Жоба туралы эссе Жазба жұмыстары қандай да бiр абстракциялы тақырыпқа иек артпай, студенттердiң өмiр тәжiрибесiне негiзделсе, бұл әрекеттердiң қызығушылық пен ықылас туғызатындығы сөзсiз. Өз сабақтарымда мен «Оқу процесiнде бiр емес, көптеген жазба жұмыстарын орындау керек» деген қағиданы ескере отырып, студенттерге бiрнеше тақырыпта шығармашылық жұмыс орындауды тапсырдым. Оның бiрiншiсi Сапаргүлдiң кеңесi бойынша «Менiң ата-тегiм» тақырыбы болды. Алғашында бұндай жұмысқа үйренбеген студенттер «Бұны қалай жазамыз? Кiм туралы жазамыз? Қалай жазамыз? Мен өз ата-бабаларымды бiлмеушi едiм, онда не iстеймiн?» - деген сауал-сұрақтарды көлденеңдедi. Бiраз уақыт бойы бiз осы мәселелердi талқылап, оларға жауап беруге тырыстық. Осы кезде Айым есiмдi студенттiң дәлелi басқаларға ой түрткi болған сияқты: «Егер мен өз аталарым, оның iшiнде әке-шешем туралы жазбасам, олар туралы кiм жазады: атақты жазушылар Сайын Мұратбеков пен Бексұлтан Нұржекенiң менiң ата-бабам хақында жазуы екiталай». Оған қосымша мен студенттерге тексеру кезiнде жұмыстың тек мазмұнына назар аударып, орфографиялық және пунктуациялық қателердi ескермейтiндiгiмдi, жұмыстармен танысып болған соң оларды әдеттегiдей кафедраға алып кетпей, өздерiне қайтарып беретiнiмдi айттым. Бұл шешiм де студенттерге тосын болып көрiндi. Олар «Ол жұмыстармен бiз не iстеймiз?» - дегендей аңтарылып қалды. Бұл сұрақты өздерiне қойғанымда, Мадина: «Мен оны ары қарай жалғастырамын»,- деп түйдi, ал Бiржан барлығымызды «Мен болсам өз жұмысымды кейiнiректе балаларыма және немерелеріме оқып беремiн!» - деп ду күлдiрдi. Осы екi оймен студенттердiң барлығы да келiстi. Студенттер өз өмiрiнiң құнды екендiгiне және зерттеудiң негiзi мен нысанына айналатындығына сенгендей болды: «Шындығында нелiктен мен өзiм туралы, өз ата-бабаларым туралы жазбаймын? Олардың өмiрi мәндi әрi құнды және де басқаларға өнеге боларлықтай болған жоқ па?» - деген ойға тоқтаған сияқты болып көрiндi олар маған. Осындай ой тоқтамнан кейiн ғана студенттер «Менiң ата-тегiм» тақырыбындағы жұмысқа кiрiсiп кеттi. Семестр бойы бiз осы жұмыстың орындалу барысына үнемi оралып отырдық. Студенттер жұмыстарының қандай деңгейде екендiгi туралы есеп берiп тұрды. Әрине олар бұдан басқа бiр-бiрiмен араласып, жұмыстарымен бөлiсiп, оларды талқылап тұрды, сабақтарда өз жұмыстарынан үзінді келтіріп отырды. Семестр аяғында мен межелік бақылауды студенттердiң семестрлік жұмыстарын қорғау түрінде бекіттім. Олар берiлген уақыт iшiнде жазбаларының тұжырымымен топты таныстырып, сонан соң қойылған сұрақтарға жауап бердi. Бүкіл топ студенттердiң барлық жұмыстарын талқылап, олардың мазмұны мен басқа да ерекшеліктері туралы әңгiме қозғады. Шәкiрттер өздерiнiң де құнды дүниелердi туындата алатындығына, әрқайсының жеке өмiрi суреттеу мен зерттеу нысаны болатындығына көздерi жеткендей болды. Мәселен, Әйгерiм осы тапсырма туралы келесідей ой толғады: «Мен бұрынырақта өз өмiрiм мен отбасыма немқұрайлы демесем де, үстiрт қараушы едiм. Былай деп ойлайтынмын: “Бiз қарапайым ғұмыр кешудемiз, өмiрiмiзде қызығушылық туғызатын ешқандай да жәйт жоқ”. Олай болмай шықты: сөйтсем мен өзiмдi де, жанұямның тарихын да тiптен бiлмейдi екенмiн. Әжеммен талай рет әңгiмелескеннен кейiн ғана мен әрбiр өмiрдiң мәндiлiгiне көз жеткiзгендей болдым». Ал Гүлiм болса былай деп жауап берді: «Шығарма тақырыптары мен кейiпкерлерi қол астымда болып шықты: алысқа бармай-ақ өз өмiрiмнен де қажетті материалдар мен қаһармандарды алуға болады екен. Менiң де өмiрiм басқалар үшiн құнды, өйткенi оның заман және қоғам ағымында екендiгiн ұғындым». Мұндай ойлардың маңыздылығын айта берудiң қажетi шамалы сияқты: бұл жерде мәселе студенттердiң осындай түсiнiкке өздерiнiң жетуiнде болып отыр. Олар ендi мынандай ой ұстанған сияқты: «Менiң өмiрiмнiң ешкiмнiң өмiрiне ұқсамайтын өзiндiк ерекшелiктерi бар. Сол сияқты өмiрiмнiң мәнi мен тұжырымы да бар. Яғни мен ешкiмге де ұқсамайтын ерекше тұлғамын: егерде мен өмiрге келмеген болсам, менсіз мына Әлем әлдеқайда жұпыны болар едi ғой»... Ал бұл ой өзiңе деген сенiмнен туады, өз өмiрiңнiң ерекшелiгiн сезiнуден бастау алады. Студенттердiң жұмыстарынан бiрнеше үзiндi келтiрiп кетейiн.