Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1)
© «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004
www.kazakhstanets.narod.ru
186
Бұрындықтың қол шоқпары болып жүргені. Оның үстіне, міне, тағы бір аяулы
ердің ажалы мойнында. Қызу сезім үстінде анаға берген бір ауыз сөздің
салдарынан екі қымбатты адам бірдей қаза тапты! Бүйте берсем, әлі де ажал табар
кісі аз болмас. «Жоқ, жоқ, өйтуге болмайды. Кешір, анам, антымды қайтып алдым.
Өлгенге берген сөз үшін, тірінің өмірін құрбан ету күнә».
Қасымның анасына берген сертін қайтып алуына тағы да бір сылтауы бар еді.
Қолына түскен Махмуд-Сұлтанға оны өлімге бермейтінін, әлі-ақ босатып еліне
қайтаратынын сездірген. Және тым қапа болмай, сабырлылық көрсетуін өтінген.
Соған қарамай Махмуд-Сұлтан шыдамсыздық етті. Қасымның адал ойын
қылмысқа айналдырды. Бұл Жәнібек баласының ұғымы бойынша кешірмес айып.
Ондай адамға жақсылық етуге болмайды.
— Осы кезде Жәдіктің сөзі Қасымның ойын тағы бөліп кетті.
— Он шақты күн болды, Созаққа Темір би келген.
— Төсек тартқан ауру деуші еді ғой жұрт.
— Ауру... Бірақ атқа өзі мініп, өзі түседі.
— ә... Ә...
— Махмуд-Сұлтанның қашып кеткенін, Бұрындық көкем батыр Саяннан
көреді...
— Ау, өзі ажал тапқан адамды қалай кінәлауға болады?
— Бәрібір, өзін де қорғай алмаған, Махмуд-Сұлтанды да қашырып алған батыр
Саян кінәлы дейді.
— Естімеген сұмдық елде көп. Иә, сосын?
— Сосын... Гүлбаһрам-Сұлтан-Бегімді зар жылатып, балаларынан айырып,
Темір биге беріп жібермек боп жатыр. Әкең Әбілқайыр мен байың батыр Саянның
жазығы үшін дейді.
— Ау, Темір би өзі ауру. Өзі пайғамбар жасына таяп қалған кәрі емес пе еді?
әлі уытынан қайтпаған Гүлбаһрам-Патшайым сұлуды қайтеді?
— Келгенде Темір би ат үстінен әзер түскен қаусаған шал көрінген, Гүлбаһрам-
Патшайымды береміз дегеннен бері жасарып кеткендей аяғын алшаң-алшаң
басады... Атасы Қазы биді Әбілқайыр өлтірген, енді қызын алып, кегін қайырмақ
деседі жұрт... Алғашқы кезде жұрттан қаймығып, бас тартқандай еді. Ашуға
мінген хан көкем «жесір сенікі» деп қоймаған соң әбден малданып алғандай.
Батыр Саянның тұңғышы, ер жетіп қалған Аян шешесін еріксіз Темір биге береді
дегенді естігенде, «мен оны жарып өлтірейін» деп қолына қанжарын ала ұмтылып
еді, хан бұйрығымен бес күннен бері зынданға жатқызып қойды. Қалың
Алшынның ардагері Темір биге қол көтердің деп, кеше хан-көкем оны дарға асып
өлтіруге үкім шығарды. Жаңа мен кеткенде дарға дайындап жатқан... Сіздерге
соны хабарлайын деп шаптым... Хан-көкем тірі жанның тілін алар емес.
Қасым ар жағын тыңдаған жоқ. Астындағы Ақсаңдағын тебініп қап, Созаққа
қарай шаба жөнелді. Қабағы қарс жабылып кеткен. Шабуға келе жатқан қара бура
тәрізді. Тек екі көзі қанталай Созаққа қарай ұмтыла түседі. Қалың қол соңынан
созыла шұбырып шауып келеді. Ат тұяғы көк шөпті шытырлата үзіп, етрақ
даланың шаңын аспанға бір-ақ шығарды. Қасым сұлтан Созақтың қақпасына
таянғанда ғана атының басын тежеп қатты аяңға салды. Қақпадан өтісімен сәл
тоқтап, қасына Найман руынан Қаптағай батырды, Керейден Қарақожаны, Алшын
руынан шыққан Оңай батырды, Жалайыр Бөрібай батырды, Қаңлы-Ыстыдан
қосылған атақты мерген Сыпырасадақты бөліп алды да, соңынан тағы екі жүз
Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1)
© «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004
www.kazakhstanets.narod.ru
187
сыпай ертіп, Хан Ордасына қарай бұрылды. Өзге қолына қала шетіндегі әскерге
арнап салынған рабаттарға барып орналаса беруді бұйырды. Бұлар хан сарайының
жанына келгенде бүкіл алаң иін тірескен халық екен. Топ сыпаймен келе жатқан
Қасымды көріп, жұрт:
— Жолдан былай тұр! — десіп, қақ жарылып арасын аша берді.
Қасым аттан түспей, серіктерімен хан сарайының дәл есігінің алдына келіп
тоқтады. Енді ғана ол жан-жағына көз тастады. Есік алдында жартастай боп бір
топ нөкерлерінің қоршауында Бұрындық тұр. Анандай жерде жолға шыққалы
ыңғайланған салт аттылар. Ең алдында кәрі тарлан атқа мінген, сәл бүкірейген,
кереге көз темір далбағай киген әлі сұсты Темір би. Көштің ең соңында бір жас
жігіттің атының артына теріс қарап отырғызылған Гүлбаһрам-Патшайым сұлу...
Екі қолын алдына байлаған. Даусын жұрт естімесін деп аузын ақ жібек орамалмен
тұмшалаған. Аттан секіріп түсем деп әрекет істемес үшін, көмірдей қара, жұп-
жуан ұзын қос бұрымын ат үстіндегі жігіттің тақымының астынан өткізіп, аттың
омыраулығынан мықтап ілмешектеп қойған. Бұл — жауласқан елінің қыз-
келіншегіне істейтін қалмақтан қалған үлгі... Аяушылықты білмейтін заманның
айуандық дәстүрі! Бұрындықтың бұнысы Әбілқайыр қызы Гүлбаһрам-
Патшайымның інілері Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтан үшін кек қайтарған
болмысы. Қасым енді көзін оңға қарай бұрып еді, жүз мың санды жауынан қорқып
көрмеген жүрегі дір ете қалды.
Хан сарайының дәл алдына әкеп орнатылған дарының астында мойынына қыл
арқанның ілмешек ұшы салынған, батыр Саянның аузынан түскендей айнымаған,
ер жетіп қалған баласы Аян тұр. Қыл арқанның бір жақ ұшын ұстап, екі білегін
сыбанған, еңгезердей хан әмірін орындаушы — жан алғыш. Қанды көз Темір биге
күңдікке берілген Гүлбаһрам-Патшайымның көзінше Аянды дарға асуды
Бұрындық әдейі бұйырған. Бұл орынсыз қиянатты істерінде, түбі Аян өсіп ат
үстіне мінер болса, Бұрындықтың анасына істеген қиянатын кешпейтінін есіне
алған. «Маған қосар болсаңыз, жалғыз баласын көзінше қан етіп не қыласыз,
істемеңіз бұл қылмысты» деп өтінген Темір биге Бұрындық: «Көзбен көрген қайғы
тез ұмытылады. Бала керек болса Алшынның ақ иығынан тағы табар» деп жауап
берген. Ат жалын тартып мінгелі өмір бойы ажал мен қиянаттың ортасында өскен
Темір би, бұдан әрі өтініп қиналмаған. Ескі кектің салдарынан өш көңілдің
арманы болған Гүлбаһрам-Патшайымға қолын жеткізген Бұрындыққа енді қарсы
келмеген.
Қасымның Аянға көзі түскенін әдейі күтіп тұрғандай, жан алғыш арқанның бір
ұшын өзіне қарай тарта берді. Дәл осы сәтте Қасым ақырып:
— Босат! — деді.
Ерлігі елге аңыз бола бастаған айбарлы әскер басының бұйрығын естіп,
сұмырай жан алғыш кенет сасып қалды. Арқанның ұшын босатса да қоя бермеді.
— Хан әмірі! — деді ол есін жиып, даусы жауар күндей күркіреп.
— Босат! — деді Қасым бұрынғысынан да даусы ызғарлы шығып.
Мойынындағы садағын қолына ала бастады. Жан алғыш енді арқанды жерге
лақтырып жіберді. Бұрындық та жартастай боп кілт бұрылды да, жанындағы
дәйекшісінің алдаспанын алды. Нөкерінің бірі анандай жерде ұстап тұрған жал-
құйрығы жерге төгілген теңбіл көгін алдына тарта берді. Хан аяғын аттай түсті де,
кілт тоқтай қалды. Оның көзі кілең тоқпақ жал, құшақ құйрық желаяқ тұлпар
мінген, үсті-бастары күн сәулесі шағылысқан көк темір сауыт, қолдарына сойыл,
|