Машина басу бюросының меңгерушісі Лауазымдық міндеттері. Машина басу бюросының жұмысына басшылықты жүзеге асырады. Басу үшін материалды қабылдайды, оны машина басатындардың арасында бөледі, өндіру есебін жүргізеді, орындалған жұмысты тапсырады. Машина басу жұмыстарының орындалу сапасы мен мерзімі үшін бақылауды, қабылдаған құжаттардың және фонограммалардың сақталуын қамтамасыз етеді. Машина басатындарды жұмыс үшін қажетті техникалық құралдармен және материалдармен қамтамасыз етеді. Компьютерлердің, басу машиналарының, диктофондардың жағдайын қадағалайды және олардың бұзылыстарын жою бойынша шаралар қабылдайды. Негізгі міндеттерге қоса машина басу жұмысын орындай алады.
Білуге тиіс: іс қағаздарын жүргізуге қатысты Қазақстан Республикасының заңдары және өзге де нормативтік құқықтық актілер; іс қағаздары жүйесінің негізгі ережелері; машина басу; машина басу жұмыстарының есепке алу тәртібі; орфография және пунктуация ережелері; әртүрлі құжаттарды басу кезінде материалдарды орналастыру тәртібі; ұйымдастырушылық-өкімдік құжаттаманың бірыңғайлау жүйесінің стандарттары; компьютерлерді, басу машиналарын, диктофондарды пайдалану ережесі; еңбекті ұйымдастыру негіздері; Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңнамасы; ішкі еңбек тәртібі ережесі; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережелері; өрт қауіпсіздігінің талаптары.
Біліктілікке қойылатын талаптар. Тиiстi мамандық (біліктілік) бойынша орта техникалық және кәсiптік (орта арнайы, орта кәсiптік) бiлiм және жұмыс стажына талап қойылмайды немесе жалпы орта білім және мамандығы бойынша жұмыс стажы кемінде 3 жыл болуы тиіс.
Мұрағат меңгерушісі Лауазымдық міндеттері. Ұйымда мұрағат ісін ұйымдастыру және жүргізу бойынша жұмысты басқарады. Белгіленген тәртіпке сәйкес құжаттарды қабылдауды, тіркеуді, жүйелеуді, сақтауды және пайдалануды қамтамасыз етеді. Мұрағат құжаттарын есепке алуды және пайдалануды жеңілдететін анықтама аппаратын құрастыру бойынша жұмысты басқарады. Қажетті құжаттарды іздестіруде әдістемелік көмек көрсетеді. Істерді құрастыру, дайындау және мұрағатқа тапсыру ережелері туралы құрылымдық бөлімшелер жұмысшыларына нұсқаулар береді. Мұрағатқа іс жүргізу аяқталған құжаттардың уақтылы келіп түсуін бақылайды. Мұрағат құжаттарының құндылығын сараптау, құжаттарды тұрақты және уақытша сақтау мерзімді істеріне құрастыру бойынша жұмыстардың жүргізілуін қамтамасыз етеді. Құжаттарды мемлекеттік мұрағаттарға тапсыру үшін істердің тізбелерін, сақтау мерзімдері біткен құжаттарды жою туралы актілерді құрастыру бойынша жұмыстарға басшылық етеді. Құжаттардың жағдайына, олардың уақтылы қалпына келтірілуіне, мұрағат жайларында құжаттардың сақталуын қамтамасыз етуге қажетті жағдайлардың сақталуын бақылауды жүзеге асырады. Құжат айналымының және істердің санының есебін жүргізу, мұрағат құжаттарында бар ақпараттардың негізінде мұрағат анықтамаларын беру бойынша жұмысты ұйымдастырады. Белгіленген есептілікті құрастырады. Іс жүргізу және мұрағат ісін ұйымдастыру бойынша ережелерді және нұсқаулықтарды даярлауға қатысады. Қызметкерлердің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережелерін, өрт қауіпсіздігін сақтауын қамтамасыз етеді.
Білуге тиіс: мұрағаттардың жұмысына қатысты Қазақстан Республикасының заңдары және өзге де нормативтік құқықтық актілер; іс жүргізу жүйесі; мұрағатқа келетін құжаттарды ресімдеу тәртібі және оларды топтастыру бойынша қолданылып жүрген жүйе; ұйымның құрылымы; өндірісті, еңбекті және басшылықты ұйымдастыру негіздері; Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының негіздері; ішкі еңбек тәртібі; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережелері; өрт қауіпсіздігінің талаптары.
