Аманғазықызы мөлдір қазіргі қазақ прозасындағы қала моделі және ұлттық ментальділік


ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ ҚАЛА ОБРАЗЫ ЖӘНЕ ҚАЛАЛЫҚ МЕНТАЛЬДІЛІК



бет15/31
Дата16.04.2024
өлшемі314,84 Kb.
#200889
түріДиссертация
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   31
Байланысты:
aman-azy-yzy-m-phd-povtorno (4)

2 ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ ҚАЛА ОБРАЗЫ ЖӘНЕ ҚАЛАЛЫҚ МЕНТАЛЬДІЛІК


2.1 Көне түркі және орта ғасыр әдебиетіндегі қала модельдері
Қала тақырыбы қазақ әдебиетінде сонау ерте замандардан бері маңызын жоймай келе жатқан тақырып. Қала атаулары, белгілі бір қаланы суреттеу ауыз әдебиеті үлгілерінде, орта ғасырлардағы көне ескерткіштерде де кездеседі. Мәселен, «Қобыланды батыр» жырында қалалардың аты аталып қана қоймай, қалалардың ерекшеліктері суреттеледі: «Сырлы қаланың олжасы мол екен, атысар адамы жоқ екен: Қазанның өзінің жатқан қара қаласының бір жағы аққан су, биік жар екен, бір жағы жеті қабат қазған ор екен; қайрат етіп алған кісіге онда да олжа көп екен; Қазан қаласы бұл жерден қырық күншілік жер екен» [42]. «Жырда Қазан қаласының ауызға алынуын М. Әуезов пен Л. Соболев үлгінің тарихи төркіні барлығын байқатуы ретінде түсіндіреді» [43]. Яғни алғашында «М. Әуезов ... «Қобыланды батыр» жырын ХVII ғасырда туды дей отырып, дәлел есебінде, оқиға негізінде орыс патшасы Иван Грозныйдың Қазан қаласын 1552 жылы өзіне бағындыруы жатыр деген ұстанымын белгілейді. Кейіннен бұл пікірді С. Мұқанов пен Қ. Жұмалиев те өз еңбектерінде қолдап шықты. Алайда бұл пікірдің теріс екендігін М. Әуезов, С. Мұқанов, Қ. Жұмалиев өздері де анықтап берді. Ең алдымен Қобыланды жырындағы Қазан қаласын Иван Грозныйдың алуымен байланысты туды деушілік тарихи шындыққа жатпайтындығы ашылды. Батырлар жырында жер-су, қала аттарын қарап, белгілі бір тарихи дәуірді үнемі іздей беруге болмайды. Мұндай жер-су, қала аттары батырлар жырының қандай тарихи жағдайларға байланысты туғандығын көрсетерлік ғылыми дәлел болмайтындығы және де ондай әдіс халықтық мұраларды тексерудің әрқашан да ғылыми дұрыс жолы еместігі белгілі» [43, б. 251].
Қазақ жерінде ІХ-ХІІ ғасырларда өмір сүрген әл-Фараби, Ж. Баласағұн, А. Ясауи сынды ойшылдардың еңбектерінде де қалалар, қала адамдарының мінезі толыққанды суреттелген. Мәселен, әл-Фарабидің «Қайырымды қала» атты еңбегінен қала, қала адамдары туралы біршама ақпарат алуға болады. Еңбекте автор адам қоғамын екіге бөледі: «біреулері – толық мәндегі қоғамдар, екінші біреулері – толық емес мәндегі қоғамдар. Оның бергі жағында толық мәніндегі қоғамдар үш түрлі болады: ұлы, орташа және шағын қоғамдар. Ұлы қоғам – жер бетін мекендейтін барша адамзат қоғамдарының жиынтығы, орташа қоғам – қандай болсын бір халық түріндегі қоғам, ал шағын қоғам – қайсыбір халық мекендейтін аймақтың белгілі бөлігін алып жатқан қайсыбір қала тұрғындарынан құралған қоғам» [44]. Сондай-ақ, мұнда қала бірлестігі, қайырымды қала басшысының қасиеттері, қайырымды қалаға қарама-қарсы қалалар туралы толыққанды айтылған. Осы еңбегінде ойшыл: «Асқан игілік пен ең биік кемелділік дәрежесіне, ең алдымен қала жетпек, ал кемелділіктің ең төмен дәрежесінде тұрған қоғам бұған әсте жете алмайды» [44, б. 146], – дейді. «Қайырымды қала» еңбегінде ойшыл опасыздық пен бақытсыздық салтанат құрған, атаққұмар, билікқұмар және бетімен кеткендер тұратын, материалдық құндылықтар мен ақша, тәнқұмарлық, билікке құмарлық сияқты көшпенділердің діл-болмысына жат қасиеттер үстемдік ететін қаланы оқырманның көз алдына келтіреді, содан сақтандырады.
