Алаштың АҚИЫҚтары мақалалар, деректі құжаттар, аудармалар жинағы



бет17/69
Дата11.12.2023
өлшемі0,7 Mb.
#196277
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   69
Байланысты:
АЛКА

Ыдырыс МҰСТАМБАЙҰЛЫ


БІЗДІҢ ТАЛАСТАРЫМЫЗ

Ақындардың мінездері және Сәбиттің мінездері


Ақын жырлайды, сұр тұрмысқа безер салады. Ақынның сөзінің сұлулығына, маңызына қарап, ақынның әлеуметшілдік саяси тілегіне қарап, ақынның өлеңдерінің көпшілік бұқараның мұңына үйлесуіне қарай, жұрт ақынға баға беруші еді. Бұл айтқандардай ақынның сөздерінің бағасы болса, ақынның қанша дұшпандары болсын (бас дұшпандары болсын, жоқ дұшпандары болсын, бәрібір), оған бөгет болып жолында тұра алмайды, ақын өрлеп жүре береді. Жұрт оны танымай қоймайды.


(Қорқамын: Сәбит "құр "жұрт" депсің, ол қай "жұрт", қайдағы "жұрт"?" деп тағы байлана түсе ме деп. Сондықтан ескертемін: "жұрт" деген сөз бұл арада аудитория, общественностъ деген сөздердің ұғымына жақын. Әрбір сөз басы сайын ескерткіш жазатын болдық-ау?!)
Егер де ақынымыз дүмбілез болса, біраз заман аты аталып жүрсе де, бара-бара жоқ болады, атағы өшеді.
Бұл айтылған екі пікірге мысал келтіру артық шығар.
Ақын өзінің кім екенін, тілегі, мұңы не екенін өзінің сөзінде айтты да қойды. Ақынның жырына қарап оған бағаны жұрт береді. Ақынға өзін-өзі ақтап жату, өзін-өзі мақтап жату — керегі жоқ нәрсе және лайықсыз. Біреу оған өтірік пәле жауып жатпаса, не аса қисынсыз кінә тағып жатпаса, "мен былай дедім, менің асылымды ұқпадындар" деп ақынға таласып отыру қисынсыз.
Гоголь, Тургенев, Достоевский, Салтыковтар да өздерінің көздері тірі отырған күндері әркім әр түрлі деп жатқанда, үндемей, көбінесе, шыдап отырған. Олардың кейбір әңгімелері 4—5 жыл, біреулері 10 жылдай созылып жазылып жүрген. Соншама "сары майдай сақтап", "екі көзінің қарашығындай" күтіп, барлық тілегін, барлық пікірін кіргізіп қанша еңбекпен, қанша сабырмен жазып шығарған нәрселерін әркім әр түрлі баға беріп, "іреп-сойып" жатқанда, кейбіреулерден орынсыз сөгіс естіп жатқанда, бұлар шыдап отыра берген. Ақырында, "тесік маржан жерде қалмас" дегендей, бос сөз далада қалды, бұлардың әрқайсысы әдебиет жүзінде тиісті орнын алды.
Дүние жүзі әдебиетінің ескі мұраларының біреуі "Фаустты" жазған немістің атақты Гете деген ақыны өлгелі жүз жылдай болса да, "Гамлетті" жазушы Англияның атақты Шекспир дейтін ақыны өлгелі 300 жыл болса да, бұлар туралы әлі де талас-тартыс, дау біткен жоқ.
Бұл айтылған әдебиет мұралары 100—300 жылдар бері талай батыр сыншыларды көрген. Бұлар Белинскийді де, Плехановты да, Марксті де, Ленинді де, қала берсе, Троцкий мен Воронскийді де көрген. Бұлар шыққаннан бері тарих талай құбылған. “Гамлет” шыққан заман мен бүгінгі заманды салыстырсаңыз, ол уақыттағы адам баласының мәдениеті мен бұл күнгі мәдениетті, салт-сананы салыстырсаңыз, арасы қазекеңнің арбасы мен аптамабелдің арасындай, түйе мен айырпыланның арасындай еді. Сонда да бұлар ескі әдебиеттің ең көркем нәрселері. Дүние әдебиетінің ең бағалы мұралары болып есептеледі. Бұларды әркім-ақ "бақайшағына" шейін қалдырмай талқыға салған, талайлар іске жаратпай шығарған. Сәбит екеумізді былай қояйық, талай даналар бұлардың "жайын тауып" іске жаратпай шығарған. Мәселен, орыстың атақты ақыны Тургенев "Гамлет" — ешбір мағана таба алмай жынданған адамның сөзі, жай бір "құтыру", оны жазған жазушы Шекспир де — көкек"- деп кеткен. Тургенев өзінің заманына қарай көркем әдебиетті Сәбит екеумізден жақсы танитын шығар деп ойлаймын.
Егер де бұларды Сәбиттің сынына салсақ, қорқамын, бір тиынға жаратпас еді. Себебі бұлардың ішіндегі әңгімелер өңшең патшалар, корольдер, жын-сайтандар не аруақтар туралы болып шығады.
Сәбит не демейді? Бірақ сол жалғыз "Гамлет" туралы күллі жер жүзінде, неше жүз тілде шыққан сындарды жинап қалса, бір кішкене үй салуға болар еді. Соншама сындарды тапжылмай бір кісі үнемі оқып отырса, бірінші, ол адам жынданып кетер еді, екінші, оған 100 жыл жасау керек болар еді! Ал енді сонша пәлені көрген, сонша заманнан өткен, тарихтың түрлі құбылысын басынан өткізген "Гамлет" пен "Фауст" ескіріп, баяғының ертегісі болып қоймаға (архив) түсіп отыр ма? Патшалардың, жын-сайтандардың әңгімелері екен деп СССР-дің күллі мемлекет театрларына қойылмай отыр ма?
Жер жүзіндегі қаламға шебер талай қаламгерлер қырықпышақ болып қырылысып жүрген екі әңгіменің жазушылары өздерін-өздері ақтап ауыр сөз айтып па?
Жоқ! Керек десе, "Гамлетті" жазушы анық кім екені даулы, оны жазушы Шекспир емес деп таласушылар да көп. Бұлар — ескі ақындардың мінездері.
Ал енді жаңа ақындарды алайық.
Горький туралы төңкерістен бұрынғы айтылған пікірлерді қоя тұрайық, дәл сәбет үкіметінің заманында Горький туралы қанша пікірлер болды. Луначарскийден бастап, марксшіл сыншыларымыздың әр қайсысы әр түрлі деп жүрген жоқ па? Горькийге Лениннің берген бағасына қарамай, кейбіреулер өзінше соғысып жүрген жоқ емес пе? Горький отыра қалып бәріне жауап жаза бастаса, шашы ағарар еді. Айтыстан басқа түк бітірмес еді, жазу далада қалар еді.
Жаңа әдебиеттің басқа ақындарынан Пильняк, Иванов, Маяковский, Сейфуллина және басқалар туралы не айтылмай, не жазылмай жүр? Бұлар қол шоқпарын қолына алып, бір-біріне тұра ұмтылып, "мен 1000 сөзімнің ішінде "еңбекші" деп 100 рет айттым, сен 5-ақ рет айтыпсың" деп неге жүгірісіп жүрген жоқ? Өздерін ақтап бір газеттің бетін толтыруға бұлардың да күйі бар.
Ал біздің ақындарға келсек, өздері - ақын, өздері - сыншы. Бірін-бірі мақтайды. Бірін-бірі боқтайды. Айтысқанда, сөздерін сипатты, дәлелді ету үшін "мерез" деген сөздерді қоса салады.
Бұл не деген сұмдық? Әлде қалмай жүрген жікшілдік кеселдері ме екен?
Жабайы кісілердің, әсіресе, оқып жүрген жастардың біздің айтысымыздан миы қататын болды.
Баяғыда дәл осындай таластардан, не әлде ескі молдалардың бақистерін тыңдап, миы қата болған бір бишара қазақ айтқан білем: "біреу "қазақ жақсы" деді, біреу "орыс жақсы" деді, ақыры "шортти бери" (черт, ты бери) деп шоқындым да кеттім"- деп.
Сәбиттің мінездері тым қызық:
1) бірінші, барлық жаңа әдебиеттің негізін жалғыз өзі қорғап отырған секілді болады. Өзгелердің бәрі Сәбит басқан таңбамен жүру керек.
2) екінші, Сәбит тым текебір. Басқан дүниеде өзім білмеген тесік қалған жоқ деп лепіреді де отырады. Екі ауыз ақыл айтып, Сәбитке қатесін көрсеткен адам пәлеге қалады.
3) үшінші, Сәбит тым қылжаң, "қазан бұзар" тентек. Қылжаңдап келіп рұқсатсыз келіншектің бетін ашып қалады. "Бұл қалай?" деп біреу сұраса, "мен редектірмін" дейді. Айтқанға түсінбей жатып "байбалам" салады, біреумен айтысып отырып екінші адамды қоса қабат беталды түйрей салады.


II




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   69




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет