Академиялық жазылым үдерісінің бастауы – сауаттылық негізі



Дата07.02.2022
өлшемі22,35 Kb.
#87487
Байланысты:
жазылым үдерісі


Академиялық жазылым үдерісінің бастауы – сауаттылық негізі

Көше бойымен жүріп өтсеңіз, айнала толы жарнама, жазбаша ақпараттар, мекеме атауы жазылған тақтайшалар. Кейбірінде тіпті қателер де кездеседі. Қателерге көзіміз үйреніп, байқамай өте беретін кездеріміз де болады. Ақпараттар ағымы заманында жазбаша ақпараттардың алатын орны зор екенін бәріміз білеміз. Ақпаратты сауатты жеткізе алу, идеяларды тізбектеп, жүйелі жазу, тіпті қарапайым жарнама беру, құжаттарды дұрыс рәсімдеу секілді өмірдің барлық саласында жазбаша мәліметтермен жұмыс жасауға кезігеміз. Осындай бәсекелестік заманында мектеп бітірушілердің коммуникативті дағдыларын, соның ішінде жазылым дағдысын дамыту қажеттігін сезінеміз.
Болашақ ұрпақтың сапалы өмір сүруі үшін елімізде білім сапасын арттыруға, оқу бағдарламаларын жетілдіруге бағытталған көптеген жұмыстар атқарылуда. Соның бірі жаңартылған білім беру мазмұны. Жаңартылған бағдарлама оқушының ауыз екі тілде қарым-қатынас жасауымен қатар, жазба тілін дамытуды көздейді. «Тіл мен ой қатар дамиды» деп Выготский атап кеткендей, тілі дамымаған баланың басқа да психикалық қызметтері дамымайды. Мектептегі оқу тәжірибесінде жазуға үйрету баланың мәдени даму үдерісіндегі рөлімен салыстырғанда аз орын алады. Жазуға үйрету осы уақытқа дейін таяз қолданылған. Баланы әріпті жазуға, одан сөйлем құрастыруға үйретеді, алайда жазба тілін дамытуға үйретпейді. Оқылым механизмін игеру алға қойылғандығы соншалықты, жазба тілін артқа ысырады, одан жазылым мен оқылым механизміне үйрету осы механизмді ақылға қонымды қолдануға қарағанда басымдылық танытады. Оқушыларды жазба тілін дамытуға емес, сөздерді жазуға, ал сондықтан жазба тілін дамыту дәстүрлі сауатты және таза жазудан көтерілген жоқ [1,177].
Жүзуді білмейтін, нашар жүзетін, керемет жүзетін адамдар бар сияқты, жазуда дәл солай. Жақсы жазатын, нашар жазатын адамдар болады. Неліктен барлық адам жақсы жаза алмайды? Неліктен барлық адам жазуды сөйлеу сияқты өздігінен үйрене алмайды?
Жазылым дағдысы дегеніміз не? Бірнеше мыңдаған жылдар бойы жазылым адамзат үшін маңызды рөл атқарып келді. Ал қазіргі таңда өзектілігі одан сайын артуда. Папирус жазбалары, тастағы және саздан жасалған бұйымдардағы ежелгі жазылымнан компьютерге дейін сандаған ғасырлар бойы үздіксіз даму үстінде.
Ақпараттар ағыны мен сандық технология заманында адамдардың ауызша қарым-қатынасынан гөрі жазбаша қарым-қатынасы көбірек орын алуда. Ғаламтордың жылдам дамуы адамзаттың жазбаша қарым-қатынасын дамытты. Жалпы алғанда жазылымды адамзаттың ойлап тапқан ерекше ақпарат алмасу жүйесі деп атауға болады. Бұған дәлел ретінде кітапханаларды, түрлі дерекқорларды, архивтерді көз алдыңызға елестетсеңіз. Заманауи технологияның адам өміріне ықпалын айтсақ, жазылымның өзектілігін түсіну қиын емес. Ақпаратқа қолжетімділік деген сөз, жазбаша интеллектуалды өнімдерге қолжетімділік дегенді білдіреді. Өткенімізді жазу арқылы танысақ, келешек ұрпаққа мұраны да жазба арқылы жеткіземіз. Сондықтан, жазылым өткен шақ жайлы ақпарат алу үшін ғана емес, болашақты жасау үшін қажетті сыни үдеріс. Адамзаттың даму эвалюциясы қарапайым қолтаңбадан бастап, болашағымыз электронды жүйелер, компьютерлік жазба бағдарламалары болашақта адам игілігіне жұмыс жасайды. Мүмкін келешекте қолжазба қажеттілігі азайып, адамзат бірыңғай сандық жазба жүйесіне ауысар, бұл болашақтың құзырында.
Қазіргі таңда email, эссе жазу, хат жазу т.б. секілді жазбаша ақпараттар күнделікті өміріміздің бір бөлігіне айналды. Мектеп оқушыларының ой ойларын дұрыс құрылымдап, түсінікті тілде жеткізе алу дағдыларын қалыптастыру мұғалімге жүктелген міндет. Тиімді жаза алу – орфографиядан бөлек, грамматика мен пунктуацияны меңгеру деген сөз. Қарапайым үтірдің өзі сөйлемнің мағынасын түбегейлі өзгертіп жібере алатынын жақсы білеміз. Жазылымның сандық форматқа ауысуы дәуірінде оқушылардың сауатты жазу, түрлі жазылым түрлеріне үйрету міндеті мұғалімдерге де өздерінің тәжірибесін қайта қарауды жүктейді. Себебі жазылым сыни, шығаршашылық, логикалық ойлануды талап ететін жоғары деңгейдегі зияткерлік дағды.
Жазылым нақты бір мәнмәтінде жүзеге асады. Жай ғана жазып қоймаймыз, жазылым белгілі бір мақсатта белгілі бір оқырмандарға арналып жазылады. Біздің жазбамызға нақты бір адамдардың назар аударғанын, ондағы идеяларымызды қабылдап, бағалағанын қалаймыз. Ұсынған идеямызға қарай әрекет еткенін қалаймыз. Жазылым мәнмәтіні мақсатқа қарай белгілі бір жанрдан, сөздерден, деректерден, сәйкес ырғақтан, пунктуациядан құралады[2]. 
Тиімді коммуникация жасау үшін жазылым кезінде идеялардың рет-ретімен орналасып, оқырман үшін түсінікті болуы өте маңызды. Адамның ойларын қағаз бетіне түсіру оңай болуы мүмкін. Жазу үшін тек идеяның болуы жеткіліксіз. Идеяны сөзге айналдыру, оны логикалық жүйелі бір-бірімен байланыстыру күрделі үдеріс. Оқырман идеяны қабылдауы үшін идеялар әрі түсінікті әрі қызықты болуы да керек.
Жазу кезінде кейде жазғанымызды қайта өшіріп, қайта жазатын жағдайлар да орын алады. Дұрыс және қажетті сөзді тапқанша бұл бірнеше рет қайталануы мүмкін. Жазу, қайта тексеру, өзгерту, жазылым бағытталған аудиторияның қажеттілігіне қарай дұрыс фразалар мен сөз тіркестерін табу сияқты үдерістер жазылым кезеңдерін құрайды. Жазылым автордан идеяларды құрылымдауды, өзара байланыстарды табу және жазып отырған тақырып бойынша терең білімді, тілдік білімді талап еткендіктен, құнды болады. Әсіресе, автордың жеке ойларын өзінің санасынан өзгенің санасына тасымалдау қабілеті үшін де жазылым өзге дағдылардан ерекшеленеді. Жазып үйрену мен жүзудің арасында қандай ұқсастық бар? Лингвопсихолог Эрик Леннебергтің айтуынша, адам баласы жаратылысынан жүруге, сөйлеуге бейім болып туылса, жазылым жүзу сияқты үйрету арқылы дамитын дағды. Біз жүзуді үйрену үшін су және үйретушіні қажет етеміз, сол секілді біреу үйреткен жағдайда жазуды үйренеміз [3].
Сонымен, жазылым жоғары деңгейдегі танымдық үдеріс болғандықтан дағды мен білімді қатар қажет етеді. Адам қаншалықты талантты бола берсін, бірақ жазылым көп ізденіс, еңбек пен қажырлылық, терең рефлексия арқылы жүзеге асады. 
Әдебиет

  1. Выготский Л. С. Собрание сочинений в 6 т.: Т. 3: Проблемы развития психики. — 1983, стр 177

  2. https://www.allbestessays.com/essay/Ways-of-Teaching-Writig-for-Beginners-and-Advanced/58450.html

  3. https://writingcenter.unc.edu/faculty-resources/tips-on-teaching-writing/what-is-good-writing/?fbclid=IwAR1DY_5VC2H9-3VRSjefFJlhWiRmLa3A_imqwspLkBiRz1d2IqJ20pXj7T4



Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет