Қастек Баянбай 1936 жылы 15 қарашада Алматы облысының Алакөл ауданындағы Талдыбұлақ деген жерде дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетінде білім алған.
1960 жылдан бастап Алакөл аудандық, 1965 жылдан бастап Алматы облыстық газет редакцияларында әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып істеген. 1971–1995 жж. «Жазушы» баспасында редакция меңгерушісі, «Жалын» баспасында Бас редактор қызметтерін атқарған.
Балаларға арналған «Арғымақ» атты алғашқы жинағы «Жазушы» баспасынан жарық көрген. Өлеңдері бастауыш сынып оқулықтарына, көмекші құралдарға еніп, кейбіріне әндер жазылған, ертегілері бойынша мультфильмдер түсірілген, орыс, украин, белорус, өзбек, болгар, молдован, түрікмен, әзірбайжан, литван және басқа тілдерге аударылған.
1986 жылы «Тәтті сабақ» жинағына І.Жансүгіров атындағы сыйлық берілген.
Бельгия ақыны Э.Верхарнның, болгар ақыны Л.Левчевтің, орыс ақындары С.Михалковтың, А.Бартоның, Р.Рождественскийдің, З.Александрованың, якут ақыны С. Даниловтың, түркімен ақыны Қ.Тәңіріқұлиевтің, молдован ақыны Г.Виерудің және т.б. ақындардың туындыларын қазақшалаған. Екі томдық «Орыс поэзиясының антологиясын» аударуға қатысқан.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен (2005) марапатталған.
Шығармалары: Арғымақ. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1962; Атай неге солақай. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1964; Адамға хат. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1966; Балаларға базарлық. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1966; Шапағатты шақ, Өлеңдер. «Жазушы», 1968; Ильич пен аңшы. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1970; Ақ шағала. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1973; Қол шатыр көтерген он батыр. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1974; Әсем әлем. Таңдамалы өлеңдері. А., «Жалын», 1976; Құс сүті. Өлеңдер. А., «Жалын», 1977; Алау. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1978; Зайчик в очках. Стихи. А., «Жалын», 1979; Богатыри под дождем. Стихи. М., «Детская литература», 1979; Жол. Таңдамалы өлеңдері. А., «Жазушы», 1982; Тәтті сабақ. Өлеңдер. А., «Жалын», 1984; Той. Таңдамалы өлеңдері. А., «Жалын», 1986; Бір қоржын жаз. Өлеңдер. А.,»Жалын», 1991; Жүз жыл жаз. Таңдамалы өлеңдері. А.,»Балауса», 1995; Құс сүті. Таңдамалы өлеңдері. А., «Жалын», 1996; Қырық күн шілде. Өлеңдер. А., «Рауан», 1997; Юрта. Стихи. А., «Шартарап», 2001; Кемпірқосақ. Өлеңдер. Аст., «Балалар әдебиеті», 2003. Асар. Әңгімелер. «Балалар әдебиеті», А., 2006; 2 томдық таңдамалы шығармалары. «Балалар әдебиеті», А., 2007; Араша. «Раритет», А., 2008.
Достарыңызбен бөлісу: |