Алаштың АҚИЫҚтары мақалалар, деректі құжаттар, аудармалар жинағы



бет48/69
Дата11.12.2023
өлшемі0,7 Mb.
#196277
1   ...   44   45   46   47   48   49   50   51   ...   69
Байланысты:
АЛКА

5. АНТЕК ҰСТА

- Ал енді шырағым, шаруашылыққа көңілің соға ма?- деп бір күні Андрей дос сұрады.


Антек:
- Тілеуіңізді берсін, мархамет қылып мені диірмен жасайтын жерге кіргізсейші,- деді. Шешесі мен Андрей дос екеуі де таңқалып иықтарын қомдасты.
Висланың аржағынан көрінген диірмен бейшара баланың миына соншалық берік бекіген, шығар емес. Күн артынан күн, ай артынан ай өте-өте, Антек он екіге келіп қалды, шаруаға қарасы баяғы қалыбы.
Әмісе ағаш жонып әр неменің суретін салып отырады. Пышағы тозып, шешесі пышаққа ақша бермей койғанда ғана көршілерге жалданып: бірінің түнде атын жайып, бірде жер жыртқан өгіздердің басын жетектеп, кейде тоғайдан бір тоқыма саңырауқұлақ әкеліп, аз тиынға уаққа сата салады.
Үйде шаруа тозып кетті. Еркексіз үй жансыз денемен бірдей емес пе?
Көбінесе қатықсыз көжені ұннан немесе қартапиядан істеп ішіп, кей- кейде тарыдан палау басып жейді де, етті үлкен мейрамдарда ғана көреді.
Кейде үйінде бұ да болмай қалады. Ондайда қазандыққа от жағып керегі жоқ болған соң, шешесі балалардың жыртылған киімдерін жамап отырады. Ондайда жас Бойтек жылап жатады. Ал, Антек кораға шығып, көпірдің, қайықтың, диірменнің суретін жонып отырады. Ақырында жетімдердің жанашыры Андрей екінші бір кыстаудағы бір отаудан Антекке орын тапты.
Бәрі бір жексембіде ұстаға қарай жүрді. Ұсталар кұрмет алып баланың қол қайратын сынады. Жасына қарай қайраты жарайды екен деп, алты жыл ақысыз іс үйретпек болып алды, бір жағынан қорқып, бір жағынан шешесі мен Андрейден айрылғанына қынжылып, оларды көзден тасалағанша көзімен шығарып салды. Антекті жат санайды, ұстаның таныспаған шәкірттерінің арасында жатқаны онан да ауыр болды. Олар Антектің тамағын ішіп қойып, ұйқы алдында, болашақ достықтың сілекейі деп Антекті желкелеп салысты.
Ертеңінде ерте тұрып ұстаның шәкірттерімен дүкен барып, от жағып, Антек көрікті басқанда, басқа шәкірттер ұстаға косылып «Ерте таңы қызара» деп басталатын өлеңді айтысып, әнді салғанда, қып-қызыл темірді соққанда Антек жыны түскен бақсыдай, көзін сүрткен бедеудей көтеріліп кетті.
Балға тарсылдал, темір шыңылдап, ән айналадағы агаштардан жаңғырып шығып, жарыса көтеріліп тұрғандары — баланың айызын қандырды. Әй, шіркін-ай, қандай келісті ұста, кім біледі. Онан да артық ірі жан болар ма еді, жақсылап мұны оқытса.
Антектің ұстасы төлеу тұғырдың өзі еді. Ісі орташа, балалардың басы-көзін қуықтай қылып ұрса да, істің басымен аз-маз ғана таныстырып, басқа ықыласын білгізбеуге салады. Әлде біреуі істік жөнін біліп алып, мөлшерлі күні өткен соң, бөлініп шығып, жарыса дүкен ашса қиын болар деп ойлады.
Антектің ұстасының екінші әдетін әлі айтпаппыз,
Қыстаудың бір шетінде, ұстаның дос қызықтасы, ауылшы бар еді, қызметтің жөнінен алақанына артық тиін түсе қалса, арақханаға қарай жүреді, дәл жолында ұстаның дүкені бар.
Мұндай іс жұмасында екі-үш рет болып қала береді.
Қолы майланған ауылшым арақханаға бара жатып жолшыбай дүкенге кездесіп қалып, есіктен қарап:
- Аман ба, ұста?-дейді.
Амандасып:
- Далада не оқия бар?- ұста сұрайды.
- Бөтен хабар жоқ. Сіздің дүкенде не жай бар?
- Қалыпша,- деп ұста жауап қайтарады.
- Бұ қалай? Үйден қалайша шықтың?
- Әншейін, мен мекемеде күні бойы тіліммен балға соғамын да, таңдайым кебеді. Аз да болса дымдайын деп едім. Өзің де шаңнан таза әуеге шықпайсың ба?
- Ие, мен де шығамын. Денсаулықтан қымбат нәрсе жоқ,- деп алжапқышын да шешпей арақханаға кетті.
Ұста шықты-ақ шәкірттер алаңсыз көріктің отын өшіреді. Әлде калай ауылшының тығыз жұмысы келіп қалмаса, қандайлық, асығыс іс болса да, жатып қалғанында достардың ісі жоқ. Арақханада отыра береді. Көбінесе түннің ортасында қайтысады да, әмісе ұстаның қолтығынан ауылшы сүйеп, ұста таңертеңгі ауыз ашар деп бір бөтелкенің мойнынан ұстай қайтады.
Ертеңінде ауылшы түк көрмегендей ерте тұрып, екінші қолайлы кезіне шейін ісін істей береді. Біздің ұста қолындағы бөтелкесін кептіргенше түбін қағады.
Антек көрік басқалы бір жарым жыл болды. Бір күні мынадай іс кезікті.
Ұста мен ауылшы төре арақханада отырғанда бір егінші атын тағалата дүкенге келді. Көре сала балалар:
- Ұста жоқ!-деп айғайлады.
Егінші ренжіп:
- Бірің де мына біздің жаман атты тағалай білмейсің бе?- деді.
- Қайдан білеміз!- деп жауап қайтарды.
- Мен тағалап берейін,- деп Антек сақ ете түсті.
Жолдастары мазақтай бастады.
- Өмірінде балғаны қолына алған емес, көрікті басып, көмір салғаннан басқа не қылып еді. Енді ат тағалап беремін (деп) шығарып отырған ісін қара!- десті.
Антек балғаны оп-оңай қатты ұстап, әлденеше тағаның шегесін де, тағаны да соқты.
Үлкен шәкірттердің аузы аңқайып таңданып тұрғанда ұста кіріп келді. Істің жайын да, Антек соққан тағаны да, шегені де көрсетті. Ұста өзінің көзіне нанбай, көзін сүртіп қарады.
- Әй залым, мұны қайдан үйрендің? Айтшы,- деп Антектен сұрады.
- Сіз дүкеннен шықтыңыз-ақ аналар алды-алдына безіп кетеді. Мен дүкенде қалып іс істеп, аз-маз темірді соға білдім,-деді.
Мына сөзді естіген соң, ұстаның есі шығып, Антекке жұмырық салуды да ұмытып, сасқанын көрсетпегелі, қатынымен ақылдаспақ болып қаша жөнелді.
Антекті дүкеннен қуып, ас үйі мен бақшадағы қызметке шығармаққа байланысты.
- Шырағым, сен тым зирек екенсің, үш жылда үйренсең жолың болсын дер едім. Сені шешең алты жылда үйрет деген еді ғой,- деді.
Антек тағы да жарты жылдай ұстада тұрды. Бақшаны қазды, бала тербетті, енді қайтып дүкеннің табалдырығынан аттаған жоқ. Ұста да, шәкірт балалар да қатты күзетті. Айтысқан сөз бұрынғы ғұрып жолынша, жас жігіт алты жылын өтемей еркімен кызмет ете алмайды. Өзінің өнеріне сеніп, басқаның көмегін тілемей бетімен кеткені онан да жаман болды.
Сөйтсе де Антек мына қалыпты жүріске шыдай алмады. Мұндағы істерім ағаш жарып, жер қазуға ғана болса, оны шешемнің жанында-ақ істегенім артық емес пе,- деп Антек ойлады.
Жұма, ай сайын жүрді де, ақырында ұстадан қашып, шешесіне келді.

6. БЕЛГІСІЗ ҚИЫРҒА


Басқаның әмірінде болып кешірген жыл босқа кетпеді. Бала ержетіп жігіт болып, үйде жатқаннан гөрі ел танып, басқа өнерге үйреніп, шеберліктің қуаты аспаптың тізгінін алып, билеп кетті.


Үй шаруасына да аз-аздап шешесіне қолқабысын тигізіп, көбінесе әртүрлі нәрсенің ағаштан суретін жасап отырады, пышақтан басқау қашау, ара, ыңғырулары бар. Оларын тым жақсы жүргізіп істеген нәрсесі әдемі болып, арақшы да сатып алатын болды.
Антектің істеген диірмені, үйшесі, әдемі қобдишасы, суреттері, шапқан, ойған түтіктері жан-жаққа тарай бастады. Көрген жанның бәрі түк үлгі көріп оқымаған баланың істеген ісіне қарап, туысына таңданып, ықыластанып сатып алысып, недәуір ақша төлегендері де болды. Бірақ істеген баланы бір де бірі сұрастырып біліп, қолынан тартып атсалысайық деген ой бірінің есіне түскен жоқ.
Сол кезде өзен тасып, бөгеуді бұзып, су жайылып қыстауға қаза келтірді. Талай жан шығынданды. Әсіресе Антектің шешесі сорлап, кайырымсыз жау - аштық үйін жайлады.
Амалы не? Қызмет таппай болмайды. Сорлы тұл бір жат үйге кірісіп, Бүйтекті біреудің мақташылығына берді. Бұл қалыпта іс оңалар емес.
Шаруа жөніне жат болып кеткен Антек, шешесіне жатып ішер болды. Андрей әйелдің қамалған күйін көріп, баланы қолға алды:
- Шырағым інім, сен ақымақ емессің, денің сау, қуатың бар, қандай ұсталықтың дүкеніне кірсең, орын табарлық жайың бар. Қалаға барсаң, әр немені үйреніп, мал тауып, шешеңді сүйрерсің. Мұнда жүріп шешеңнің аузындағы жалғыз жапырақ нанына ортақ болма, - деді.
Үйден кетем (деген ой) Антектің ойын жайлағанда жүзі жылан болып сұрланды-ау. Онан басқа лаждың жоғын ішінен ойлады да аз күндік аял сұрады.
Көзінің жасын көл қылып шешесі баланың жолға жүрер қамын істей бастады. Үйдегі жалғыз ескі тоқыманы барлық нанын, ірімшігін салып, дорбаға Антектің асбабы қашау, ара, балға, ыңғыру сықылды саймандарын салып берді.
Антек туған қалашығынан айрылысатын ақырғы түні, тақыр тақтай орындыққа жатып, ұйықтай алмады. Алыстағы иттің үргенін, пештің артындағы шырылдауықтың жіңішке даусын тыңдағанда, оның жіңішке даусын Розалияның далада қалған бейітінің айналасында шырылдаған шегірткенің әні болып құлағында зарлап, есіне қарындасы түсті.
Бұрыш жақтан шұғыл да суық қорқынышты дыбыс шықты. Бұл өксіп жылаған шешесі болып шықты. Есітпеймін деп көрпемен басын тұмшалап жатып қалды.
Ояна келсе, күн жоғары көтеріліп калыпты. Шешесі тұрып, дірілдеген қолымен бақырды асып жүр екен.
Сонан соң бәрі асқа отырысты.
Қартопия мен нанын қосып көжесін ішер-ішпесте, Андрей кіріп келіп, амандасып:
- Ал інім, енді жүр. «Кім жолға ниетті, оған уақыт жетті»,- деп, мақалдап кетті.
Антек қайыс белдікпен шекпенін буынып, сайман салған дорбасын бір иығына салып, екіншгі иығына тоқымасын асынды.
Әбден дайыңдалып алған соң, бала тізесінен отыра қалып, үйдің жер шетіне ернін тигізіп сүйді.
Өмірдегі екі ыстық жаны - анасы бір қолынан, інісі екінші қолынан ұстап, неке оқытардағы қалыңдықтай табалдырықтан аттатып шығарды. Ақырын жылысып өлкеден өтіп, тауға таман тырмыса бастады. Қыстау көзден таса түскенше бірге жүрісіп келеді. Арақханадан ғана үн шығып, тартқан домбыраның ғана дабыл даусы келіп тұрды, аздан соң ол үн де өшіп, бұлар тауға шықты. Даланың масатының түріндей түрлі шөбі жұпарлап, сыбдырлап, тоғайдың, бұтаның араларындағы кұстары сайрап, аяқтың астында жүз толғанып сарқырап ағып, болаттай жарқырап Висланың өзені жатыр.
- Інім, біз енді үйге қайтамыз, сен алдыңа қарай тура жүре бер де, жолыққан жаннан «қала қай жақта?» деп сұра. «Есіңде болсын: саған қыстау-ауыл емес, соқадан да балғаның қадірін білетін халқы қалың қала артық,- деп Андрей дос ақыл айтты.
Анасы айрылысар жерде жылап жіберді. Антек анасының аяғын құшып, сонан соң Андрейдің аяғын құшты да, інісін қатты қысып құшақтап болған соң, жолға түсіп жөнелді. Ол ұзамай жатып шешесі айғайлап:
- Антегім!
- Немене, апатай?
- Ал жат жерде басыңа киын болғандай болса, қайтып кел, қош қарағым, аман бол!
- Қалғандардың жолы болсын,- деді де, бала тағы жолына түсіп жүре бергенде, тағы анасының:
- Антегім! Антегім!- деген зарлы даусы жетті.
- Немене, апатай?
- Бізді ұмытып кетпе, балам! Қош, жолың болсын!
- Аман болыңдар!
Ақыры Антек таудан асып, көзден тасалағанда анасының зарлы даусы құлағын тағы да қапты.
Кешке жақын аспанға сұрғылт бұлт жабылып себелеп жаңбыр жауды. Бұлттың жұқалығынан батардағы күннің сәулесі жерге түсті. Сұрғылт даланың, суланған жолдың аржағында, алтынды мұнара - қаралы қорғанға жасырынғалы бара жатқандай көрінді. Жым-жырт әлсіз дала мен батпақты жолда қапшығы мен тоқымасын арқалап, акырын аяңдап, шекпенді шаршаған жаяу кетіп барады.
Кім біледі: еңбек қылып мал таппақшы, қыстауында жоқ өнерді қаладан көріп үйренбекші. Қыстаудың баласы, сіздерге кез келіп қалса, көмекші қолыңды соза гөр. Ол біздің еңбекшіл талапкер Антек, өз қыстауы тар келіп, туыста басына біткен өнерін шығара алмай, өнер мен малды қаладан іздеп барады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   44   45   46   47   48   49   50   51   ...   69




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет