Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1)
© «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004
www.kazakhstanets.narod.ru
63
алғаннан кейін ғана барып, анандай жерде жатқан киікті көтеріп алды да кереге
қанаттарын жая, шаттана шың басындағы ұясына қарай шырқай жөнелді.
әп жыланның бес құлаш ұзындыққа жетуі үшін ең аз дегенде жүз жыл өмір
сүруі керек екенін білетін бір нояны Шыңғысханнан:
— Ұлы хан, әлгі қыран жас бағлан киіктің етімен емес, кәрі әп жыланның сіңір
етімен неге тояттанады? Сол жас бағлан еті үшін өзі әп жыланға түскен жоқ па
еді? — деп сұрады.
Сонда Шыңғысхан:
— Досыңнан қасыңның еті тәтті. Ал қасыңнан өзіңмен алысқан жауыңның еті
тәтті, — депті.
әңгіме бұнымен бітпеген. Шыңғысхан қартайып келе жатқан кезінде тағы да
аңға шығады. Баяғы өздері көрген шыңның жанынан өтіп бара жатқандарында
қазір егде тартып қалған Сүбітай баһадур тағы да:
— Ұлы хан, қараңызшы! — деп шың жақты көрсетеді.
Нояндар жалт бұрылады. Бір жағын пышақпен кескендей баяғы қап-қара биік
құз... Осы құздың тұсынан ұзындығы үш құлаштай қара шұбар әп жылан жоғары
өрмелеп бара жатыр. Жартастың орта шеніне таяп қалған. Қырағы көздер көріп
тұр, жартас түстес шұбар жылан жоғары қарай ақырын қозғалады. Құлар болса
өзінің де тамтығы қалар емес. Бұны осыншама қауіпке салар қандай күш? Күш —
біреу. Ол ата кегі, мынау шұбар аждаһа баяғы қыран өлтірген аждаһаның ұрпағы
екені сөзсіз. Сондағы жартас, сондағы ұя, атадан әкеге, әкеден балаға қалған
өшпенділік. Әр жылжығаны ажал, осынау қауіпті сапарға бұл жас аждаһаны да
аттандырған сол ежелгі өштік. Нояндар шың басына қарады. Ернеуіндегі қуысқа
жабыстыра салған қыран ұясы. Жаз ортасы, қыран балапандарының қанаттанып
ұшып кете қоймаған кезі. Өздеріне жылжып келе жатқан ажалды сезгендіктен бе,
олардың
үрейлене
шыққан
шаң-
қылы еміс-еміс естіледі. Нояндар жылан сырын енді түсінді. Мынау әп жылан ата
кегін енді қарт қыранның балапандарынан алмақ!
Шыңғысханның оң жағындағы, қазір қартаң тартқан баяғы мерген бас ноян
садағын қолына тағы алды. Шыңғысхан осыдан жиырма бес жыл өткен әдетіне
сай оны тағы тоқтатты.
Жас жылан, келе жатқанымды көріп балапандардың күні бұрын зәресі ұшып
өлсін дегендей асықпай жылжиды. Ұяға міне, үш құлаш жер қалды. Тағы да
жылан өрмелей түсті, енді екі құлаштай ғана єалды. Жылан енді бір өрмелесе ұяға
да жетеді. Қарт қыранның балапандарының жас қанын ішіп, ол ата кегін
қайтарады. Жылан енді ақырғы рет өрмелеп ұя аузына да жетті. Қыран
балапандарының шырылдаған дауыстары енді анық шықты. Мерген ноян тағы да
садағын қолына алды, Шыңғысхан тағы да тоқтатты. Жыланның басы қыран ұясы
салынған қуысқа кіре берді. Дәл осы кезде кереге қанаттары суылдап қыран да
жетті. Бұл сөзсіз баяғы қыран. Бірақ қанат серпісі баяғыдай дауыл тұрғызар
екпінді емес, қартайған... Әйтсе де жаратылысынан жасқануды білмеген жау
жүрек қыран, қартайдым, алысар қуатым жоқ деп жас жыланнан сескеніп
шегінген жоқ, алыс жолдан талып келген қанатын ең ақырғы рет пәрменінше
сілтеп, жартастың дәл төбесінен бауырлай түсіп, бір аяғымен жыланның
құйрығынан іліп төмен қарай лақтырған тасша құлады. Жыланның басы сопаң
етіп шығып, шұбар денесі бір мезет жазыла көрінді де, әп-сәтте қайтадан
жиырылды. Енді оның лақа балық басындай жалпақ басы жоғары қарай көтеріле
Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1)
© «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004
www.kazakhstanets.narod.ru
64
берді. Бірақ жылан басы қыран денесіне тиіп үлгермеді. Сын айқаста тәжірибе
алған қарт қыранның бос аяғының мұқала бастаған, бірақ әлі де сояудай тарбиған
тырнақтары жыланның тасырайған қос көзіне барып қадалды. Екі алып осылай
айқасқан қалпында жерге келіп құлады. Тағы да баяғы жан аяспас жұлыс, орала
жұмарланған денелер. Жастың аты жас, бұл жолы әп жылан қыранды ортан
белінен орап алған-ды. Күші қайтқан қыранның мұқалған тырнақтары аждаһаның
құйрық жағын босатып жіберді. Бұ жолы алыс ұзаққа созылған жоқ. Қыран бір
мезетте жылан құшағынан босап шыға берді. Ол енді бір қанатымен жерді
сабалай, ілби шоршып жанындағы кісі бойлы жартасқа шықты. Бұл кезде қыранды
қоя берген әп жылан құйрығымен жер сабап, иіріле дөңбекши, өзімен-өзі әуре боп
жатты. Қыран қырындау жағынан шығып тастың басына барып отырды да жерде
тулап
жатқан
жыланнан
көзін
алмай
қатты
да
қалды. Шыңғысхан тобынан да сескенбеді. Өз денесін өзі тауға да, тасқа да ұрып
тулап жатқан жылан әрі-беріден кейін әлсіреуге айналды. Қыран әлі қозғалған
жоқ. Жылан өрім-өрім болған денесін, ақырғы рет бір мәрте жиырды да кенет
жазыла бастады. Тас басында тапжылмай отырған қыран осы сәтте қуана шаңқ
етті. Кереге қанаттарын жайып жіберіп көкке қарай талпынды, бірақ түбінен
опырылған бір қанаты екінші рет қағуына жарамай ол төмен қарай жантая құлап,
жаңа ғана өзі көтерілген жартастың сүйір ұшына кеп кеудесімен ұрды да,
шалқасынан түсті. Екінші рет көтерілуге жарамады. Ақырғы рет қанталаған
көздерімен көк аспанға қарады да, бір-екі рет сау қанатымен дірілдей жерді соғып,
тына қалды. Шыңғыс тобы шың етегіне таяды. Қыран бір аяғының тырнағымен
жыланның қос көзін ойып түсіріп, екінші аяғының тырнақтарымен кеңсірігін ет-
метімен жұлып алыпты. Жылан әлсіреп барып жан тапсырыпты. Бірақ бұ да өз
есесін жібермепті, алып денесімен орап қыранның бір қанатын топшысынан
сындырыпты...
Жыланның өлгенін көргенде шаңқ етіп қуана шыққан қыран даусы әлі
құлағында тұрған Шыңғысхан:
— Мына қыранның арманы жоқ, — деді. — Ол алғашқы жолы өзінің қайратты
кезінде тайталасқан жауын алысып жеңді. Бұ жолы өзі өлсе де балапандарын
ажалдан құтқарып өлді. Мына аждаһаның балалары өсіп, өшін алғанша, анау шың
басындағы ұядағы балапандар да қыран болады. Олардың өз тартыс-
тары басталады. Ал қарт қыран өз борышын атқарып ажал тапты. Өзі барда
ұрпағына қауіп тудырар жауын құртып кетті. Осылай ажал тапқан ақиық ақырғы
рет көк аспанға қанат жайып, өлер алдында қуана шаңқ етті. Сендер де осы
қырандай болыңдар. Ажал сағаты келгенше монғолдың ұлы тағына қауіп-қатер
туғызатын жауларыңды құрта беріңдер. Сөйтсеңдер бұл жалғаннан әлгі қырандай
армансыз өтесіңдер, — деп сөзін бітірген.
Осы аңыз қазір Әбілқайырдың құлағында шыңылдап тұр. Оның ойынша дүние-
жалған маңызы арғы бабасы Шыңғысхан өсиетіндей ұрпақтарының мәңгі құлпыра
беруінде. «Ерте ме, кеш пе, бәрібір ажалдан құтыла алмайсың, ал сенің атыңның
ұзақ не қысқа тұруы тек ұрпақтарыңның өмірімен байланысты. Сол
ұрпақтарыңның өмірін ұзартуға сен өз борышыңды, әлгі қырандай, өтеп кетуге
міндеттісің. Аурусың ба, ауру емессің бе, егер сенің алтын тағыңа ие болар
немере-шөберелеріңе Моғолстан, Самарқанттардан қауіп туар болса сол қауіпті
сен көзіңнің тірісінде құртып кет! Иә, солай»...
|