Арал теңізінің шығысындағы сырдария өзенінің ежелгі арналарының аралығындағЫ ҚазақТЫҢ кең байтақ жазық даласы алуан түрлі археологиялық ЖӘне тарихи ескерткіштерімен ерекшеленеді. Олардың КӨпшілігінің тіршілік мерзімі б. Д



Дата29.01.2022
өлшемі24,61 Kb.
#115654
Байланысты:
укк


АРАЛ ТЕҢІЗІНІҢ ШЫҒЫСЫНДАҒЫ СЫРДАРИЯ ӨЗЕНІНІҢ ЕЖЕЛГІ АРНАЛАРЫНЫҢ АРАЛЫҒЫНДАҒЫ ҚАЗАҚТЫҢ КЕҢ БАЙТАҚ ЖАЗЫҚ ДАЛАСЫ АЛУАН ТҮРЛІ АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ТАРИХИ ЕСКЕРТКІШТЕРІМЕН ЕРЕКШЕЛЕНЕДІ. ОЛАРДЫҢ КӨПШІЛІГІНІҢ ТІРШІЛІК МЕРЗІМІ Б.Д.Д. ІІ-ШІ МЫҢЖЫЛДЫҚТЫҢ ЕКІНШІ ЖАРТЫСЫ –Б.Д. І-ШІ МЫҢЖЫЛДЫҒЫНЫҢ БАС КЕЗІНЕ ЖАТАДЫ. СЫРДАРИЯНЫҢ ЕЖЕЛГІ АРНАЛАРЫ–ІҢКӘРДАРИЯ МЕН ЖАҢАДАРИЯ БОЙЫНДА ШІРІК- РАБАТ МӘДЕНИЕТІН ҚҰРУШЫ АПАСИАҚ ТАЙПАСЫНЫҢ САҚТАРЫ МЕКЕН ЕТКЕН ЕЖЕЛГІ ҚОНЫСТАРДЫҢ ОРЫНДАРЫ МЕН ЖЕРЛЕУ ҚҰРЫЛЫСТАРЫ ОРНАЛАСҚАН. ҚАЗІРГІ ЖАЛАҒАШ АУДАНЫНЫҢ АҚҚЫР АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ КӨЛЕМІНДЕГІ БҰЛ ЕСКЕРТКІШТЕРГЕ КҮНІ БҮГІНГЕ ДЕЙІН ОТАНДЫҚ ЖӘНЕ ШЕТЕЛДІК АРХЕОЛОГ ҒАЛЫМДАР ҮЛКЕН ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ ТАНЫТЫП КЕЛЕДІ. СОНДАЙ БІРЕГЕЙ АРХИТЕКТУРАЛЫҚ ЕСКЕРТКІШТЕРДІҢ БІРІ–РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МАҢЫЗЫ БАР БАЛАНДЫ ІІ КҮМБЕЗДІ КЕСЕНЕСІ МЕН ЖЕРГІЛІКТІ МАҢЫЗЫ БАР ТҮГІСКЕН (ТАГИСКЕН) ҚОРЫМЫ.

Соңғы қола және ерте темір дәуірлерінің көрнекті археологиялық ескерткіштерінің бірі–Түгіскен қорымы Сырдарияның ежелгі арналарының бірі Іңкәрдария өзенінің (Жаңадария өзенімен түйіскен тұсы) оң жақ жағалауында жатыр. Жалпы саны 70–80-нен астам үлкен және кішкене обалар өзеннің кепкен арнасын бойлай отырып, жалпы көлемі 400 метрге жуық алаңның ішінде орналасқан. Аталған ескерткіш 1953 жылы профессор С.П.Толстов жетекшілік ететін Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы (ХАЭЭ) ғалымдарының ұшақпен барлау жұмыстары негізінде ашылып, негізгі археологиялық қазба жұмыстары 1959–1963 жылдар аралығында жүргізілген. Алғашқыда тек 11 нысан ғана табылып, кейіннен По-2 маркалы ұшақтың үстінен түсірілген аэрофототүсірілімнің негізінде олардың жалпы саны 70-тен астам екендігі анықталды. Археологтар бұл археологиялық нысандарды екі топқа, яғни біршама шағындау солтүстік топқа (барлығы 11 ескерткіш) және қалған ескерткіштерді қамтитын оңтүстік топқа ажыратты. Орналасу тәртібі бойынша ғана емес, хронологиялық тұрғыдан да екі бөлек уақытқа қарасты болғандықтан, тарих ғылымында бұл екі топты Солтүстік Түгіскен және Оңтүстік Түгіскен деп атау қалыптасқан. Б.д.д. ІХ–ҮІІІ ғасырлардағы соңғы қола дәуірінің аса көрнекті ескерткіші Солтүстік Түгіскендегі жерлеу құрылыстары қам кесектен салынған көлемі үлкен кесенелердің құландылары түрінде сақталған. Бұл кесенелер ақсүйек- шонжарлардың, ірі тайпа немесе ру көсемдерінің жерлеу орны ретінде салынған. Аталған кесенелердің маңында оларға тіркестіре, жапсарлас салынған және топ-тобымен орналасқан көлемі мен формалары әркелкі шағын құрылыстар олардың туыстарын жерлеген орындар болуы мүмкін деген болжам бар. Олардың ішіндегі көлемі ең үлкен №6 кесененің сыртқы пішіні домалақ және ішкі жағы төртбұрышты (квадратты) болып келген ірі құрылыс. Цилиндр тәрізді орталық бөлігінің диаметрі 15 метрге жуық, қабырғасының қалыңдығы 4 метрдей. Кесене көлемі 50-60х25-30х10 см. болатын қам кесектерден қаланған. Көлемі 50 кв. метр болатын төртбұрышты ішкі бөлмесінің іргесі шамамен 1,5 метрдей жерге тереңдете қазылған. Бұл кесене сыртынан жалпы пішіні домалақ болып келген биік әрі зор қорған- дуалмен қоршалған. Бұл қорған кесенеден 2 метрдей жерде алшақ орналасқан. Заманында бұл құрылыс биіктігі мен қалыңдығы үш метр болатын қабырға-дуалмен қоршалған, биіктігі 6–8 метр болатын жалпы пішіні домалақ зәулім ғимарат болған. Жерлеу рәсімі басталмас бұрын ғимарат ішіндегі марқұмды жерлейтін көлемі 7,3х6,9 метр болатын ағаш камераның ішкі қабырғаларына қамыс пен ағаштардың бұтақтарын қалың етіп айналдыра қойып шыққан. Олардың сыртынан кілемдер мен киіздер ілінген. Бөлмеге жерлеу мүліктері–керамикалық ыдыстар, қоладан жасалған қару- жарақтардың түрлері, қола мен алтыннан соғылған зергерлік-әшекейлік бұйымдар қойылған. Өлгендермен бірге қабір ішіне мүшелеп бөлінген мал етін салу ғұрпы да болған. Бөлменің еденіне жұқа етіп саз балшық жағылып, оның үстіне шиден тоқылған кілемдер төселген. Қайтыс болған адамның мүрдесі сол жерге жатқызылып, салт-жоралғылар өткізілген соң өртеліп отырған. Осы ғұрыпты атқару кезінде бүкіл ғимарат өртелген. Ғимараттың бұдан әрі қалай сақталғаны әзірге белгісіз болып отыр. Археологиялық қазба жұмыстары бүкіл құрылыстың отқа оранып, ағаш жабындылары түгелдей жанып кететінін көрсетті. Қазба жұмыстары барысында кесенелерден табылған заттай деректердің арасында бүтіндей сақталған 200-ге жуық құмыра, көзе, тостаған секілді қыш ыдыстар ерекше орын алады. Дені бай ою-өрнекті, өте сәнді етіп жасалған бұл ыдыстар екі топқа бөлінеді. Бұлардың көбі Орталық Қазақстанның көне мәдениеттерінен бастау алатын Андронов және Бегазы-Дәндібай дәстүріндегі қолмен жапсырып жасалған ыдыстар. Олардың бүйірлеріне геометриялық пішіндес алуан түрлі ою-өрнектер түсіріліп, сырты көбіне-көп ақ түсті бояумен боялған. Екінші шағындау топты оңтүстік, яғни ортаазиялық мәдениеттерге тән құмырашының дөңгелегінде (гончарный круг) саз балшықтан жасалған қыш ыдыстар құрайды. Оңтүстік Түгіскен де сақ дәуірінің көрнекті ескерткіштерінің бірі. Аталмыш ескерткіш екі топтан (біріншісі–9, екіншісі–27 обадан) тұрады. Олардың 38- не қазба жұмыстары жүргізілген. Қазылған обалардың барлығы дерлік б.д.д. ҮІ–Ү ғ.ғ. жататыны анықталған. Бұл обалардың топырақ үйіндісінің диаметрі 15–20 метр, биіктігі 1–1,5 метр. Тікбұрышты, тереңдігі 2 метрге дейін баратын шұңқыр- қабірлер батыстан шығысқа қарай тізбектеліп созылған. Қабірдің сыртқы беті ағаш бөренелермен жабылып, оның үстіне және айнала 2–5 метр радиуста қамыс төселген. Ағаш жабындыда көбіне оттың іздері анық байқалады, бірақ солтүстік топтағы кесенелердегідей мәйіт пен құрылыс түгелдей өртелмеген. Анығында, бұл жерде қабірдің үстіне от қойып, дәстүрдің шартты түрдегі рәсімін көрсеткеннен соң, оттың жанып бітуін тоспай, сыртынан дереу топырақ үйіндімен жауып тастап отырған. (Толстов. С.П. По древним дельтам Окса и Яксарта. М., 1962. 80–85 б.б.). Археологтар Түгіскен қорымынан қару- жарақтар, ат әбзелдері мен алтыннан құйылған түрлі әшекейлерде бұғы, киік, жылқы, қабан, таутеке, арыстан, барыс, қабылан, бүркіт, түйе секілді хайуандардың бейнелері бар құнды артефактілердің көптеген түрлерін тапты. Бұл бейнелер өте табиғи, реалистік тұрғыда жасалған. Көрнекті археолог-ғалым К.Ақышевтың пікірінше, Қазақстан территориясында зергерлік өнер біздің дәуірге дейінгі ІІ мыңжылдықтың екінші жартысында пайда болған. Олардың жасалу техникасының жоғарылығына қарағанда, бұл өнер сол кездің өзінде-ақ айтарлықтай дамыған. Алтыннан жасалған әшекейлер әр алуан тәсілдермен жасалған: соғу, штамптау, ою, балқыту, соғып алтындау, жылтырату секілді т.б. көптеген тәсілдер қолданылған. (К.Ақышев. Қазақстанның көне алтыны. Алматы. «Өнер», 1983. 11-12 б.б.) Мысалы, Оңтүстік Түгіскен қорымының №53 обасыдан жұқартылған алтынға спираль секілді ирелеңдеген мүйіздері бар қошқардың ойып жасалған басының қырынан бейнеленген бедерлі бейнесі түсірілген қысқа семсер балдағының қоршамасы мен азу тістері ақсиып, қырынан бейнеленген екі қасқырдың фигуралары бар семсер қынының қоршама пластинасының бір фрагменті табылған. №59 санды обадан жабайы жыртқыштардың бірі қабыланның иіріліп жатқан рельефті бейнесі бар шеттері сынық алтын пластина табылса, №66 санды обадан басын артқа қарай шалқайтып жатқан таутекенің бейнесі бар алтыннан құйылған әшекей табылды. №31 және №53 санды обалардан табылған алтын әшекейлерде бір қыры және қарсы алдынан бейнеленген жүріп бара жатқан немесе бір орында жатқан қысқа әрі жуан мойынды арыстандардың бедерлі бейнелері құйылған. Қазба барысында, археологтар №45 және №55 санды обалардан басын төмен қаратып, бұғып жатқан арыстан мен біріне- бірі теріс қарап тұрған екі жылқының бастарының бейнесі бар қоладан соғылған тартпаның екі тоғасын тапты. (Артамонов М.И. Сокровище саков // Евразийский народ саки. Алматы.2006. 78-79 б.б.) Сондай-ақ, археологиялық қазба жұмыстары барысында марқұмның о дүниеге алып кететін қару-жарақтарының түрлері–қысқа жүзді семсер (акинак), айбалта (чекан), қоладан жасалған жебелердің ұштары мен еңбек құралдары, қоладан құйылған түрлі ат әбзелдері, қола айналар, тастан жасалған құрбандық ыдыстары, алтын сырғалар, тас және шыны моншақтар секілді т.б. зергерлік- әшекейлік бұйымдар көптеп табылған. Қазіргі таңда жоғарыда аталған жәдігерлердің барлығы да Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласындағы Мемлекеттік Эрмитаж бен Мәскеудегі Мемлекеттік тарих музейінің (ГИМ) алтын бұйымдарға арналған арнайы қорларында сақтаулы. Қорыта айтқанда, Түгіскен қорымы ежелгі дәуірде аудан көлемін мекен еткен сақтардың тайпа немесе ру басылары мен көсемдерін жерлейтін орын екеніне күмән жоқ. Ұрылар, от-жалын мен уақыт тезі қойылған заттардың көбісін тонап-жойып жібергенімен, оның біздің заманымызға жеткен жұрнақтары да жерлеу рәсімінің қандай сән- салтанатпен өтетіндігі жайлы біраз мағлұмат береді. Түгіскеннен табылған «хайуансал стиліндегі» қолөнер бұйымдары ежелгі Жалағаш жерін скифтік-сібірлік аң стилі ареалына қосып, ежелгі дәуірде Сыр өңірін мекендеген сақ тайпаларының әлемдік өнер қазынасына зор үлес қосқандығы туралы мағлұмат береді. Сонымен қатар, Түгіскен ескерткіштерінде андронов мәдениетінің дәстүрлері айқын аңғарылады. Мұны біз барлық кесенелердің есіктері шығысқа қаратылуынан, мәйіттің басын батысқа қаратып қойып, жерлеуден аңғарамыз. Сондай-ақ, керамикалық ыдыстардың үлгілері, оларды өрнектеу әдістері түгіскендіктердің андронов мәдениетін ұстанған тайпалар екенін дәлелдейді. Сәулет өнері тарихында да Түгіскен қорымы Қазақстан аумағындағы этномәдени байланыстарымен өзіне көңіл аударады. Түгіскен мазарларының тұтас қабырғалары, айналмалы дәліздері академик Әлкей Марғұлан тапқан Орталық Қазақстандағы Ақсу-Аюлы, Дәндібай кешендерімен өте ұқсас. Тек біріншісінде шикі қам кесек қолданылса, Сарыарқадағы құрылыстар алып тас блоктардан қаланған. Екі құрылыс та қола дәуірінің соңғы кезеңдеріне жатады. Бұған қарап біз Сыр өңірін мекендеген сақтар мен Сарыарқаны жайлаған сақ тайпаларының бір этникалық қауымдастықта өмір сүргенін әрі бірегей экономикалық-мәдени байланыстарда болғанын түйіндейміз. Баланды ІІ кесенесі Жалағаш ауданы, Аққыр ауылының оңтүстік-батысында шамамен 60–65 шақырым жерде, көрші Қармақшы ауданынымен шекаралас далалықта орналасқан. 1960 жылы ескерткішті алғаш зерттеген Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясының жетекшісі, профессор С.П.Толстов кесене қабырғаларының жоғарғы жақтарында сақталып қалған кірпіштердің көлбеу етіп қаланғанына және орталық бөлменің тура ортасында қазылған шұңқырдың орнына қарап заманында ғимараттың күмбезі болғанын анықтаған. Археологтар бұл шұңқыр күмбезді тұрғызған кезде орнатылған тіреу ағаштардың ізінің орны деген болжам жасаған. Ғалым С.П.Толстовтың пікірінше, б.д.д. ІҮ–ІІ ғасырларда аудан өңірін мекендеген апасиақ тайпасының сақтары тұрғызған бұл ғимарат сол замандағы әлемдік сәулет өнеріндегі бірден-бір күмбезді құрылыс және б.д.д. І ғасырда өмір сүрген рим архитекторы Марк Витрувийдің жобасымен Рим империясының аумағында тұрғызылған күмбезді кесенелерден кемінде 200–300 жыл бұрын салынған. Кесенені егжей-тегжейлі зерттеген ғалым өз болжамын былай деп топшылайды: «...Наш памятник никак не может быть датирован позднее, чем ІІ веком до нашей эры. Есть основания полагать, что он был построен значительно раньше, чем в ІҮ в. до н.э... Словом, перед нами памятник, у которого есть основание датировать ранним периодом античности. Если же он относится к ІҮ веку до н.э., то из этого следует, что апасиакский купол был известен еще за 200–300 лет до появления его в Римской иимперии...» (Толстов.С.П. По древним дельтам Окса и Яксарта. М., 1962. 177-178 б.б.) Аталған кесене құрылысының жалпы пішіні дөңгелек шеңбер нысанында. Оның жалпы диаметрі 16 метр, сақталған қабырғаларының биіктігі 4,5 метрге жуық. Іргесі пахсадан, жоғарғы жағы шікі кірпіштен қаланған. Сыртқы қабырғалары үшбұрышты күрекше іспеттес. Ғимараттың ішінде диаметрі 5,5 метр цилиндрге ұқсас төбесі күмбездене етіп жабылған ортаңғы бөлме бар. Оның сыртында айнала көлемдері әркелкі болып келген 7 бөлме орналасқан. Бөлмелердің көлемі еңселі әрі кең, төбелері жабық. Олар радиальды қуыс-қабырғалармен бөлінген және бір-бірімен тек айналма дәліздер арқылы байланысады. Орталық бөлменің кіреберіс есігіне қарама- қарсы қаланған бүтін бір қабырға ғимарат бөлмелерін екі бірдей бөлікке бөліп тұр. Ғимараттың сыртқы қабырғасы ішкі орталық бөлменің қабырғасынан 2,3 метрдей алшақ орналасқан. Кіреберіс есіктен кейінгі бір кең бөлме вестибюльдің ролін атқарған. Оның төрт қабырғасында арка тәрізді етіп иіп жасалған есіктері бар. Кесененің кіреберіс есігі портал тәрізді етіп қаланып, оңтүстік бетте орналасқан. Заманында кесененің кейбір бөлмелерінің ішкі қабырғалары алебастр ерітіндісімен сыланған болуы керек, себебі бір қабырғаның бұрышына жағылған алебастрдың іздері бүгінгі күнге дейін сақталған. Ал қалған бөлмелердің қабырғалары сабан араласқан саз балшықпен сыланған. 1960 жылы кесенеге жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кесененің ежелгі заманда-ақ әбден талан-таражға ұшырап, тоналғанын көрсетті. Табылған материалдардың негізінде, Хорезм археологиялық- этнографиялық экспедициясының археологтары Е.Е.Неразик пен Ю.В.Стеблюк орталық бөлменің жан- жағындағы бөлмелердің ең кем дегенде жартысында қабірлердің болғандығын анықтады. Археологтар орталық бөлменің ішінен қабірлердің орнын таба алмаған, сондықтан бұл жер сақ тайпасының абыздары түрлі діни жоралғылар мен әдеп-ғұрыптар атқаратын немесе ғибадат етуге арналған орын (святилище) болуы мүмкін деген болжам жасаған. Қазба жұмыстары кезінде кесене маңынан сүйектен жасалған түрлі салт- тұрмыстық бұйымдар, сырты алтынмен әшекейленген былғарыдан тігілген киімнің жыртындылары, темірден жасалған пышақ, мақтаматадан тігілген қызыл және сары түсті жұқа маталардың фрагменттері табылған. Аталған маталарға қара, қою-қызыл және көк бояулармен түрлі ою-өрнектер түсірілген. Қорыта айтқанда, Баланды ІІ кесенесі әлемдік сәулет өнеріндегі бірден-бір күмбезді құрылыс ретінде ерекшеленетін қола дәуірінің теңдесі жоқ ескерткіші болып табылады және ерте антикалық дәуірде аудан өңірін мекендеген сақ тайпаларында діни құрылыстар архитектурасы мен құрылыс техникасының барынша дамығандығын көрсетеді. Соның бір айғағы, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылдың 21 наурызындағы №279 санды Қаулысына сәйкес Баланды ІІ кесенесіне республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші деген мәртебе берілген.

 

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет