Сабаққа дайындалу – күрделі де қиын жұмыс, сабақ өз деңгейінде өту үшін мұғалімнің әдістемеден жақсы теориялық білімі және дұрыс дайындығы мен сабақты жоспарлай алатын дағдысы болу керек.
Сабақ жоспарын жасау, сабақты ұйымдастыру мен бағдарламалық материалды оқыту мұғалімнен қажырлықты талап етеді. Сондықтан әрбір мұғалім сабақты жоспарлаудың тиімді тәсілдерін меңгеруі тиіс. Оқушыны білімді, білікті, тәрбиелі азамат етіп қалыптастыру бірітіндеп, сабақ сайын, күнбе–күн жүзеге асып отыратыны сөзсіз. Мұғалімнің сабаққа дайындығы үш кезеңнен тұрады.
мұғалімнің жаңа оқу жылына дайындығы.
мұғалімнің тақырыптық дайындығы.
мұғалімнің күнделікті сабаққа дайындығы.
Мұғалімнің жаңа оқу жылына дайындығы. Алдымен мұғалім жаңа оқу жылының басында оқу бағдарламасымен, мектеп оқулығындағы оқу материалымен танысып, оқушыларды неге оқытатыны анықтайды. Оқу материалының мазмұнының жобасы бойынша жылдық жоспарын жасайды. Оқу процесінің жылдық жоспарында оқу материалы тоқсандарға бөлініп, тақырыптарды оқытуға бөлінетін сағат саны мен уақыты белгіленеді, қайталау мерзімі мен тәсілдері анықталады. Оқушыға, мұғалімге керекті әдебиет тізімін жасайды, оқулықтарға талдау жасап, алдағы жұмыстарды жоспарлайды. Оқу жылының басында кабинетті жабдықтайды, бағдарламаға сай оқулықтар, дидактикалық материал, жұмыс дәптері, есептер жинағы таңдап алынады.
Мұғалімнің тақырыптық дайындығы. Тақырыптық жоспар нәтижесінде әрбір тақырыптың өзекті мәселелерін сабақтарға бөліп, қайталаудың түрлерін, бақылау жұмыстары мен үй тапсырмаларының мазмұнын анықтайды. Тақырыптық жоспар әр сабаққа арналған дидактикалдық материалды, көрнекі құралдар мен техникалық құралдарды уақытында даярлауға мүмкіндік береді, өткізілетін сабақ пен сыныптан тыс жұмыстардың сипатын анықтауға көмектеседі. Сабақтың тақырыптық жоспары оқушылардың жас ерекшеліктеріне және басқа да факторларға сай өңделіп, жетілдіріліп отырады.
Мұғалімнің күнделікті сабаққа дайындығы – күнделікті сабақ жоспарын жасау. Сабақ жоспарын жасау сабақ мазмұнын, баяндау ретін, өздігінен орындайтын жұмыстарды, үйге берілетін тапсырмаларды, сабақта қойылатын сұрақтарды т.с.с. мұғалімнің алдын ала болжауына көмектеседі. Әрбір сабақтан соң, оның кемшіліктері мен жетістіктеріне тиісті қорытынды жасап, мұғалім өз ойларын қағазға түсіріп отыруы дұрыс. Бұл кейінгі сабақта қолданылатын әдістердің тиімділігін арттыруға септігін тигізеді.
Мұғалімнің сабаққа даярланудың алғашқы сатысы оның мақсатын анықтау болып табылады. Сабақтың мақсаты бағдарлама мен оқулықтың тиісті тақырыбын зерттеу негізінде анықталып, сабақтың мазмұнын, оқыту әдістерін және бүкіл сабақтың барысын жасауға әсер етеді. Сабақ мақсатына мынадай талаптар қойылады:
Сабақ мақсаты: оқушылар қандай білімді меңгеруі керек (білімділік мақсаты), қандай іскерліктер қалыптастырылды (дамытушылық мақсаты), сабақтың оқушыларды тәрбиелеуге қосқан үлесі қандай (тәрбиелік мақсаты) тәрізді мәселелерге жауап беруі тиіс.
Сабақ мақсаты өте дәл тұжырымдалуға тиіс, яғни сабақта қандай білім, іскерлік пен біліктілік қалыптастырылатыны, тәрбиелік қызметінің мәні белгіленуі керек.
Сабаққа даярлаудың келесі кезеңі оның мазмұнын анықтау. Оқулықтарда оқу материалының тақырыптарға бөлінуі, оқушылардың танымдық қызметін ұйымдастыру мен бағыт-бағдар беру тәсілдерінің оқулықта көрініс табуы бұл кезеңді іске асыруға жол ашады. Сонымен бірге оқу бағдарламасында берілген оқушылар үлгеруге тиісті білім мен іскерліктердің тізімі, пәнаралық байланыстар мазмұнының белгіленуі
мұғалімнің сабаққа даярлануын едәуір жеңілдетеді. Сабақта өтілетін материалдың мазмұны мен мақсаты, оқушылардың дайындық дәрежесі, олардың жас ерекшеліктері, мұғалімнің іс-тәжірибесі оқытудың әдістері мен құралдарын анықтайды. Мұнда алдымен қандай материал оқушыларға дайын күйінде берілетінің, қайсысы оқушылардың өздігінен орындауына тапсырылатынын анықтаған жөн. Егерде оқушыларды теориялық материалмен алғаш таныстырғанда, олардың тірек болар білімдері мен іскерліктері жоқ болса, онда әңгімелеу, түсіндіру, дәріс т.б. баяндау әдістерін пайдаланады. Бұл жағдайда оқушылардың қызметі білім мен іскерлікті жаңғырту сипатында болады. Ал оқушылардың тиісті білім қоры бар болса, эвристикалық тәсілді қолдануға болады және т.с.с.
Мұғалімнің сабақ жоспарында көрсеткен мәселелері оқушылардың кезекті білім, білік, дағды алуына және олардың ойын, инциативасының, шығармашылығының дамуына әсер етуі тиіс. Сабақ жоспарын жасағанда әр сыныптың нақты ерекшелігі ескеріліп, оқушылардың зерделі жұмысын ұйымдастырады.
Төменде күнделікті сабақ жоспарын құрудың бір түрі келтірілген (ұсынылған).
Сабақтың тақырыбы.
Сабақтың мақсаты.
Сабақтың түрі.
Сабақтың көрнекілігі.
Сабақтың барысы: а) ұйымдастыру кезеңі, б) үй тапсырмасын тексеру,
в) жаңа сабақты түсіндіру, г) сабақты бекіту, д) сабақтың қорытындысы, е) үйге тапсырма.
Әр сабаққа, тек мектеп оқулықтарымен ғана шектелмей, басқа да кітаптардан әр түрлі есептерді, алынған білімді баянды ету үшін нақты сұрақтарды таңдап ала білу қажет. Оқушыларға қойылатын сұрақтарды дәл, нақты тұжырымды етіп қою және оқушыларды ықыласпен тыңдап, оның жауабын дәл сезініп, дұрыс баға беру керек.
Достарыңызбен бөлісу: |