Ас қорыту жүйесінің жас ерекшеліктері
Ас қорыту жүйесінің құрылысы, маңызы.
Астың ағзаға сіңуіне ыңғайлы болу үшін физикалық және химиялық өзгерістерге ұшырап, қарапайым заттарға ыдырау процесін асқорыту деп атайды. Органикалық заттардың ыдырауы ферменттер арқылы іске асады. Әрбір фермент тек өзіне тән жұмысты ғана орындайды. Астың қорытылуы асқорыту жүйесінде іске асады.
Асқорыту жүйесіне:
ауыз қуысы,
үш жұп сілекей бездері,
жұтқыншақ,
өңеш,
қарын,
ұлтабар (он екі елі ішек),
ащы ішек,
тоқ ішек,
бауыр мен ұйқы жатады.
Асты қорыту «конвейер негізінде» жүреді: ас қорыту жолдарының әр бөлігінде жеген тамақтың біразы ғана қорытылады.
Ауыздағы асқорыту және оның жас ерекшеліктері. Жеген тамақ ауыз қуысынан бастап қорытылады. Сұйық тамақ бірден жұтылады, ал қою тамақ шайналып ұсақталады, сілекеймен араласып ас қоймалжыңына айналады. Асты шайнау ас қорытудың алғашқы кезеңі. Кейбір мәліметтерге қарағанда шала шайналған астың 35-40% қорытылып үлгермей, организмнен сыртқа айдалады.
Тамақты шайнап, ұстау – ауыз қуысының негізгі қызметі. Шайнауға қозғалмалы орналасқан төменгі жақ сүйегі мен қозғалмайтын үстіңгі жақ сүйегінде орналасқан тістер, тіл және ұрт қатысады.
Нәрестеде тіс болмайды. 4-6 айда баланың уақытша (сүт тістер) тістері шыға бастайды да 3 жаста 20 сүт тісі толық шығып бітеді. 5 жастан аса баланың сүт тістері біртіндеп түсіп, орнына тұрақты тістер шыға бастайды. Тұрақты тістердің саны – 32, 28 тіс 15-16 жаста, ең соңғы 4 ақыл тіс 20-25 жаста шығады, кей адамдарда одан да кеш шығуы мүмкін.
Ауыз қуысында үш жұп сілекей бездерінің өзектері ашылады: шықшыт, жақ асты, тіл асты. Бұлардан басқа ауыз қуысының кілегей қабатында ұсақ бездер болады. Олар муцинге бай сілекей бөліп шығарады. Ересек адамда тәулігіне 1-1,5 л сілекей бөлінеді. Бұл сілекейдің құрамында амилаза, муцин, лизоцим деген ферменттер болады.
|