Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1)
© «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004
www.kazakhstanets.narod.ru
19
— Шырағым, Жәнібек, — деген, — бөтен елдерді шабуға жігіттеріңді
бермедіңдер, мерзімінде алым-салықты төлемедіңдер деп ханның аш бөрілері
аулымызды шауып кетті. Еділ бойында да көрген күніміз осындай болатын.
Құтқара көр енді бізді бұл қорлықтан!
— Қалай құтқарам?! — деген Жәнібек.
— Әбілқайырдан бізді бөліп ал, — деп жауап қайырған қарт. — Өзгенің жер-
суына қызықпайтын, өз елінен жат жұрттай ауыр алым-салық салмайтын жеке
шаңырақ көтер.
Қытай мен Жоңғар жеріндегі рулар да осындай ой білдірген. Осының бәрінен
Жәнібек жеке хандық құрудың көптің арманы екенін және өз басының қамы мен
ел-жұрттың тілегінің сабақтаса бастағанын көптеп түсінген. Бұл — мұрат-
қа жетудің даңғыл жолы. Бүгін болмаса ертең шаруашылығы, жер-суы, әдет-
ғұрпы, тілі, тілегі бір Дәшті Қыпшақ даласының көп руының бір жеңнен қол, бір
жағадан бас шығарып, бір ел болып құралып, бір халыққа айналатынына шек
келтірмеген.
Осы себептен де Әбілқайыр хандығы — Алтын Ордаға бағынышты екі белді ру
— Арғын мен Қыпшақтың арасындағы дау, таластың өрши түсуінен қатты
үміттенген. Әбілқайырдың ойы, бұл рулардың бастарын біріктіртпей билеу болса,
Жәнібектің ойы Әбілқайырдың Ордасын құлату үшін сол рулардың арасындағы
Алтын Ордаға деген өшпенділік өрши түсуі керек. Ескі Орда таластан әлсіресе,
жаңа Орда тігудің жеңілге түсетініне ол күмән келтірмеген. «Қазақтың көшпелі
рулары алмас қылыш, — деп ойлаған сұлтан Жәнібек, — егер жұмсай білсең — ол
жауыңа айбар, жер-суыңа қорған. Қара халық өз бетімен бірімен бірі соғыспайды,
тыныштықты, достықты тілейді. Бар пәле бізде, хан, сұлтандарда. Қолыңдағы
осындай күшті аужайлап пайдалана алсаң, ойыңдағыдай хандықты құруға болады.
Ноғай, Қазан, Қырым, Астрахань хандары мен сұлтандары таламасын десең, арғы
жағыңдағы ұлы жұрт — орыс елімен тіл тауып, одақтасқан жөн. Бірақ ондай күнге
жету үшін ең алдымен Әбілқайыр Ордасынан бөліну қажет».
Ал Әбілқайыр Дәшті Қыпшақ хандығын күшейтудегі алғашқы күрестерінде
өзіне сенімді құрал еткен көшпелі рулардың қазір теріс қарай бастағанын тек
сұлтандардың қастандығынан көретін. Орынсыз соғыс-жорықтан, басқа елдерді
шабудан кешегі алмас қылыштың жүзі қайтып, іске алғысыз боп мұқалатынын
ұққысы келмейтін. «Жыланның үш кессе де кесірткелік қауқары бар, — деп
ойлайтын ол, — егер де сұлтандардың өшпенділігін жойсам, Алтын Орда әлі де
талай елді бағындыра алады. Тек соңыңнан ерген тобырды өткір қайрап жауыңа
сала біл! Аужарлық етпе!».
Әбілқайыр тағы ауыр күрсінді. «Тобыр! Бірақ сол тобырға ерік берсең, ол
қожасының да басын алатын қаһарлы күшке айналады... Ерік беріліп еді, Мысырға
құлдыққа сатылған Бейбарыс не істемеді? Атақты Құлағудың өзін Египет жерінен
қуды...».
Шыңғыс шапқыншылығы тегеурінді екпінімен қазақ руларының быж-тыжын
шығарды. Көпшілігі өз жерінде қалғанменен, бірталайлары басқа елдерге қашып,
жан сақтауға мәжбүр болды. Бір мың екі жүз қырық бірінші жылы Қыпшақтың
біраз ауылы бастығы Қотан хан болып мадиярлар жеріне ауып кетті. Бұларды
мадиярлардың королі қоныс беріп, алдарына мал салып жақсы қарсы алды. Бұған
ашуланған Бату венгер короліне хат жазды. Ол хатында: «Оның үстіне менің
Қыпшақ құлдарыма сен қорған болатын көрінесің. Мені өзіңе қарсы қоймайын
Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1)
© «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004
www.kazakhstanets.narod.ru
20
десең, бұдан былай қарай қарамағыңа Қыпшақтарды ұстама. Қыпшақтарға менен
қашу жеңіл, — олардың үйі-күйі жоқ, шатырда тұрады, ал сенің үйің бар, жерің
бар, қалаларың бар. Менен қалай қашып құтыласың» деп қорқытқан Бату.
Бір мың екі жүз жиырма тоғызыншы жылғы Лаврентьев шежіресінен қыпшақ-
қазақтардың монғолдардан ығып, өзі жау тепкісіне түскен Еділдегі бұлғарлар
жеріне, Россияға, Польша, Литваға барғандарын көреміз. Бір кездегі көшпелі
жауынгер елді Құждай мықты бекзада, ел билеген батырлары енді жат жерде
бетегеден аласа, қойдан жуас күйге ұшырайды.
Қазақтардың біразы Қиыр күншығысқа, Монғолия, Қытайға да апарылады.
Шыңғысхан мен Жошы кезінде қазақтардың бірнеше бекзада, батырлары Монғол
императорының Ұлы Ордасында қызметке әкетілген. Қысқасы бір кездегі
айбынды елді дұшпандары талан-таражын шығарып, ұлын ұрымға, қызын қы-
рымға шұбыртады. Қазақтың батыр жігіттерін топтап құлдыққа, мүсінді қыз-
келіншектерін үйіріп күңдікке сата бастайды.
Көп кешікпей монғолдар мен мұсылман саудагерлері Европа мен Сирия,
Солтүстік-батыс Африканы, әсіресе Египетті Дәшті Қыпшақ жерінен әкелінген
құлдарға толтырады.
Осындай жағдайда Египеттің халифаттық гвардиясы он үшінші ғасырда дені
Қыпшақ жігіттерінен жиналған болатын. Ал Египетке ер жүрек, мықты әскер өте
керек еді. Мұндай әскерді мамлюктер
1
құра білді.
Бұл кезде Египетке Шығысынан монғол шапқыншылары төнсе, он екінші
ғасырда ұрыста жеңілгеніне қарамай, батыс жағынан Таяу Шығысты әлі де болса
өзіне бағындырмақ боп, Кресшілер шабуылға шыққан-ды. Енді бүкіл мұсылман
қауымының кіндігі, оның мәдениет, көркем өнер, ғылым-білім орталығы Египет
пен Сирия басына шын қауіп-қатерлі қара бұлт түнерген-ді.
Дәл осы сәтте бала кезінде Қыпшақ жерінен құлдыққа сатылып әкелінген
Сирия әскерінің қолбасшысы Бейбарыс баһадур соңынан мамлюктерден құрылған
гвардиясын ертіп, Бағдатты алып, енді сарқырамадай Сирияға құлаған Иран шахы
Құлағу әскеріне қарсы шықты. Құр ғана қарсы шыққан жоқ, Құлағуды жеңіп, екі
жылдан кейін оны бүкіл Египет жерінен қуды. Ал бір мың екі жүз тоқсан бірінші
жылы Қыпшақ мамлюктері әбжіл қимылдап Сириядан Крест ұстаушыларды бір
жолата қуып, рыцарлардың Шығыстағы ең ақырғы қорғаны Аққа қаласын алды.
Сөйтіп, өз жерінен қуылған, құлдыққа сатылған мамлюктер араб жауын-
герлерімен бірігіп, Египет пен Сирияны монғол басқыншыларының күйретуінен
құтқарды. Әлемге әйгілі өнер-ғылым ошақтары болған Отырар, Самарқант,
Киевтердің халіне жеткізбей, Каир, Алжир, Кордаваларды күл-талқан етуден аман
сақтап қалды.
Енді қыпшақ бекзадаларының, әскер басшыларының қаны араб қанымен
араласты. Біріне-бірі қыз беріп, қыз алысты. Осы құл сату арқылы құр ғана
Египетте емес, Солтүстік теңіз бен Жерорта теңізінің жағасындағы Европа
халықтарының қанына орыс, татар, черкес, түрік, африка ұлдарының қаны
қосылды.
Жошын мамлюк сұлтандары басқарған Египет жерінде Қыпшақтар Алтын
Орда мен қазақ жерінің әдет-ғұрпын, тәртіп-дәстүрін енгізуге тырысты. Ата-
бабасы Қыпшақтан шыққан мамлюк сұлтандарының енді серуенге барар
1
Мамлюк мемлекет құлы деген сөз. Шығыс адамдары мемлекет сатып алып гвардия құрғандықтан солай аталған.
|