“Алашорда” үкіметі құрылды. Алашорданың орталығы-Семей
қаласы, халық Кеңесін (үкіметін)-Ә.Бөкейханов басқарды.
Съезден кейін “Алашорда” автономиясының Батыс бөлімі-
Жаһанша және Халел Досмұхамедовтар басқарған “Ойыл
уалаяты” құрылды.
Алаш жылнамасы
1913 жыл 23 мамыр - «Қазақ» газетінде Х.Досмұхамедұлының «Алаш» не сөз?» атты мақаласы жарияланды.
1916 жыл - «Қазақ» газетінде Ә.Бөкейхановтың, А.Байтұрсынұлының, М.Дулатовтың «Алаштың азаматтарына» атты үндеуі жарық көрді.
1917 жыл 21-26 шілде - Орынбор қаласында Бірінші жалпықазақ съезі өтті. Съезде мемлекеттік кұрылыс, қазақ автономиясы, жер, оқу, дін, қазақ саяси партиясы, әйел, құрылтай жиналысына, мұсылмандар кеңесіне депутаттар сайлау, партия бағдарламасын дайындау мәселелері көтерілді.
1917 жыл 21 караша - «Сарыарқа» газетінде С.Торайғыровтың «Алаш ұраны» өлеңі жарияланды
1917 жыл 5-13 желтоқсан - Екінші жалпықазақ съезі болды. Съезде Алашорда үкіметі, Алаш автономиясы жарияланды. Алашорданың төрағасы болып - Ә.Бөкейханов сайланды.
1917 жыл 23 желтоқсан - «Қазақ» газетінде «Жалпы қазақ съезінің қаулысы» атты Алаш Орда үкіметін жариялаған жиынның құжаты шықты.
1918 жыл 15 қаңтар - «Қазақ» газетінде Алаштың елдік рәмізін сипаттаған «Орда гербі (таңбасы)» атты мақала басылды.
1918 жыл 5 мамыр - Омбы қаласында Алаш жастарының I съезі өтті.
1918 жыл 30 шілде - Петропавл каласында Алаш жастарының тұңғыш газеті - «Жас Азамат» басылымының 1-саны жарық көрді.
1918 жыл 29-30 шілде, 2-3 тамыз - Алашорда үкіметі Сібірдің Уақытша үкіметімен келісім жасады.
1918 жыл 11 қыркүйек - Батыс Алашорда үкіметі құрылды. Оның төрағалығына Ж.Досмұхамедұлы сайланды.
"Азаттықты аңсаған Алаш азаматтары"
Бақытжан Қаратаев
Қарабай Көзеев
Иса Қашқынбаев
Халел Досмұхамедов
Досмұхамедов Жанша (Жаһанша) — Алаш қозғалысының аса көрнекті қайраткері, Алашорда үкіметінің мүшесі, Алашорданың Батыс бөлімшесінің төрағасы, заңгер.
1887 жылы Орал облысы, Орал уезі, Жымпиты болысының, № 1 ауылында дүниеге келген.
1899 жылы тамыз айында Орал әскери реалдық училищесіне түсіп, онда 1905 жылы 31 мамырға дейін толық курсын оқып бітіріп, сол жылғы 27 қарашада және 1906 жылы тамыз айында, Орал облысының стипендиаты ретінде Мәскеу университетінің заң факультетіне түсіп, оны 1910 жылы 4 наурызда бітіріп шыққан.
1917 жылғы Ақпан төңкерісіне дейін округтық соттың прокурорының орынбасары міндетін атқарған. 1917 жылы 1-11 мамыр аралығында Мәскеуде өткен Бүкілресейлік мұсылман съезіне басқа да қазақ делегаттарымен бірге қатысып, мұсылман істерін басқаратын «Шуро-и-Ислам» комитеті төрағасының орынбасарлығына сайланады. Сол жылы 21-26 шілдеде Орынборда өткен Жалпықазақ съезінде Орал облысынан Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттыққа ұсынылады.
1918 жылы 6 мамырда Жымпитыда өткен Орал облысының 4-қазақ съезінде, құрамына Сырым батырдың ұрпағы Салық және Сейіт ишан кірген 7 адамнан тұратын «Ойыл уәлаяты» құрылып, Жанша оның Уақытша үкіметінің төрағасы болып сайланады.
Азамат соғысы жылдарында Батыс Алашорда жетекшілерінің саясаты: қазақ жұртшылығын қорғау, аумалы-төкпелі замана ағымына орынсыз килікпеу және артын бағамдау ұстанымы болды.
1918 жылы қыркүйекте Уфада өткен Алашорданың шұғыл мәжілісінде өзге де мәселелермен қатар «соғыс жағдайы мен жол қатынастарының нашарлығынан» Алаш автономиясының батыс өлкелерін басқару үшін «Ойыл уәлаятының» орнына Алашорданың бөлімшесі құрылады. Бөлімшенің құрамына Б.Құлманов, Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов және Е.Тұрмұхамедовтер кіреді. Төрағасы болып Ж.Досмұхамедов сайланады.
Батыс Алашорда бөлімшесі таратылып, оның жетекшілері біраз уақыт қазақ даласынан аластатылғанда, Жанша 1920 жылы жаз айларын Мәскеуде Бас тоқыма өнеркәсібі басқармасында инспектор болып, қыркүйек айында аталған мекеменің жолдамасымен Ташкентке жіберіліп, Түркістан Республикасы Халық шаруашылығы Орталық кеңесінің жүн-жұрқа бөлімінің меңгерушісі болады және ТР ОАК қазақ бөлімінің хатшысы қызметін қоса атқарады. Ташкентте қазақ зиялылары құрған мәдени-ағарту «Талап» қауымдастығына мүше болып, оның тапсыруымен қазақ тілінде алғашқы қылмыстық кодекс жобасын әзірледі. Онан кейін ол қазақ астаналары Қызылорда, Алматы қалаларында әр түрлі қызметтер атқарып, 1930 жылы Мәскеуге қызметке ауысады. Сол жылы қазан айында тұтқындалып, 1932 жылы Воронежге 5 жыл мерзімге жер аударылады. 1938 жылы қайта тұтқындалып, үштіктің шешімімен ату жазасына кесіледі.
Халел Досмұхамедов - Алаш қозғалысының қайраткері, дәрігер, ұстаз, ғалым.
Мамандығы дәрігер бола тұрса да, қоғам өмірінің сан салалы мәселелеріне араласқан көп қырлы дарын: саяси
және қоғам қайраткері, тарихшы, табиғаттанушы, тілтанушы, әдебиетші, ауыз әдебиетінің сирек үлгілерін жинап,
насихаттаушы, шебер аудармашы.
1883 жылы сәуірідің 24 бұрынғы Орал облысы, Гурьев уезі, Тайсойған болысы, (қазіргі Атырау облысы
Қызылқоға ауданы) Тайсойған құмында №4 ауылында дүниеге келген.
Ресейдегі Ақпан төңкерісінен кейін қазақ даласында облыстық, жалпы қазақ съездерін ұйымдастырып,
өткізуге атсалысты. 1917 жылы ІІ жалпықазақ съезінде жарияланған Алашорда үкіметі -ұлт кеңесі құрамына
сайланды. Алаш қайраткерлерімен бірге бірінші кезекте халықты бүліншіліктен қорғайтын ұлттық әскер- халық
милициясын жасақтауға, Алаш қорын құруға, елден алым-салық қаражат жинау ісіне күш салды.
1918 жылы Жымпиты қаласында өткен Орал өңірі қазақтарының 4-съезінде Қазақстанның бүкіл батыс өңіріне
ықпал етерлік ұлттық-территориялық құрылым-«Ойыл уәлаяты уақытша үкіметін» жариялауға қатысты. Сол
жылы қыркүйек айының ортасында Кеңес өкіметіне қарсы күштердің Уфа директориясын жариялау мәжілісіне
жиналған Алашорда қайраткерлері бұл құрылымды қолдап, оған «Алашорданың батыс бөлімшесі» деген ат
берді. Осы кезеңде Халел Алашорданың атты әскерін ұйымдастырып, Самарадағы Комуч үкіметінен қару
жарақ алуға, Ұлттық банк ашуға, баспахана, «Еркін қазақ» газетін шығаруға көп еңбек сіңірді.
Алашорда таратылғаннан кейін басқа қазақ зиялылары секілді Халел де жаңа өкіметтің жұмысына тартылады.
1920 жылы 21 тамызда Түркістан республикасы халық ағарту комиссариаты жанынан Түркістан халықтарының
оқу-ағарту, мәдени Һәм ғылыми мұқтаждарын өтеу үшін арнайы ұйымдастырылған Білім комиссиясының
мүшелігіне, кейін төрағалығына сайланды. Ташкенттегі халық ағарту институтында оқытушысы болды. Орта
Азия мемлекеттік баспа коллегиясының, кейін Қазақ мемлекеттік баспасы Шығыс бөлімінің меңгерушісі, Қазақ
мемлекеттік баспа басқармасы меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқара жүріп, отандық ғылымның
дамуына да мол үлес қосты.
Халел Досмұхамедов «Табиғаттану», «Жануарлар», «Адамның тән тірлігі» (қазақша, орысша жаратылыстану
сөздігі), «Оқушылардың денсаулығын сақтау», «Дене бітімі және оның жұмысы туралы әңгімелер», «Сүйектілер
туралы» т.б. оқулықтар мен ғылыми еңбектер жазды.
Иса (Ғайса) Қашқынбаев - 1891 жылдың 15 қыркүйегінде сол кездегі Орал облысы, Ілбішін уезі, Қурайлы болысы, 3-ауылында (қазіргі Ақжайық ауданы) дүниеге келген.
1903 жылы Қарасу-Шалқар болыстық орыс-қазақ мектебін үздік бітірді. 1903-1910 жылдары Орал реалдық әскери училищесінде оқыды. 1912 жылы Қазан университетінің медицина факультетіне оқуға түседі.
1917 жылы Ақпан төңкерісінен соң Иса Петроград қаласына келіп, саяси оқиғаларға араласты. 1917 жылы сәуірдің басында өткен Торғай және Орал қазақтарының съездеріне қатысады. 1917 жылы сәуір айының ортасында өткен Бірінші Орал облыстық қазақ съезінің делегаты болды.
1917 жылы желтоқсанда Иса Қашқынбаев Орынборда өткен ІІ Жалпықазақ съезінде Уақытша Ұлт Кеңесі (Алашорда) мүшелігіне кандидат (Ұлт Кеңесі мүшесінің орынбасары) болып сайланды. 1918 жылы қаңтарда Қаратөбеде өткен ІІІ Орал облыстық қазақ съезінде салық мәселесі туралы айтыста Жаһанша және Халел Досмұхамедовтар тобын қызу қолдады. Сол жылғы мамырда Жымпитыда өткен IV Орал облыстық қазақ съезінің делегаты, «Ойыл уәлаятының Уақытша үкіметіне» мүше болып сайланады.
1918 жылы желтоқсанда Иса Жымпиты Алаш горнизонының бас көтеруі кезінде өткізілген Батыс Алашорда үкіметі мен облыстық земство басқармасының төтенше мәжілісіне қатысты. 1920 жылы ақпан айының басында Батыс Алашорда тізе бүккеннен кейін оның белсенді үкімет мүшелері арасынан Жаһанша және Халел Досмұхамедовтармен бірге И.Қашқынбаев та Орынбор арқылы Мәскеуге жөнетілді. Маусым айында кеңес басшылығына табыс етілген Батыс Алашорда үкіметінің қызметі туралы мәлімдемені әзірлегендердің бірі болды. 1920 жылы осында Өлкелік мұсылмандардың фельдшерлік мектебін ұйымдастыруға белсене қатысады. 1920 жылдың аяғында Орта Азия Мемлекеттік Университетінің педагогикалық факультетіне ассистент болып орналасады. 1930 жылдардың ортасында Ташкенттегі Семашко атындағы Функционалдық диагностика институтында бөлім меңгерушісі болды.
1938 жылы 23 сәуірде Өзбек КСР Мемлекеттік Қауіпсіздік басқармасы тарапынан ұсталып, «халықаралық буржуазияның реакциялық бөлігіне көмек көрсетті», «контрреволюциялық ұйымға қатысты» деген айыппен қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Өзбек КСР IIXК-ның 1939 жылғы 1 желтоқсандағы қаулысымен қылмысы дәлелденбеу себепті қамаудан босатылған. Бұдан кейінгі тағдыры белгісіз.
Құлманов Бақтыгерей - Алаш қайраткері, Алашорда үкіметінің мүшесі, І-ІІ Мемлекеттік Думалардың депутаты, шығыстанушы, алғашқы ғылым кандидаты.
1872-1881 жылдары Орынбор ерлер гимназиясында 9 жыл оқып, оны алғашқы бітірген қазақтардың бірі, күміс медальмен марапатталған. 1881 жылы Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне түскен.
1889 жылдан бастап Астрахань губернаторының қарамағындағы Қамыш-Самар қисымының әкімі қызметінде болады. 1903 жылғы 22 шілдеден 1906 жылғы қыркүйекке шейін Бөкей ордасының Уақытша кеңесінің кеңесшісі қызметін атқарады.
1917 жылы 21-25 сәуір аралығында Бөкей ордасындағы қазақ съезіне белсене араласып, онда
ол баяндама жасайды. Осы съезде Астрахань өлкесі қазақтарының, яғни Бөкей ордасының комиссары болып сайланып, оны 1918 жылғы 1 сәуіріне шейін, Қызыл өкіметі орнағанша атқарады.
1917 жылы қыркүйек айында Бөкей ордасының ұлт зиялыларының съезі өтеді. Онда Б.Құлманов жер мәселесі жөнінде баяндама жасайды.
1917 жылы 21-26 шілде аралығында Орынборда өткен Жалпы қазақтық съезде Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттыққа Бөкейліктен Б.Құлманов, У.Танашев, Б.Ниязов ұсынылады.
1917 жылы 5-13 желтоқсанда өткен Жалпықазақтық съезге ол арнайы шақырылып, съезд президумының төрағасы болады. Съезде Алашорда үкіметінің мүшелігіне сайланады.
Алашорда үкіметінің төрағасының орнына Ә.Бөкейханов, А.Тұрлыбаев пен бірге Б.Құлмановтың да түсуі де көп жайтты аңғартады. Осы съезден кейін ол еліне қайтып, артынан сүзек ауруынан 1919 жылы Жаңақалада қайтыс болады.
Қаратаев Бақытжан Бейсәліұлы - 1860 жылы 10 мамырда Қаратөбе ауданы Ақбақай ауылында дүниеге келген. Қазақстанның ірі тарихи тұлғаларының бірі, алғашқы қазақ заңгері, көрнекті қоғам қайраткері, ағартушы, демократ.
Білімге деген ынтасын байқаған әкесі оны Орынбор қаласының гимназиясына оқуға береді, ол оны “өте жақсы” деген дәрежемен бітіріп шығады. Орынбор гимназиясын бітіргеннан кейін Санкт – Петербург университетінің заң факультетіне түсіп, оны да 1890 ж оны үздік бітіреді. Петербургта, Кутаисида, Орынборда тергеуші болып істейді. 1897 жылдан Оралда, Қаратөбеде, Жымпитыда адвокат болады.
1907 жылы екінші Мемлекеттік Думаға Орал өңірінен депутат болып қатысып, жер-су мәселесі бойынша қазақ халқының мүддесін қорғап сөз сөйлеген. 1907 – 1916 жылдары ағартушылық жұмыстарымен айналысып, «Қазақстан» газетін, «Айқап» журналын шығаруға көмектеседі. 1917 жылы большевиктер партиясының қатарына өтеді.
1920ж. 4 -12 қазанда Орынборда өткен Кеңестердің Бүкілқазақстандық 1-съезіне делегат болып, Қазақ республикасы еңбекшілерінің құқығы туралы декларацияның жобасын дайындауға қатысқан. Қазақ АКСР- інің заң комиссары болды. Кеңестерінің ІІ Бүкіл қазақстандық съезіне де делегат болып қатысты. Б.Қаратаев Кеңес өкіметін қазақ сахарасында орнатуға екі-ақ жыл араласады да большевиктердің Кеңес өкіметін орнатуда қазақ халқына қарсы зорлық-зомбылығы, қырып-жоюға бағытталған саясаты, социализм идеясын күшпен енгізіп, дінінен, әдет-ғұрпынан, тілінен бездіретін және мәңгүрттікке айналдыратын ілімінің астарын дер кезінде түсініп, 1927 жылы партия қатарынан шығады.
1921-24 жылдары ол Ақтөбе қаласында адвокаттардың губерниялық коллегиясының төрағасы қызметін атқарады. Езілген халықтың құқын қорғауда көп еңбек сіңірген заңгер.
Көзеев Қарабай - 1894 жылы Орал облысы Ілбішін уезі, Соналы болысы, Қаратөбе ауданы Үшағаш ауылында дүниеге келген. Жайық өңіріндегі Алаш қозғалысына және ауылды кеңестендіру ісіне қатысқан қайраткер.
Ауыл молдасынан хат танып, болыстағы орыс – қазақ мектебін бітіргеннен кейін 1906-1916 жылдары аралығында Соналы болысының №3 ауылында Тұраш байға жалданып еңбек еткен. 1916 жылы қазақтан тыл жұмысына адам алынған кезде Батыс майданында, Минск губерниясында қара жұмыста болады. 1917 ж. көктемде елге оралады. 1918 ж. Ойыл уәлаятының Халық милициясында, 1920 жылы Қаратөбе учаскелік ревкомының учаскелік милициясында,
1921 -1923 ж. ЧОН отрядының құрамында қызмет атқарады. 1924ж. Сабынкөл болыстық атқару комитетінің төрағасы. 1925 ж. РК (б) П мүшелігіне өтеді. 1926 – 1928 жылдары Ащысай болыстық атқару комитетінің, Шалқар ауданының аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы болып тағайындалды. 1930 жылы Жаңақала аудандық кеңесі атқару комитетінің, 1931 ж. Семей облысындағы Абралы ауданы Кеңес атқару комитетінің төрағасы. 1932 – 34 ж. Гурьев облысына қарасты Жылой ауданы атқару комитетінің төрағасы. 1934ж. Тайпақ ауданындағы Есенсай совхозының, 1935 – 1938 ж. Қаратөбе ет совхозының жұмысшылар комитетінің төрағасы.
1930 жылдардағы асыра сілтеу тұсында, 1937 ж. қуғын – сүргін кезінде бірнеше адамды жөнсіз жазадан арашалап қалған. 1937 ж. зейнеткерлікке шығып, туған жері Үшағашқа көшіп барған соң, бір жылдан кейін ауырып қайтыс болды.
«Алаштың» басты мақсаты- қазақ қоғамын бірте-бірте өзгертіп, заманға бейімдеу еді. Бұл біздің жедел жаңғыру, яғни модернизация бағытымызға да сай келеді... Алаш арыстары бізге мемлекеттік идеясын ту етіп көтеруді табыстап кетті... Алаштың асыл аманаты бізге тарихи-мәдени бірегейлігімізді, қарапайым тілмен айтсақ, қазақы қалпымызды қасиеттеп сақтауға міндеттейді. Алаштың асыл аманаты бізді ауызбірлігімізді күшейтуге шақырады».