Біліктілікке қойылатын талаптар. Тиiстi мамандық бойынша жоғары білім немесе тиiстi мамандық (біліктілік) бойынша орта техникалық және кәсiптік (орта арнайы, орта кәсiптік) бiлiм және іс жүргізу бойынша жұмыс стажы кемінде 5 жыл болуы тиіс.
Рұқсатнама бюросының меңгерушісі
Лауазымдық міндеттері. Белгіленген тәртіпке және ұйымның рұқсатнама режимін ұйымдастыру бойынша қолданылып жүрген басшылық құжаттарға сәйкес бюроның жұмысын ұйымдастырады. Рұқсатнама режимінің сақталуын қамтамасыз етеді және ұйымға өтуге (кіруге) немесе олардың аумағына көлік құралдарымен өтуге (кіруге) құқық беретін рұқсатнамаларды ресімдеудің, берілуінің және қайтарылуының дұрыстығына, сондай-ақ бланкілердің және қайтарылған рұқсатнамалардың есебін жүргізуін және сақталуын жүзеге асырады. Бюроның қызметіне және рұқсатнамаларды берумен байланысты есептерді және анықтамаларды даярлау бойынша жұмысты басқарады. Сақтау мерзімі өткен құжаттарды жоюға белгіленген тәртіпте актілерді даярлайды.
Білуге тиіс: Қазақстан Республикасының заңдары және өзге де нормативтік құқықтық актілер; рұқсатнама режимін ұйымдастыруға қатысты қаулыларды, өкімдерді, бұйрықтарды, жоғары тұрған және басқа органдардың басқа басшылық және нормативтік құжаттарды; рұқсатнамаларды беру ережелерін және тәртібін; кәсіпорынның, мекеменің, ұйымның құрылымын және олардың бөлімшелерінің жұмыс режимін; бланкілердің және қайтарылған рұқсатнамалардың есебін жүргізу және сақтау тәртібі; ұйымның басшы құрамы және рұқсатнамаларды беруге рұқсат беруге құқылы тұлғалардың қол қою үлгілері; еңбекті ұйымдастыру негіздері; еңбек туралы заңнама негіздері; ішкі еңбек тәртібі; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережелері.
Біліктілікке қойылатын талаптар. Жалпы орта білімі және белгіленген бағдарлама бойынша арнайы дайындығы болуы тиіс, жұмыс стажына талап қойылмайды.
Жүк сақтау қоймасының меңгерушісі
Лауазымдық міндеттері. Заттарды қабылдау, сақтау және беру жөніндегі жұмысқа басшылықты жүзеге асырады. Заттардың стеллажға және сөрелерге олардың сақталуы мен беру кезінде тез табылуын қамтамасыз ететін тәртіпте ұтымды орналастыру мен қоюды ұйымдастырады. Сақтау режимінің және жабдық, механизм мен мүліктің дұрыс жағдайының сақталуын қадағалайды. Зат иелерінің шағымдарын қарастырады және оларды қанағаттандыру бойынша шаралар қабылдайды. Автоматтандырылған жүкті сақтау орындарының жұмысына бақылауды жүзеге асырады. Қол жүгін сақтау үшін төлем сомасының дұрыс орнатылуын бақылайды. Жүк сақтау қоймасына келіп түскен заттарға, сонымен қатар азаматтар (жолаушылар) жоғалтқан заттарға құжат рәсімдейді, белгіленген мерзім өтісімен олардың қайтарылуын немесе сатуға тапсыруды қамтамасыз етеді. Жүк сақтау қоймасының жұмысы туралы жиынтық есепті жасайды. Қызметкерлердің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережелерін, өрт қауіпсіздігін сақтауын қамтамасыз етеді.
Білуге тиіс: ұйымның қызметіне қатысты Қазақстан Республикасының заңдары және өзге де нормативтік құқықтық актілер; жүк сақтау қоймасының жұмыс тәртібі; автоматтандырылған жүк сақтау қоймасын пайдалану ережесі; еңбекті ұйымдастыру негіздері; Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңнамасының негіздері; ішкі еңбек тәртібі ережесі; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережелері; өрт қауіпсіздігінің талаптары.
Біліктілікке қойылатын талаптар. Тиiстi мамандық (біліктілік) бойынша орта техникалық және кәсiптік (орта арнайы, орта кәсiптік) бiлiмі және жұмыс стажына талап қойылмайды, белгіленген бағдарлама бойынша арнайы дайындығы болуы тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |