6. Өздік жұмыс
Кредиттік оқу жүйесінде өздік жұмыс студенттің білім алудағы негізгі әрекетіне жатады. Динамика мен өзгерістерге толы, ақпараттың шектен тыс өрбіген заманда тұлғаның негізгі қасиеті өздігімен үйрену мен білім игеру болып табылатындықтан, өздік жұмыстың маңызы барған сайын арта түсуде.
Кредиттік оқу жүйесі бойынша кез келген теориялық тақырып бойынша студенттердің талдау жұмысы келесідей тәртіппен өтуі ұтымды:
1. Студенттердің өздігімен танысқан теориялық материалды лекцияда тереңдету және талдау. Студенттер оқытушының көмегімен ақпаратты талдаудың негізгі бағыттарын толықтырады.
2. Теориялық материалды семинар сабағында проблема шешу тұрғысынан талқылау. Студенттер оқытушының жетекшілігімен теориялық материал бойынша нақты проблемаларды айқындап, олардың шешу жолдарын қарастырады.
3. Студенттер оқытушы ұсынған теориялық материалды өздігімен шығармашылық тұрғыдан меңгереді, нәтижесін жазба жұмысында келтіреді.
4. Студенттер өз жұмыстарын аудиториядан тыс уақытта бірлесе талқылап, жұмыстарын тереңдетудің жолдарын қарастырады, бір-біріне кеңес береді, бір-бірінің жұмыстарына бағалайды.
5. Студенттердің өткізген шығармашылық жұмыстары оқытушы тұрғысынан бағаланады.
Бұл жерде соңғы үш жұмыс студенттердің өздік әрекеттеріне негізделеді.
Өздік жұмыс студенттердің пәнді жүйелі түрде меңгеру, игерілген білім, білік, дағды, түсінік пен құзырлылықтарды бекіту, лекция және семинар сабақтарына жан-жақты дайындалуын қамтамасыз етіп, оларда өздігімен үйрену дағдыларын қалыптастырады.
Өздік жұмыс дегеніміз студенттің оқытушының қатысуынсыз және сабақтан тыс уақытта оқу жоспарында (силлабуста) белгіленген тапсырмаларды орындап, атқарған жұмысы туралы жазбаша есеп немесе ақпарат беруі.
Өздік жұмыста студенттер алған теориялық білімдерін талдап, қорытынды мен тұжырымдар жасап, оларды практикада қолдануға үйренеді.
Өздік жұмыс студенттің өз біліміне деген жауапкершілігін арттырып, өз білімінің мазмұндық траекториясын анықтауға және қолданатын әдіс-тәсілдерді таңдауға баулиды. Бүгінгі күні мұндай біліктерді меңгеру білім алу процесінің басты мақсатына айналып отыр.
Оқытушы өздік жұмысқа тікелей қатыспай, оны ұйымдастырып, сұрақтар мен тапсырмалар беру арқылы студент еңбегінің тиімділігіне сырттай ықпал жасайды.
Өздік жұмыстарды ұйымдастырғанда репродуктивтік (қайталау мен есте сақтауға негізделген) тапсырмалардан мүмкіндігінше бас тарту керек. Ондай жұмыстардың қатарына шығармашылықтың табы жоқ келесі әрекеттер жатады:
ұсынылған әдебиетті конспектілеу;
анықтамаларды (формулаларды, түсініктерді, мәтіндерді) көшіру, жаттау;
әртүрлі ақпарат деректерінен көшірген рефераттарды дайындау;
лекцияда қарастырылған мәліметтерді еске түсіру, қайталау; олардың тізімін келтіру, т.б.
Бұл жерде әсіресе рефераттарға тоқтап кеткен абзал, өйткені біз осы атаудың бастапқы мәнін ұмытып, оны «бірнеше ақпарат көзінен көшірілген жазбаша жұмыс» деп түсінеміз. Сол себепті де студент берілген тақырып (проблема, мәселе) бойынша екі-үш кітаптан өзі жасаған қисынды құрылымға сәйкестендіріп бірнеше абзац немесе бетті өзгертпестен көшіріп, еш сілтемесіз бүтін жұмыс түрінде оқытушының тексерісіне ұсынады.
Алайда «реферат» дегеніміз 1) «әдеби және басқа деректерге жасалған шолудан тұратын белгілі бір тақырып бойынша жасалған баяндама»; 2) «ғылыми жұмыстың, кітаптың, т.б. мазмұнын баяндау» (Словарь иностранных слов. – М., 1985 - С.433).
Реферат сонымен тек қана ойсыз көшіру емес, реферат - таңдалған тақырып бойынша ақпарат көздеріне талдау мен сараптау жасау, оларға баға беру. Рефераттан студенттің «МЕН» тұжырымы көрінуі керек. Ол үшін студент етістіктің бірінші «МЕН» жағын ұстанып, ақпарат көздеріндегі пікірлер мен ұйғарымдарды жақтап, не оларға қарсы шығып, оларға үнемі сілтеме жасап отыруы керек. Рефератта сілтеме тек төл сөз түрінде емес (яғни, цитата түрінде бұлжытпай алынған формада), төлеу сөз формасында болуы керек. Мәселен, «мына шығармада (немесе мына автор) былай дейді, ал анау шығармада олай дейді» деген сыңайда.
Студенттердің өздік жұмыстары зерттеу, ізденіс және шығармашылыққа негізделіп, жазбаша түрде орындалуы керек. Төмендегі кестеде сондай жұмыстардың кейбір түрлері келтіріледі.
Достарыңызбен бөлісу: |