Ал анашым, қуаныңыз, күліңіз
Бір сырым бар, іште жатқан, біліңіз
Әппақ жүзді айдай әсем бір қызға
Ғашық болып қалды, сірә, ұлыңыз ... !
Махаббатта өзінше әркім батыр-ез,
Бақыты үшін арпалысып жатыр өз.
Сенер тұста сенбеген боп шығатын,
Мама, сенің күйеу балаң қатыгез...
Сол арумен жарасады шат көңіл
Бізді, сірә, күтіп тұр-ау тәтті өмір !
Қабақ шытып ренжуді білмейтін
Мама, сіздің келініңіз ақкөңіл ...
Сағынамын бірге өткен күзді аңсап,
Есімде жоқ тағдырымды бұзған шақ.
Біреу үшін маған сенім жоғалтқан,
Мама, сенің күйеу балаң қызғаншақ
Он саусағы өнер тамған сиқырлы
Сол ару ғой ұрлап жүрген ұйқымды
Дидарына тамсанып-ақ қарайтын
Мама, сіздің келініңіз сүйкімді ...
Өтсе-дағы талай бірге күн қызық,
Еркелікті сабырға жүр бұрғызып.
Көңіліме қарап тұрып ренжітер,
Мама, сенің күйеу балаң тым бұзық...
Мендік жүрек мұз еді ғой жаураған
Сол ару кеп жүрегімді жаулаған
Сенесіз бе сөздеріме, анашым
Келініңіз өзіңізден аумаған ...
Бар бақытын жоқ қылады бірде ұрсып,
Жүргеніммен жеңе алмаймын білгірсіп.
"Ақымағым",-деп әбден жылататын,
Мама, сенің күйеу балаң бір қырсық...
Жүрегі адал, мөлдір таза сезімі
Тек бір – "Алла", иманы мен сенімі
Таң атпастан ақ самаурын қайнатар
Мама, сол қыз біздің үйдің " КЕЛІНІ " ... !
Жазғыруды, кінәлауды доғарам,
Тағдырым да, бар мұңым да - сол адам.
Мама, сенің нашар күйеу балаңмен,
Ең ғажайып бақытты жан бола алам.