Қасым Аманжолов қазіргі Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы Қызыл деген жерде 1911 жылы дүниеге келеді. Майданнан өлеңмен жазған "Ағайыма" деген хатындағы: "Қыс. Қыстау. Атамекен Қызылдағы" дегендегі Қызыл – сол туған жері. Әкесі де сонда қайтыс болады. Жас болса да Қасым соның бәрін есінде жақсы сақтап қалған. Әке-шешеден жастай жетім қалған, ол біраз жыл ағасының қолында өседі. Алғашында жаңадан ашылған ауыл мектебінде оқып, сауатын ашады. Кейін, 1924 жылы, ағасы Қасымды Семей қаласындағы интернатқа орналастырады. Қасым онда 1927 жылға дейін тәрбиеленеді. Одан әрі қарай үш жыл Семей мал дәрігерлік техникумында оқиды. Алғашқы өлеңдерін де осы кезде жазады. 1930 жылы Алматыға келіп, біраз уақыт "Лениншіл жас" газетінде істейді. 1931 жылы Ленинградтағы орман шаруашылығы институтына түсіп оқиды. Бірақ, денсаулығына байланысты және түскен оқуын да онша ұната қоймағандықтан, бірер жылдан кейін елге оралып, О рал қаласында "Екпінді құрылыс" газетіне қызметке орналасады. Жас ақынның көптеген өлеңдері осы газетте жарық көреді. Әншілік, әртістік өнерге бейім, домбыра, мандолина бастаған бірсыпыра музыкалық аспаптарда еркін ойнайтын ақ көңіл, жайсаң жанды "ерке Қасымның" Оралда болған, әсіресе 1935-1936 жылдары Оралдағы қазақ театрындағы қызмет еткен кезі өміріндегі ең бір қызықты, қымбат шағы болып қалады. Оның бойындағы туа бітті зор таланты да осында белгі беріп, ақындық жолына біржолата бет бұрады. 1938 жылы тұңғыш өлеңдер жинағы "Өмір сыры" деген атпен жарық көреді
Қасым 30-жылдардың өзінде-ақ А.Пушкиннен, М.Лермонтовтан, Т.Шевченкодан, Дж.Байроннан, В.Маяковскийден шебер аудармалар жасады. Бұл оның үлкен поэзияның сырына терең бойлап, ақындық өнерінің қыр-сырын тануына көмектесті. 1939-1940 жылдар ақынның өсу жолындағы елеулі кезең болды. "Нар тәуекел", "Бурабай толқындары", "Дауыл", "Көкшетау", "Орамал", "Сұлтанмахмұт туралы баллада", "Өз елім", "Ғашық едім қайтейін" сияқты тамаша туындылары осы жылдары дүниеге келді. Бұл кезеңдегі ақын өлеңдерінде түр, дыбыстық үндестік, ырғақ жағынан да жаңалықтар көрініс берді. Сондай-ақ, Қасым лирикалық өлеңдермен қатар сүйекті туындылар жазуды да қолға алады, "Құпия қыз", "Бикеш" (алғашында "Азғынбаев" деп аталған) секілді алғашқы поэмаларын жазады.