Асхат әлімов интербелсенді әдістерді жоғАРҒы оқу орындарында қолдану оқу құралы Алматы



бет128/197
Дата01.12.2022
өлшемі1,86 Mb.
#160720
1   ...   124   125   126   127   128   129   130   131   ...   197
Байланысты:
АСХАТ ӘЛІМОВ-интербелсенди адистер (2)

Дәстүрлі сабақ барысы...
(әзіл-шыны аралас эссе)
Орта мектепте дәстүрлі сабақтың ең көп тараған үрдісін көз алдымызға елестетіп көрейікші...
Сабақ әдетте өткен тақырыпты сұраумен басталады. Мұғалім сынып журнал ы бойынша әр оқушының фамилиясын атап, кімнің бар-жоқ екендігін түгендеп алғаннан кейін (бұған шамаман 2-4 минуттей есіл уақыт жұмсалады), журнал ға шұқшиып: «Ал енді өткен сабақтың тақырыбы бойынша маған сөйлейді... маған сөйлейді...» деп қаламын (немесе саусағын) жоғарылы-төмен жүгірте бастағанда, көп оқушылардың зәре-құты қалмайды, олар кірерге тесік таппай, жүректері ауыздарына тығылатын кейіпке түседі емес пе?! Сынып іші тым-тырыс күйге енеді: шыбынның ызыңы естілгендей... Стресті бастан кешіретін нағыз осы шақ! Байғұс шәкірт, сен сол мезетте қаншама миллиард жүйке жасушаларынан айрылады екенсің?!
Ағай (немесе апай: бәрібір емес пе кім екендігі, өйткені олардың сабақтарының бір-бірінен алшақтығы шамалы ғой!): «Маған сөйлейді бір «екісі», бір «бесі» бар Рапбек бала Түңдікбаев!» деп үкім шығарғанда, бүкіл сынып жеңілденгендей «Үф!» деп демін бір сыртқа шығарып алады.
Өткен сабақтардың бірінде алған «екілігін» жою мақсатында кеше ғана №30 параграфты толық жаттап келіп, тақтаның алдында шірене жауап беріп, сол үшін «бестік» алып, «Әй, енді ағай/апай үш-төрт сабақ менен сұрамас!» деп қаннен-қаперсіз отырған Рапбек үшін ғана бұл хабар аспаннан дүңк етіп түскен жайдың оғы іспеттес болды. Жаңа ғана ол алдындағы партада отырған Гүлжаһанға саусағын безеп, «Көресің, қазір сенен сұрайды!» деп мазақтап отыр еді...
Алғашында Рапбек құлаққа ұрған танадай селтиіп тұрып қалған. Мұндай әділетсіздікке сенгісі келмеді. Бүкіл сынып Рапбекке бір жағынан сынай («Ал көрейік, қандай екеніңді: өткен сабақта ешкімге сөз бермей сарнап едің, бүкіл тақырыпты жаттап алып! Сайра енді, бұлбылым!»), екіншіден үмітпен («Ойбай, құтқар бәрімізді, Рапбек, құрымай тұрғанымызда! Өткен сабақта бәрімізді де тамсандырып едің ғой!») қарайды.
Рапбекке енді ғана тіл бітті. «Астыңғы ерні қыбырлап, Үстіңгі ерні жыбырлап, Рапбек сонда сөйлейді, Сөйлегенде бүй дейді»:
- Ағай/апай! Мен өткен сабақта жауап беріп едім ғой!
Сәл діріл қаққан дауысынан реніш сезілгендей. Алайда ағай/апай оның сөзіне титтей де иланған жоқ, жауап беруді талап етті... Желкесін қынжыла қасып, арылы-берілі теңселуге ғана шамасы жеткен Рапбекке (амал нешік!) бүгінгі сабаққа дайын еместігін мойындап, орнына отыруына тура келді.
Ағай/апай Рапбекті біраз жерге апарып тастады («Сені тәп-тәуір бала ма деп жүрсем, сен де мына Жүргенбаевтардың арғы-бергі жағында екенсің ғой! Қап, бәлем, осыдан тоқтай тұр, сынып жетешісіне/әкеңе/анаңа/ ағаңа/ әпкеңе айтып, сазайыңды тарттырармын!). Рапбектің екі жүзі қызарып кетіпті: әбден масқарасы шыққандай кейіпте өзі...
Ағай/апай Рапбектің ұпайын түгендеп болған соң тағы да екі-үш баланы «жауапқа тартты». Біреу жауап бергенде, басқалары бұғып отыратын әдет емес пе! Бәрінің ойы жалғыз ғана: «Менен сұрамаса екен! Менен сұрамаса екен! Менен сұрамаса екен!» деген тілек. Құдды оқушының Көкке бағыштаған дұғасы мен жалбарынышы секілді бұл сөздер...
Айтып-айтпай не керек, әйтеуір әупірімдеп жүріп, сынып өткен сабақты бір қайталап шықты-ау бір кезде! Мұнда да бірінші партада отырған, сабаққа ылғи да дайындалып келуді өздерінің өмірлік міндеті мен борышы санайтын Гүлбаһар мен Гүлмираларға рахмет: манадан бері қолдарын көтеріп «Мен айтайыншы!» деп отырғанында, оларды «Сендер күнде жауап бересіңдер ме?» деп елемей қойған ағай/апай уақыт өте әбден шыдамы таусылып, бір кезде тақырыпты солардан сұраған...
Ендігі кезек - жаңа сабақты түсіндіруде. Ағай/апай орнынан тұрып, жөткеңкіреп тамағын бір қынап алып, екі иығын қомданып, шашын (костюмін, жағасын, галстугін, қалтасын, т.с.) сәл түзеп қойып, бүгінгі сабақтың тақырыбы жайлы әңгіме шертуге кіріседі. Оның айтатыны оқулықта жазылғанның ар-жақ бер жағы, сол деректі азғантай ғана түрлендіріп, сәл-пәл «май» қосып, «өз сөзімен» айтып беруде ағай/апай. Желідегі құлындай оқулықтан пәлендей алшақтай алмайды. Өзінің негізгі міндетін орындап тұрған сыңайда: қатқылданған жүзінен шабыттың әнтек болса да бір табы сезілетіндей, даусы да жарқын-жарқын шығады...
Ағай/апай жаңа сабақты айта бастағанда, бүкіл дерлік сынып иықтарынан тау түскендей жеңілденіп, босаңсығандай. Сабақтың ең ауыр, азапқа тұрарлықтай кезеңі аяқталды олар үшін. Енді бойыңды да еркін жазуға болады. Сол себепті де әркім өз ісімен айналысуда. Гүлжаһан Рапбекке тілін көрсетіп, «Алдың ба, бәлем, сазайыңды; бағана маған күліп едің!» деп мазақтап, дән риза. Әбілғазы мен Бақыт алдарында жатқан қағазға шұқшиып, өздері ғана түсінетін бір ойын ойнауда. Майра мен Күләйхан қол айнасына әлсін-әлсін жасырын қарап, шаштарын түзеп әлек. Жомарт пен Сейітжанның екі көзі ағай/апайда, алайда ауыздарын алақандарымен көлегейлеп («ағай/апай сезіп қоймасын» деп), қызық бір тақырыпты талқылауда (шамасы Майраның әдемілігі жайлы). Асан болса Гүлбаһарға анда-санда жасырын көз тастап, дәптерінен жұлып алған параққа хат жазуда; хат жолдары оқтын-тектін өлеңге айналып кете жаздай ма, қалай?.. Рапбектің фәни денесі сынып бөлмесінде отырса да, оның бақи жаны зәулім арман мен шексіз қиял патшалығына сапар шегіп кеткен сыңайда, тек анда-санда еріндері діріл қағып, жыр жолдарын қайталағандай болады...
Ағай/апайды тыңдап отырған ешкім де жоқ... Ол кісі мұны біле ме? Білсе, неліктен әңгімесін қызық қылып айтпайды? Неге сөздеріне бәрін де селт еткізер, оқушылар өміріне тікелей қатысы бар құнды бір мағлұматтар қоспайды? Неге оқушыларды да әңгімеге араластырмайды? Неліктен диалог құрмай, тек монологқа дес береді? Әлде оған бәрібір ме: оқушылар тыңдап жатыр ма, жоқ па? Тыңдамаса, тыңдамасын, әйтеуір мен өз міндетімнен құтылдым: «Айтып бермесем – маған серт! Қайталап бермесең – саған серт!» деген сыңайда ма мұғалімнің басты сабақ ұйымдастыру мен өткізу қағидасы?
Анда-санда ғана өз сөзін оқушыларға ескерту жасау үшін ғана бөледі: «Әй, Асқат, сен неге тықыршып кеттің?! Тыңдамайсың ба!» немесе «Менің айтып тұрғанымды ертең дәлме-дәл айтып бермесең, Дәмешкен, «екілік» алғаның! Тыңдап отыр!», т.с.с... Сонда оқушылардың сабақтағы басты міндеті мен әрекеті тек тыңдау болғаны ғой!
Осындай сабаққа қатысқаннан кейін, бір мұғалімнен «Сіз не үшін оқулықта келтірілген мәліметті өзіңіз айтып бердіңіз: оқушылар тіпті де Сізді тыңдамады ғой? Мүмкін жаңа тақырыпты игеру жұмысына оқушыларды қатыстыру керек болар: олар Сіздің жетекшілігіңізбен бірлесе отырып, мәтінді өздігімен оқып, оны бірлесе талқыласа қалай болар еді? » деп сұрағанда, ұстаз «Мен мемлекеттен бекер жалақы алып жүрмегенімді дәлелдеуім керек емес пе? Сол себепті де оқушыларға түсіндіруім керек!» деп жауап берген екен...
Айтып-айтпай не керек, әйтеуір мұғалім жаңа сабақты түсіндіруін аяқтады деп есептейік. Өз сөздерінің нәтижелі болғандығын ағай/апай оқушылардың әрекеттерінен емес, ауызша пікірінен ғана білгісі келеді: «Балалар, жаңа сабақты түсіндіңдер ме?» Әрине бүкіл сынып «Түсіндік!» деп жауап береді. Сейтжан болса тіпті ренжігендей кейіп көрсетеді: «Түсінбегенде ше?!» деп. Басқа жауаптың болуы мүмкін емес бұл жағдайда, оқушылар оны жақсы біледі: егер де бола қалса, мұғалім өзіңе тиіспей ме «Неліктен түсінбедің: тыңдамағанның салдары бұл!» деп. Сондықтан манадан бері селқос отырған шәкірттер «Түсіндік!» деп тақ-тақ етеді...
Енді сабақтың үшінші кезеңі – жаңа білімді бекіту өз кезегін күтіп тұр. Зор борышын орындаған кейіппен ағай/апай орындыққа отырып (жүзінде сәл шаршаңқылық сезіледі: оңай да емес қой 15-20 минут көсіліп сөйлеген!), оқушыларға тапсырма береді: «Ал енді, балалар, пәленшесінші параграфты ашып, соны оқыңдар (немесе: түгеншесінші есепті шығарыңдар, пәленшесінші жаттығуды көшіріңдер), сабақ соңында мен тексеремін!»
Бүкіл сынып шұқшия жұмысқа кірісіп кеткендей, ал ағай/апай бір (немесе бірнеше) оқушыны тақтаға шақырып («Әй, Баймұқанбетов пен Сырбаев, бағанадан бері тіпті де құлақ салмай отыр едіңдер! Келіңдер, түсінгендеріңді көрейін!»), сол балалармен жаңағы тапсырманың бір бөлігін орындайды. Қоңырау шылдырлағанда, мұғалім әлі де әлгі оқушылармен әлек болып жатады, басқалардың немен айналысып отырғандығын қапеліміне де алмайды. Ал басқалар берілген тапсырманы орындап жатқан сыңай ғана көрсетіп, манадан бері айналысып жатқан істерін жалғастыруда. Тек екі-үш бала ғана (ішінде сол баяғы Рызуангүл, Гүлмира, Гүлбаһар бар) мұғалімнің берген тапсырмасымен әуреленіп, әйтеуір бір әрекет жасап, қыбырлап отыр.
Әбден іштері пысқан Жомарт пен Сейітжанның тағы да бір ермегі бар: олар сағаттары барларға қарап, сол қолының қарын көрсетіп, «Қанша?» деген кейіппен қастарын көтереді. Аналар болса «ағай/апай көріп қоймасын» деп, сағаттарының циферблаттарына ұрлана қарап, қоңырауға қанша минут қалғандығын саусақтарымен көрсетеді. Оларды тергеген Сейітжанның бет-әлпетінен сабақтың қашан аяқталатындығын дөп білуге болады: жүзіне көлеңке жүгірсе - әлі де біраз уақыт шыдау керектігін түсінесің, ал егер ыржың-ыржың қағып, аппақ тістерін көрсетсе, онда азаптың финалына аз қалды дей беріңіз...
Көптен күткен қоңырау үні балаларға зор дүмпу беріп (оны баяғы «Аврора» крейсері зеңбірегінің атысымен салыстыруға да болады!), бүкіл сынып орнынан өре түрегелгенде, ағай/апайдың жалынышты (немесе қатқыл, өктем): «Үй тапсырмасын жазып алыңдар!» деген сөздерін елегендер аз болады. Өйткені келесі сабаққа пәленшесінші параграфты оқып келу (немесе түгеншесінші есепті шығару, пәленшесінші жаттығуды орындау не көшіру) секілді үйреншікті тапсырма беріледі: бәрі де іш пыстырар, ешкімнің де зауқы соқпайтын харекеттер...
Осы жерде оқу процесіне қатысушыларды – мұғалім мен шәкірттерді – «Бұл тапсырмалар оқушы үшін қызықты ма? Оларды орындаудың мақсаты қандай? Олар қандай нәтиже береді? Олар оқушылардың дамуына өз септігін тигізе ме?» деген сұрақтар тіпті де мазаламайды. Соған қынжыласың. Әйтеуір, «үйге тапсырма бермеді деп айтпасын» деген мағынада жасалып жатқан далбаса. Сабақ та сол түсінік пен ұғым тұрғысында ұйымдастырылып, өткізіледі: «Сабақты түсіндірмеді деп айтпасын». Бәрі де шынайы емес, формалды... Екі жақ та өз міндеттерінен құтылған сияқты: ұстаз білім «берген» секілді, оқушылар білімді «алған» сияқты.
Оқушы өмірінің есіл 45 минуті-ай! Өттің де, кеттің есте қалмай, көкірекке тоқылмай, жүректен орын алмай! Енді «Аһ!» ұрып, оның артынан көк жиренмен тасырлатып қусаң да, шаңына да ілестірмейді!.. Қамшының сабындай келте ғұмырдың тағы да бір мезеті еш қызықсыз, мәнсіз-мазмұнсыз лыпып барып, сөніп, жоқ болды... Құрдымға батты адам өмірінің ең шұрайлы кезеңінің құртақандай ғана бөлігі!..


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   124   125   126   127   128   129   130   131   ...   197




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет