«Ана тілі» газеті



Дата11.01.2017
өлшемі47,83 Kb.
#7318
«Сөз саптаудағы самарқаулық»

тақырыбындағы мақалаға талдау



(«Ана тілі» газеті, «Тіл тұғыры – ұлт ғұмыры» айдары)

23-қыркүйек, 2015жыл


Тіл мәселесі, тілді өз талабына сай дұрыс қолданудың  жолдары мен тәсілдері ерекше мән беріп отыруды қажет етеді. Алайда күнделікті өмірден байқап жүргеніміздей, сөйлеу, сөйлесу кезінде көп адамдар тіл заңдылықтарын сақтауды ескере бермейді. 

Қазіргі тілдік қолданыстағы өрескел қателіктің бірі – етістікке жалғанып көптік ма­ғынаны білдіретін -қ//-к жіктік жалғауының орынсыз қолданылуы. Мәселен, тілімізде ға­сыр­лар бойы қалыптасып, қолданылып ке­­ле жатқан «бара жатырмыз»-дың орнына – «бара жатырық», «оқып отырмыз»-дың ор­нына «оқып отырық», «келіп тұрмыз»-дың орнына «келіп тұрық», «барып жүрміз»-дің орнына «барып жүрік» болып айтыла бас­тағанына біраз уақыт болды. Бұл қате­лік­тің етек алғаны сонша, үлкен де, кіші де, ұстаз да, шәкірт те, қарапайым қызметкер де, басшы да, журналист те, тіпті жаңадан шы­ға­рыла бастаған қазақ телесериалдарының кейіп­кер­лері де (олардың сценарийін, сөздерін жазып дайындаушылар бар ғой) еш ойланбас­тан қол­дана беретін болды. Алда-жалда, естіп қалған жерде ескерте қойсаң, «жұрттың бәрі солай айтып жүр ғой» деген немқұрайды жауап ала­сың. «Мынауымыз ұят болған екен» деп қысылған бір жанды кездестіргенім жоқ.


Әрине, аталмыш жіктік жалғауының да, жіктік жалғауының басқа түрлерінің де өзін­дік заңды қолданылатын орындары бар. Мектептегі оқу құралдарынан бастап, бар­лық грамматикаларда бұлардың ережелері (тео­риялық анықтамасы) анық, айқын беріл­ген. Мәселен, қай кітапта болса да, етістік сөз табының 1-жақтағы жекелік көрсеткіші (фор­масы, жалғауы) рай және шақтың ың­ғайы­на қарай -мын//-мін, -м, -айын//-ейін, көп­шелік тұлғасы -мыз//-міз, -айық// -ейік, -қ//-к екенін көреміз. Осындағы -айық//-ейік тұлғасы тек қана бұйрық райының 1-жағында осындай құрамды қосымша ретінде

[-айы(-алы)+қ] қолданылатынын және оның осылай қалыптасуына тіл дамуының тарихы куә екенін ғалымдар әлдеқашан дәлелдеген (­Ыс­қақов А. Ал жалаң -қ//-к тұлғасының қолданылуы тек екі жағдайда: 1) ашық райдың жедел өткен шақ (-ды) тұлғасынан кейін, 2) шартты рай жұр­нағынан (-са//-се) кейін болуға тиіс.

Жоғарыда келтірілген қате мысалдардан байқағанымыз – -қ//-к көпше жіктік жалғауы әзірше қазақ тілінде «қалып етістіктері» деп аталып отыр, тұр, жатыр, жүр сөздеріне ғана (отырық, тұрық, жатырық, жүрік) жалғанып жүр. Бұл сөздер тілімізде бірде негізгі (мен отырмын, біз отырмыз), бірде көмекшілік (мен барып жүрмін, біз барып жүрміз) қызмет атқара отырып, іс-әрекеттің дәл сөйлеу жағдаяты үстінде орындалуын (нақ осы шақ) білдіреді. Екі жағдайда да бұл сөздерге -қ//-к қосымшасы жалғана алмайды. Бұл қосымша осы сөздерге және басқа да етістіктерге тек қана іс-әрекеттің сөйлеу жағдаятынан сәл ғана бұрын болып өткенін білдіру үшін (жедел өткен шақ) қолданылады (мен отырдым, біз отырдық). Бұ­лай болма­ған жағдайда тіл заңдылығы бұ­зылған болып есептеледі де, сөйлеуде құ­лаққа тосын дыбысталу, мағына өзгешелігі бай­қалып, тың­даушының қабылдауына қиын­­дық келтіре­ді.

Қазіргі жастарымыздың тілінде (соның ішінде, әсіресе тележүргізушілеріміз тілінде) осындай сөйлемнің екінші сыңарын айтпай, ал­ғашқы сыңарының баяндауышын тұл­ға­лық өзгеріске түсірместен, сол күйінше жай сөй­лем етіп айта салу да жиі кездеседі. Мә­селен, «Экранға назар аударайық», «Мына суретке көз салайық», «Кітаптағы мәтінге қарайық» деген сөйлемдерді «Экранға назар аударсақ», «Мына суретке көз салсақ», «Кітаптағы мә­тінге қарасақ» деген күйде айтылатын болды. Сөйлемді осылайша айтуда ойдың аяқталмай қалғаны, тыңдаушының одан әрі не болатынын (ой жалғасын) күтіп отыратыны жөнінде сөйлеушінің хабары жоқ, өзіне түсінікті болса жеткілікті тәрізді. Бұл жер­де сөйлеуші жай сөй­лем мен құрмалас сөй­лемдердің жасалу, айтылу заңдылықтарын, өзін­дік ерек­ше­ліктерін білмейді не ескермейді деген қоры­тынды шығаруға болады.


Жіктік жалғауы қосымшасының қолданы­луы­на байланысты соңғы кезде жиі байқа­лып жүрген тағы бір қателік – «керек», «қажет», т.б. кейбір модаль сөздерді кө­мекшілік қыз­метте қолдану кезінде жік­тік жалғауын жалғап айту (мысалы: Бұл істі тезірек орындау қа­жетпіз; Сен кітап­ты уақытында әкелу ке­рек­сің, т.б.). Әдет­те, тілде берілетін хабар маз­мұнына сөйлеушінің түрлі көзқарасын біл­діре отырып түрлендіре сөйлеуін модаль­ді­лік (сөйлемнің предикативтілік сипатымен бірлік­те келетін басты белгісі) деп атайды. Сөй­лем модальділігі, ғылымда объективті жә­не субъективті деп бөлінеді де, соның субъ­ек­тивті түрінің жасалуында көмекшілік қыз­меттегі модаль сөздердің орны айрықша болады және олар семантикалық жағынан да түрлі-түрлі мән береді (болжал мәнді, мін­деттілік мәнді, ойды қостау, растау мәнді т.б.).
Тіл дамуының тарихы бойында модаль сөздердің қолданылуының да белгілі бір заңдылықтары тұрақталып, сол заңдылықтар негізінде тіліміздегі модаль мәнді сөйлем түр­лері қалыптасқан. Мұндай сөйлемдерде жіктік жалғауының орнына баяндауыштың негізгі сөзіне тәуелдік жалғауы жалғанады.
Тіліміздегі ендігі бір кемшілікті жеке сөз­дердің түп мағынасын түсінбей орынсыз қол­данудан көреміз. Егемендік алғаннан бастап тіліміздің лексикалық байлығына аударма арқылы болсын, түрлі жолдармен жасалу арқылы болсын, көптеген жаңа сөздер енуде. Бірақ осы жаңа сөздердің барлығы дер­лік орынды, ұтымды пайдаланылып жүр деу қиын. Солардың бір-екеуіне ғана мысал ре­тін­де тоқтала кетейік. Ертеректе «төраға» (жиналыс төрағасы) де­ген жаңа сөзді ер адамға ғана тән деп тү­сінген кей білгіштеріміз, қазақ тілінде сөздің «родқа» бөлінбейтініне қарамастан, әйел адам­­­дарға қатысты «төрайым» сөзін ен­гіз­ген болатын. Осы сөздің «төр»-і түсінікті бол­­ғанымен, «айым»-ы «аға» сөзіне балама бо­ла алмайтыны ескерілген жоқ (еркелету мә­­ніндегі «айым», «күнім» сөздері тек әйелге қа­тысты айтылмайды ғой). Бұл сөз жөнінде кезінде әңгіме болғанымен, көп­­шілік қолданысқа түсуіне байланысты үй­рен­шікті сөзге айналып, қазірге дейін қол­данылып келе жатыр. Сол тұста орыс тіліндегі «секре­тарь», «секретарша» сөзін ауда­ра келіп, ал­дыңғы ер адамға қатыстысын «хатшы» деп аудардық, ал екінші әйел адамға қатысты сөзді аудара алмай, ақырында сол «хатшы» сөзін қолданыста қалдырдық.
Соңғы кездері кез келген артистер, әнші­лер журналист қызметін атқарып, сұхбат жүр­гі­зе беретін болды ғой. Олардың сөз қолда­ныс­­тарынан «қаншасы?» дегеннің орны­на «қан­шауы?», «нешеуі?» дегеннің орны­на «не­шесі?» деп сөйлейтіндерді де кез­дес­ті­ріп жүр­міз. Осы тәрізді жеке сөздердің, сөз тір­кестерінің орынсыз қолданулары те­ле­­се­риал­­дардың ауызша аудармаларында, тіп­ті өріп жүр. Сонда халықты ана тілінің шұ­­рай­лы сөзімен сусындататын БАҚ-тың, ұр­­­пағымыз­ды ұлттық құндылықтарды қас­тер­леуге үйре­тетін сауат­ты да, салиқалы аза­ма­тарымыздың, ата-аналарымыздың сөз қол­да­ныстарында осындай қателіктер кездесіп жат­са, қарапайым жастардан не күтуге болатынын бағамдай беріңіз.


Қорытынды:

Түйінін айтатын болсақ, сөйлер сөзімізді бұзбай сөйлейік. Бұл мәселеге халық болып көңіл бөлмесек, әуезді де шырайлы тілімізге зиян келтіріп алуымыз мүмкін.


Қазақ тілі және мәдениеті



кафедрасы меңгерушісінің м.а. Қ.Қ.Нұржанова

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет