарих ата: Сонау Еуропа мен Азияны біріктіріп жатқан бұл жол адамзатты ғажайып жетістіктерге жеткізді. Дамыған елдердің бір – бірімен сауда – саттықпен айналысуына, ғылым салаларының дамуына, діни және мәдени салт – дәстүрлерінің қалыптасуына ықпал етті. Ұлы Жібек жолы ежелгі Қазақстан жерімен де өткен. Ең негізгі сауда жолы Тянь – Шань тау етегімен, Сырдария, Талас, Шу, Іле аңғарлары арқылы Қытайға ұласқан. Жолдың ендігі бір бөлігі Яқсарт, Сейхун деп аталған Сырдария, Орал (Жайық) өзендерін жағалай ары қарай Қаратеңіз маңы, Византия мен Батыс Еуропа жерлеріне дейін созылып жатыр. Негізі күре тамырдан Орталық Қазақстан далаларына, Сарыарқа мен Ертіске, Алтай мен Моңғолияға қарай жолдар өткен. Осындай жолдардың бойында Испиджап, Отырар, Түркістан, Тараз, Сауран, Саудакент сияқты ірі қалалар болған. Бұл қалалардың өркендеуіне Ұлы Жібек жолының тигізген әсері зор.
Ортағасырлық шығыстың ұлы ақыны Фирдауси Ұлы Жібек жолын былай деп тамаша бейнелеген:
Сансыз қымбат жүк тиелген,
Мыңдаған алып түйелер.
Жүз сары нарға дихрем артса,
Қырық нарға динар жегілген.
Ең керемет мускус пен алойыны,
Ғажап жібек маталарды,
Иран мен Мысыр керуені артқан-
Тағы бар отыз түйесі.
Тарих ата: Балаларым, менімен бірге саяхатқа шығуға дайынсыңдар ма? Олай болса, мен Ұлы Жібек жолының Қазақстан жерінен өткен ұзына жол бойындағы алғашқы Сауран қаласына тоқталамын. Қазақстан жеріндегі орта ғасырдағы ірі қалалардың бірі. Түркістанның солтүстік-батыс жағында, 30 шақырым жерде орналасқан. Араб тарихшысы «Сауран жеті қабат дуалмен қоршалған үлкен қала, оның ішінде рабат, мешіт бар» деп жазған. ХІІІ ғасырдың орта шенінде Сауран Ақ Орданың астанасы болды. ХVІІ ғасырдың аяғында қаланы Әмір Темір әскери қамалға айналдырған.
Тарих ата: Балалар, қараңдаршы, көк күмбезді мұнара маңындағы көрінісі қандай әсем! (Экраннан Түркістан қаласының сыртқы көрінісі жылжып өтіп, Қожа Ахмет Яссауи мавзолейінің суреті көрсетіледі) Бала (1): Бір кезде қанды соғыстан,
Қаралы болған Түркістан.
Садақтан самсап оқ ұшқан,
Жаралы болған Түркістан.
Миы ашқан жердің қуырылған,
Танабы болған Түркістан.
Тұяқтан шаңның суырылған,
Алаңы болған Түркістан.
Сен үшін бабам алысқан
Аяулым менің Түркістан,
Алқынып жеткен алыстан.
Сарқырап қала жаздаған
Кешегі сағым Түркістан. (Т.Айбергенов)