ХІ ғасырда өмір сүрген философ, ақын Ж. Баласағұнның «Құтты білік» ескерткішінде Құзорда (Баласағұн), Қашқар қалалары, А. Ясауидің «Диуани хикмет» ескерткішінде Мәдине, Мекке, Түркістан қалалары аталады.
Мәселен, Ж. Баласағұнның «Құтты білік» шығармасында:
«Құзорда» елі оның тұрған мекені,
Түп-тегінен қызыл тілдің шешені» [45], – деген өлең жолдарындағы Құзорда деп отырғаны Баласағұн қаласы, ол туралы Қазақстан ұлттық энциклопедиясында: «Баласағұн – Қарахан мемлекетінің астаналарының бірі болған ортағасырлық қала атауы. Жазба деректерде 10 ғасырдан бастап белгілі, әл-Макдисидің мәлімдеуінше, ол «игілікке бай, үлкен қала» болған. Ал Махмұт Қашқари Баласағұнның Күз-Ұлыс немесе Күз-Орда деген басқа аттары болғанын хабарлайды» [46], – деп жазған.
Шығармада автор ескерткіштің қайда жазылып, қайда аяқталғандығы туралы да мәлімет келтіреді:
«Түгел жазып, жүйеге сап, тегінде,
Тамамдады жырмен Қашқар елінде» [45, б. 59].
«Қашқар, Қаши – Батыс Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы қала. Тянь-Шань (Аспантау) тауларының оңтүстік бөктерінде, Қашқар (Тарим) жазығының батыс бөлігінде, Қашқар (Қызылсу) өзенінің жағалауында орналасқан. Қашқар – Ұлы Жібек жолының бойындағы ірі сауда орталығының бірі болған» [47].
Бұған қоса, шығармада Машын-Шын, Иран, Туран, Өтүкен, Руми, Үнді, Қытай топонимдері де кездеседі.
«Машын-Шынның хакімдері жарысып;
Мадақтасты таң-тамаша қалысып» [45, б. 57].
«Машын – Орта Азия, Иран, араб елдері орта ғасырларда Қытайдың оңтүстік уәлаяттарын, Шығыс Түркістанды осылай атаған» [48].
«Шын – Орта Азия, Иран, Араб елдері өткен ғасырларда Қытайдың солтүстік уәлаяттарын «Чин» деп атаған. Бұл – біздің дәуірімізге дейінгі 221 жылдан бастап Қытай елін билеген Цинь династиясының өзгертілген атауы» [48, б. 342].
Кітаптың әр елде әртүрлі аталуына байланысты:
«Ирандықтар «Шахнама» деп қараған,
Турандықтар «Құт білімі» санаған» [45, б. 57], – дейді.
«Иран – Азияның оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан мемлекет» [49]. «Туран (Тұран) – Түркістан өлкесінің көне атауы. Ежелгі дәуірден жеткен мәліметтер бұл өңірде тур деп аталатын көшпелі тайпа мекен еткенін көрсетеді. «Авестада», Фердоусидің «Шаһнамасында» Иран мен Тұран елінің өзара қарым-қатынасы жайлы көптеген мәліметтер бар. Тұранда түркі халықтардың арғы тегінен сыр шертетін «Алып Ер Тоңға» атты дастан дүниеге келген. 6 ғасырдан бастап Тұран сөзі – түріктер мекендейтін жер, елдің атауы» [50].
«Өтүкен – көне түркілердің ел болып, етегі жиналған, жұрт болып, жағасы құралған мекені» [51].
Адам бойындағы өзі тойса да, көзі тоймайтын тойымсыздықты айтуда автор Руми, Үнді жібегін мысал етеді:
«Керуен кезіп әлемде елдер арасын,
Жібек, сусар, тиін жиып аласың.
Дүние таңсығы Руми, Үнді жібегін,
Қазынаң толмас жатқанымен жіберіп!
Кәвал тазы, бүктәл, тағы, арғымақ –
Қораң толды, толмас сұқтық ал, бірақ!» [45, б. 438].
«Руми (Үрім, Рұм) – Шығыс халықтары орта ғасырда Византияны осылай атаған. Сол халықтардың фольклоры мен әдебиетінде Рұм атауы өте алыс, ғажайып, тамашаның символы ретінде қолданылған» [48, б. 341].
«Үндістан – ресми атауы – Үндістан Республикасы. Оңтүстік Азияда Үндістан түбегінде орналасқан мемлекет» [52].
Сондай-ақ, автор оқырманға Қытай керуені туралы ақпарат береді:
«Қытай керуені жүрмегенде жосылған,
Қайдан келер еді мың-мың асылдар» [45, б. 377]. Содан кейін, адамның байлыққа қол жеткізгеннен кейінгі ақ жолдан тез жаңылуын айту барысында Қытай керуенін сөзге қосады:
«Сөзді тыңда сарттар басы аңдыған,
Қытай, жерді керуені шарлаған:
«Кедейлікпен күн өткізді пақырың,
Байып кетсе, болар нағыз тасырың!
Байып кетсе, қайыршы да бағы бар,
Бұрынғы ақ жолынан тез жаңылар?
Құтсыз-бақсыз, дәулет бітсе құт қонып,
Құлқы өзгеріп, тиер елге жұт болып.
Әкім болса, әкімдікті білмеген,
Қатты тиер елге қолмен, тілменен!» [45, б. 462]. Яғни, автор алтын-күміс, байлық дегенді Қытай керуені деген сөзбен шебер алмастыра білген. Сондай-ақ, сол кезеңдегі қала әкімдерінің Қытайдан келген байлықтар қолына тигеннен кейін, елдің жағдайын ұмытып, «құлқы өзгеріп, тиер елге жұт болып», өзінің жеке басының құлқын ойлап кететініне баса назар аударады. Тіпті, елге қолы мен тілі тиетінін анық айтады.
«Қытай – Азия құрлығында орналасқан мемлекет» [53].
Ал, А. Ясауидің «Диуани хикмет» шығармасында Медине, Мекке, Түркістан қалалары аталады.
Мәселен, шығармада Расул Мединеге барып, Жаратқанға жақын болды деген жолдар кездеседі:
«Мединеге Расул барып болды ғаріп,
Ғаріптікте бейнет тартып болды хәбиб (сүйікті),
Жапа шегіп Жаратқанға болды қариб (жақын),
Ғаріп болып, бөгеттерден астым мен (де)» [54]. Осы ойын автор 77-хикметте де қайталайды:
«Мединеге Расул барып, болды ғәріп,
Ғәріп болып, Хаққа ақыр(ы) болды қариб (жақын),
Рахман Ием дидарын қылды нәсіп,
Шын дерттіге ғәріптікіндей дауа болмас» [54, б. 89]. Бұл жерде Жаратқан сөзінің орнына Хақ сөзін қолданады. Автор осы жолдар арқылы Расулдың Мединеге барғаннан кейін көп бейнет тартып, жапа шегіп, ақыры Жаратқанға жақын болғандығынан хабардар етеді.
«Мәдине – арабша «қала» деген сөз. Меккеден кейінгі екінші қасиетті қала саналады. Исламның негізін қалаушы Мұхаммед пайғамбардың 622 жылы Меккеден осында қоныс аударуына байланысты, Хижаздағы Ясрибке мұсылмандардың берген атауы. Мұсылмандардың жыл санауы осы қоныс аудару жылынан (хижра) басталды. Мұсылман мемлекетінің негізі қаланғанда Мәдине оның екінші астанасы болды» [48, б. 96].
Шығармада Мекке қаласы туралы да айтылады:
«Меккеде бар Мұхаммед,
Түркістанда Қожа Ахмет,
Жарылқағай ол Әхад (Алла Тағаланың сыпаттарының бірі. Жалғыз деген мағынада),
Оспан бахәйа-дүр» [54, б. 71]. Тұлғаны танытуда кеңістік үлкен рөл атқаратындығына көз жеткіземіз. Себебі, Мұхаммедтің және Қожа Ахметтің атын бүкіл дүние жүзі олардың тұрған мекені арқылы таниды. Сондықтан да «Меккеде бар Мұхаммед, Түркістанда Қожа Ахмет» деген ұғым қаланың да, адамның да қасиетті, қастерлі бейнесін танытады.
«Мекке – мұсылмандардың Хижаздағы басты қасиетті қаласы. Мұхаммед пайғамбар осы қалада туып, өмір сүреді және өзінің уағызын айта бастайды. Мұхаммед Меккедегі Исламға дейінгі пұтқа табынушылардың ғибадатханасы болып келген Қағбаны Исламның ең қастерлісі деп жариялап, оған барлық мұсылмандардың қажылыққа баруын өсиет етті. Қағба Меккедегі Масжид Харам деп аталатын бас мешітте орналасқан. Жыл сайын Меккеге қажылыққа әлемнің әр түкпірінен миллиондаған адам келеді» [55]. Демек, көркем шығармада суреттелетін қала – хронотоп бүкіл адамзатқа ортақ мекенге айналған.
Шығармада Түркістан А. Ясауидің он жеті жасында тұрақтаған қаласы ретінде беріледі:
«Перзентім» деп мойным құшып көңілім алды,
Он жетімде Түркістанда тұрдым мен (де)» [54, б. 11].
Енді бірде:
«Нелер келсе, көрмек керек ол Құда(й)дан,
Жүсіпті айырды Ол Кенаннан,
Туған жерім ол мүбарак Түркістаннан,
Бауырыма тасты ұрып келдім мен (де)» [54, б. 28], – дейді.
Бұл шумақта автордың туған қаласынан жат жерге келген кезі суреттеледі. Осы шумақта ақын өзінің Түркістанға деген махаббатын көрсетеді. Себебі, он жеті жасында келсе де, Түркістан «перзентім» деп мойным құшып көңілім алды» деп, қаланың өзін жатсынбай бауырына басқанын тілге тиек етеді. Шынымен де, осы Түркістанда ақынның аты әлемге танылды. Шығармада ақынның қай жерге келгендігі белгісіз.
«Ғәріптік жетсе піскен қылар көп қамдарды (піспеген, шикілерді),
Дана қылар һәм хас қылар көп ғамдарды (баршаларды),
Киер кір тон, тапса жейді тағамдарды,
Сол үшін (де) Түркістанға келдім мен (де)» [54, б. 28].
Бұл мысалда басты кейіпкер – автор шартты хронотоп – Түркістанға бағыт алған және бұл сапардың мақсаты айқындалған.
Автор алдыңғы шумақтағы ойын төмендегідей тұжырымдайды:
«Құл Қожа Ахмет сөйлегені Хақтың жады,
Естімеген достарына қалсын пәнді (насихаты),
Ғәріптеніп өз шаһарына қайта қайтты,
Түркістанда мазар болып қалдым мен (де)» [54, б. 29].
«Түркістан, Иасы – Қазақстан Республикасындағы тарихи қала. Археологтар Түркістан қаласының тарихы тереңде жатқанын дәлелдеп отыр. Түркістан қаласының айналасындағы аймақта тас дәуірі ескерткіштері – Шоқтас, Қосқорған бұл өңірде әуелгі адам кем дегенде 550 мың жыл бұрын мекен еткенін көрсетеді. Б.з.б. 2-мыңжылдықтан бастап Түркістан қаласы төңірегінде Қазақстанның басқа да өңірлеріндегідей андрон мәдениетін жасаушылар тұрған. Түркістанның ежелгі аты – Иасы. Түркістан Есім ханнан бастап Қазақ хандығының орталығы болды. Сол кезден Иасы қаласы Түркістан деп атала бастады» [50, б. 575]. Қазақ хандығы мен түркі әлемінің жүрегіне айналған Түркістан қаласы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 2018 жылдың 19 маусымындағы Жарлығымен облыс орталығы болып бекітілді.
Екі шығармада да авторлардың сол кезеңдегі адамдардың тура жолдан тайып, өзінің жеке басының ғана пайдасын діттеп бара жатқандығына күйінгендіктерін көре аламыз. Жүсіп Баласағұн:
«Саудагерлер аманатты ұмытты,
Ұста өнеге, мұрагерін құрытты!
Білікті айтпай ақиқаттың ашығын,
Ұят кетті, әйел беті ашылып!
Кетті әділдік, сұм-аярлық арбады,
Құдайшылық сұрар кісі қалмады!
Ел ақшаның құлы болды, табынды:
Күміс кімде болса, соған жағынды!» [45, б. 507], – десе,
Ахмет Ясауи өз шығармасында:
«Әулиелер айтқан уәде келді, достар,
Қияметтің күні жақын болды, достар.
Ақылды құлдар болғанын білді болғай,
Халық, елден мейір-шапағат кетті, достар.
Ұлы, кіші жарандардан әдеп кетті,
Қыз, әйел, жастардан ұят кетті,
«Әл хәйа-у минәл иман» (Хадис: «Ұят иманнан») деп Расул айтты,
Ұятсыз қауым ғажайыптар болды, достар.
Мұсылман мұсылманды қылды қатыл (өлтірді),
Нахақ тұтып Хақ істерін қылды батыл (жарамсыз),
Мүрит пірге қылмады жүзі хатыр (пікір),
Ғажап, сұмдық замандар болды, достар.
Дүние тұрғыны халқымызда кеңпейілдік жоқ,
Патшаларда, уәзірлерде әділет жоқ,
Дәруіштердің дұғасында ижабәт жоқ,
Түрлі пәле халық үстіне жауды достар» [54, б. 45], – дейді. Екі автор да қала тұрмысының адамның табиғатын өзгертетініне мән береді. Себебі, қала тіршілігінің ауырлығынан адамдар жат қылықтарға жол береді.
Содан, қала адамдарының қитұрқы мінез-құлқынан мезі болып, өзі тұрған қаладан еш жақсылық көрмей, оқшау өмір сүруді қалайтындықтарын білдіреді. «Құтты білікте»:
«Еш жақсылық таппадым мен, не етейін,
Шаһар, ұлыс, жұрттан безіп, кетейін!» [45, б. 516] – делінсе,
«Диуани хикметте» автордың елу екі жаста өз үйі-ішінен, тіпті өз-өзінен безінгендігі суреттеледі:
«Елу екі жаста кештім отбасымнан,
Отбасым не көрінер тіпті жаннан,
Бастан кештім, жаннан кештім һәм иманнан,
Бір-у Барым дидарыңды көрермін бе?!» [54, б. 148].
Дегенмен, екі автор да шығармада қала адамдарынан мүлдем безініп кетпейді. Жүсіп Баласағұн өз шығармасында қаладағы адамдармен қалай қарым-қатынас орнату керектігі жайында бөліседі. Мұны Өғдүлміш пен Одғүрмыш арасындағы диалогтан көруімізге болады. Шығармада автор Өғдүлмішті – ақыл-парасаттың, ал Одғұрмышты – қанағат-ынсаптың бейнесі ретінде алады. Өғдүлміш Одғұрмышқа бектерге қызмет етудің заңдарын айтып, сарайдағы қызметкерлермен, қара халықпен, әулиелермен, білгір, ғалым адамдарымен, оташылармен, құшнаштармен (бақсы, балгер), жұлдызшылармен, ақындармен, диқандармен (тарышылармен), сатушылармен, малшылармен, шеберлермен (қолөнершілермен), кедей, пақырлармен қалай қатынас орнату керектігі жайында кеңесін береді. Мәселен, Одғұрмыш:
«Бұл күн қала, елдің ішін аралап,
Қатысуым керек жұртпен жағалап.
Қалай жүріп-тұру керек олармен,
Айтып берсең ақыл-кеңес болар тең» [45, б. 370], – деп сұрағанда Өғдүлміш қара халықпен қалай қатынасу керектігін айтады:
«Жай халықтың ісі, өңі, құлқы да,
Сай келеді білік, ақыл, құлқына.
Қара халық әдеп, жөнін білмейді,
Қатынасса, заң-жосықпен жүрмейді.
Тағы оларсыз іс бітпейді емес пе?!
Жылы сөйлес, жақындасып теңеспе» [45, б. 370], – деп, ақылын айтады.
А. Ясауи жаңсақ басып, адасып жүрген адамдардың күндердің күнінде өз қателіктерін түсініп, тура жолға бағыт алатындарына сенеді. Өз қателіктері үшін кешірім сұрайды:
«Мың түрлі қателер,
менен өтсе ғапу қыл,
Орынсыз әңгімелер,
менен өтсе ғапу қыл.
(Е)гер тілауат қылғанымда,
бұ(л) Кәләмулланы (Алланың сөзі, яғни Құран),
Ұмытып күнә, қателер менен өтсе ғапу қыл.
Адамдарды хақ жолына шақырады:
Тәубе қылып Хаққа асыққан ғашықтарға,
Жұмақ ішінде төрт арықта шәрбаты бар» [54, б. 39].
Жүсіп Баласағұн да шығармасының соңында күллі адамзаттың әділ жолға түсуін ниет етеді:
«Иә, раббым, қолда күллі момынды,
Рахым еткей, беріп әділ жолыңды!» [45, б. 519].
А. Ясауи:
«Түркістанға барайық,
қызметінде болайық,
Үлес берсе алайық,
шайқым Ахмет Иасауи» [54, б. 183], – дей келе,
«Мені(ң) хикметерімді дертсізге айтпаң(дар),
Бағасыз гауһарымды наданға сатпаң(дар).
Иасауи хикметін(ің) қадіріне жеткін,
Құм(ыра) ғишқынан мәй (шарап) бір тамшы татқын,
Құм(ыра) ғишқынан кісі бір тамшы татар,
Құда(й)дың уәсліне (бір жола батар)» [54, б. 188], – деп, өз хикметтерінің қадірін білуге шақырады.
Бүгінгі түркі халықтарында көзге көрінбей көңілді билеген Қанағат, Рахым деген құдіретті ұғымдар болса, сол ежелгі құнарлы топыраққа сіңген кісіліктің кіршіксіз дәнінің жемісі болса керек.
Сонымен, Еуропа мен Азияның тоғысындағы кең байтақ даланы мекендеген түркі халықтарының қала өміріне ертеден-ақ бейім болғандығына орта ғасырда өмір сүрген философ, ақын Ж. Баласағұнның «Құтты білік», А. Ясауидің «Диуани хикмет» ескерткіштері дәлел бола алатындығына көз жеткіздік.
XV-XVI ғасырда өмір сүрген Захир әд-дин Бабырдың «Бабырнама» шығармасында да бүгінде Өзбекстан мемлекетінің шекарасында орналасқан Әндіжан, Маргилан, Ахси, Қырғызстан мемлекетіне тиесілі Ош, Тәжікстанның Исфара, Ходжент қалалары, сол қалалардың өзіне тән ерекшеліктері, тұрғындары суреттелген.
Шығармада Ферғана уәлаятының астанасы – Әндіжан қаласы туралы төмендегідей мәлімет келтірілген: «Ферғанада жеті қала бар, оның бесеуі – Сейхұн өзенінің оңтүстік жағалауына, екеуі – солтүстік жағалауына орналасқан. Оңтүстік жағалауындағы қалалардың ортасына орналасқан Әндіжан – Ферғана уәлаятының астанасы. Мұнда астық та, жеміс те молшылық, қауын мен жүзім де жақсы өседі. Қауын қаулап піскенде, молшылығынан жинай алмай жатса да, бақша басында сатылмайды. Әндіжанның алмұртындай дәмді алмұртты көрген емен. Мауараннахр (арабша, өзеннің арғы беті, яғни Амудария мен Сырдарияның аралығындағы аймақ) өлкесінде Самарқан мен Кештен өзге жерде Әндіжан қамалынан үлкен қамал ұшыраспайды. Қаланың үш қақпасы бар. Әндіжан сағана қақпасы оңтүстік жағында. Қалаға су тоғыз тоғанмен келеді де, бір ғажабы, келген су бар да, шыққан су жоқ, яғни ешбір жерден қаладан шыққан арықты да, тоғанды да көрмейсіз. Қорғанды айналдыра ор қазылған, оның сыртынан малта тас төселіп салынған үлкен жолды жағалай тал-шыбық егілген. Мұнда құс жыртылып айрылады. Қырғауылдың семіздігіне адам нанғысыз, тіпті тұшпалап пісірілген бір қырғауылдың етін төрт адам тауыса алмайды деген аңыз бар. Әндіжанның ауасы дымқыл, сондықтан болар, күзге қарай безгек ауруы көбейіп кетеді» [56]. Автор қаланың орналасуы мен табиғатына, ауа райына ерекше көңіл бөледі. Қаланың қоршалуы мен оған кіретін суларды да жіті бақылайды, автордың «қалаға кірген су бар да шыққан су жоқ» деуінен қаланың айрықша өзіндік салыну ерекшелігін байқаймыз. Сондай-ақ автор Әндіжан қаласын суреттей келе, қала халқының сөйлеу тіліне ерекше мән береді: «Әндіжан тұрғындарының бәрі түркілер. Қалада да, базарда да түрікше сөйлемейтін адам ұшыраспайды. Халықтың ауызекі сөзі әдеби тілінен айырғысыз. Мір Әлішер Науаи Гератта өсіп, сонда тәрбиеленгенімен, шығармалары түркі тілінде жазылған. Әндіжан тұрғындарының көпшілігі сұлу келеді; атақты сауықшыл, күйші, жырдың перісі Қожа Жүсіп те әндіжандық» [56, б. 21], – деп, автордың оқырманына Қожа Жүсіптің есімін таныта кетуі оқырман санасында Әндіжан қаласы мен Қожа Жүсіптің есімін қатар сақтауға мүмкіндік тудырады.
Шығармада Ферғананың Ош қаласы туралы да айтылады: «Тағы бір қаласы – Ош. Ол Әндіжанның оңтүстік шығысында (Шығысқа таяу), төрт йиғаштай (шамамен алты км қашықтықты межелейтін өлшем) жерде. Қаланың ауасы таза, ағынды суы мол, көктемі күн шуақ, көк желең. Оштың артықшылығы жайында аңыз көп. Қорғанның оңтүстік-шығысындағы көрікті тау – Баракұх деп аталады. Бұл таудың басында Сұлтан Махмұт хан Құжыра салдырған. Оның баурайына, тоғыз жүз екінші жылы мен де айваны (бір керегесі ашық сенеж) бар құжыра орнаттым. Оның құжырасы биікте болғанымен, менің тұрағым – самал жайым әлдеқайда ұтымды: бүкіл қала, оның төңірегіндегі елді мекендер алақаныңда тұрғандай көрінеді. Әндіжан өзені Оштың елді мекендерінен өтіп, Әндіжанға қарай ағады. Оның екі жағасы да толы жеміс бағы, биіктен өзен бетіне көлеңкесін түсіріп, ғажайып сұлулыққа бөлеген. Мұнда көгілдір түсті шегіргүл өседі. Ошта ағын су бар, көктемі жайма-шуақ; қызғалдақ пен раушан мол. Барақұх тауының етегінде, тау мен қаланың аралығында Жауза деп аталатын мешіт бар. Тау беткейінен қасқа бұлақ ағып жатыр. Мешіттің ауласы біршама еңістеу, жанға рақат, қызыл беде өскен, көлеңкелі көгал бар, жолаушы, жүргінші біткен осында жол-жөнекей демалады. Оштықтардың осы көгалда ұйықтап қалған қасқа бұлақтың суын жайып жіберетін сайқымазағы да болады. Омар Шейх мырза өмірінің ақырғы жылдарында осы таудан ақ, қызыл жолақты тас тапқан болатын. Одан пышақтың сабы, белдікке тоға т.б. заттар жасалады. Бұл бір ғажап асыл тас еді. Ферғана аймағында ауасының тазалығынан, жанға жайлылығынан Ошқа тең келетін қала жоқ» [56, б. 21]. Бабыр Ош қаласындағы тауға назар аудартады. Бұл тауға Сұлтан Махмұт ханның Құжыра салдырғанына және өзінің де құжыра салдырғанына тоқталады. Ош қаласының ортасындағы тауға қалаға келуші қонақтар күні бүгінге дейін таң тамаша болады. Қаладағы мешітке де ерекше мән береді. Бабыр қалаларды суреттегенде сол қала туралы аңыздарды еске түсіріп отырады.
Захир ад-дин Бабыр Маргилан қаласы туралы да жан-жақты дерек келтіреді: «Әндіжанның батысына қарай жеті йиғаштай жердегі тағы бір қала – Маргилан. Бұл – жаныңа керектің бәрі бар берекелі қала. Мұнда анар мен өрік мол өседі. Анардың бір түрі донақалан деп аталады; оның тәтті шырынынан сары өріктің қышқылтым дәмі білінеді. Бұл анарлардан семнан анары ғана артық деп айтуға болады. Өріктің тағы бір түрі болады, оның дәнін алып, орнына өзге жеміс жармасын салады да кептіреді, мұны сұбхани деп атайды, өте дәмді. Құс пен аңда есеп жоқ, ақбөкен аяқ басқан сайын ұшырасады. Хидаяның (басшылық, ханифат нанымындағы мұсылман заңын жүргізудегі классикалық жинақ. Оны құрастырған Ферғанада туған Бұрхан ад-дин Әли ибн Әбу Бекр әл-Ферғани, Әл-Маргиани ар-Риштани (593/1197 ж.ө.) Маргинан төңірегіндегі Риштан қыстағында өскен) авторы – Маргилан аймағындағы Ришдан қыстағының тұрғыны» [56, б. 22].
«Тағы бір қала – Исфара. Тау бөктеріне орналасқан. Арық тартылып, жеміс бағы өсірілген. Исфара Маргиланның оңтүстік-батыс жағында, Маргилан мен Исфараның аралығы тоғыз йиғаш жер. Тәтті шырынды жеміс ағаштар мол бақта бадам ағаштары басым келеді. ... Исфараның оңтүстігіне қарай бір шери жерде, қырат арасында Санг-и Айна деп аталатын жартас бар. Бұл тастың ұзындығы шамамен он қари, кей жерінің биіктігі адамның бойымен бірдей, аласа жері белден келеді. Оған бар заттың бейнесі кәдімгі айнадағыдай сәулеленеді. Исфара – төрт бұлықтан (әкімшілік бөлік бірлігі, округ) құралған таулы аймақ. Оның бірі – Исфара, екіншісі – Варух, үшіншісі – Сұх, төртіншісі – Хұшьяр аталады. Мұхаммед Шайбани хан (Бабыр мұны «Өзбек» деп атай береді. Мұның себебі: Мұхаммед Шайбани Қазақстан жерінде құрылған (15 ғ-дың 20-60 ж.) Өзбек хандығының билеушісі Әбілхайыр ханның немересі еді. Жетісуда қазақ хандығының күшеюі 15 ғ-дың аяғы – 16 ғ-дың бас кезінде өзбек тайпаларының бөлініп, Мауараннахрға ығысуына себеп болды. Ол 1504 ж. Әндіжанды басып алып, Бабырды Самарқан мен Ферғанадан кетуге мәжбүр етті) Сұлтан Махмұт хан мен Алаша ханды талқандап, Ташкент пен Шаһрұхты басып алғанда, мен Сұх, Хұшьяр деп аталатын таулы мекенге ығысқанмын, сол жерде титықтап бір жылға таяу тұрып, Кабулға қарай бет алдым» [56, б. 22]. «Исфара тұрғындарының бәрі сарттар, өздері парсы тілінде сөйлейді» [56, б. 23].
«Бабырнамада» суреттелетін тағы бір қала – Ходжент. Ол турасында шығармада мынадай мәлімет беріледі: «Ферғананың тағы бір қаласы – Ходжент деп аталады. Ол Әндіжанның батысында жиырма бес йиғаштай жерге орналасқан. Бұл көне қалалардың бірі, Шейх Маслахат пен Қожа Камал осы қаладан шыққан. Жеміс-жидегі жақсы өседі. Ходженттің анары – дәмділігімен аты шыққан. «Самарқанның алмасы-ай» дегендей, «Ходженттің анары-ай» дегенде, жұрттың аузының суы құриды. Бірақ қазіргі кезде Маргиланның анары одан әлдеқайда дәмді. Ходженттің қамалы биік жерге салынған. Сейхун өзені Ходженттің солтүстік жағынан, қамалдан жебе атым жерден өтеді. Өзен мен қамалдың солтүстігін ала Муту-Гил аталатын тау көсіліп жатыр, бұл тауда фируза мен өзге де кен шыққан жерлер бар, тауында ордалы жылан көп. Ходжентте аң мен құс аулайтын саятшылық жер баршылық. Қарақұйрық, бұғы-марал, қоян, қырғауыл өріп жүреді. Ходженттің ауасы дымқыл, күзге қарай безгегі талайды безілдетеді. Тіпті торғай да безгек болыпты деген аңыз бар. Ауаның дымқылдығы солтүстігіндегі таудың әсерінен деп айтады» [56, б. 23]. Автор қаланың орналасуы мен табиғатына ерекше мән бере отырып, «Самарқанның алмасы-ай» деген сөздің ертеден келе жатқанын еске салады. Сондай-ақ, бұл көне қаладан шыққан Шейх Маслахат пен Қожа Камал сияқты атақты адамдардың да атын атап кетеді.
Келесі қала «Сейхун өзенінің солтүстік жағалауындағы қалалардың бірі – Ахси, кітаптарда бұл қала Ахсикент аталады. Асыр ад-дин ақынның Асыр ад-дин Ахсикент аталуы да осыдан. Ферғанада Әндіжаннан кейінгі үлкен қала осы. Әндіжаннан батысқа қарай Ахсикентке дейін тоғыз йиғаш жер. Омар Шейх мырза бұл қаланы астана жасаған. Сейхун өзені қорғанның астынан ағып өтеді. Қорған биік жардың басына салынған. Ондағы ордың орнында құлама терең жар бар. Ахсикентті астана жасағаннан кейін, Омар Шейх мырза қорғанның сыртынан бір, не екі рет ор қаздырған. Ферғанада бұдан өткен берік қамал жоқ. Қала төңірегіндегі оған іргелес қоныс қорғаннан бір шериден астам жерге дейін созылып жатыр. Айнала бақ. «Ауылы қайсы, ағашы қайсы» деген мәтел Ахсикент туралы айтылған болу керек. Қауыны бал татып тұрады, оның міртемір деп аталатын түрі бар. Әй, сірә, дүниеде бұдан дәмді қауын жоқ болар. Бұхараның қауыны да атақты қауын ғой. Бірақ Самарқанды алғанымда, Ахсикенттен де, Бұхарадан да қауын алып келуге бұйрық беріп, жұрт алдында екеуін де жарғыздым, сонда Ахсикенттің қауынының дәмділігіне шүбә болмады. Ахси құсқа да, аңға да бай. Сейхун өзені жағында, яғни Ахсидің дала жағында құрақұйрық қаптап жүреді, ал Әндіжан жағы қалың жыныс, тоғай. Онда бұғы-марал, қоян өріп жүреді, аңы өте семіз болады» [56, б. 24].
«Тағы бір қала – Қасан, Ахсикенттің солтүстік жағына орналасқан шағын қала. Әндіжан өзенінің Оштан ағатыны сияқты, Ахси өзені Қасаннан ағады. Бұл жердің ауасы тамаша, жұпар иісті. Өзен жағасы көрікті жеміс бағы, сондықтан да ел аузында бұл жер «су бойындағы жұмақ» аталады. Ош пен Қасанның тұрғындары өз қалалары ауасының тазалығын мақтан етеді» [56, б. 24].
Бұл қалалардан өзге шығармада Самарқан қаласы да суреттеледі. Мәселен, шығарма авторы Самарқан қаласының өзіне тән ерекшелігін толық сипаттайды: «Самарқан – ғажайып гүлдендірілген қала. Мұнан өзге қалада кездеспейтін бір ерекшелігі: әр кесіпшілікке жеке базар ашылған, олар бірімен-бірі араластырылмайды. Бұл бір керемет дәстүр. Оның әрқайсысында наубайхана, асхана бар. Ең жақсы қағаз Самарқаннан алынады, қағаз диірменіне қажет су Қан-и Гилден келтіріледі. Қан-и Гил Сиях-Абаның түбінде. Ол бұлақты Аб-и Рахмет деп те атайды. Самарқанның тағы бір кездемесі – ши барқыт. Мұны елдің барлық түкпір-түкпіріне жөнелтеді» [56, б. 70].
Сонымен, Захир әд-дин Бабырдың «Бабырнама» шығармасынан бүгінгі күні түркі халықтарының тарихына, мәдениетіне ортақ қалалар туралы мол мағлұмат алуға болатындығын көрдік.
Қорыта айтқанда, Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік», Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет» және Захир әд-дин Бабырдың «Бабырнама» шығармаларын талдай келе, келесідей қала модельдерін анықтадық:


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   31




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет