Астанадағы Этноауылды биыл «Алпамыс» цирк шоуы ашты
Астана қаласында «Алпамыс» керемет театралды-цирк шоуының тұсаукесері мен «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенінің ашылуы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Ауқымды оқиға қазақ мәдениеті мен тарихының көп ғасырлық жауһарын жинақтаған. Этноауылды өз саласындағы айрықша және алғашқы ұлттық жоба деп мақтанышпен айтуға болады. Кешеннің қақпасынан кіре бергеннен қонақтарды батыр көшпенділердің, шексіз сар даланы бағындырушылардың ежелгі заманына қас қағым сәтте алып барады. Астананың мерейтойын атап өтуге келген әр адам өзі үшін қызықты және есте қаларлық оқиғаны көруіне мүмкіндік алады. Этноауыл аясында этникалық музыка және театр өнерінің фестивальдері, көркем көрмелер, қолданбалы-сәндік өнерінің әр түрлі шеберлік сабақтары, ұлттық спорт түрлері бойынша сайыстар, атты-спорттық іс-шаралар өтетін болады. 2 500 шаршы метрлік аумақ «Шеберлер ауылы», «Спорттық-цирктік іс-шаралар», «Концерттік зал», «Демалыс аллеясы», «Дәстүрлі қазақ және шығыс тағамдары мейрамханасы», «Ұлттық дәстүрлер мен салттар», «Жібек жолы» Шығыс базары, «Аңшылықтың дәстүрлі түрлері» секілді секторларға бөлінген. «Этноуыл аясындағы ең ауқымды күтілетін оқиға - Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен «Алпамыс» атты театрландырылған цирк шоуы болады. Қазір мұнда шоуға арналған алаңды жабдықтау жұмыстары аяқталуға жақын. Көрермен назарына әуе гимнастарына арналған бірегей аспалары, субұрқақтары, арнайы эффектілері мен бірегей декорациялары бар жоғары технологиялы сахна ұсынылды. Көрермен залы 1 мың адамдық орынға шақталған», - делінген хабарламада. «Қазақ әуендері» АҚ-ның вице-президенті Сәкен Шакеевтің айтуынша, «Шоу «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтуде. «Биыл Астананың 20 жылдығы, осы мерейтойға орай қала тұрғындары мен қонақтарына, ерекше әсер беретін «Алпамыс» театралды-цирк шоуын сыйға тартпақпыз. Қазақ тарихының ең көне және жұмбақ беттерінен бастау алатын Алпамыс батыр туралы ғажап аңыздың желісі ежелгі Бозоқ қаласының көшелері мен алаңдарында өтеді, Бозоқ - бүгінде Қазақстанның жаңа астанасы ретінде әлемге танымал Астана қаласы», - дейді ол. Ұлы халық пен ежелгі керемет қаланың аңызға айналған өткен күні туралы шоуды ауқымды театралды-цирк көрсетілімдеріне мамандандырылған, көптеген халықтың аңыздары мен мифтеріне жаңа өмір сыйлап жүрген «Журавли» спорт театры қояды. «Алпамыс» қойылымына әр елден 70 әртіс қатысады. Олардың барлығы халықаралық цирк байқауларының лауреаттары мен ең жоғары деңгейдегі спорт сайыстарының жеңімпаздары, «Cirque du Soleil» циркі қойылымдарының тәжірибелі қатысушылары. Жаз бойы «Этноауыл» аумағында ашық аспан астындағы «Трапеция мектебі» ашылады. Мектептің негізгі элементі - ашық аспан астындағы ұшуға және ауада гимнастикалық трюктерді жасауға арналған цирк трапециясы. Мектеп нұсқаушылары трапецияда ұшуды үйренуге көмектеседі. «Алпамыс» театралды-цирк шоуы 1 маусымнан 31 тамызға дейін бейсенбі мен жексенбі аралығында «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешені аумағында өтеді. Билеттерді kassir.kz сайтынан және +7-707-346-346-6 телефоны арқылы, сондай-ақ қаладағы барлық кассадан алуға болады.
Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз https://www.inform.kz/kz/astanadagy-etnoauyldy-biyl-alpamys-cirk-shouy-ashty_a3272868
Достарыңызбен бөлісу: |