Алматы қаласы, Алмалы ауданы,
№12 балабақша тәрбиешісі: Сарыбаева С. Ш.
І сәбилер «Балапан» тобы «Кел, кел, жаңа жыл» атты ертеңгіліктің сценарийі
Зал мерекеге сай безендірілген. Ортада әсем шырша. Музыкамен балалар залға кіреді.
Жүргізуші:
Жаңа жылдың таңы неткен арайлы,
Ақ мамыққа бөлеп алды маңайды.
Жаңа жылмен құттықтаймын деген үн
Қанаттана кең алқапқа тарайды.
Жасыл желек жамылған,
Асыл моншақ тағынған.
Міне сұлу шыршамыз,
Көптен күтіп сағынған.
Кел, балалар, келіңдер,
Тамашаны көріңдер.
Балалар, қараңдаршы, зал қандай әсем безендірілген! Ортада шыршамыз тұр. Айтыңдаршы, балалар, шырша қандай? Үлкен бе, кішкентай ма?
Балалар: Үлкен.
Жүргізуші: Шыршамыз үлкен де әдемі екен. Ал шыршада нелер ілулі тұр?
Балалар: Ойыншықтар.
Жүргізуші: Өте дұрыс айтасыңдар. Балалар, тыңдаңдаршы! Бір дыбыс естіледі. (Музыкамен ақшақар кіреді).
Ақшақар: Армысың ата - аналар,
Бармысыңдар балалар.
Адал ниет, ақ тілек,
Аппақ қардан таралар.
Сезді менің жүрегім,
Күттіңдер бізді білемін.
Алып келген алыс жерден
Аяз ата – тірегім.
Бақыт келсін әр үйге,
Әніңді сал, би биле.
Көңілдерді керемет,
Бөлеңдерші бір күйге.
Сәлеметсіңдер ме, балалар! Ой, шыршаларың қандай керемет! Бірақ шыршаға бірдеңе жетіспей тұрғаны?! АААА Шыршаның шамы жағылмаған екен ғой, кәне онда шыршаның шамын жағайық. Ол үшін біз бәріміз бірдей
«Шырша, шырша, таңырқат
Шамдарыңды жарқырат»,- деп айтайық.(сиқырлы таяқпен шыршаның шамын жағады).
Ақшақар:
Далада қар борайды
Ақ мамыққа орайды.
Мұз болады, қатады,
Жып - жылтыр боп жатады.
Аралайды бақшаны,
Үзілмейді жақсы әні.
Жауса жаусын, ақша қар,
Гүлдене бер бақшалар. (Қар жауғызу).
Жүргізуші: Ақшақар, біздің қыздарымыздың сізге арнаған биін тамашалап көрейік.
Би: «Ақшақарлар биі».
Осы кезде шал кіреді.
Шал: Сәлеметсіңдер ме, балалар, аса қадірменді қонақтар! Мен бір әдемі жерге келгендеймін?! Шыршаларың қандай тамаша! Бірақ менің қарным қатты ашып тұр. Менің кемпірімді көрген жан бар ма? Кемпірім, кемпірім, маған тездетіп бауырсақ пісіріп берші, шыдай алар емеспін!
Кемпір: Үйде ұн жоқ, дала болса суық, енді саған не берсем екен?
Шал: Қамбаны қара,
Қалған ұнды жина,
Оны қаймаққа шыла да, маған балдай тәтті бауырсақ пісіріп берші!
Кемпір: Жарайды, қоймадың ғой.
Шал: Кемпірім – ау бауырсағың не болды?
Кемпір: Көп бауырсақ пісіріп, терезенің алдына суытып қойдым.
Шал: Жарайсың кемпірім! Қарнымыз бір тоятын болды ғой, мына күннің аязында.
(Сол кезде балалар шыршаны айналып тұра қалады. Шал мен кемпір бауырсақтарды іздеп, таппай қалады).
Аю: ООО ууу мында не деген сап - сары бауырсақтар! Аязда қарным ашып келе жатқанда жақсы болды ғой. Тәп - тәтті бауырсақтар, бауырсақтар, мен сендерді жеймін.
Жүргізуші: Аю атай, сәл сабыр етіп, менің бауырсақтарымды жемес бұрын, алдымен өнерлерін тамашалап көріңіз.
Аю: Ондай өнерлерің болса тамашалайық.
Ән: «Шырша әні».
Аю: Жарайсыңдар бауырсақтар, мен сендердің өнерлеріңе ризамын. Орманнан тамақ табылар. Жаңа жыл құтты болсын! Болашақта еліміздің үлкен азаматтары болыңдар! Сау болыңдар. Мен жүрейін.
Жүргізуші: Мейірімді аю атай, рахмет сізге. Сау болыңыз.
Қасқыр: Мәссаған, керемет бір тойдың үстінен түстім - ау деймін. Дастархан толы дәмді бауырсақтар. Оу, сап - сары бауырсақтар сендерді жеп, бір қарнымды тойғызбасам!?
Жүргізуші: Қасеке аптықпаңыз, сәл демалып, тынығып алыңыз. Алдымен бауырсақтардың биіне назар аударайық.
Қасқыр: Ал, қане бауырсақтар маған онда би билеп бере қойыңдар.
Би: «Сылдырмақтар» биі.
Қасқыр: Қандай тәтті болсаңдар да мен сендерді жеуге қимадым. Келе жатқан жаңа жыл құт - береке әкелсін! Сау болыңдар бауырсақтарым менің!
Қоян: Ой, ой, мына қақаған аязда сәбіз жегеннен гөрі ыстық бауырсақ жеген дұрыс па деймін!? Қарнымды тойғызып, жылынып алайыншы.
Жүргізуші: Қоянжан менің бауырсақтарым шетінен сондай тәтті, әрі өнерлі. Алдымен өнерлерін тамашалап көр, содан кейін көре жатарсың.
Би: «Ақ қояндар биі»
Ақшақар: Балалар, менің атам келмей жатыр. Мен аңдардан қорқа бастадым. Маған атамды шақыруға көмектесіңдерші. Бәріміз бірге хормен «Аяз ата» деп қатты дауыстап шақырайықшы.
Балалалар: Аяз ата! Аяз ата! Аяз ата!
(Үнтаспадан аяз атаның дауысы естіледі).
Жүргізуші: Ой, балалар, залдың іші суық болып кетті ғой. Қатты тоңып кеттік. Қане жылынайық. (алақандарын уқалау; аяқтарын топылдату).
Аяз ата: Сәлем бердім баршаға,
Балалар көп бақшада.
Шыршаларың көз тартады,
Қарап қалдым тамсана.
Асу асып белдерден,
Келдім, алыс жерлерден.
Көрсем деймін түрлі өнер,
Балапаным сендерден.
Ақшақарым жанымда,
Сыйлығым көп қабымда.
Жаңа жылды тойлап жатыр,
Балабақша бағында.
Ақшақар қызым да осында екен ғой.
Жүргізуші: Қош келдіңіз, Аяз ата! Төрлетіңіз! Алыстан шаршап келдіңіз, біздің балалардың әнін тыңдап шаршағаныңызды басыңыз.
Ән: «Біздің Аяз атаның...»
Аяз ата: Рахмет сендерге балалар менің көңілімді бір көтеріп тастадыңдар. Шаршағаным басылып рахаттанып қалдым ғой.
(осы кезде шыршаның артынан түлкі аяз атаға қар лақтырады).
Аяз ата: Өй, кім - әй маған қар лақтырып жатқан? Сені ме?
Түлкі: ОО ооо мында аяз ата ғана ма десем бауырсақтар да бар екен ғой. Мен осы бауырсақтарды жеп қарнымды тойдырып алмасам.
Жүргізуші: Түлкіжан сен ол ушін алдымен бауырсақтармен қар атысып ойнап көр. Жеңсең жеуге рұқсат береміз.
Ойын: «Қар лақтыру» (шыршаның түбінде қғаздан жасалған қарларды балалар мен аязата түлкіге лақтырады. Түлкі шыршаны айналып қашады)
Түлкі: Уф! Шаршағаным - ай! Не деген жүйрік балаларсыңдар! Мен бұл балаларды өте қатты жақсы көріп тұрмын. Тәп - тәтті бауырсақтар мен аса қадірменді қонақтар, мен асығып барамын, жаңа қой жылы да келіп қалды. Қане бәріміз жаңа жылды қарсы алайықшы. Жаңа қой жылы келіп қалды, қарсы алайық, достар!
Аяз ата: Түлкіжан Ақшақар қызымды ертіп маған шыршаның түбіндегі сандықтағы сыйлықтарымды алып келіп беріңдерші, бауырсақтарға таратып берейік.
Жүргізуші: Міне, қымбатты балалар, қонақтар бірлесіп, достасып өткізген мереке қашанда қуанышты өтеді. Достық пен бірлік бәрін де жеңеді.
Барлық жандар бір тілекке қосқан үн,
Бақытты боп бастады жыл дастанын.
Қуанышпен келді той боп Жаңа жыл!
Құтты болсын Жаңа бақыт достарым!... – деп бүгінгі ертеңгілігімізді аяқтаймыз. Қош сау болыңыздар!
Достарыңызбен бөлісу: |