Бірін бірі оқыту – «Үйрете отырып, үйренемін» қағидасын жүзеге асыратын тәсіл.
Әдетте біз біреуді үйрету арқылы өзіміз де үйренеміз, екіншіден көп жағдайда оқытушыдан гөрі студенттердің бір-біріне түсіндіргені тиімдірек: олар жолдастарының айтқанына тереңірек иланады, тезірек түсінеді.
Лекция алдында оқытушы студенттерге олардың кішігірім топтарға (2-4 адамдық) бөлініп, кезекпен ұстаз рөлін орындайтындығы мен оның қандай әрекеттер атқаратындығы туралы айтып кетуі керек. Лекцияның әр бөлігінен кейін студенттер алдын-ала белгіленген кезекпен мұғалімнің рөлінде келесідей амалдарды орындайды:
Мұғалім рөліндегі студент лекция бөлігі аяқталғаннан кейін лекцияда айтылғанды қасындағыларға қорытындылап шығады;
Одан кейін мұғалім рөліндегі студент қасындағы студенттерге лекция мазмұны бойынша екі-үш сұрақ қояды, оның бұл жерде студенттер арасында кішігірім пікірталас тудыруы да ықтимал;
Мұғалім рөліндегі студент өз тобындағы студенттердің туындаған сұрақтарына жауап беріп, лекцияның қиын жерлерін түсіндіреді;
Соңында мұғалім рөліндегі студент лекцияның келесі бөлігі не туралы болатындығы туралы өз болжамын қасындағыларға келтіреді.
Лекцияның келесі бөлігінде мұғалім рөлін енді басқа студент орындап, келтірілген әрекеттерді ретімен орындайды.
(Бұл тәсіл A.Brown, B.Armbruster, A.M.Palincsar.Instructing Comprehension-Fostering Activites in Interactive Learning Situations. NJ: Earlbaym, 1984. кітабында келтірілген).
Достарыңызбен бөлісу: |