АСТАНА – БАТЫС ПЕН ШЫҒЫС АРАСЫНДАҒЫ
ДІНАРАЛЫҚ СҰХБАТ КӨПІРІ
Алмурзаева Бибигул Нурлыбаевна
ҚР МСМ ҒЗТО Исламды зерттеу бөлімінің аға ғылыми қызметкері
Рухани келісімді басқа барлық келісім формаларының бастау негізі ретінде қарастыруға болады. Өйткені, ол адамаралық байланыстардың ішкі-дүниетанымдық-дүниеге қатыстылық өзегі болып табылады. Өткен ХХ ғасыр жаһандану жағдайында адамдардың, олардың дүниетанымдары мен мәдениеттерінің өзара түсінік табуын талап еткені белгілі. Жаһандану кезеңінде өркениеттер мен мәдениеттер үнқатысуының үдерісі дінге қатысты өзекті мәселелерді назартан тыс қалдырмауды талап етуде.
Әлем сахнасындағыдінаралық диалог атауының пайда болу тарихына көз жіберсек, батыс мемлекеттері мен АҚШ-тың материалдық көмегінің арқасында Ватикан ХХ ғасырдың екінші жартысында «Ислам-Христиан Диалогы Секретарияты» деп аталатын екі алып дінді бір-біріне жақындастыратын және халықаралық іс-шаралар жүргізетін ұйымды құрған болатын. Аталмыш ұйым уақыт өте келе Азия, Еуропа, Америка, Австралияда өз орталықтарын ашты. Дегенмен бұл қозғалыстың негізгі мақсаты дінаралық сұхбат құру емес, христиан дінін кеңінен насихаттау, отаршылдық саясатты жүзеге асыру еді. Алпауыт мемлекеттердің отарлау саясатының құрсауына Қиыр Шығыс, Үндістан, Африка және т.б. елдердің ілінгені баршаға аян. Уақыт өте келеаталған ұйым беделінен айырылып, өз мәнін жоғалтты.
Жаңа ғасыр жаңа бағыттағы сұраныстар мен талаптарды қажет етуде. Конфессияаралық келіссөздерді орнатуға бағытталған Италияның Ассизи қаласында 1986 жылдың қазан айында және 2002 жылғы қаңтарда әлем діндері мен конфессиялары өкілдерінің бас қосуымен өткізілген екі кездесу дінаралық сұхбат түсінігін кеңейте түсті.
Дінге қатысты мәселелерді жаһандық деңгейде талқылай отырып, игі шешімдерге қол жеткізу, конфессияаралық татулықты нығайту және дінаралық келісім мен сұхбат алаңын құру мақсатында Елбасымыз Н.Ә. НазарбаевӘлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезін өткізу бастамасын әлемдік қауымдастық назарына ұсынды.
Жүзеге асқан жарқын бастама ретінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің алғашқы отырысы 2003 жылдың 23-25 қыркүйегінде өткізілді.
Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаев: «Барлық кезеңде мәртебелі моральдық құндылықтардың сақтаушылары діни лидерлер – түрлі діндердің басшылары болған және болып отыр. Нақ сондықтан да осынау күрделі кезеңде дін қайраткерлеріне айрықша үміт артылады. Бүгінде қай кездегіге қарағанда діннің адамгершіл гуманистік императивтері қажет болып отыр. Нақ сіздер, діни лидерлер, руханилықтың – дүниенің үйлесімді дамуының басты шартының қайта өрлеуінің жүргізушілері бола аласыздар. Біз өз Съезіміздің мәртебелі мақсатын осыдан көреміз», – дей отырып съездің маңыздылығын атап өтті.
І Съездің мақсаты діндер келіссөзін жүзеге асыру және келісілген шешімдер қабылдау үшін үнемі әрекет ететін халықаралық конфессияаралық институт құруға негізделді.Форумға қатысушылар арасында қазіргі әлемдегі діннің рөлі және діндегі адамгершілік құндылықтарыталқыланып, діни астардағы түсініспеушіліктердің туындау себептерін анықтау, дінаралық үйлесімді жетілдіру,өзара құрмет пен келісім мәселелері көтерілді.
2006 жылғы 12-13 қыркүйекте Астана қаласында «Дін, қоғам және халықаралық қауіпсіздік» тақырыбында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІІ Съезі өтті. Съезд қорытындысы бойынша барлық діни және этникалық топтар өкілдерін мәдени және діни айырмашылықтар негізінде қақтығыстар тудырмауға шақыратын арнайы Декларацияқабылданды.
2009 жылғы 1-2 шілдеде 60-тан астам делегацияның қатысуымен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІІІ Съезі өтті. Съезд барысында «Өзара құрмет пен ынтымақтастық және толеранттылық негізіндегі әлемді құрудағы діни көшбасшылардың рөлі» тақырыбы талқыланып, моральдық және діни құндылықтар арақатынасы әңгіме арқауына айналды.
2012 жылдың 30-31 мамырында Әлемдік және дәстүрлі діндерлидерлерінің IV Съезі өткізілді. Съезд барысында діни лидерлердің тұрақты дамуға қол жеткізудегі рөлі, дін және қоғам, сонымен қатар дін және әйел мәселелері қарастырылды.
Кезекті V Съезд 2015 жылдың 10-11 маусымында «Бейбітшілік және даму жолындағы діни және саяси қайраткерлердің үнқатысуы» тақырыбында өткізілмек.
Адамзаттың асыл қазынасы – рухани құндылықтарға үндеген, дінаралық татулық пен қарым-қатынасты нығайтуға атсалысып, дін мәселелерінің жаһандық деңгейде шешімін табу жолдарын қарастырған аталмыш съездҚазақстан үшін ғана емес, әлемдік қауымдастық үшін де өте маңызды. Съезд отырыстарында әлемді толғандырған көкейкесті мәселелер қарастырылып,дінаралық татулық пен рухани құндылықтардың ұштаса дамуына шақырған еліміз жаһандық дамуға өз үлесін қосып, әлем елдеріне үлгі болуда.
Дінаралық сұхбатқа негізделген съездің қазақстандық үлгісі әлемде діндерге деген құрметтің сара жолын салып, кемел үлгісін қалыптастырды. Түрлі дін өкілдерін дінаралық сұхбатқа шақыра отырып, күн тәртібіне қойылған мәселені бір қырынан ғана қарастырып қоймай, әр түрлі діндер ұстанымы мен көзқарасын ескере талқылау, шешім қабылдау сарабдал саясаттың биік көрінісін, қазақ топырағында ғасырлар бойы қалыптасқан толерантты мінез бен адами құндылықтардың жаңа мазмұнда жаңғыруы болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |