АЛҒы сөз көп ұлтты болуымыз – біздің байлығымыз, мақтанышымыз


Оқушы: Ақ қара деп алдымен, Елім бөлмес адамды, Дәстүр, өнер, салтымен Таңқалдырған ғаламды. Оқушы



бет2/2
Дата25.12.2016
өлшемі0,63 Mb.
#4401
1   2

Оқушы:

Ақ қара деп алдымен,


Елім бөлмес адамды,
Дәстүр, өнер, салтымен
Таңқалдырған ғаламды.
Оқушы:

Жырласа қазақ, түркімен,


Молдаван,тәжік үн қосқан.
Дос жүректер біріккен,
Мейірлері жарасқан.
Оқушы:

Тыңда, тыңда, тыңда мені,


Ұлы жұртым орыс халқым.
Сен тербетіп өсіргенсің,
Сенің даңқын, менің даңқым.
Оқушы:

Кім сүймейді ет жақынын, туысқанын,


Украина туысымның бірісің.
Тұрды биік туымыздай бұл достық,
Ел басына төнгенде де ұлы сын.
Ән: «Ел қорғауға әзірміз»
Оқушы:

Қадірменді бір досымыз - өзбегім,


Қалтқысы жоқ демің бейне өз демім.
Өз сөзімдей жанға жайлы сөздерің,
Өз көзімдей күлімдейді көздерің.
Дәм тұзымыз араласпыз әріден,
Дастарқандар жайылады сәнімен.
Палауыңмен бесбармағым сыбайлас,
Кезек жейміз алма, өрік дәміңнен.
Түрік биі. (1-сынып оқушыларының орындауында би)
Оқушы:

Жолым түсіп, тағдыр талап,


Грузин дос болдым қонақ,
Қазағымдай кең пейілің,
Дастарханды жайдың мол- ақ.
Оқушы:

Қазақ, қырғыз бір сананың егізі,


Екі жұрттың бірге екен негізі.
Қазақ озса – ол қырғыздың мерейі,
Қырғыз озса- ол қазақтың жеңісі.
Қазақ- қырғыз туыссыңдар, доссыңдар,
Бір тамырдан сендер өскен қос шынар.
Дос туыстар көп болса да дүниеде,
Нақ сендердей нағыз туыс жоқ шығар.
Оқушы:

Онша үлкен болмаса көлемі


Әжірбайжан, Әзірбайжан ағайын,
Тағы сені құшып сүйгім келеді.
Көрініс: «Қырғыз бен грузин айтысы».
Қырғызға таңырқай қараған грузин қырғыздан:
- Сенің ұлтың кім?
- Қырғыз.
- Сен қырғыз болсаң өз еліңе неге бармайсың?
- Менің өз елім – Қазақстан.
- Жоқ сен Қырғызстанда тұруың керек!
- О не дегенің! Мен Қазақстанда тұрамын.
Мен Қазақстанды өз Отаным деп білемін.
- Сен өз еліңе қалайда кетуің керек?
- Ал сен грузинсің ғой! Сен мұнда не істеп жүрсің?
- Сен де өз еліңе бар! (осылай дауласып жатқанда, қазақ жігіті келеді)
- Балалар осыншама неге дауласып, жатырсыңдар? Менің білгім келеді.
- (Екеуі қосарлана) Біз әрқайсымызды өз еліңе бауырың керек деп жатырмыз. Қайсымыздың кетерімізді білмейміз.
- О не дегендерің! Біздің Отанымыз Қазақстан көп ұлт мекендейтін мемлекет емес пе? Мұнда қырғыз да, грузин де, орыс та тағы басқа тұра береді. Тұрғанда тату-тәтті тұрып жатыр, ал сендер дауласасыңдар келіп. Олай болса, біз де неге дос болмасқа! Қане, салыңдар қолдарыңды!
- Жарайды, жарайды! (Келісіп қолдарын салады).
- (Бірге қосылып) Біз доспыз, біз әрқашан біргеміз.
Оқушы:

Белоруссия – жайқалған жасыл орман.


Жасыл орман – мәңгі жасыл арман.
Шетінен ойшыл келер армандары –
Қойнында сан ұрпақтың жасы қалған.
Оқушы:

Кім білмес қазағымның қою шайын,


Жал-жая, қазы-қарта, құрт пен майын.
Ақ тілекпен әрбір келген қонағына,
Құрметпен шығаратын төрі дайын.
Келіңіз ұсынамын төрден орын,
«Досым» деген адамға міне қолым.
Әр қазақтың жүрегінде осы тілек,
Адамзат, оң сапарда болсын жолың.
Ойын: «Хан талапай».
- Қазақтың жаңа жыл мейрамы?
- Ұлттық тағамдарды ата?
- Қазақтың ұлттық киімдері қандай?
- Ұлттық аспаптарын ата.
Оқушы:

Бірлігі мен ынтымағы халықтың,


Көзімізде жарқырайды жарық күн,
Ырыс, дәулет, бақыт үшін халықтың,
Жайнай берсің, жайнай берсін жарық күн.
Оқушы:
Тірлігімен адам байлық жасады,
Бірлігімен асулардан асады.
Адал жандар жер – ананы қорғаңдар,
Абайлаңдар бейбітшілік жасағы.
Оқушы:

Достық бізге тым ыстық,


Бірлік – байлық, ырыс – құт.
Жарқырасын күніміз,
Жаса, жаса тыныштық
Хор: «Достық»
Жүргізуші: Қазақстан! Біздің туған жеріміз осылай аталады. Қазақ жері ұлан – байтақ. Батыста Каспий маңы ойпатынан шығыста Алтай тауына дейін 3000 км, ал солтүстіктен оңтүстікке қарай 1600 км созылып жатыр. Осындай кең байтақ өлкеміздің жері көлем і- 2 млн.700 мың шаршы километр.
Қазақстан дейтін менің бар елім,
Жатыр алып жарты дүние әлемін.
Бұл даланы көріп алғаш қуанғам,
Бұл далада өскен жанда жоқ арман.
Хормен:
Ақпыз, қара, сарымыз,
Ағайынбыз бәріміз.
Ортақ болсын асар тау,
Жеміс толы бақша-бау.
Болсын жер мен су ортақ,
Болсын бізге ну ортақ.
Ақпыз, қара, сарымыз,
Ағайынбыз бәріміз!
1 МАМЫР ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ БІРЛІГІ

КҮНІНЕ АРНАЛҒАН ҚҰТТЫҚТАУ-ТІЛЕКТЕР
Біздің мемлекетіміздің басты жетістігі еліміздің халықтарының ұлтаралық және конфессияаралық келісімі, өзара түсіністігі мен сыйластығы болып табылады.

Қазақстанда, оның елордасы Астанада достық пен бірлікті нығайту сөз жүзінде қалмай. күнделікті іс-әрекетімізде басшылыққа алынған. Бүгінгі күн көпұлтты мемлекетімізді мекендейтін халықтар достығының, бірлігінің және бейбітшіліктің символы болсын.

*******

Қазақстанның көпұлтты халықтары арасындағы бірлік пен ынтымақтастығы нығая берсін! Қазақстанның көпұлтты халқының татулығы, ынтымақтастығы, бейбітшілігі біздің еліміздің ең басты байлығы. Оны көздің қарашығындай сақтауға тырысайық. Береке-брлігіміз арта берсін, ағайын!



*******

Қазақ қашаннан да бауырмал халық қой. Әр кезеңдерде елімізден пана іздеп келген "жат жұрттардың" бәрін бауырына басып, төрінен орын беріп, қандай қиын кезеңдердің өзінде бір үзім нанды бөліп жеді. Сөйтіп, қаймағы бұзылмаған қазақ жері көпұлтты мемлекет болып шыға келді. Бүгін елімізде 136 ұлт пен ұлыстың өкілдері бір тудың астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Барлығымыз туған жердің төсінде, құшағын жайған бейбіт елдің ішінде ел бірлігін сақтауға атсалысайық!

*******

1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! Бір шаңырақтың астындағы халқымыздың достығы мен өзара түсіністігі одан әрі жалғасып, еліміздегі ұлтаралық татулық әрдайым берік болып, қашан да ынтымақ, бірлік мәңгі жасай берсін!



********

Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі бүгінгі таңда бейбіт өмір мен ынтымаққа тұрмыс кешіп отырған ел тұрғындары үшін ыстық ықылас пен достық ниеттің дәстүрі, асыға күтер мейрамы. Бұл күн - әрбір қазақстандық үшін Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімнің, азаматтық борыш пен жалпы ұлттық келісімнің мерекесі.

Халық бірлігі мерекесі күні ел азаматтары ұлт пен ұлыстың өткен кезеңдегі тарихы мен оның сабақтарын дәріптеп, әлемдік қауымдастық тарапынан жоғары бағаланған қазақстандық татулық пен келісімді паш етеді.

Еліміздің басты қорғаушы күші – қоғамдық келісім мен этносаралық үйлесімді – сақтау Қазақ елінің алдында тұрған басты міндет.

Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – біздің ең маңызды байлығымыз! Бұл жетістікті бағалау, оны сақтау жолында аянбай еңбек ету әрбір Қазақстан азаматының міндеті болып табылады.

********

Еліміздің барша тұрғындарын Қазақстан халқының достығы және бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Баршаларыңызға, әр отбасына, әр қазақстандыққа шынайы көңілмен бақыт-береке тілейміз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Қазақстан халқы өркен жайып, мемлекетіміз – молшылыққа, ал әрбір шаңырақ бақыт пен шаттыққа кенелсін!

********


Біз – қазақстандықтармыз! Біз ортақ еңбегімізбен, бірлескен ізденісімізбен, топтасқан болмысымызбен ортақ үйіміз – Қазақстан Республикасын күн санап түлетіп, күн санап өркендете түсудеміз. Біз елімізбен бірге есейіп келеміз. Қазақстан халықтарының бірлігі мерекесі құтты болсын ағайын!

*******


Ұлы достық

Нәсілдерге нәсіл болсын нұрлы күн,

Ынтымақтың шертсем деймін бір жырын,

Татулығын жырға қосам ұлттардың

Мақтан қылып ұлыстардың бірлігін.
Достық тапса діндер менен ділімді

Салт-дәстүрлер сыйға ұласты бүгінгі,

Бір туғандай ұлтаралық келісім

Бір көтерген басқа түскен жүгімді.


Серт берісіп туыс болып қалуға

Нәубеттерден аман жеттік дамуға,

Байтақ елдің биік ұстап байрағын

Біздің достық мәңгі болып қалуда.


Тілі бөлек болғанымен тілек бір

Ұлы достық мәпелеген жүрек гүл,

Қазақстан бар ұлысқа шаңырақ

Шайқалмастан шаттығымыз тіреп тұр.


Қуаныштан желпілдейді түндігім

Бар халықтың бірлік тойы күн бүгін,

Халқым мәңгі ғұмыр кешсін бақытты,

Бір тамырмен байлап қойған кіндігін!!!

Махмет Қажиахметов

********


Қазіргі таңдағы бейбіт тірлігіміз ұзағынан болғай. Ең бастысы – көп ұлт мекен еткен қазақ жерінің киелі топырағы, қойнауындағы қазынасы құндылығын айқара ашқан әрбір сәбидің бойында «Туған жер – Отаным» деген қасиетті ұран ана сүтімен бойына таралып, әке үнімен қайраттанып, білім нәрімен толысып жатса, жер, ел қадірін бағалау ойы мен санасының төрінен орын алып, ар-намысының алдында жауапты болып, ер жетіп жатса, көп ұлтты жеріміз, көп салалы, көп тілеулі көпшіліктің біртұтас мақсаты мен арманын нағыз жүзеге асыратын бір ғана арналы «Бейбіт әлемі» кәусар бұлағы болары анық.

*******


1 Мамыр бірлік күні деп, ынтымақ күні деп мерекелейміз. Біздің мемлекетіміздің әрбір бұрыш-бұрышында бұл мереке күнделікті тойланып жатады. Себебі, елімізде ең бастысы - ұлтқа бөліп емес, адам деп сыйлау, барлық ұлттың құқықтарының бірдей болуы және қандай бастама, ізгі іс болсын басталуына қолдау жасалып жатқандығы, ұлтына қарап емес, іскерлігіне қарай бағаланып жатыр. Туған жердің төсінде, құшағын жайған бейбіт елдің ішінде әрқайсымыз өз үлесімізді ел бірлігінің сақталуына, бейбіт те мазмұнды өмір кешуімізге атсалысайық.

*******


Ел басына күн туған қилы замандарда да халқымызды ұлт ретінде сақтап қалған ынтымағы мен бірлігі. Жаугершілік заманда басы ауған жаққа көшіп жүріп те берекесі мен қазанын ортайтпаған қасиетті қанағатшыл ағаш бесік пен жер бесік арасындағы біреуге ұзақ, біреуге шолақ өмір жолдарында біреуді өзекке теппей, өзгенің қызылына қызықпай, ұтымды іспен, орамды оймен, терең кемеңгерлікпен, ешқашанда тарылмаған кеңдігімен еліміздің тамырын жаза, бұтағын жайқалтып, құшағын кеңейтіп келеді. Достық пен ынтымақ бар жерде береке мен ырыс болары айдан анық.

*******


Республикамызда тұратын түрлі ұлт өкілдерін бірлік мерекесімен құттықтаймыз! Ең бастысы, ұлтаралық татулық арқасында бүгінде ел тыныш, жұрт аман. Осы берекеміз бұзылмағай. Қазақстанда тұратын барша ұлт арасындағы айнымас достыққа сызат түспесе екен деп тілейміз.

************

Сіздерді 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!

Туған Отанымыз – Қазақстанды гүлдендіріп, тұрақтылық пен бейбітшілік мекеніне айналдыру үшін баршаларыңызға зор денсаулық, таусылмас күш-қуат, мол бақыт, еңбектеріңізге жеміс, ұзақ ғұмыр, шаңырақтарыңызға шаттық, құт-береке тілейміз.

Бір шаңырақ астындағы халқымыздың ынтымақтастығы мен өзара ауызбірлігіміз нығая түсіп, республикамыздағы ұлтаралық татулық әрдайым берік болып, достық, бірлік мәңгі жасай берсін!

*************

Сіздерді татулық пен келісімнің нұрына малынған 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі мерекесімен шын жүректен құттықтаймын.

Тәуелсіздігіміздің даңғыл болашағына түскен мемлекетіміздің экономикасы қарқынды даму үстінде. Біздің ең басты құндылығымыз - тәуелсіздік деп Елбасымыз ұлықтағандай сол құндылықты қастерлеу баршамыздың қасиетті парызымыз. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына алған асуларымыз бен жеткен жетістіктерімізде елімізде өмір сүруші барша ұлт өкілдерінің еншісі бар. Осындай мол табыстарға қол жеткізуде аудан жұртшылығының да өзіндік үлесі бар. Себебі осындағы барлық ұлттардың татулық пен келісімде өмір сүруінің арқасында баршамыз алаңсыз өмір сүріп, білім алып, еңбек етудеміз.

Бұл айтулы мерекені көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алуға толық негізі бар. Еліміздің өркендеуімен бірге аудан экономикасы да ілгерілеу үстінде. Бейбітшілік пен татулықтың арқасында бізді болашақта бұдан да жарқын, баянды күндер күтіп тұрғанына сендіргім келеді.

Айтулы мерекемен шын жүректен құттықтай отырып, баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға құт-береке, бақыт тілеймін.

*******

«Діні басқа, тілі басқа, тілегі бір» бір шаңырақ астында жиналған ұлт пен ұлыс өкілдерінің ынтымағы – ырысы, байлығы – берекесі болып, татулығы жарасқан біздің елде өмір сүріп жатқаны жүректерге сенім, көңілдерге қуаныш ұялатады.


1 МАМЫР – ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ БІРЛІГІ МЕРЕКЕСІ

Қызықты хабарлама сағаты

Құрметті шақырылған қонақтар, ұстаздар ұжымы, оқушылар! Сіздерді 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Көзді ашып – жұмғанша көлбең ете қалған көктемнің соңғы айы мамыражай мамыр да маңғаз басып маңымызға жетіп қалды. Алғашқы күнінен бірлік пен берекеге бастайтын бұл айдың барша адамзат үшін асқақ абыройы бар. Дүниежүзілік Ынтымақ, Еңбек, Бейбітшілік күні біздің елімізде де «Қазақстан Халықтарының бірлігі» күні деп аталып өтіледі.



  • Үш мың жыл бұрын ежелгі Италия тұрғындары Жердің қамқоршысы әйел-құдай – Маяға табынған. Соның құрметіне бүгінге дейін мамыр айының алғашқы күні серуендеу мен салтанат мерекесі болып есептеледі.

  • 1890 жылы Парижде өткен ІІ интернационал конгресінің шешімімен 1886 жылы Чикагода болған америкалық еңбекшілердің 8 сағаттық жұмыс күнін талап етіп, капиталистер мен қанаушыларға қарсы жанқиярлық күресінің құрметіне Варшава қаласында сол жылдан бастап 1 мамыр еңбекшілердің ынтымағы мерекесі ретінде аталып келеді. Алғаш айтулы мейрамды 1890 жылы Аустро, Мажарстан, Белгия, Алмания, Дания, Испания, Италия, АҚШ, Норвегия, Франция, Швеция сияқты мемлекеттер атап өтті.

  • Содан бері аумалы – төкпелі заман өтіп, саяси жүйелер жаңғырса да, қазіргі таңда 1 мамыр мерекесін әртүрлі мазмұнда әлемнің 66 мемлекеті тойлайды.

  • Украинада 1 мамыр күні халық алаңда мереке ұйымдастырып, орманда серуен құрып, кәуап дайындайды.

  • Оңтүстік Африка республикасында халықтық өнер туындыларының көрмесін ұйымдастырып, төмен бағамен жалпы халыққа арналған тұрмыстық бұйымдар сатылады.

  • Сицилияда – жергілікті халықтың сенімі бойынша бұл күні даладан түймедақ (ромашка) теру бақыт әкеледі-міс.

  • Британияда 1 мамыр – демалыс күні.

  • Ресей империясында 1890 жылдан бастап 1 мамыр мерекесі аталып келеді. Алайда 1897 жылы бұл бұқаралық бас көтеруге ұласады. Тек большевиктер 1917 жылдан 1 мамыр мерекесін тұрақты түрде атап өтуді дәстүрге айналдырған. 1 мамыр қызыл төңкеріс пен таптық күрестің символы болды. Кеңестік идеологияның тегеуріні сондай 1 мамыр күні Маяковскийдің «Бейбітшілік!, Еңбек! Мамыр!» деген сөзімен ұран тастап, алқызыл жалау желбіретіп, алаңда төбе көрсетпегендерді ертесіне жұмыстан шығарып жіберетін.

  • КСРО–ның орнын басқан Ресейде 1 мамыр мерекесін 1997 жылдан бастап көктем және еңбек мерекесі ретінде атап өтеді.

  • ТМД елдері ішінде Ресей мен Молдавия бұл мейрамда қатарынан 5 күн демалады.

  • Ал Әзербайжан, Грузия Түрікменстан және Өзбекстанда 1 мамыр – жұмыс күні, бірақ өзбек, түрікмен жұрты бұл күні ұлттық тағам дайындап, өзбекше, түрікменше тойлайды.

  • Ал бізде 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні. 1995 жылдың наурызында дүние жүзіне үлгі болып отырған ұлтаралық татулық пен тұрақтылықтың – феномені – Қазақстан халықтары Ассамблеясы құрылды. Бұл ешбір елде болмаған ерекше, саяси маңызы зор құрылым.

Ассамблея 365 мүшесі, 471 ден астам республикалық, өңірлік, облыстық, қалалық ұлттық – мәдени бірлестіктері , 500- ге жуық кіші ассамблея мүшелерінің бастарын біріктіріп, біздің ортақ үйіміз – Қазақстанда шынайы достықты қамтамасыз етіп келеді. Бүгінде әрбір ұлтқа салт – дәстүрлерін жаңғыртуға, мәдениеті мен әдебиетін дамытуға, тілінің жетілуіне қамқорлық көрсетілуде. Өзара түсіністік, ұстамдылық әртүрлі ұлттар өкілдерінің рухани және мәдени құндылықтарына құрметпен қарау әдебі барлық этностарға ортақ жалпы халықтың идеалдар мен қасиеттерді қалыптастыруға әсер етті. Нәтижесінде әрбір ұлт конституциялық – құқықтық заңнама негізінде өзіне тән этностық ерекшелігін сақтай отырып, Қазақстанның қоғамдық құрылымына үйлесті сіңе білді. Қазақстан көп ұлтты мемлекет. Кең байтақ Қазақстанды 130 дан астам ұлт пен ұлыс мекен етуде. Бұл ынтымақ үрдісі ғасырдан – ғасырға жалғасуда.

2006 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша қазақтардың саны 11008,1 мың адамды (он бір мың сегіз бүтін оннан бір), орыстар - 2962,1 мың адамды (екі мың тоғыз жүз алпыс екі бүтін оннан бір), украиндар - 444,7 мың, өзбектер - 433,5 мың, ұйғырлар - 231,4 мың, татарлар - 229,1 мың, немістер - 222,5 мың адамды құрады. Республика халқының жалпы санында ең көп үлес салмақты қазақтар - 58,9 пайызды және орыстар 25,9 пайызды алып отыр. Басқа этностар мен этникалық топтар үлесіне республика халқының 15,2 пайызы тиесілі болып табылады.

2009 жылдың 25 ақпаны мен 6 наурызы аралығында жүргізілген халық санағы бойынша Қазақстан Республикасының халқы 16 миллион 403 мың адамға жетті және қазақтар – 67 пайызды құрады.

2010 жылдың 1 қазанындағы халық санағы бойынша халық саны 17 200 000 адамды құрайды, қазақтар 75,9 пайыз. Аталған санақ бойынша еліміздегі қала тұрғындарының үлесі 54,1 пайызды, ауыл халқы - 45,9 пайызды құрап отыр.

Қазақстан жұртында 75 пайыз мұсылмандар, 25 пайыз христиандар. Елімізде дінге шек қойылмаған. Халқының негізгі бөлігі мұсылмандар болса да ҚР зайырлы мемлекет.

Қазақтар Қазақстаннан басқа әлемнің елуден астам елінде өмір сүреді. Қазақтардың негізгі бөлігі Қазақстанмен шекаралас елдерде тұрады. Қазақтардың ең көп диаспорасы Қытайда (2,7 млн), Өзбекстанда (1,5 млн), Ресейде (1,2 млн) шоғырланған. Қазақстан 1991 жылы өз тәуелсіздігін жариялағаннан бері шамамен 1 млн. Этникалық қазақтар елімізге оралды. Қазақстан Германия, Израиль, Греция, Ресей сияқты этникалық отандастар мәселесімен айналысатын әлемдегі санаулы елдердің бірі.

Бүгінде 130-дай ұлтты ұйыстырып отырған елімізде 1 мамыр мерекесінің мерейі үстем. Бұл күн – халқымызды етене жақындастыра түсетін тағылымды мереке. Бүгінгі күні игі дәстүрге айналған бұл мереке – «Алтын бесік» деп аталады. Халқымызда туған жер – алтын бесік деген сөз бар. Баршамыздың ортақ Отанымыз – тәуелсіз Қазақстан біздің бірлігіміздің алтын бесігі. Қашанда береке бастауы бірлік болған. Қазақстанның бүгінгі қарыштап дамып отырғаны – еліміздегі жүрегі бір, тілегі орақ түрлі этнос өкілдерінің жарасымды өмір сүруінің арқасы. Тәуелсіздігімізді тұғырлы ететін де, елімізді жаңа белестерге жетелейтін де біздің ауызбіршілігіміз болып табылады. Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы артық. Сондықтан біздің ең асыл қазынамыз – елдің ынтымақ, бірлігі деді өзінің сөзінде мемлекет басшысы.

Ата – бабамыз ғасырлар бойы бақытты ел болуға талпынды. Азаттықты аңсап, тәуелсіздікті, теңдікті, елдікті көкседі. Сан жылдық аласапыран шайқас, күрес, қақтығыстардан арылып, татулықтың туы желбіреген бейбіт ел болуды армандады. Соның бәрін артқа тастап, тәуелсіздік таңына талып жеткен қазақ елі бүгінде бейбітшілік бесігінде тербеліп отыр десек артық емес. Астана төріндегі әлемнің әр тарабындағы барша ұлттар мен дін өкілдеріне дос құшағын айқара ашқан «Бейбітшілік пен келісім» сарайы да бірлік пен берекенің символы іспеттес. Көптеген елдерде ұлтаралық, дінаралық қақтығыстар толастамай тұрғанда біздің береке – бірлігіміз өзге елдерге үлгі болатындай.

Ертеден еркіндік пен елдікті, бейбітшілік пен берекені тілеген еліміз ешқашан өзгені өзекке теппеген. Сонау күндері елінен еріксіз және ерікті түрде қуылғандар мен қашқындардың да нәсіліне қарамай, бір үзім нанын бөліп беріп, бір жастықты жастанған қазақ қашанда қайырымдылық пен қамқорлықтан қашқан емес. «Әйтеуір, Алладан қайтар» деп тілейтін халықты құдайы қалт жібермеген болар. Бүгінгі елдің жағдайы шүкіршілік!

«Қиындық атаулыны жеңетін бір-ақ күш бар, ол — бірлік». Еліңді, жеріңді қорғау үшін бірлік қаншалықты қажет болса, тәуелсіздік жемістерін, бүгінгі қол жеткен табыстарымызды сақтап қалу үшін де ол сондай қажет.

«Бірлік бар жерде тірлік бар» демекші, бұл жолда да ел тұтастығы мен татулығының ықпалы мол. Қазақстанның қарымды қадамы қарыштап, бедел-абыройы шарықтап, шаңырағы шайқалмай, өзгелерден тайсалмай, теңдігі мен тұрақтылығының баянды болғаны – осы бірліктің арқасы.

Біздің елімізде әрбір ұлтқа деген қамқорлық шексіз. 18-ге толған азаматтар – тегіне, нәсіліне, ұлтына, тіліне қарамай сайлауға қатыса алады. Ата Заңымызда атап көрсетілгендей кез – келген ұлт өкілі тең құқылы. Ұлы Абайдың «Азаматтың бәрін сүй бауырым» деп айтқан өсиетін, кемеңгер, ойшыл Пифагордың «Жердің жемісін жылына бір көрсек, достың жемісін күнде көреміз» деген даналық сөзін басшылыққа алған елбсымыз Н.Ә.Назарбаев «Көр ұлтты болуымыз – біздің байлығымыз, мақтанышымыз» дейді.

Қазақстан халықтарының мерекесі бүгінде мақтаныш емес, ұлттар мен ұлыстар бірлігінің шынайы рәмізіне айналған еліміздегі айтулы мереке.

«Төртеу түгел болса төбедегі келері» хақ. Сан ұлттың мекені болған мемлкетіміздің алар асуы алда. Бірлігі бекем елдің болашағы нұрлы, келешегі кемел. Әрдайым осы бірлігімізден айырылмай, татулығымыздан танбай, жұбымызды жазбай, болашаққа бірге қадам баса берейік. Ел тыныштығының тұнығы бұзылмай, бейбіт елдің берекесі арта берсін!

Сіздерді тағы да 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі меркекесімен құттықтап, ұзақ ғұмыр, зор денсаулық, әрбір отбасына береке – бірлік, еңбектеріңізге табыс тілеймін. Ынтымақ пен бірлік мерекесі құтты болсын!

С.Ж Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінде Тәрбие және әлеуметтік істер жөніндегі бөлімнің және Жастар ісі жөніндегі комитеттің ұйымдастыруымен Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай 1 мамыр халықтар бірлігі мен ынтымағына арналған шара өткізілді.


ЫРЫС АЛДЫ – ЫНТЫМАҚ

Ақпарат сағаты

Орыс, ұйғыр, неміс те

Үміт қосып жеңіске!

Жұдырықтай жұмылды

Келешегі кең іске!
Өзіңдікі – Туың да,

От пен ауа, суың да!

Жаса, Қазақстаным,

Белді бекем буын да!

«Әр халықтың тілі – қайнар судың тұнбасындай мөлдір, ал дәстүрі саф алтындай бағалы, ән-жыры үн болған шалқар дариясы. Сондықтан бейбітшілік пен татулықтың тоғысында елдің болашағы жастар болып, бұл мерекені тойламақпыз, өйткені бұл беріктігіміздің айнасы, татулығымыздың тұтқасы. Баршамызды бір шаңыраққа біріктірген Отанымыз тұрғанда біз Достыққа сенеміз!» – деп өздерінің еліміздің жарқын болашағына деген сенімдерін білдіріп, білім мен өнерді, жаңашылдық пен ізгілікті, достық пен бірлікті өздеріңе үлгі тұта біліңдер.

1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні. 1995 жылдың наурызында дүние жүзіне үлгі болып отырған, ұлтаралық татулық пен тұрақтылықтың феномені – Қазақстан халықтары Ассамблеясы құрылды. Бұл ешбір елде болмаған ерекше, саяси маңызы зор құрылым.

Ассамблея 365 мүшесі, 471-ден астам республикалық, өңірлік, облыстық, қалалық ұлттық-мәдени бірлестіктері 500-ге жуық кіші ассамблея мүшелерінің бастарын біріктіріп, біздің ортақ үйіміз – Қазақстанда шынайы достықты қамтамасыз етіп келеді. Бүгінде әрбір ұлтқа салт-дәстүрлерін жаңғыртуға, мәдениеті мен әдебиетін дамытуға, тілінің жетілуіне қамқорлық көрсетілуде. Осының бәрі Елбасының қоғамдағы азаматтық ынтымақтастық пен ішкі саяси тұрақтылықты сақтау стратегиясын дұрыс таңдап, ұлтаралық қатынастарды реттеудің тиімді тетіктерін жасай білуінің арқасында мүмкін болуда.

Өзара түсіністік, ұстамдылық, әр түрлі ұлттар өкілдерінің рухани және мәдени құндылықтарына құрметпен қарау әдебі барлық этностарға ортақ жалпы халықтық идеалдар мен қасиеттерді қалыптастыруға әсер етті. Нәтижесінде әрбір ұлт конституциялық-құқықтық заңнама негізінде өзіне тән этностық ерекшелігін сақтай отырып, Қазақстанның қоғамдық құрылымына үйлесті сіңісе білді.

Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған мәселелер қатарында ерекше көрсетіліп кеткен бағыттың бірі — Қазақстан халықтары Ассамблеясының рөлін нығайтуға байланысты "Қоғамдық келісімді және тұрақтылықты әрі қарай нығайту үшін Қазақстан халықтары Ассамблеясының рөлін арттыру” мәселесі. Бағыттың бұлай аталуының өзі өзіндік этносаралық және конфессияаралық келісімнің жетілдірілген моделі қалыптасқан Ассамблеяның ұлтаралық қарым-қатынасты нығайтудағы ерекше орган болып табылатындығын көрсетеді.

Қазақстанның саяси жүйесінде маңызды тұтқа болып табылатын Ассамблея бүгінгі таңда барлық этностардың мүддесін ортақ қазақстандық мүддеге айналдыруды, ұлттық ерекшеліктеріне қарамастан барлық азаматтардың құқығы мен еркіндігін сақтауды қамтамасыз ететін қоғамдық институт ретінде толығымен қалыптасты. Қазақстанда тұратын барлық ұлттар мен этностар қалыптастырған ел бірлігі мен тұрақтылықты сақтауға бағытталған қазіргі мол тәжірибе этносаралық проблемаларды шешудің әлемдік тәжірибесіне енуде.

Жолдауда атап көрсетілгендей, "қоғамдық келісімді әрі қарай нығайту еліміздің қалыпты дамуы мен әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру тәрізді үстеме міндеттерді шешудің негізі болып табылады”.

Жолдауда "Қазақстан халықтары Ассамблеясының практикалық қызметі мен жауапкершілігі аясын кеңейтіп, оның беделін барынша арттыра беру, әсіресе, заңнамалық деңгейде арттыру қажет” деп көрсетілген. Осыған орай Ассамблея жұмысы маңыздылығын арттыру мақсатында оның ғылыми және құқықтық базасын жетілдіру қажеттілігі тәрізді өзекті мәселе күн тәртібіне қойылып отыр.

Жалпы, Елбасы келешекте Ассамблеяның республикамыздың алдағы даму уақытының жаңа кезеңінде келесі төрт міндетті дәйекті түрде шешу керектігін атап көрсетті. Олар: Қазақстандағы ұлтаралық тұрақтылықтың кепілі бола алатын, елдегі бейбітшілікті қамтамасыз етудің негізі болып табылатын халықтардың бірлігін нығайту және Қазақстан қоғамын жаңартудың саяси идеология мен ағымдағы "сұраныстан” биік тұратын негіз қалаушы құндылықтары бойынша арнайы қоғамдық келісімді қолдау мен дамыта беру, біртұтас қазақстандық қоғам құрудың негізі болып табылатын Қазақстанның барлық азаматтары үшін олардың ұлттық, әлеуметтік шығу тегіне қарамастан, тең мүмкіндіктерге негізделген біртұтас азаматтығын нығайту, қоғамдағы этносаралық және конфессияаралық келісім мен ықыластылықты одан әрі нығайтуға қажетті қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуге бағытталған шаралар кешені, сондай-ақ келеңсіз оқиғаларды болдырмау және әрбір азаматтың конституциялық мүддесін қорғауға бағытталып отырған қоғамдағы экстремизм мен радикализмнің кез келген көріністеріне және біздің азаматтарымыздың конституциялық құқықтарына қысым жасауды көздейтін әрекеттерге қатаң, әрі дәйекті тұру міндеттері болып табылады.

Бүгінгі таңда Қазақстан халықтарының Ассамблеясы – ұйымдық құрылым ғана емес, ол біздің өміріміздің ажырамас бөлігі, біздің тыныштығымыз бен бірлігіміздің белгісі.

Өткен уақыт ішінде Қазақстан халықтары Ассамблеясы ұйымдық жағынан нығайып, өз іс-қимылдарының тиімді бағытын тапты, мемлекеттік құрылыс процестеріне, трансформациялық әлеуметтік-экономикалық жаңғырту, саяси тәуелсіздік және егемендік жағдайында принципті жаңа қоғамдық қатынастарды қалыптастыруға оңды, жан-жақты және тиімді ықпал етуде. Қазақстан халықтары Ассамблеясының құрылымы аясында біз саяси тұрақтылықты, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді сақтай алдық. Қазақстан халықтары Ассамблеясының стратегиясы арқылы тұрақтылықты сақтап, кең ауқымды әлеуметтік және саяси жаңартуларды бастадық. Ассамблея шеңберіндегі біздің жұмысымыз – Қазақстанның өркендеуінің кепілі.

Мемлекетіміздің ұстанған ұлттық саясатын насихаттау мақсатында Қазақстан халықтары Ассамблеясы шетелдік ұйымдармен қарым-қатынасты нығайта түсуде. Осы мақсатпен өткен жылы Германия, Бельгия, Нидерланды, АҚШ, Украина, Ресейге арнайы сапарлар ұйымдастырылды. Аталған елдерде делегация мүшелері Бундестаг, Еуропарламент депутаттары, Тең мүмкіндіктер орталығы, БҰҰ, америкалық сыртқы саясат ұлттық комитеті басшылары және саяси қайраткерлермен кездесулер, дөңгелек үстелдер өткізді. Конференциялар ұйымдастырылып, тәжірибе алмасулар жүзеге асырылды. Қазақстан халықтары Ассамблеясының аларынан берері көп екенін мойындаған шетелдік әріптестер оның 12 жылдық тәжірибесіне қызығушылық танытып жатты. Бельгиядағы Тең мүмкіндіктер және нәсілшілдікке қарсы күрес орталығының директоры Йозеф де Витто дәл осындай ассамблеяны өз елінде құруды орынды деп атаса, Фордхэм университетінің профессоры П.Мордвидж "Қазақстан көп ұлтты мемлекеттердің ішінде жоғары жетістікке жеткен алғашқы ел, сондықтан ұлтаралық келісімнің қазақстандық моделін әлемдік тәжірибеде қолдану керек” дей отырып, еліміздегі бүгінгі жағдайға жоғары баға берді. Ал Ресейде біздің Ассамблеяның үлгісімен Ресей халықтарының Ассамблеясының құрылуы қазақстандық тәжірибенің маңыздылығының айқын дәлелі болып табылады.

Қазір Қазақстанда елдің ұлттық-мәдени алуандылығын қоғамдық дамудың оң ықпал етуші факторына айналдырудың барлық алғышарттары бар. Бүгінде байтақ елімізді мекендеген барлық ұлттар мен ұлыстар патриотизм ұғымын жаңаша түсіне бастады. Олар бұл ұғымды тек ата тегімен ғана байланыстырып қоймай, Қазақстанның мемлекеттілігі, басқа ұлттың мәдениеті мен дәстүріне деген толерантты көзқарас сияқты қасиеттер арқылы қарастыруда.

Жетекші сарапшылардың пікіріне сүйенсек, қазақстандық қоғамдағы қалыптасқан толеранттылықтың негізінде бірнеше фактор жатыр.

Бірінші фактор – адамдардың елдің болашағына сеніммен қарауы. Қазақстанның 2030 жылға дейін даму Стратегиясы нақ өмірлік болашаққа деген сенімділікті, түсінушілікті арттырған құжатқа айналып, қоғамымыздың қарқынды түрде дамуын алға жетелеудің болжамды жоспарын ұсынды. Ал Стратегияда айтылған жоспарларды сатылай жүзеге асыру ел азаматтарының әлеуетін жүзеге асыруға зор мүмкіндіктер береді.

Екінші фактор – еліміздің өткен тарихы. Халқымыз бірде кең байтақ елінің ен даласынан көз алартқан сырт дұшпанға ұлтарақтай да жерін қимай, жауымен қасық қаны қалғанша шайқасатын қаһарлы қазақ болса, енді бірде табалдырығын аттаған қонағын құдайдай күтіп, оған дастархан боп жайылуға, төсек боп төселуге дайын дархан қазақ. Толеранттылық сөзінің бір синонимі "қазақы мінез” болар, сірә.

Үшінші фактор – мемлекет құраушы жергілікті халықтың өзіндік ерекшелігі. Қазақтар мыңдаған жылдар бойы сыртқы жағдайлардың өзгеріп тұруында өзіндік бейімделу мүмкіндіктерін көрсете алған ұлы көшпенділер мәдениетінің мұрагерлері. Қазақ жері арқылы өткен Ұлы Жібек жолы Батыс пен Шығыс өркениетін байланыстырушы алтын көпір іспеттес қызмет атқарып, керуен жолдары мәдениет және біліммен екі бағытты да сусындатты. Көне қазақ жеріне өзіндік зор ықпалын тигізді. Жалпы, Жібек жолының қазақ жерінен өтуінің өзі мәдениет әртүрлілігін, басқалар мәдениетіне, тіліне және діни көзқарасына деген түсінушілігін қалыптастырғаны белгілі.

Төртінші фактор – қазақтың ұрпағын кек сақтамайтын етіп тәрбиелей алу қасиеті. Қазақ басынан тағдырдың талай қатал сынын кешірді. Беріден қайырғанның өзінде, ХVІІ-ХVІІІ ғасырлардағы Жоңғар шапқыншылығы, Ресей империясының езгісі мен кешегі Кеңес өкіметі заманындағы зобалаң аштықты басынан кешіріп, саяси қуғын-сүргіннің де құрбаны болған халық. Алайда, қылышынан қан тамған замандарда таңдары азаппен атса да, басқадан кек алу мақсатында қылышын қайрамаған, тағдырдың ауыртпалығына қайсарлық танытқан халық. Өткенге бой ұсынбай, келешекті аңсап ел бірлігі мен молшылығын бата тілегіне қосып ұрпағына аманат ретінде қалдырып отырған халық.

Бесіншіден, жазба әдебиеті кешірек дамығанмен, ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа аманат ретінде жеткен, сарқылмас мол қазына болып табылатын ауыз әдебиеті, батырлар жырлары, Қазтуған, Шалкиіз толғаулары мен Доспамбет, Бұқар жырау, Дулат, Махамбет сынды жауынгер ақын-жыраулардың отаншыл шығармашылығы арқылы бүгінгі ұрпағына Отанға деген сүйіспеншілікті дәріптеп, қазақ болып туғанын мақтанышпен ауыз толтыра айтуға мүмкіндік беріп отыр. Тарихы бар халық қана – ұлы халық.

Алтыншы – халықтың ұлылығын танытатын тағы бір белгі – оның тілі. Сонау ХІХ ғасырда қазақ мәдениеті мен тілін зерттеген Еуропа ғалымдары түркітанушылар В.Радлов, П.Мелиоранскийлер "түркі тілдерінің ішінде ең таза тіл – қазақ тілі” екенін атап кетеді. Қазақ тіл білімінің негізін қалаушы А.Байтұрсынов қазақ тілін былай деп бағалайды: "түркі тілін ХХ ғасырға дейін аздырмай, қаз-қалпында сақтап келген алғыс пен абырой қазаққа тиіс”. Тілге деген бұдан асқан баға болмаса керек. Қандай қиын кезеңдерді бастан кешірсе де, қиыннан қиыстыра алатын тілінің байлығын, оның тазалығын кейінгі ұрпағына жеткізе алған халық ұлы халық емес пе?!

Жетінші – жаугершілік замандарды басынан кешіріп, халық ретінде жойылудың аз-ақ алдында болған қазақ "қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған” заманды аңсап, бейбіт өмірді қалаған халық екенін танытып, бауырына сан ұлттың баласын басып, дастарқанын бөлісіп, талайға баспана беріп отыр. Бүгінгі көп этносты Қазақстандағы татулық пен келісімнің болуы да, ең алдымен қазақтың ұлылығын танытса керек.

Мемлекет құраушы халық ретінде қазақ халқы елдегі этносаралық бірлік пен келісімнің сақталуына қалай жауапты болса, басқа этностар да мемлекеттің алдында өз жауапкершілігін соншалықты сезінуі қажет деп ойлаймыз.


БІЗ ДОСТЫҚТЫ СҮЙЕМІЗ

Тәрбие сағаты

Мақсаты: «Достық», «Өзара сыйластық» ұғымдарының адамгершілік құндылықтары ретіндегі мәнін ашу. Тәуелсіздік жайында түсінік беру.

Міндеттері:

  • Оқушы, мұғалім және ата – ана арасында жағымды қарым – қатынас жасауға, ата – аналардың мектеп өміріне араласуына, өздерінің бала алдындағы жауапкершіліктерін, оларға қажет екендігін сезінуге бағдарлау.

  • Өзара сыйластық, өзара түсіністік, өзара көмек қарым – қатынастарын дамыту, Отанына деген сүйіспеншілігін арттыру.

  • Отбасы – Отанның бір бөлшегі екендігін ұғындырып, оқушыларды ынтымақ пен бірлікке, татулық пен ұйымшылдыққа тәрбиелеу.

Көрнекі құралдар. Сюжетті суреттер, үнтаспа, үлестірме қағаздар, гүлдер, жүрекшелер.

Әдісі: Ата – аналар мен балалардан құралған командалар арасындағы сайыс түрінде өтеді.

Кіріспе сөз: Бүгінгі біздің ата – аналармен бірлесіп өткізгелі отырған сабағымыздың тақырыбы «Біз достықты сүйеміз» деп аталады.Себебі, достық бар жерде бірлік, татулық болады. Сол достықтың арқасында осындай бейбіт жерде өмір сүріп жатырмыз.

Сабақ өзін - өзі тану пәнінің тәсілдерін қолдану арқылы өтіп қана қоймай, жарыс түрінде өтеді. Сынып оқушылары мен ата – аналардан үш топ құралып, топтарға ат қойылады. 1 – топ – Жігер тобы. 2 – топ – Бірлік тобы. 3 – топ – Парасат тобы.

Тапсырмалардың барлығы да тақырыпқа қатысты беріледі. Дұрыс орындалған тапсырмаларға жүрекшелер беріледі. Әр тапсырмамен сайыс кезінде танысып отырасыздар. Сайысымызды бастамас бұрын шаттық шеңберіне тұрайық.

1. Шаттық шеңбері:

Оқушылар үлкен шеңбер құрады, ата – аналары ішкі шеңберде тұрады. Оқушылар:

Әрқашан дос, біргеміз,

Ажырамас іргеміз.

Ту ғып ұстап бірлікті,

Тату – тәтті жүреміз.



Ата – аналар.

Достық - өмір тірегі,

Достық - әр адамның тілегі.

Татулық дәйім сақталса,

Қуанышпен соғады әр адамның жүрегі.

2. Әңгімелесу. «Достық.» тақырыбы бойынша әңгімелеу. Бұл тақырыпты еліміздің тәуелсіздігімен байланыстырып айтуға болады.

3. Дәйек сөз. Әр топ бүгінгі тақырыбымызға қатысты қандай дәйек сөздер айтуға болатынын айтады, ішінен біреуі таңдалып алынады. Ол дәйек сөздердің мағынасы түсіндіріледі. Мысалы: «Достық қымбат өмірде»

4. Шығармашылық жұмыс. «Балғын бояу» айдары. Әр топ «Достық қымбат өмірде» тақырыбына қатысты сурет салады. Салған суреттерін қорғайды.

5. Өзіммен өзім. Үнтаспада баяу музыка қойылады. Мұғалімнің айтқан сөздерін көз алдына елестетіп және әңгіме барысын сезінуге тырысады.

- Біз барлығымыз ыңғайланып отырайық. Көзімізді жұмсақ та болады. Өзімізді «Достық пен бірліктің» елінде жүрміз деп елестетейік. Бұл елде үлкендерді құрметтеп, кішілерге қамқорлық жасайтын, Отанын сүйетін, жүректері мейірім мен сүйіспеншілікке толы, денсаулығы мықты, ер жүрек адамдар мекен етеді. Солардың ішіндегі ең қадірлі адамдар әрине біздің әрқайсымыздың ата – анамыз, ең сүйкімді де қылықтысы әрине біздің кішкентай балаларымыз. Олар қашан да бір – біріне көмек көрсетуден, қамқорлық жасаудан шаршамайды. Біз барлығымыз осындай достық пен бірлік елінде өмір сүріп жатқанымызға қуануымыз керек.

Енді бұрынғы қалпымызға түсіп, көзімізді ашайық. Тақтада Қазақстан картасы тұрады. - Бұл қандай ел ? Ол біздің Қазақстан.

6. Жаттығу – ойлану.

1. Берілген сөздерді пайдаланып достық, бірлік тақырыбына өлең құрау.

Менің елім ------------

---------- ---- жарасқан.

Ту ғып ұстап ---------------

------- ---------- алыстан.



7. Мақал – мәтел жарысы. «Мақал айтсаң – жол көрсеттің, мәтел айтсаң – жанымды жайландырдың» демекші, мақал – мәтел айтып жарысайық. Үш топқа үш тақырып беріледі.

1. Достық, татулық.

2. Отан, туған жер.

3. Еңбек, еңбексүйгіштік.

Осы үш тақырыпқа қатысты мақал - мәтелдер айтып жарысады.

8. Ойын жаттығу: «Мен достықты сүйемін, себебі мен .........» деп аталатын ойын – жаттығуда балалар мен ата – аналар өз білім – біліктерін қолданып, ой қорытындысын жасауға мүмкіндік алады.

9. Қорытындылау. Әр топтың жинаған жүрекшелерін санап жеңімпаз топты анықтау, марапаттау.

10. Жүректен жүрекке. Әр топта балалар ата - аналарына үлкен жүректі ұсынып, тілектер айтады. Ата – аналары ол жүректерді тақтадағы күн шапағына жапсырады. «Достық» әнін хормен айтады.

Жарыс сабаққа қатысқан ата – аналардың пікірі тыңдалады.


ДОСТЫҚ – БІЗДІҢ ТІРЕГІМІЗ!

Мерекелік кеш

1-Мамыр Қазақстан Халықтарының Ынтымақ күніне арналған «Достық біздің тірегіміз!»-атты әр ұлт өкілдерінің фестивалі

Фанфара ойналады.

2-жүргізуші сахнаға шығады.



1-жүргізуші:

Ауылым туған, гүл тергем сенен алғашқы,

Көгілдір аспан, көк жиек, орман-шарбақты.

Көзіме алғаш кезіккен қайда бозторғай,

Көкегім қайда жамылған жолақ шарқатты,

Сыңғырлы Жайық, сыбдырлы тоғай, гүлді қыр,

Өздерің болып санама бала тұнды жыр.

Көгімнен құлап, көңілімді жатты жылытып,

Көзімнен ойнап, күміске бояп күлкі нұр.

2-жүргізуші:

Бірінші мамыр!

Достықтың ұлы мейрамы

Тоғысар сенде жандардың ізгі ойлары

Татулық пенен бірлікке ынтымақ, адамзат,

Өзіңді сәнмен қошемет етіп тойлайды!


1-жүргізуші: Қазақстан бүгінде ұлттар мен ұлыстар мекендеген достық пен туысқандықтың, ынтымақ пен ырыстың ордасына айналды. Елбасы Н.Ә.Назарбаев халықтар достығы бірлік пен татулық орныққан елдің жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан болуы керектігін ұлы міндет етіп қойды. Қазақстан халықтары осынау ұлы көштің басында қол ұстасып бірге жүрмек.

2-жүргізуші:

Назданып бүгін өмір нұрлы күні,

Қыр беттің қызғалдаққа тұнды гүлі.

Мамыр боп, айбары асып асқақтайды,

Еңбек, Бақыт, Береке, Бірлік күні

1-жүргізуші:

Қаһарман, қас батырға дабылы сай,

Арманға жетелейтін ағыны бай.

Мен сені қуанышпен қарсы аламын,

Ажарың ақ-шуақты мамырым-ай.

2-жүргізуші:

Ынтымақ, бірлік, достық, татулық

Бабалардан қалған дәстүр айтулы

Түгелденіп төртеуіміз төрде тұр

Тәуелсіздік туы мәңгі тұғырлы

Құрметті қонақтар! Жүздерімізге шуақ, бойымызға қуат әкелген 1-мамыр Қазақстан Халықтарының ынтымағы мен бірлігі күні құтты болсын! Бүгінгі мерекемен құттықтау үшін сөз ___________________________ беріледі.



Ән: «Әрқашан күн сөнбесін» орындайтын: Трио

1-жүргізуші:

Күте тұғын асыға әр күнін біз,

Арналатын ең тәтті ән жырымыз

Мерекелі мерейлі айдың басы

Құтты болсын Бірінші Мамырымыз!

2-жүргізуші: Қазақстан Республикасының Президентінің жолдауы еліміз үшін де, әрбір тұрғын үшін де асыға күтер оқиғаға айналды. Жолдаудың әр жолында көңіліңді көтеретін жылы шуақ, елдің ертеңгі көрінісін көз алдыңа келтіретін нұрлы қуат бар. Жаңа Қазақстанның көркейіп нұрлануына бірлесе үлес қосайық, ағайын.

(Әуен ойнап тұрады. Сахнаға ұлттық киім киген қазақтар шығады. Олар өз өнерлерін көрсетеді. 1-ән, 1-қазақ биі).

1-жүргізуші: Қазақстан Республикасын мекен еткен 130 дан астам ұлт өкілі күні бүгінге дейін ынтымақтастыққа, бір үйдің баласындай тату-тәтті жарасымды тіршілік кешіп келеді. Жүзі басқа болғаны мен жүрегі бір, тілі басқа болғанымен тілегі бір, мақсат-мүддесі ортақ, бірлігі мықты, достығы берік ұлттар қазақ елінің салт-дәстүріне, ұлттық құндылықтарына құрметпен қарайды, сондай-ақ қазақ халқының қарапайымдылығы, қонақжайлылығы, бауырмалдылығы үшін ерекше бағалайды, бастысы-өздері қоныс тепкен Қазақстан жерінің барлық ұланымен ауыз бірлікте, туыс болуды көздейді.

2-жүргізуші:

Тілі басқа тілегі бір біргеміз,

Өздеріңмен жүздесеміз күнде біз.

Мақсат ортақ, бейбітшілік ұран боп

Татулықтан бұзылмасын іргеміз.

(Орыс халық әнінің әуені естіліп, сахнаға Орыс халқының ұлт өкілдері шығады)

1-жүргізуші: Қазір республикамыздың мектептері 9 тілде :қазақ, орыс, өзбек, ұйғыр, тәжік, украин, татар, неміс және ағылшын тілдерінде білім береді. 15 тіл ана тіл ретінде оқылады. 22 ұлттық-мәдени бірлестіктердің жексенбілік мектебі бар.

(Сахнаға Украин халық әнінің әуені естіліп, сахнаға Украин ұлт өкілдері шығып өз өнерлерін көрсетеді).

(Сахнаға Өзбек халқының ұлт өкілдері шығады.1-ән,1-биін көрсетеді)

(Енді сахнаға Кәріс халқының ұлт өкілдері шығады.1-ән,1-биін орындайды)

(Енді сахнаға неміс ұлты шығады.. 1-ән,1-биін орындайды)

2-жүргізуші:

Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,

Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем,

Мен оның қасиетті тілім сүйем,

Мен оның құдіретті үнін сүйем.

1-жүргізуші:

Бар жәндігін сүйемін қыбырлаған,

Бәрі маған: «Отан!»-деп сыбырлаған

Жаным менің, Кеудемді жарып шық та,

Бозторғайы бол да оның шырылдаған.

(Татар халық әнінің сазы естіліп,сахнаға Татар халық ұлт өкілдері шығады. 1-ән,1-биін көрсетеді)



2-жүргізуші:

Бұл күні қырқаларға гүл тұнады,

Бар әлем бір-ақ сәтте құлпырады.

Әлемге дос құшағын жая келген,

Армысын, бар халқымның ынтымағы!

Бармысын, қазағымның ынтымағы!



(Сахнаға Грузин халқын шақырамыз)

1-жүргізуші:

Әйнегі күн, шатыры аспан,

Кең дала, төсі толқыған ән.

Көлдері көкке күмістер шашқан,

Қазақстан-Республикам менің!

2-жүргізуші:

(Енді сахнаға Үнді ұлтының өкілдерін шақырамыз).

Ынтымағы жарасқан берек күн,

Білдіреді болашақ ел ертеңін.

Татулық пен достығың арта берсін.

Құтты болсын бүгінгі мереке күн.

(Келесі сахнаға Ұйғыр ұлтының өкілдерін шақырамыз).

1-жүргізуші: Күні кеше ғана Елбасы жолдауынан қуат алып жігерленген жұртшылық бірлік пен тірлік, бейбітшілік,достық салтанат құрғанда дана бақыт пен шаттық, ынтымақтастық орнаған да ғана болашағымыз баянды болатынынына кәміл сенеді.

2-жүргізуші: «Қазақта бірлік болмай, тірлік болмайды» - деген ұлағатты ұғым бар. Ендеше елімізде бейбіт өмір сүріп жатқан ұлттармен ұлыстар өкілдерінің татулығы артып, Қазақ елінің нығайып, өркендеуіне өз үлесімізді қоса берейік.

Ұлт өкілі: Мына бір аңызға тоқталайық

«Бір кісі бармақтай құсты ұстап алып торға қамап қояды. Тұтқын құс күні-түні дамыл көрмей «Отан», Отан, Отан.... » деп шырылдай береді. Құстың иесі: «Мұның да Отаны болғаны ма, ал Отаны болса қайда екен?» құсты ұшырып жеберейін де, ұшқан жағына қарап, ғажайып елге апаратын жолды біліп алайын» деп ойлайды. Сөйтіп торды ашып, құсты босатып жібереді. Құс ұшып шығып бар болғаны 10 қадам жердегі тастақты тақырдың арасында өскен жалғыз түп тікенге барып қонады. Сөйтсе, әлгі бұтада ұясы бар екен «Демек құстың Отаны - ұя салған жері болды ғой» деп ойлайды жаңағы адам. Шынында да адам түгілі құстарда ұя салып, мекендеген жеріне бауыр басып кетеді екен!

Туған жердей жат елдің болмайтыны ақиқат

Оған көңіл толмайтыны ақиқат.

Алтын торда алтын құс өсірсең де, бұлбұл құс

Өскен бағы болмаса, қонбайтыны ақиқат!



1-жүргізуші:

Қазақ жері достықтың гүлстаны

Дархан өлкем мерейлі ырыс бағы

Күрестерде еңбекте, мерекеде

Мұнда сан ұлт қолдасып ту ұстады.

Ән «Ақ көгершін»-орындайтындар: Дуэт

Ән «Атамекен»-орындайтын хор.

1-жүргізуші: Осымен 1 мамыр Қазақстан Халықтарының Бірлігі күніне арналған мерекелік бағдарлама аяқталды. Мереке құтты болсын ағайын!Құттықтау сөз ата-аналарға беріледі.

2-жүргізуші:

Ұлыстарымыз тамыр болған ежелден,

Кімдер қашсын қазақтайын ер елден

Достығымыз ғасырларға жарасқан



Туған елім, шарықтай бер кемелден!

ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:
Камалбекова, А. Тілі басқа, тілегі бір / А.Камалбекова // Мектептегі сыныптан тыс жұмыстар. - 2011. - №4. - Б. 17-20..
Құлманова, Злиха. Тыныштық, туыстық, ұғыстық / З.Құлманова // Сыныптағы тәрбие. - 2009. - №3. - Б. 16-18.


ИНТЕРНЕТ РЕСУРСТАРЫ:

http://45minut.kz/?p=2875
http://infust.kz/2012/01/yntymaq-dostyq-kepili-tarbie-sagaty/
http://www.kuttybolsyn.kz/663-1-mamyr-azastan-halytaryny-brlg-knne-tlekter.html
almaty-akshamy.kz?p=2243
kaznmu.kz
http://bilim.idhost.kz/ustaz/406-dostyk-bizdin-itregimiz.html


МАЗМҰНЫ
Алғы сөз .............................................................................................................2
ТІЛІ БАСҚА, ТІЛЕГІ БІР

Xалықтар достығы фестивалі ...........................................................................3
ТЫНЫШТЫҚ, ТУЫСТЫҚ, ҰҒЫСТЫҚ

Қызықты ақпараттар сағаты ...........................................................................8
Достық әнін шырқайық!

1 мамыр – Халықтар бірлігі мерекесіне арналған сазды бағдарлама .........11
ЫНТЫМАҚ - ДОСТЫҚ КЕПІЛІ.

Тәрбие сағаты ......................................................................................................15
1 МАМЫР ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ БІРЛІГІ

9КҮНІНЕ АРНАЛҒАН ҚҰТТЫҚТАУ-ТІЛЕКТЕР .......................................19
1 МАМЫР – ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ БІРЛІГІ МЕРЕКЕСІ

Қызықты хабарлама сағаты ............................................................................23
ЫРЫС АЛДЫ – ЫНТЫМАҚ

Ақпарат сағаты ..................................................................................................26
БІЗ ДОСТЫҚТЫ СҮЙЕМІЗ

Тәрбие сағаты ......................................................................................................30
ДОСТЫҚ – БІЗДІҢ ТІРЕГІМІЗ!

Мерекелік кеш ......................................................................................................32
ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ .......................................................................................36
Мерзімді басылым беттерінен және Интернет ресурстарынан жинақтап, құрастырған Мусабалинова Р.Б.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет