Байланысты: Интербелсенді әдістерді ЖОО қолдану Асхат Әлімов (1)
«Білім игеру - өмір бойғы үздіксіз процесс» деген ұстанымды қалыптастыру. Қазіргі дәуірдің әлеуметтік және экономикалық даму ерекшеліктерінің бірі ретінде автоматтандырылған және ақпараттық технологиялардың тегеурінін атауға болады. Бұл тенденция тұрақты кәсіптердің өз қасиеттерін жоғалтып, өзгеріс пен уақытша сипаттарды иеленуіне әкелуде. Мұндай жағдайда үйрене білу және үйренуге ұмтылу маманның ең басты қабілеттеріне айналуда. «Өмір бойы үйрену» идеясының қазіргі білім жүйесінің негізгі тұжырымдамаларының біріне айналып кетуінің себебі осындай жәйттермен байланысты.
«Өмір бойы үйрену» тұжырымдамасының негізгі қағидалары нәтижеге бағытталып, оқу/оқыту жүйесінің студентцентристік парадигмасына сәйкес келеді. Өмір бойы оқып-үйрену дегеніміз тұлғаның әлеуметтік, азаматтық тұрғыдан жарқын болашаққа жету мақсатында өзінің білім, дағды, құзырлылықтарын үнемі жетілдіруі.
Өмір бойы оқып-үйрену келесі шарттарды ұстану арқылы жүзеге асырылады:
- үнемі жаңа білім игеру мен иемденуге ұмтылу;
- оқу/оқытуда жаңашыл және интербелсенді әдістерді қолдану;
- оқу/оқытуды бағалау.
Бүгінгі күнгі білімге негізделген қоғам әрбір тұлғадан өмір бойы оқып-үйренуді талап етеді. Мұндай қоғамның өміріне студенттердің (түлектердің) толыққанды қатысуы үшін оқу процесіне, оқу жоспарлары мен бағдарламаларына төмендегідей өзгерістерді енгізу керек:
1) Келесідей пән аралық негізгі біліктерді игеріп, оларды тұрақты түрде жетілдіріп отыру:
а) ақпараттық технологиялар, шетел тілдері, технологиялық мәдениет, кәсіпкерлікпен байланысты біліктер;
ә) әлеуметтік біліктер
- өздігімен оқып-үйрене білу,
- өзгерістерге бейімделе білу,
- ақпараттық ресурстарды қолдана білу,
- жаңа дағдыларды тез арада меңгере білу және жаңа проблемалар мен ситуацияларға бейімделе білу,
- команда құрамында бірлесе жұмыс жасай білу,
- таңдау жасап, шешім қабылдай білу,
- тәуекелге бара білу, т.б.
2) Оқу/оқыту процесін белсенділендіру, ал ол үшін:
а) студенттің өз білімінің мазмұны мен ауқымын анықтауда және білім игеру ісіне белсенді түрде қатысуына жол беретін оқу/оқытудың жаңа ұстанымдарын таңдау,
ә) студенттің оқуға деген қызығушылығын арттырып, оның аналитикалық ойлау қабілеті мен үйрене білу дағдыларын дамыту үшін оқу процесінде ақпараттық және коммуникативтік технологияларды қолдану.
3) Бағалауды келесі көрсеткіштерді анықтайтын механизмдердің жиынтығы деп түсіну:
а) жоғары оқу орнында оқытудың деңгейін,
ә) студенттердің оқу/үйрену процесіне қатысу деңгейін,
б) практикалық дағды мен біліктер арқылы сипатталатын студенттердің оқу нәтижелерін.