Асхат әлімов интербелсенді әдістерді жоғАРҒы оқу орындарында қолдану оқу құралы Алматы



бет4/21
Дата26.06.2018
өлшемі1,84 Mb.
#44344
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21



Сыни ойлау - сенім («Не нәрсеге/кімге сенуім керек?») мен құндылықтарды таңдау, қандай да болмасын мәселе бойынша барлық сұрақтар қарастырылғанша «сыпайы» түрде күмәндану.

Проблема шешуде қолданатын ойлау - жүйелі талдауды қажет ететін ойлау процесі, мұнда бұрынғы білім білмейтінді анықтау үшін қолданылады (эвристика). Ойлаудың бұл түрі бақылау, қорытындылау, жалпыламалау, жорамалдау (гипотеза құру) мен оны тексеру секілді әрекеттер арқылы атқарылады. Мұнда тәжірибе қою арқылы (эмпирикалық тәсіл) проблемалар арасында байланыстар анықталып, олар бір-біріне жақындастырылады.

Шығармашылық ойлау проблеманың қиял мен фантазия, елестету арқылы вариациялары көп шешімдерін келтіруді меңзейді.

Оқу/оқыту шәкірттерді осындай ойлау түрлеріне ынталандыруы керек, олар әр сабақта қандай да болмасын тапсырманы орындағанда оны жекелей және бірлесе отырып, жан-жақты қарастырып, ой елегінен өткізіп, туындаған ойлары мен түсініктерін ортаға салып, талқылап, пікірлесуі қажет. Ойлау дегеніміз мәселе жайында өзіңе сұрақтар қойып, соларға жауап іздену, жекелей және бірлесе ой қозғау. Ақыл-ой тек ойлану арқылы ғана дамитындығын ұмытпау керек.


Лирикалық шегініс

Біз қалай ойланамыз?

(әзіл-шыны аралас эссе)

Дегенмен, ойлану - тегін шаруа емес. Жалпы біз жиі ойланамыз ба? Өз өмірімізге байыпты да байсалды түрде көз тастап, өзімізге өзіміз есеп беріп, басымызға түскеннің бәрін де сабырлы түрде ой елегінен өткізіп, сараптаймыз ба? Жоқ, әлде ойымыз күнделікті күйбең дәрежесінен шыға алмай, тек майда-шүйде, бықи-тықи, жасап жатқан (көргеніміз, ішіп-жегеніміз, болмашы тақырыптарға сөйлескеніміз, біреудің жүріс-тұрысын, киімін, сөздерін, іс-әрекеттерін талқылағанымыз, т.с.с.) әрекеттерімізбен байланысты таяз мәселелерге ғана тоқтала ма? Мұның бәрі де әбден етіміз үйреніп кеткен, еш тереңдік пен даналықты қажет етпейтін ойлар мен ойлау, ал олардың бізді дамытатындығы күмәнді...

Шындығында да біз көп жағдайда ойланбаймыз, өмірді автоматты түрде сүреміз. Ұшқыштарда «автопилот» деген ұғым бар емес пе еді? Біз де дәл сондай күй кешеміз демекшімін. Сенбесеңіздер, есімізге түсірейікші, өміріміздің қанша мезетін терең ойлаумен өткізген екендігімізді? Таңертең тұрып, еш ойланбай-ақ жуынамыз, киінеміз, тамақтанамыз, жұмысқа/сабаққа жөнелеміз, онда да тіпті де ойланып-толғанбай үйреншікті, тіпті әдет болып кеткен әрекеттермен шұғылданамыз (құдды бір автомат десе де болады бізді!). Бәрі де таныс, әбден етіміз үйреніп кеткен істер, сөздер, амалдар... Осылайша ойланбай-ақ өмір кешеміз де, есімізді танымай дүниеден өтпейміз бе? Баяғы социализм дәуірінде мемлекеттің қартайған басшылары туралы айтылатын сөздерді орысша келтірейін: «Умер, не приходя в сознание». Біз де дәп сондаймыз ба?..

Ғалымдардың пайымдауы бойынша, адам миының ойлауға тікелей қатысты бөлігінің тек 3% ғана ойлау процесіне қатынасады да, қалғаны ұйқылы-ояу, қалғып-мүлгіген жағдайда күй кешеді екен. Себеп: ойланбаймыз, ойлана білмейміз. Көбіне-көп ойланудың орнына қиялдаймыз; әрекеттерімізді сараптап, оларға баға берудің орнына өзімізді ақтаймыз.

Ал ойлану деген не? Ол - өмірдің, тағдырдың, Жаратылыстың елеулі, қомақты, ауқымды мәселелері төңірегінде терең ой қозғау, оларға жауап іздеу: «Мен кіммін? Неліктен мен жоқ емей, бармын? Бұл өмірге не үшін келдім? Менің бұл өмірге келгенімнің мән-мағынасы қандай? Жалпы адам өмірінің мәні неде? Мен қайда бара жатырмын?» сынды маңызы бар сұрақтар бізді әрдайым мазалап тұруы керек.

Алайда олар төңірегінде ұдайы ойлануымыз екіталай. Сонда қандай мәселелер тұрғысында ойлануымыз мүмкін? Өміріміздің әр мезетінде өзімізге есеп беріп, барлық сөздер мен әрекеттерімізді еш жеңілдік жасамай, ақталмай, арымыз бен ұятымыздың таразысында бүкпесіз екшеп, өмірімізде туындаған проблемаларды шешудің амалдарын іздеп тұрсақ, құба-құп болар еді!..

Шәкірттерімізді де осындай ойлау әрекетіне баулып, оны күнделікті әдетке айналдырғанымыз абзал. Қандай мәселе туындаса да оны шешуде сезімге емес, ақылға жүгіну – халқымыздың ұлттық философиясы негізінде жатыр емес пе?

Өзіндік түсінік қалыптастыруға үйрену/үйрету

Әр шәкірт өзіндік түсінік қалыптастыруына мүдделі, осылайша ол өзінің теңдесі жоқ ерекшелігін айқындайды, соған иланады. Ал бұл сезім оның өзіне деген сенімін арттырады.

Өмірде әрбір адамды жоғарыда келтірілгендей «Менің бұл өмірге келуімнің биік мақсаты бар емес пе? Менің жаратылыста алатын орным қандай? Мен Жаһан ғимаратынан өз орнымды қалайша тауып, оған қалайша, Абай айтқандай, «қаланамын»? Өзімнен кейін қандай із, қандай ізгі іс қалдырамын?» деген сұрақтар мазаламай қоймайды. Әр адам өмірден тек өзіне ғана тиеселі үлес іздеп, ешкімге де ұқсамауға ұмтылады. Бұл адам табиғатының қасиеті де болар.

Мұндай мақсатқа жету қиын нәрсе, өйткені бұл өмірде барлық сөздер баяғыда айтылып кеткен, барлық істер жасалып біткен, барлық құпия біз жоқта ашылған, біз үшін осынау дүниеде орын да қалмаған сыңайлы. Енді бізге тек қана басқалардың айтқаны мен жасағанын қайталау ғана қалған ба? Ал бұл бір келеңсіз шаруа емес пе, еш асқақтауы мен шарықтауы жоқ?

Алайда біз дүниедегі өз орнымызды тек өзімізге ғана тиеселі өмірді толыққанды сүргеннен кейін ғана таба аламыз. Ал өз өміріңді сүру – өзің үшін өмірде қалтырылған «кетікті» табу деген сөз, өз өміріңмен сүру - басқалардың айтқан сөзін, істеген істерін, өмірдің барлық нышандарын өзіңше сезіну және түсіну. Философ Мераб Мамардашвилидің пікірі бойынша, біздің бүкіл Әлеммен қарым-қатынасымыз осындай түсініктен құралады. Түсіну деген - Әлемдегі өз орныңды табу, өйткені сенің түсінігің Әлемнің бір бөлігіне айналады. Жоғарыда келтіргендей, білім өздігінше өмір сүрмейді, ол әрқашанда біреудің түсінігінен орын алады; білім прогресі мен дамуы басқа адамның басқаша түсінуінен құралады. Өзінше түсініп қана әр адам осы әлемнен өз орнын табады.

Кезінде философ Мишель Монтень келесідей айтқан екен: «Егерде оқушы Ксенофонт немесе Платонның пікірлері хақында ойланып, оларды қабылдаса, ол пікірлер жаңағы философтардың меншігі ғана болмай, оқушының пікіріне айналып кетеді» (Монтень, 123).

Сөйтіп шәкірттер оқыту процесінде қарастырылатын әрбір мәселе бойынша ой толғатып, оны өздігімен жан-жақты зерттеп, өз түсінігін қалыптастыруы керек. Білім алу жүйесі әр үйренушіге өз әлемін айқындап, оның құндылықтары мен қағидаларын белгілеуге көмек беруі керек. Бұл арқылы оқушы өзінің ішкі жан дүниесінің ойлануға (рефлексияға) негізделген әлемін ашып, оны басқаруға үйренеді.

Бұрынырақта тұлғаның дамуын біз бірінші мезетте білімділік тұрғысынан өсумен байланыстырсақ, қазіргі күні педагогика бұл мәселені оқушылардың өзіндік ой-толғанысына (рефлексиясына) негіздейді. Ал рефлексия дегеніңіз зерттеліп жатқан болмысқа деген шәкірттердің өзіндік көзқарасы мен түсінігі, оның құндылықтарын, себептері мен салдарын, мағынасын түсінуі. Рефлексия дегеніміз ойланып-толғану, өз түсінігіңді қалыптастыру, өзіңді тану мен түсіну. Сол себепті де үйренуші атқаратын барлық іс-әрекеттердің негізін рефлексия құрау керек: сол арқылы шәкірт алдында тұрған барлық мәселелер мен проблемаларды терең түсініп, оларды шеше біледі.
Білімді игерудің тиімді тәсілдерін үйрену/үйрету

Егер ұстаздың шәкірт жайлы түсінігі «таза парақ» бейнесі ретінде болса (шәкірт сабаққа таза парақ сияқты ешнәрсе «жазылмаған» күйінде келеді, ал ұстаз сабақ бойы оны біліммен «толтыруы» керек), онда үйренушінің білімді игеруі екіталай, өйткені білімді игеруге оның тікелей қатысы болмайды, яғни ол берілген білімді ырықсыз қабылдаушы рөлін ғана (ойнайды» деген сөз.

Білім алу ісінде бұл мәселені түбегейлі өзгертіп, оқушының білімге деген бәлсенді (пассив) көзқарасын бұзу қажет. Үйренуші енді өздігімен (мұғалімнің ұйымдастыруы мен жетекшілігі арқылы) «Маған қандай білім қажет?», «Мен не білуім керек?» деген сұрақтар төңірегінде үнемі толассыз ой-толғаныста болып, өзіндік тұрғыдан білімді ізденуі және игеруі керек. Мүмкін шәкірттің енді сабаққа жартылай «жазылған» күйінде келуі оңтайлы шығар, яғни ол бүгінгі сабақтың тақырыбы бойынша үйде өздігімен дайындалып, туындаған сұрақтарын, түсінбеген жерлерін айқындап, сабақта оқытушының басшылығымен басқа үйренушілермен бірлесе отырып, білгендерін талқылап, толықтырып, дамытып, жауап пен шешімін табуға ниеттелуі дұрыс болар?

Осылайша сабаққа «жартылай жазылып» келген тәлімгер өзін-өзі «толтыру» мүмкіншілігіне ие болады. Осылайша оқу/оқыту процесінде үйренуші өзіне керекті, өз өмiрiнде қажетіне жарата алатын ақпаратты таңдай біліп, оны өздігінше игеруге көмек болатын әмбебап тәсiлдерді игереді, үйренеді. Мұндай өзіндік тұрғыдан үйрене білу дағдысы өзгерістерге толы мына заманда әр адам үшін өмір бойы қажет болатын білімге айналатындығы сөзсіз.

Қазіргі күні ақпараттың орасан зор көлемін игерудің мүмкін еместігі туралы сөз қозғадық. Ал оның қайсысы бүгін және болашақ өмірде шәкіртке қажет болар екен? Бұл мәселені кім шешіп, кім дұрыс жауап берер екен? Ата-ана ма, жоқ, әлде, ұстаз ба? Алайда олар аға буын өкілдері ретінде ертеңгі күнді, яғни шәкірттің ересек өмірге белсенді араласқан мезетті, жан-жақты болжай алар ма екен? Сол себепті де олардың болашақтағы өмірдің ерекшеліктері және замана талабы қандай болатындығын білуі екіталай. Бұған қоса келер уақытта өмір сүретін бүгінгі шәкірттің өзі ғой. Сондықтан да үйренуші өзіне қажетті білімді өзі таңдап, оны ұстаздың көмегімен игеруі керек.

Мұндай жағдайда ақпарат - оқытудың нәтижесi емес (дәстүрлі оқу жүйесіндегідей), оның бастапқы кезеңiне айналады: оқушы (студент) осы мәліметті түсініп, талдап, оны өзінің әлеуметтік тәжірибесі тұрғысынан бағалай отырып, соның негізінде жаңа білім құрастыруға дағдыланады, оны өз керегіне жарата алады. Сөйтіп оқу/оқыту процесінде шәкірт бiлiм игеру және жаңа білім құрастыру дағдылары мен әдiстемесiне үйренеді. Енді ол мынау күнделікті өзгеріп отырған аумалы-төкпелі заманда қайда жүрсе де (мектеп пен жоғарғы оқу орнын бітіріп кеткеннің өзінде де), өмір бойы өздігімен білім ала алады. Ал ұстаздың басты мақсаты - шәкіртіне білімді өздігімен игеру амалдары мен тәсілдерін үйретіп, оның өзіндік түсінік қалыптастыруына тиімді жағдай жасап, бағыт-бағдар сілтеу.

Басқаша сөзбен айтқанда, оқу/оқытудың басты мақсатын дәстүрлі «Өмiр бойы азық боларлықтай бiлiм беру» үлгiсiнен «Өмiр бойы оқып үйрену» қағидасына ауыстыру керек. Ал бұл қағиданы жүзеге асыру үшін оқытуда негізгі салмақты нәтижеден процеске ауыстыру керек. Басқаша айтқанда, білім беруде басты мақсат - «не нәрсеге оқыту», яғни мазмұн емес, «қалай оқыту», яғни әдістеме, сабақ барысының өзі.

Бұнда мәселе тек қана ұстаздың білім беру әдістеріне келіп тіреліп тұрған жоқ сияқты. Шындығында да өзінде бар білімді ұстаз шәкірттеріне дайын күйде беретін болса, оның бұл ісінен мардымды нәрсе шығар ма екен? Халқымыздың «Тісі шыққан балаға шайнап берген ас болмас» немесе «Жетектеген ит қораға үрмейді» деген аталы ұғымдары осындай жәйтті меңземей ме? Көне қытай нақылы да осындай идеяны білдіреді: «Аш адамға балық берме, қармақ бер!»

Дегенмен бұл ұстанымда таным процесі үйренушілердің іс-әрекеттеріне тікелей байланыстырылады, яғни жоғарыда келтірілген оқыту процесінің басты тұлғасы туралы және де белсенді оқу туралы тезистер қуатталатын сияқты.

1.5 Әлеуметтiк тәжiрибе арқылы үйрену/үйрету

Оқытуда тағы да бір мәселеге ерекше назар аудару керек: шәкірттің әлеуметтiк тәжiрибесiн арттыру. Басқаша сөзбен айтқанда, оқу процесiнде әлеуметтiк мазмұн басым болуы қажет.

Әр сабақта үйренуші оқытудың басқа да қатысушыларымен араласып (шәкірттер мен ұстаздар), коммуникативтiк қарым-қатынас процесiнiң белсендi мүшесiне айналады. Мұндай қарым-қатынаста әрбiр шәкірттің өзiндiк өмiр тәжiрибесiнiң алатын орны ерекше. Сол себепті оқу мазмұны қандай да бiр абстракциялы тақырыпқа иек артпай, студенттердiң өмiр тәжiрибесiне негiзделсе, оқу процесі студент тарапынан қызығушылық пен ықылас туғызатындығы сөзсiз.

Білім деген тек дағды мен білік қана емес, сонымен бірге адами қасиет екендігін ізгілікке зәру ХХ ғасыр кеш түсінді. Біз - адамбыз және де күніміз тек қана адамдармен болмақ, демек білімнің басты мазмұны - адамгершілік қасиеттерге баулу болып табылатын шығар? Кезінде Абайдың да басты өмірлік қағидасы «Адам бол!» емес пе еді? Адами қасиет болмаса, қалғанның бәрі де бос, даурықпа сөз.

Тамаша философ Иммануил Канттың өмірлік қағидасы келесідей болған: «Адам әрқашан да мақсат болып, ешқашан құрал болмауы керек». Бұл сөздер бойынша дүниеде барлығы да адам үшін, оның игілігі үшін жасалуы шарт, алайда адамның қолымен немесе адамның арқасында белгілі бір мақсатқа жетуге тырысу - адамгершілікке жатпайды. Біз бар ұмтылысымызды адамдарға, яғни қоғам игілігіне бағыштауымыз керек: өміріміздің ең басты қағидасы – басқалар үшін өмір сүру болмай ма?! Олай болса, оқытуда да барлық әрекетті осы идеямен байланыстырып, оның төңірегіне шоғырландырған абзал.

Бүгінгі күні педагогикада білім алу мен қоғам мүдделері тығыз қарым-қатынаста қабылданады. Мұндай көзқарас бойынша қандай да болмасын білім қоғамда өмір сүріп, әлеуметтік проблемаларды шешумен тығыз байланыста болуы керек. Бұл ұстанымның екі атауы бар: оның бірі - «Сыни сауаттылықты дамыту», ал екіншісі - «Қоғамға қызмет жасау негізінде білім беру» (қараңыз: Ч.Темпл /2005, Д.Рован және В.Видович, Дж. Тейлор, Дж.Хербек және К.Бейер, Э.Бек, Х.Моулд). Бұл екі атау да мазмұн жағынан бір-біріне ұқсас, бірін-бірі толықтырады, бір-бірінің дамуы мен жалғасы болып табылады, сол себепті де оларды бір ұғымды білдіретін терминдер деп түсінген дұрыс.

«Сыни сауаттылық» ұғымының пайда болуы бразилиялық педагог Паоло Фрейренің есімімен байланыстырылады (Ч.Темпл, 2005, Э.Бек). Мамандығы бойынша заңгер болғанына қарамастан, П.Фрейре Сан-Паулу қаласында әлеуметтік төменгі сатыда тұрған қала кедейлерінің сауатын ашу жұмысын өз өмірінің басты мақсаты ретінде санаған: аш-жалаңаш, қайыр сұраған дәрежедегі адамдарды осындай тағдыр шырмауынан, қоғамның жаншуынан азат ету үшін ең бірінші мезетте олардың сауатын ашу керек болды.

Әрине бұл сауаттылық біздің санамызға әбден сіңіп кеткен хат танып, жазу-оқу-санаққа үйрету ғана емес, сонымен бірге өмір жерге тұқыртқан осындай адамдардың құлдық, ырықсыздыққа үйреншікті, кім болса соған тәуелді болып кеткен санасын өзгерту еді. Бұл адамдарды тіпті сөйлеуге де үйретіп, сөздің өзіңнің қандай да болмасын мұң-мұқтаждарың мен мүдделеріңді басқаларға жеткізудің құралы екендігіне көздерін жеткізу керек еді.

Мұндай адамдарды үйреткенде, оларға білімді абстрактылы түрде таныстырған тиімсіз еді: бұл білімді олардың түсіне қоюы екіталай. Сол себептен де Паоло Фрейре нақты мәселелер мен өмір туындатқан күнделікті проблемаларды мысал түрінде келтіріп, олардың нақты шешу жолдарын қарастырған жөн деген байламға келген. Бұл жердегі ең басты мәселе осы адамдардың өздері әлеуметтік сатының ең төменгі баспалдағында тұрғандығын мойындап, оның себептерін анықтап, тығырықтан шығатын жолдарды іздестіру еді. Басқаша сөзбен айтқанда, өз болмысы туралы ой-толғаныс, рефлексиялық көзқарас пен нақты проблемаларды шешу, яғни сананы ояту қажет болды (Н.Кравченко, 2002).

П.Фрейре «Өмірді оқыту/үйрету керек, өмірмен оқу/үйрену керек», - деп тұжырымдайды. Сондықтан да балаларды көркем әдебиетті оқытуға үйрету жеткіліксіз, оларды күнделікті өмірде ойып орын алған мәселелерді шешуге үйрету керек дейді бразилиялық педагог. Ал ол үшін саясаткерлердің сөздерін, әлеуметтік қызметтердің жұмысын, тіпті жарнамаларды дұрыс түсініп, оларға әлеуметтік әділдік тұрғысынан тиісті баға беруге үйрену/ үйрету керек. Басқаша айтқанда, үйренуде/үйретуде өмірге бағытталу керек.

Шынымен-ақ біз білімді көп жағдайда практикадан тыс, априори қалыпта қабылдаймыз немесе береміз. Жоғары оқу орындарында әдетте оқытуда алдымен теория ұсынылып, тек содан кейін ғана бұл мәліметтер практикалық машықтану арқылы жүзеге асырылады. Осы түйісуде шынайы білім пайда болады деп есептелінеді.

Ал сыни сауаттылық пен қоғамға қызмет арқылы оқыту теориялары білімді өмірлік проблемаларды шешуге арналған құрал деп түсінеді. «Білім деген не?» десек, шындығында да ол - абстрактылы ұғым емес, білім - нақты білік пен дағды. Шәкірт басына (миына) орасан зор көлемде мәлімет жинап алып, олардың өмірде не үшін керектігін және қалайша қолданылатындығын білмей жүрсе, ондай білімнің қажеті қанша? Ондай «білімпаздың» қолынан келетіні жалғыз ғана нәрсе: ол қандай да болмасын мәселе бойынша өзін хабардар екендігін көрсетіп, барша жұртты білгіштімен таңқалдырады. Мұндайда келесідей сұрақтың тууы да ықтимал: «Бұл білім бе, жоқ әлде тек есте сақтау қабілеті мен жадының керемет үлгісі ме? Білім сонда тек осы үшін ғана керек пе?»

Жоқ, білім - өмірде өз қажетін таба алатын білік пен дағды. «Не нәрсеге үйренсек те, оның барлығы да өмірмен тығыз байланыста болғаны абзал»,- деп тұжырымдайды жоғарыда аталған оқыту теориялары.

Сонымен, оқу/оқытудың да, әрбір ұстаздың да басты мақсаты – қоғамға игі өзгерістер енгізуге құштар және де осындай әрекет қолынан келетін азаматтарды қалыптастыру болуы керек. Ал оған жетудің ең тиімді жолы - әр сабақта нақты өмір туындатқан проблемаларды шешу.

Бүгінде өмірдің нақты әлеуметтік проблемалары қандай? Олардың саны жыртылып-айрылып жатыр: біздің күнделікті өмірімізде шешімін талап ететін проблемалар аз ба екен? Тура дәп осылай студенттер аудиториясында да проблемалар бастан асып жатыр: оларды кім, қашан және қалай шешеді? Әрине, тек студенттердің өздері ғана. Оларды тек өміршеңді проблемаларды айқындап, олардың шешу жолдарын табуға баулу қажет.

Философтардың пайымдауы бойынша, бүгінгі күнгі адамзаттың ең басты проблемасы - өгейсіну, жатсыну. Қоғам дамыған сайын адам өзінің ұжымдық сипатынан айрылып барады: егерде бастапқыда адам өзін ұжымның мүшесі мен бөлігі ретінде қабылдап түсінсе, ендігі күні адам патриархалды, яғни ұжымдық санадан арылып, өзін толыққанды өмір иегері ретінде сезінеді. Адам бүгінде өзін ұжымның бөлігі ретінде қабылдамайды: бұл ұстаным мүмкін оны еркіндік пен тәуелсіздікке әкелетін де шығар. Алайда адам өзінің психикасына терең бойлаған бұрынғы қорқыныш пен үрейден тіпті де арылмаған. Айырмасы сол, егер ұжымдық дәуірде адам табиғаттан қорықса, қазіргі өзіндік (индивидуалды) заманда адам өзі қалыптастырған қоғамнан қорқуда. Оның бойындағы бұрынғы үрей мен қорқыныш жоғалып кетпей, тек өзгеру мен трансформацияға ұшырап, басқа қалыпқа ғана енген. Адам бәрібір қазір де қорқуда, үрейленуде. Бұрын ол табиғат алдындағы қорқынышымен ұжыммен бірігіп күрессе, енді адам қоғам алдында жалғыз қалған.


Кесте №2



Не нәрсеге

үйрену/үйрету

керек?


Қалай

үйрену/үйрету

керек?


Не үшін

үйрену/үйрету

керек?



1. Қағидалық мәселелер

- өмір сүруге

- адам болуға

- ешкімге де тәуелді болмауға, өзіндік тұрғыдан әрекет жасауға

- маман болуға

- өмір бойы үйрене білуге


2. Нақты білік пен дағды

- ақпаратты таңдап, оны өздігінше игере білу, өз мұқтаждығына пайдалана білуге

- ойлай білуге, ойлануға

- ізденуге, жаңалық ашуға

- қандай да болмасын мәселе бойынша өзіндік түсінік, пікір, көзқарас қалыптастыра білуге

- тиімді қарым-қатынас құра білуге

- дұрыс таңдау жасап, шешім қабылдай білуге

- өмірде туындаған проблемаларды шеше білуге






1. Өздігімен

«Үйрету мүмкін емес, тек үйрену ғана ықтимал» деген қағиданы ұстана отырып, өздігімен үйрену.

2. Белсенді әрекеттер арқылы

Білім тек белсенді әрекеттерді қолдану арқылы ғана игеріледі.



3. Бірлесе

Білімді жекелей емес, бірлескен (жұп, шағын топ, аудитория құрамында) жағдайда жасалған жұмыс пен әрекеттер арқылы игерген тиімді.



4. Өмірмен байланыс арқылы

Қандай да болмасын пән (тақырып) өмірде туындаған проблемаларды шешуге бағытталады



5. Рефлексия арқылы

Философиялық

(«Мен кіммін? Қандаймын? Қайда бара жатырмын? Менің өмірімнің мәні мен мақсаты қандай?») және танымдық («Мен не білемін? Мен не үйрендім?Бұл білім маған қажет пе?Мен бұл білімді қалайша қолдана аламын? Мен тағы да не білгім келеді? Мен оны қалайша білемін?) сұрақтар төңірегінде ой қозғау.



1. Адам болу үшін, тұлға болу үшін

Бұл адамның ең басты міндеті мен мақсаты. Адам үшін басқалар да ең басты мақсат және құндылық болуы керек. Өмірдің басты заңдылығы «Кім болу?» емес, «Қандай болу?»


2. Азамат болу үшін

«Біз» есімдігі «Мен» есімдігінен анағұрлым жоғары, ал қоғам мүдделері жеке бастың мүдделерінен биік екендігін қабылдау керек.


3. Маман болу үшін

Өздігімен өмір бойы үйрене білу, жалпы адами құндылықтарды ұстану, фундаменталды және кәсіби білік, машық, дағды, құзырлықтарды меңгеру


Адамзаттың қазіргі күнгі ең басты трагедиясы осындай.

Әрбір тұлға қоғам мүшесі бола тұра, жалғызсырауда. Ол өзінен де, қоғамның басқа мүшелерінен де, өз жұмысы мен мен оның өнімдерінен де аластатылған, ол жаңағылардың бәріне де жат, бөтен. Сондықтан да болар адамдардың қарым-қатынасы шынайы адал сезімдерге негізделмеген. Олардың бәрі де үстірт, формалды: біздің бір-бірімізге деген сезімдеріміз мен ықыластарымыз жасанды. Бұл жәйтті барлық философтар мойындайды.

Жаратушының адам мен адамзат қоғамы алдына қойған ең басты мақсаты - осы сынды өгейсіну мен жатсынуды жеңу, жоққа шығару сияқты. Сонда ғана біз өзімізді нағыз адам деп санауымызға толық құқылы болармыз. Ал бұл үшін адамдардың бір-бірімен адами тұрғыдан қоян-қолтық қарым-қатынас құруы керек, бір-бірімен шынайы диалог жасауы керек. Ал мұндай әрекеттерге үйрену бірінші кезекте интербелсенді оқу/оқыту процесінде жүзеге асырылады.



Сонымен интербелсенді оқу/оқыту пәлсапасын ұстана отырып, жоғарыда келтірілген сұрақтарға жауаптарды төменде берілген №2 кестеде қысқаша түрде көрсетуге болады.
Қосымша

БIЛIМ АЛУ ЕСКЕ ТҮСIРУ РЕТIНДЕ
«Егер оқытуды бiреудiң басынан басқаның басына бiлiм тасымалдау деп түсiнсек, онда адамды ешнәрсеге де үйретуге болмайды», деп тұжырымдаған Платон. Адам бойындағы барлық бiлiмдi өзi есiне түсiруi керек.

Платонның бұл пайымдауын екi жақты - мифологиялық және рационалды - түрде түсiнуге болады. Мифологиялық тұрғыдан, Платонға жүгiнетiн болсақ, адам жаны өмiрге келерге дейiн құдайлардың арасында тұрып, сол жерде бiлiм алады. Құдайлардан сол жанды алып осы өмiрге келгенде, адамның бұрынырақ игерген бiлiмдi тек есiне түсiруi ғана керек.

Ал рационалды тұрғыдан еске алу теориясында терең мағына бар: адамды шындығында да барлық маңызды нәрсеге үйрету мүмкiн емес. Мысалы, Эйнштейн болуды үйретуге болмас – ондай оқулықтар мүлдем жоқ емес пе? Айтпақшы, Эйнштейннiң өзi мектепте физикадан кереметтей бiр дарын көрсеткен де емес, аттестатта ол пән бойынша оған «үштiк» қойылғанды. Бiрақ Эйнштейнде басқаларда жоқ тылсым қасиеттер – шексiз қиял мен ой еркiндiгi бар едi, ал оларға баланы үйрету мүмкiн емес, оларды тек өзiңнен, жан тұңғиығынан шығарып алу керек, яғни осы мағынада есiңе түсiру қажет.

Моцарт болуды да үйрету мүмкiншiлiгi жоқ: көптеген эамандастары композиция теориясын одан анағұрлым жақсы бiлген, мәселен Сальери музыкада Моцарттан бiлiмдiрек болған. Бiрақ Моцартта бар қасиет бiр де бiр композиторда болмаған. «Амадеус» фильмiнде Моцарт музыканы тiптi шимай дәптерсiз шығарады: ол музыканы естидi, қиналып ойдан шығармайды. «Естидi» деген не екен ғажабында? Оған музыканы ғарыш әуендеп бере ме? Жоқ, әлде, Пифагор секiлдi ол аспан әуенiн естiген бе екен? Не десек те, мұндай қабiлеттi бiр де бiр консерваторияда үйрету мүмкiн емес.

Ондаған шет тiлдерiн бiлетiн лингвистер бар. Соншама тiлдi жаттап алу мүмкiн емес. Бiр тiлдi үйрену үшiн (мәселен, немiс яки француз) бiрнеше мың сөздi, оның iшiнде алты-жетi шақтағы жүздеген етiстiктердi, орасан көп мөлшерде идиомалық тiркестердi және т.б. жаттап алу керек. Ал полиглоттар ондаған тiлдердi меңгерген. Шындығына келсек, олар екi-үш тiлдi ғана жаттайды да (бұл үшiн арнайы қабiлет қажет), ал қалғандарын «есiне түсiргендей» болады. Олар жеке тiлдiң, тiптi өз-ара туыс тiлдердiң «жанын», iшкi байланыстары мен негiзiн сезiнгендей болады. Тiл оларға «ашылады», әрбiр келесi сөз жан тұңғиығынан олардың санасына «көтерiледi».

Философия тарихында немiс философ-рационалисi әрi математигi В.Лейбниц пен ағылшын философ-эмпиригi Д.Локк арасындағы атышулы пiкiрталас болғандығы аян. Рене Декарт секілді Лейбниц те идеялар туа бiтедi деп есептеген, ең маңызды және басты бiлiм адамға туғаннан берiлген деп пайымдаған. Әрине, мәселе адамның физика немесе математика заңдарын туа бiлуiнде емес, мәселе егер адамды дұрыс тәрбиелеп, дамытса, ең басты ақиқаттарды оның өзi-ақ ашатындығында. Адам болмысында туа бiткен бiлiм әу бастан-ақ бар. Мүсiншi мәрмәр тастың кесегiне қарап, мүсiн пайда болу үшiн оның қандай бөлiктерiн қашап тастау керектiгiн көретiндей, бiлiм де адам бойында оның оқыған-оқымандығына байланыссыз орын алған.

Бiрақ осы бiлiмдi өн бойынан алу, оны «еске түсiру» - өте күрделi әрi көптiң қолынан келе бермейтiн шаруа.

Барлық маңызды және құнды нәрселердi нәтиже ретiнде, жұмыс тәсiлдерiнiң жиынтығы ретiнде беру мүмкiн емес - кәсiп тереңiне әр адам өзi ой толғатып жетуi керек, барлығы да оның өзiне ашылуы тиiс.

Ал бұған ешкiм де үйрете алмайды. Бұл тек еске түсiруде, тұла бойыңнан Үлкен сананы ашу жолында ғана берiледi.

Бiрақ мұның бәрi оқудың, күнделiктi бiлiмдердi игерудiң, бұрынғылардың бiзге дейiнгi бiлгенiн бiлу керек еместiгiн меңземейдi. Үлкен сана деңгейiне асқақтау үшiн, Кiшi сананы күнделiктi және жан-жақты дамыту қажет, белгiсiздiкке ұмтылу үшiн өзiңе таяныш-тiрек қалыптастыру керек.

В.Губин

/Кітапта: В. Д. Губин. Я познаю мир.- М., 1997/

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет