Алматыдағы 1986 ж Желтоқсан көтерілісі: себебі,сипаты,салдары



Дата07.02.2022
өлшемі18,63 Kb.
#85043
Байланысты:
Аманғалиева Аяжан ХБ-101 топ ӨСӨЖ тарих (2)


«Алматыдағы 1986 ж Желтоқсан көтерілісі:себебі,сипаты,салдары»
Көне түркі даласын мекен өткен қазақ халқының да сан ғасырлық өмір көшін басынан өткізген мол, құнарлы тарихы бар. "Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз, елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз, ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз," - дейді Қазыбек би. Бұл даналық нақылдардан "ешкімге соқтықпай жай жатқан елдің" ежелден құт-береке тілеп, бейбітшілік аңсаған ел екенін көреміз. Бірақ, "Тамырсыз ағаш, тарихсыз халық болмайды". Жақсысын асырып, жаманын жасырып өктемдеу – тарихқа жасалған қиянат. Біз оны бар қайғы-қуанышымен, жеңіс-жеңілісімен бірдей қабылдауымыз керек. Себебі, ол – тұтас құбылыс. Халқымыз өзінің қалыптасу жолында талай қилы-қилы белдерді асып, тар жол, тайғақтарды кешті. Сонау сақтардың әйел патшасы Томиристен соңғы хан Кенесарыға дейін, Мұстафа Шоқай мен Әлихан Бөкейхановтардан Қайрат, Ләззаттарға дейін қанша рет дала қанға бөкті, жылғалар қан боп ақты, қанша рет ұлан-ғайыр дала азаттықты аңсаған алты алаштың ақсақ та айбынды ұранына куә боп, қанша рет "елім-ай" деп, шер төккен халықтың мұңы мен зарына ортақ болды. "Біз - қазақ, ежелден азаттық аңсаған" демекші, бірде қайғылы, шерлі, бірде азат, айбынды, рухты тарихымыздағы әрбір оқиға, әрбір қанды шайқас – азатыққа жасалған бір қадам. Орыс империясының екі басты самұрығы біздің даламызға екі жүзбен келіп қонды. Бірі жан-жағына білім шашып, нұрын төксе, бір басы жан-жағына от бүркіп, жалмады. Адам өміріндегі ең ыстық, ең жақын нәрсе – Отан, төрт ана. Осы дәуірде, әсіресе қызыл империяның қол астындағы жетпіс жылда, Отан өгей анаға айналып, тұтас бір халық, тамырынан айырылып, қаңғырып, жоғалып кете жаздады. Ресей бізді, тіпті, қарусыз-ақ жер бетінен өшіруге айналды. "Жаулаған елің өзіңе бағынсын десең - оның тілі мен дініне қол сұқпа", - деген екен Шыңғыс хан. Төрт анасынан түбірімен айырылған қазақта енді мәңгүрт, "қазақ емес" ұрпақ пайда бола бастады. Бірақ, бұл кезде де халқымыздың ауырын көтерер Қайрат, Ләззат сынды азаматтар табылды. "Өжет адам өлімді жеңеді. Еліңді сүйсең, ерлік істейсің". Қазақ жастары жылдар өте өзінің өжеттілігімен, қайтпас қайсар рухымен дегеніне жетті. Ғасырлар бойы қазақ даласында болған әрбір оқиға, әрбір шайқас – тәуелсіздікке жасалған бір қадам. Осындай кішкене адымдармен, бірақ оң жолмен, азаттық жолымен қазақ елі армандаған мақсатына келе жатты. Желтоқсан оқиғасы осы бір "соқтықпалы" соқпақтағы ең соңғы ірі адым болды. "Мың өліп мың тірілген", енді тәуелсіз қазақ өзінің алғашқы демін желтоқсан ызғырығымен алды. Ал 1986 жылғы "Желтоқсан оқиғасы" тәуелсіздіктің, азаттықтың, демократиялық жаңғырудың бастауы болды. Ол жас жігіттер ар-намыс пен елдік рух жолында теңдікті талап еткен тегеурінді күш-қайнарының тоғысқан шағы еді. Ел мен ұлттың тәуелсіздік хұқын қорғау үшін бас көтерген желтоқсандық жігіттер мен қыздардың бұл қадамы шын мәнінде ерлік еді. Міне, осы қанды оқиғадан кейін бес жыл өткен соң, Қазақстан тәуелсіздік туын тікті. Қазір Желтоқсан оқиғасына себеп болған нендей жағдай еді деген сұраққа жауап жиі ізделінуде. Меніңше КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының сол кездегі Қазақстан басшысын ауыстыру туралы ұйғарымынан туған наразылық мәселенің бір жағы ғана. Елдегі шетін жағдайлар оған дейін де қордаланып қалған еді. Өйткені, республикамыздың егемендігі ол кезде тек сөз жүзінде ғана болды.1986 жылғы желтоқсанның 17-18 жұлдызында бүкiл елдi дүр сiлкiндiрген ғаламат көтеріліс болды. Совет өкiметi тұсында бұрын-соңды кездеспеген құбылыс Алматыда демонстрация "Брежнев алаңында қаптаған жұрт”, "Көшелерде сап түзеп бара жатқан жастар” деген лебiздер ескен желдей гулеп тарап жатты. Елеңдеген ел түсiне алмай дал болды. Демонстрация, алды-артымызды бағамдағанша, ес жиып ой қорытқанша болмай, аяусыз басылды. Артынша бұл оқиға 1825 жылғы орыс декабристерiнiң iс-қимылымен салыстырылып, желтоқсан қаһармандары "қазақ декабристерi” аталып, бiрден-бiрге айбыны асқақтай түстi. ”Жалын атқан жастар арандап қалды-ау” деп жанашырлық ниет-пейiл бiлдiргендер де болмай қалған жоқ. Бiрақ ол сөздер ашық айтылмай, "аузы күйген үрiп iшедiнiң” кебi келiп, жасырын үрке қарап, бiр-жар адамдардың басы қосылып шүйiркелескенде, сыр шертiскенде ғана айтылып жүрдi. Жалпы үрей, қорқыныш билеген жұрт сең соққандай күйде едi. "Қазақ" деген қаным бар деп бастап, "Еркек тоқты құрбандық, атам десең атыңдар" деп аяқтаған қайсар Қайраттың даусы да тым жақында естіліп еді ғой?! Осы азаттық үшін үнемі күрескен халықтың еншісіне тиген қайғы-қасіретті көре жүріп, көтере білген халық нағыз қайсар халық емес пе?! Бордай тозып, жоқ болып кетпей "тағдырдың тезінен, тозақтың өзінен аман-сау қалған халық" нағыз ұлы халық екенін таныта білді. Көрген ауыр хикметінен кейін де "бас шұлғып, үнсіз көнетін" әдетті бойларына жұқтырған жоқ. Қанына намыс дарыған, рухына кие енген халық үнемі тәуелсіздікке ұмтылды. Көксеген тәуелсіздігін алды. Терезі тең, байрағы желбіреген ұлттар санатына ілігу үшін талай ауыртпалық бастан өтті. Енді мұхиттың арғы жағындағы Біріккен Ұлттар Ұйымында көк байрағы, алтын зерімен күнге шағылыса желбірейді. Саяси қуғын-сүргін көргендерді ақтады, басына ескерткіш орнатты. 70 жыл сананы улаған қызыл заманның солақай саясатының күлпаршасын шығарды. Қазақ хандарының, билерінің, батырларының рухы халқына кие болып оралды. Ұлттық діл мен дін жүрегімізге еніп, алпыс екі тамырға қуат таратты. Иә, өткенге салауат... Өткен күндер өксік кернеп өкінсе де, болашаққа батыл қараймыз. 
Қазақстандағы 1986 жылғы қазақ халқы жастарының серпілісі азаттық қозғалысы шежіресіндегі ең бір жарқын белес болып табылады. 
«Желтоқсан көтерілісі – ғасырлар бойы жиналған ашу-ыза жарылысы. Яғни біздің халқымыздың тіл мүддесі, рух мүддесі – осының бәрінің қосындысы ашу-ыза тудырғаны шындық. Қазақ халқы орыстардың қол астында бола отырып азаттық пен тәуелсіздікті аңсау кезінде әр түрлі деңгейдегі 300-ден астам ұлт-азаттық көтерілісін өткізді. Соның қорытындылаушысы, егемендікке бастаған көтеріліс – Желтоқсан көтерілісі», - деді ақиық ақынымыз Мұхтар Шаханов. Демек бұл әншейін ауыз толтырып айтуға қана жарайтын оқиға емес, бұл шын мәніндегі елді, бүкіл Кеңестер Одағын елең еткізген, күш қолданып басуға мәжбүр еткен көтеріліс екендігінде дау болмаса керек. Қазіргі таңда 16-17 желтоқсанды тәуелсіздік мейрамы етіп жариялады. Сондықтан 16 желтоқсанның қасыретті күн екендігін жадымызда сақтап әрі Тәуелсіздікке қол жеткізу жолындағы талпыныстардың ақталған күні екендігін сезінуіміз қажет. Бұл күні қара жамылып отыру орынсыз. Сол себепті де әрі арманға қол жеткізген күн деп шаттық ретінде атап өтіп, екінші жағынан Желтоқсан құрбандарына да тағзым ете жүруіміз керек. 
Біздің арымыз да, намысымыз да, мақтанышымыз да – Желтоқсан.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет