Қатерлі ісікті емдеу түрлері: Сәулелік терапия



Дата28.10.2023
өлшемі0,61 Mb.
#188953
Байланысты:
Сәулелік терапия Ориг (1) (3)
МУ Валидация Тема 7 Валид технолпроцессов СТУДЕНТАМ 16032023, Blue and Green Modern Mental Health Medical Presentation

Қатерлі ісікті емдеу түрлері: Сәулелік терапия

К.Р. Тоғамбай, М.С. Дәрменкулов


«Қазақстан-Ресей медициналық университеті» МЕББМ, Қазақстан, Алматы


Аннотация
Қатерлі ісік тақырыбы адамзат әлемінде әрқашан жанып тұрған тақырып болатын. Материалда онкологиялық аурулардың негізгі ұғымдары және оны сәулелік терапиямен емдеу қарастырылған.
Сәулелік терапияның бір ғасырдан астам тарихы бар және осы уақыт ішінде әдеттегі рентген сәулелерінен жоғары энергетикалық сызықтық үдеткіштерге дейін айтарлықтай өзгерістерге ұшыраған болатын.
Сәулелік терапия әдістері қатерлі ісікті емдеудің айтарлықтай тиімді әдістері болып қала береді, бұл онкологиялық науқастардың 70% -дан астамына жеке сәулелік терапия курсын немесе басқа онкологиялық емдеу әдістерімен бірге тағайындау себебі дәлел бола алады. Сәулелік терапияның кемшіліктері де бар, сондықтан аз зиян және көп пайда мәселесі қосымша зерттеуді қажет етеді.
Мақалада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Ұлттық онкологиялық институт (АҚШ) және Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік сияқты жаһандық ұйымдардың деректері ұсынылған.
Материалда сәулелік терапияның негізгі түрлерінің, соның ішінде сәулелік терапияның жаңа әдістерінің негізгі сипаттамалары берілген.
Автор медицинадағы сәулелік терапияның рөлін асыра бағалауға болмайтындығына баса назар аударады.
Мақала радиациялық терапия туралы ақпаратты басқа ашық көздерге қарағанда біршама тереңірек білгісі келетін оқырмандар үшін құнды болып табылады.
Аннотация
Тема рака всегда была животрепещущей в человеческом мире. В материале рассматриваются основные понятия рака и его лечение с помощью лучевой терапии.
Лучевая терапия имеет историю больше одного века и за это время успела перетерьпеть немалые изменения, от обычных рентгеновских лучей до высокоэнергетических линейных ускорителей.
Методы лучевой терапии остаются довольно таки эффективными методами лечения, этому свидетельствует тот факт, что более 70% больным раком назначается курс самостоятельной лучевой терапии, либо же вместе с другими методами лечения рака. Лучевая терапия имеет и свои недостатки, так что вопрос меньшего вреда и большей пользы требует дальнейшего изучения.
В статье представлены данные от всемирных организации, такие как Всемирная организация здравоохранения, Национальный институт рака (США) и Международное агентство по атомной энергии.
Материал дает основную характеристику основным видам лучевой терапии включая новые методы лечения лучевой терапии.
Автор акцентирует внимания на том, что роль лучевой терапии невозможно переоценить в медицине.
Статья имеет ценность для тех читателей, которые хотят получить информацию об лучевой терапии немного глубже чем в других открытых источниках.
Annotation
The topic of cancer has always been a burning issue in the human world. This article discusses the basic concepts of cancer and its treatment with radiation therapy.
Radiation therapy has a history of more than a century and has undergone many changes during this time, from conventional X-rays to high-energy linear accelerator.
Methods of radiation therapy remain quite effective methods of treatment, this is evidenced by the fact that over 70% of cancer patients are prescribed a course of independent radiation therapy, or together with other methods of cancer treatment. Radiation therapy also has its drawbacks, so the question of less harm and more benefit requires further study.
This article presents data from worldwide organizations such as the World Health Organization, the National Cancer Institute (the USA) and the International Atomic Energy Agency.
The material gives a basic description of the main types of radiation therapy, including new therapies for radiotherapy.
The author emphasizes that the role of radiation therapy cannot be overestimated in medicine.
The article is of value to those readers who want to learn about radiation therapy in a little more depth than other open sources.

Қатерлі ісікті емдеу түрлері: Сәулелік терапия


Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, 2020 жылы әлем бойынша 19 миллионнан аса адам қатрелі ісік дертіне шалдыққан болатын. Ең кең тараған қатерлі ісік түрлері, ол сүт безі қатерлі ісігі (11.7%), өкпе қатерлі ісігі (11.4%) және тік ішек жолдары қатерлі ісігі (10%). Бұл ауру, көпшілігіміз ойлайтындай тек қартайғанда пайда болмайды, халықтың жас контингенті де қатерлі ісікке шалдығады.



Жыл сайын Қазақстанда (тері қатерлі ісігін қоспағанда) 33 мыңға жуық адам қатерлі ісікпен ауырады, ал летальды жағдай саны 14 мыңға жуық. Көріп тұрғандарыңыздай қатерлі ісі мәселесі біздің елге де қатысты өте өзекті мәселе болып табылады.
Қазіргі таңда әлем дәрігерлерінің бірден бір мақсаты мен міндеті қатерлі ісікті жеңіп, адамзатқа жаңа тыныс сыйлау болып табылыды.
Осы зерттеу жұмысының мақсаты қатерлі ісікті емдеудегі сәулелік терапияның рөлін анықтап, оның іске асуын түсіну. Айтылғандай, зерттеу нысаны қатрелі ісікті емдеудегі сәулелік терапия болып табылады.
Қатерлі ісік дегеніміз не?
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының анықтамасы бойынша: Қатерлі ісік – ағзаның басқа бөліктеріне ену немесе таралу мүмкіндігі бар жасушалардың қалыптан тыс өсуін қамтитын аурулар тобы.
Ұлттық қатерлі ісік институтының анықтамасы бойынша: Қатерлі ісік - бұл дененің кейбір жасушаларының бақылаусыз өсіп, дененің басқа бөліктеріне таралу қабілетіне ие ауруды айтамыз.
Әдетте, адам жасушалары, жасушалық бөліну арқылы көбейіп, өсіп өнеді, содан кейін уақыт өтісімен жасуша, қартайудың немесе зақымдалудың әсерінен өледі, бұл қалыпты жағдай. Кейде бұл реттелген процесс бұзылып, аномальді немесе бұзылған жасушалар өлмей, ары қарай дамыу мүмкін. Осы жасушаларды біз ісік жасушалары деп атаймыз. Ісік өзіне тән қасиеттер бойынша: қатерлі және қатерлі емес деп бөлінеді.
Қатерлі ісік жасушаларының кәдмігі сау жасушалардан бірнеше қасиеттері бойынша ажыратылады, олар:
• Өсу керектігін білдіретін сигналдар болмаған кезде өсу. Қалыпты жасушалар осындай сигналдарды қабылдағанда ғана өседі;
• Қалыпты жасушаларға бөлінуді тоқтату керектігінің немесе апоптозға ұшырау керектігінің білдіретін сигналдарды елемеу;
• Жақын жерлерге еніп, дененің басқа аймақтарына таралу. Қалыпты жасушалар басқа жасушалармен кездескенде өсуін тоқтатады және қалыпты жасушалардың көпшілігі дененің айналасында қозғалмайды;
• Қан тамырларының ісікке қарай өсуін стимулдау. Бұл қан тамырлары ісіктерді оттегімен және қоректік заттармен қамтамасыз етеді және ісіктердің қалдықтарын шығарады;
• Иммундық жүйеден жасырыну. Иммундық жүйе әдетте зақымдалған немесе қалыптан тыс жасушаларды жояды;
• Тірі қалуына және өсуіне көмектесу үшін иммундық жүйені алдау. Мысалы, кейбір қатерлі ісік жасушалары иммундық жүйе жасушаларын ісікке шабуыл жасаудың орнына оны қорғауға сендіреді;
• Хромосомаларындағы көптеген өзгерістерді жинақтау, Мысалы, хромосома бөліктерінің қайталануы және жойылуы. Кейбір қатерлі ісік жасушаларында хромосомалардың қалыпты саны екі есе көп болады;
• Қалыпты жасушаларға қарағанда әртүрлі альтернативті қоректік заттарды және қоректену түрлерін қолдану. Бұл қатрелі ісік жасушаларының тез өсуіне мүмкіндік береді.

Қатерлі ісіктің 100-ден астам түрі бар. Әдетте қатерлі ісік атауын, сол ісіктің пайда болған мүше немесе тін атауымен атайды. Мысалы, сүт безі қатерлі ісігі әйел адамдардың сүт безі жолдарында пайда болады. Оған қоса қатерлі ісік сол ісікті түзген жасуша түрімен де сипатталуы мүмкін. Мысалы, эпителиальді жасушамен сипатталатын қатерлі ісік.
Адамзат пайда болғалы бері бұл дерттен айырыла алмай келеді. Қазіргі таңда қатерлі ісікті емдеудің бірден-бір тәсілі жоқ, бірақ өзінің тиімділігін көрсеткен әдістер бар, олар:
• хирургия;
сәулелік терапия;
• химеотерапия;
• біріктірілген немесе мақсатты терапия.
Біздің қарастыратынымыз – сәулелік терапия.
Сәулелік терапия тарихына және жүргізілген зерттеулерге келетін болсақ. Сәулелік терапияның әлемдік қалыптасу және даму тарихы 19 ғасырдың аяғынан басталады. Сол уақытта иондаушы сәулеленудің ағзаға әсері туралы алғашқы зерттеулер жүргізілді. Осы зерттеулер бастамасын жасанды және табиғи радиоактивтіліктің ашылу оқиғасы салды, бұл ашылулар ғылымның бар саласына әсер етті, ең бірден-бір секіріс жасаған ғылымдарға медицинаны да жатқызсақ болады. Сәулелік терапияның пайда болуы көптеген ұлы тұлғалардың атымен байланысты, олардың қатарында: Вильгельм Конрад Рентген, Анри Беккерель, Мария және Пьер Кюри.
Рентген сәулелерінің қасиеттерін жан-жақты зерттеу 1895 жылы 8 қарашада К.Рентгеннің осы сәулелерді ашуынан кейін бірден басталып, олардың физикалық қасиеттерін, сондай-ақ әртүрлі биологиялық объектілерге әсерін анықтаудан тұрды. Бұл процестер 1896 жылы табиғи радиоактивтіліктің ашылуымен жеделдетілді.
Сол 1896 жылы Дж.Гильман мен В.Деспейн рентгендік сәулелердің көмегімен қатерлі ісіктерді емдеуге әрекет жасады. Бұл ретте онкологиялық науқастарды рентген сәулелерінің көмегімен емдеудің тағы бірнеше жағдайлары сипатталды.
Сәулелік терапияның дамуына елеулі серпін табиғи радиоактивтілікті А.Беккерель, одан кейін радий мен полонийді Мария мен Пьер Кюри ашқаннан кейін алды. 1902 жылы Венада радийді жұтқыншақтың қатерлі ісігін емдеу үшін қолданды, емдеу сәтті өтті, ал 1904 жылы Нью-Йоркте радий түтіктері ісікке тікелей имплантацияланды.
1911 жылы К.Рего қошқарды 15 күндік аралықпен иондаушы сәулеленудің үш фракциясымен зарарсыздандыру бойынша тәжірибелер жүргізді. Л.Фрейндтің жұмысы және К.Регоның бірқатар тәжірибелері сыртқы сәулелік терапияның негізін құрады. Дәл осы кезеңде 1910 жылы АҚШ-та О.Пасто мен П.Дегрейс уретра арқылы қуық асты безіне радий ампуласын беру арқылы брахитерапия әдісін ұсынды.
Алғашқы рентгенотерапия қондырғыларының энергиясы 100 кВ-тан аспады, бұл олардың практикалық қолданылуын шектеді.
Сәулелік терапиядағы прогресс 1950-60 жылдары күрт жеделдеді. 1956 жылдың өзінде-ақ Х.Каплан Стэнфорд университетінде науқастарды 6 МэВ (мегаэлектронвольт) фотонмен емдеді. 1960 жылдардың басында айналмалы сәулелену мүмкіндігі бар ықшам сызықты үдеткіштер жасалды.

Сәулелік терапияның дамуының келесі деңгейі 1990 жылдардың бас кезеңіне келді, бұл жоғары энергетикалық сызықтық үдеткіштердің кеңінен қолданылуымен байланысты.
Э.Кимби мен М.Страндквист сәулелік терапиядағы уақыт-доза-эффект қатынасын дамытуға маңызды үлес қосты. Осы бағыт аясында Ф.Эллис жалпы дозаға, фракциялар санына және жалпы емдеу уақытына негізделген әртүрлі емдеу режимдерін салыстыратын номиналды стандартты доза тұжырымдамасы мен формуласын қолдануды ұсынды.
Сәулелік терапияның өзіне келетін болсақ: Сәулелік терапия (радиотерапия деп те аталады) - қатерлі ісік жасушаларын өлтіру және ісіктерді кішірейту үшін сәулеленудің жоғары дозаларын қолданатын қатерлі ісікті емдеуі тәсілі.
Жоғары дозаларда сәулелік терапия рак клеткаларын өлтіреді немесе олардың ДНҚ-сын зақымдау арқылы олардың өсуін баяулатады. ДНҚ қалпына келмейтіндей зақымдалған ісік жасушалары бөлінуді тоқтатады немесе өледі. Зақымдалған жасушалар өлген кезде, олар бұзылып, денеден шығарылады.
Сәулелік терапия ісік жасушаларын бірден өлтірмейді. Қатерлі ісік жасушаларының өлуі үшін ДНҚ жеткілікті түрде зақымдалғанға дейін бірнеше күн немесе апта бойы емдеу қажет. Радиациялық терапия аяқталғаннан кейін рак клеткалары апталар немесе айлар бойы өледі.
Емдеуде сәулелік терапияның қандай түрін қолдану шешімі көптеген факторларға байланысты, соның ішінде:
• қатерлі ісік түрі;
• қатерлі ісік мөлшері;
• қатерлі ісіктің денеде орналасуы;
• қатрелі ісік сәулеленуге сезімтал қалыпты тіндерге қаншалықты жақын орналасқандығы;
• пациенттің жалпы денсаулығы және медициналық тарихы;
• пациентте қатерлі ісіктің басқа түрлерінің болуы;
• пациенттің жас шамасы және басқа да медициналық жағдайлар сияқты факторлар.
Сәулелік терапияның екі негізгі түрі бар, олар сыртқы сәулелік терапия және ішкі сәулелік терапия.
Сыртқы сәулелік терапия кезінде иондаушы сәуле көзі сартқы ортада болады. Бұл жергілікті емдеу түрі болғандықтан, иондаушы сәуле тек қатерлі ісік анықталған орынды емдейді.
Сыртқы сәулелік терапияда үш негізгі сәулелік бөлшек түрін қолданады, олар:
• электрондар;
• фотондар;
• протондар.
Электрондар. Электрондар теріс зарядты бөлшектер. Электрондық сәулелер дене ұлпаларына терең ене алмайды. Сондықтан элетрондарды қолдану терідегі немесе дененің бетіне жақын орналасқан ісіктерді емдеумен шектелген.
Фотондар. Сәулелік терапияда қолданатын құрылғылырдың көпшілігі фотонды сәулелерді пайдаланады. Фотондар рентгендік сәулелерде де қолданылады, бірақ рентгендік сәулелерде төменгі дозалар қолданылады. Фотондық сәулелер дененің тереңінде орналасқан ісіктерге жету мүмкіншілігіне ие болаы. Дене арқылы өтіп бара жатқан фотон сәулелері өз жолында радиацияның ұсақ бөлшектерін шашыратады. Бұл, яғни фотондық сәулелер ісікке жеткенде тоқтамайды, қалыпты ұлпа арқылы өте береді. Өз кезегінде бұл шашыраған радиацияның ұсақ бөлшектері сау тіндерге кері әсе етеді.
Протондар. Протондар – оң зарядты бөлшектер. Фотондық сәулелер сияқты, протондық сәулелер де дененің тереңіндегі ісіктерге жету мүмкіншілігіне ие. Дегенмен, протондық сәулелер дене арқылы өтіп бара жатқанда радиацияны шашыратпайды және ісікке жеткенде тоқтайды. Дәрігерлер протондық сәулелер сәулеленуге ұшырайтын қалыпты тіндердің мөлшерін азайтады деп санайды. Қазіргі уақытта протонды сәулелік терапияны фотонды сәулелік терапиямен салыстыру үшін клиникалық сынақтар жүргізілуде. Кейбір қатерлі ісік орталықтары сәулелік терапияда протондық сәулелерді пайдаланады, бірақ протондық сәуле шығаратын құрылғылардың жоғары құны мен көлемі оларды пайдалануды шектейді.
Сыртқы сәулелік терапияның көптеген түрлері бар, олардың әрқайсысы айналасындағы қалыпты тіндерге әсер етпей, ісікке сәулеленудің максималды тағайындалған дозасын жеткізуге бағытталған. Әрбір тәсіл ең дәл дозаны және ықтимал емдеу бағытын есептеу үшін және ісік кескіндерін талдау үшін компьютерлік технологияларды пайдаланады.
Сыртқы сәулелік терапияның келесідей түрлері бар, олар:
• 3-D конформды сәулелік терапия;
• модуляцияланған қарқындылықты сәулелік терапия (IMRT);
• визуалды басқарылатын сәулелік терапия (IGRT);
• томотерапия;
• стериотактикалық радиохирургия;
• дененің толық стериотактикалық сәулелік терапиясы.
3-D конформды сәулелік терапия. 3D конформды сәулелік терапия сыртқы сәулелік терапияның кең таралған түрі болып табылады. Ол емдеу аймағын дәл жоспарлау үшін КТ (компьютерлік томография), МРТ (магнитті-резонансты томография) және ПЭТ (позитронды-эмиссиялық томография) кескіндерін пайдаланады. Бұл процесс модельдеу деп аталады. Кескіндерді талдау және ісік пішініне сәйкес сәулелену сәулелерін жасау үшін арнайы компьютерлік бағдарламалар қолданылады. 3D конформды сәулелену көптеген бағыттардағы сәулелерді бағыттай отырып, ісік пішініне сәйкес келіп емдейді. Нақты пішіндеу қалыпты тіндерді үнемдей отырып, ісікке сәулеленудің жоғары дозаларын қолдануға мүмкіндік береді.
Модуляцияланған қарқындылықты сәулелік терапия. IMRT 3D конформды сәулелік терапияның бір түрі болып табылады. 3D конформды сәулелену сияқты, радиациялық сәулелер ісікке бірнеше бағыттан бағытталған. IMRT 3-D конформды әдіске қарағанда әлдеқайда майда сәулелерді пайдаланады және ісіктің белгілі бір бөліктеріне жоғары дозаларды беру үшін кейбір аймақтардағы сәулелердің күшін өзгертуі мүмкін.
Визуалды басқарылатын сәулелік терапия (IGRT). IGRT – IMRT-ның бір түрі болып табылады. Дегенмен, ол кескінді сканерлеуді, сәулелік терапия сеанстары алдында емдеуді жоспарлау үшін ғана емес, сонымен қатар сәулелік терапия сеанстары кезінде де пайдаланады. Емдеу кезінде пациентті қайталап КТ, МРТ немесе ПЭТ сияқты сканерлерден өткізеді. Алынған жаңа скандарды компьютерлер ісік өлшемі мен орнындағы өзгерістерді анықтау үшін өңдейді. Қайта кескіндеу қажет болған жағдайда емдеу кезінде пациенттің позициясын немесе сәулелену дозасын реттеуге мүмкіндік береді. Бұл түзетулер емдеу дәлдігін арттырып, қалыпты тіндерді сақтауға көмектеседі.
Томотерапия. Томотерапия - бұл КТ сканері мен сыртқы сәулелік аппараттың бірігуі болып табылатын құрылғыны пайдаланатын IMRT түрі. Томотерапия аппараттары ісіктің суретін, емдеу сеансы алдында бірден түсіреді, бұл ісікті өте дәл нысанаға алуға және қалыпты тіндерді сақтауға мүмкіндік береді. Емдеу кезінде пациентті айнала отырып, спираль түріндегі қабат-қабат сәуле шығарады. Томотерапия сау тіндерді сақтауда 3-D конформды сәулелік терапияға қарағанда жақсырақ болуы мүмкін, бірақ бұған сенімді болатындай клиникалық сынақтар жүргізілмеген.
Стереотактикалық радиохирургия. Стереотактикалық радиохирургия - бұл ми мен орталық жүйке жүйесінде жақсы анықталған қырлары бар кішкентай ісіктерді емдеу үшін бағытталған, жоғары энергиялық сәулелерді пайдалану әдісі. Бұл пациенттің жасына немесе басқа денсаулық мәселелеріне байланысты операция тым қауіпті болса, ісікті хирургиялық жолмен қауіпсіз жою мүмкін болмаған жағдайда қолданатын әдіс. Гамма пышақ – стереотактикалық радиохирургияның бір түрі. Стереотактикалық радиохирургияда көптеген шағын сәулелер әртүрлі бағыттардан ісікке бағытталады. Әрбір сәуленің өзі өтетін тінге әсері өте аз, бірақ сәулеленудің нақты дозасы барлық сәулелер біріктірілген нүктеге дейін жеткізіледі, бұл жоғары дәлдік береді.
Дененің толық стереотактикалық сәулелік терапиясы. Толық стереотактикалық дене сәулелік терапиясы стереотактикалық радиохирургияға ұқсас, бірақ ми мен жұлыннан тыс, көбінесе бауырда немесе өкпеде орналасқан шағын және оқшауланған ісіктер үшін қолданылады. Бұл пациенттің жасына, денсаулығына байланысты немесе ісіктің орналасуына байланысты операция жасай алмаған кездегі опция болуы мүмкін. Ол жоғары дәлдіктегі сәулені шектеулі аймаққа бағыттайды.
Адамдарда көбінесе радиациямен емдегенде олар радиоактивті бола ма деген сұрақ туындайды. Сыртқы сәулелік терапия пациенттерді радиоактивті етпейді.
Ішкі сәулелік терапия - бұл сәуле көзі пациент денесіне орналастырылатын емдеу. Сәулелену көзі қатты немесе сұйық болуы мүмкін.
Қатты көзді қолданатын ішкі сәулелік терапия брахитерапия деп аталады. Емдеудің бұл түрінде пациент денесіне, ісік ішіне немесе оның жанына сәулелену көзі бар дәндер, таспалар немесе капсулалар орналастырылады. Сыртқы сәулелік терапия сияқты, брахитерапия да жергілікті емдеу болып табылады және дененің белгілі бір бөлігіне ғана әсер етеді. Брахитерапия кезінде денедегі сәулелену көзі қысқа уақытқа радиоактивті сәуле шығарады.
Сұйық көзі бар ішкі сәулелік терапия жүйелі терапия деп аталады. Жүйелі дегеніміз, емдік зат қан арқылы бүкіл денедегі тіндерге өтіп, қатерлі ісік жасушаларын іздейді және өлтіреді. Жүйелі сәулелік терапия емдеуші затын жұту арқылы, тамыр арқылы тамшылатып немесе инъекция арқылы алуға болады. Жүйелі сәулелік терапия кезінде несеп, тер және сілекей сияқты дене сұйықтықтары қысқа уақытқа радиоактивті сәуле шығарады.
Сәулелік терапия емдейтін қатерлі ісік түрлеріне келетін болсақ, сыртқы сәулелік терапия ісіктің көптеген түрлерін емдеу үшін қолданылады.
Брахитерапия көбінесе бас және мойын, сүт безі, жатыр мойны, простата және көз қатерлі ісіктерін емдеу үшін қолданылады.
Радиоактивті йод немесе I-131 деп аталатын жүйелі сәулелік терапия заты қалқанша безінің қатерлі ісігінің кейбір түрлерін емдеу үшін жиі қолданылады.
Мақсатты радионуклидті терапия деп аталатын жүйелі сәулелік терапияның тағы бір түрі простата қатерлі ісігі немесе гастроэнтеропанкреатикалық нейроэндокриндік ісік (GEP-NET) бар кейбір науқастарды емдеу үшін қолданылады. Бұл емдеу түрін молекулалық сәулелік терапия деп те атауға болады.
Радиация ісік жасушаларын өлтіріп немесе олардың өсуін баяулатып қана қоймайды, сонымен қатар жақын маңдағы сау жасушаларға да әсер етуі мүмкін. Сау жасушалардың зақымдануы жанама әсерлерді тудыруы мүмкін. Сәулелік терапияны алатын көптеген адамдарда шаршау пайда болады.
Сәулелік терапия кезінде зақымдалған сау жасушалар әдетте емдеу аяқталғаннан кейін бірнеше ай ішінде қалпына келеді. Бірақ кейде адамдарда жақсармайтын жанама әсерлер болуы мүмкін. Басқа жанама әсерлер сәулелік терапия аяқталғаннан кейін айлар немесе жылдар өткен соң ғана пайда болуы мүмкін. Бұл жанама әсерлер кеш жанама әсерлер деп аталады.
Сәулелік терапия кезінде дәрігерлер емдеу нысанына белгілі бір радиация дозасын беру арқылы сол нысанды емдейді. Тарихи тұрғыдан алғанда, сәулелік терапия дозалары негізінен тәжірибе негізінде эмпирикалық түрде таңдалған. Дәрігерлер доза өлшемдерін таңдағанда клиникалық интуицияға сүйенді. Олар бұл эмпирикалық ұсыныстардың дұрыс емес екенін және негізгі анатомияны, физиологияны және дозиметрияны толық көрсетпейтінін түсінді.
Қазіргі таңда сәулелік терапияда әр пациент үшін радиация дозасы жеке есептелінеді. Есептеулерді дәрігер-физик немесе арнайы копьютерлік алгоритмдер жүргізеді.
3D дозиметриялық ақпарат кеңінен қол жетімді болған кезде, дәрігерлерге ұсынылған емдеу жоспарларының салыстырмалы қауіпсіздігін болжауға көмектесетін нұсқаулар қажет болды, дегенмен деректер шектеулі болды. 1991 жылы зерттеушілер өздерінің клиникалық тәжірибесін, пайымдауларын және ішінара мүшелерге төзімділік дозалары туралы ақпаратты біріктіріп, “Эмами қағазын” шығарды. “Эмами қағазы“ жиі сынға ұшырағанымен, бұл жинақ өзінің ұсынымдарындағы белгісіздік пен шектеулерді нақты көрсетеді және клиникалық қажеттілікті шешу үшін кеңінен қолданылды.
Содан бері асқынулардың ықтимал қаупінің дозаға және сәулеленген көлемге тәуелділігі туралы көптеген жұмыстар жарияланды. Бұл жұмыстар QUANTEC шолуында жинақталған.
QUANTEC мақсаттары:
• тіндердің берілген көлеміне доза мөлшерінің әсері, сондай-ақ доза мөлшерінің арақатынасы және осы көлемдегі қалыпты тіндердегі клиникалық маңызды реакциялардың жиілігі туралы білімнің ағымдағы жай-күйіне шолу;
• дәрігерге белгілі бір көлемдегі доза мөлшерінің параметрлері негізінде уыттылық қаупін анықтауға мүмкіндік беретін практикалық нұсқаулықты құру;
• сәулелік терапия кезінде қалыпты тіндерге сәулеленудің ерте және кеш жанама әсерлерін азайтуға немесе тәуекелді бағалауды жақсартуға көмектесетін болашақ зерттеу бағыттарын анықтау.
Қазіргі таңда QUANTEC арқылы біз 16 түрлі дене мүшелеріне теріс әсер беретін радиация дозаларын білеміз. Бұл дегеніміз алда талай зерттеулер мен клиникалық эксперименттер жүргізу керектігіен білдіреді.
Сәулелік терапия тарихы жүз жылдан асқанымен, оның болашағы әлі алда деген ойдамын. Мысал ретінде жоғарыда айтылған дененің толық стериотактикалық сәулелік терапиясын алсақ. Бұл әдіс салыстырмалы өте жас әдіс болып табылады. Зерттеулерге сәйкес, толық стериотактикалық сәулелік терапиясын қолдану ГЦК (гепатоцеллюлярлық карцинома), сондай-ақ ми, өкпе, бас және мойын қатерлі ісігі сияқты басқа да қатерлі ісіктерді емдеуге қажетті сеанстардың санын 30-35-тен 1-5-ке дейін азайтты. Толық стериотактикалық сәулелік терапия әдісін қолданудың екі жылдық тәжірибесі онкологиялық аурулардың кейбір түрлерін емдеуде терапияның 80-90% жағдайда оң нәтижеге әкелетінін көрсетеді. Бұл әдіс сәулелік терапияның жаңа әдістерінің бірі ғана. Бәрі алда.
Бұл алғашында көзге көрінбейтін жарықтың жаңа түрі болып көрінді. Бұл жаңа... сипатталмаған құбылыс екені анық.

Қолданылған әдебиет:



  1. Қазақстан Республикасы онкологиялық қызметінің 2019 жылғы көрсеткіштері: Статистикалық және талдау мәліметтері / Қайдарова Д.Р., Балтабеков Н.Т., Душимова З.Д., Шатковская О.В. және басқалар – Алматы,2020. 8-30 бет

  2. Cancer. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы. 12 қыркүйек 2018 ж.

  3. What Is Cancer? National Cancer Institute. 17 қыркүйек 2007 ж.

  4. Radiation Therapy to Treat Cancer. National Cancer Institute. 8 қаңтар 2019 ж.

  5. External Beam Radiation Therapy for Cancer. National Cancer Institute. 1 мамыр 2018 ж.

  6. Brachytherapy to Treat Cancer. National Cancer Institute. 29 қаңтар 2019 ж.

  7. Radiation Therapy Side Effects. National Cancer Institute. 11 қаңтар 2022 ж.

  8. Каприн А.Д., Мардынский Ю.С., Смирнов В.П., Иванов С.А., Костин А.А., Полихов С.А., Решетов И.В., Фатьянова А.С., Денисенко М.В., Эпатова Т.В., Коренев С.В., Терещенко А.В., Филоненко Е.В., Гафаров М.М., Романко Ю.С. К истории развития лучевой терапии (часть I). Biomedical Photonics. 2019;8(1): 53 – 55 бет

  9. Столбовой А.В., Залялов И.Ф. Радиобиологические модели и клиническая радиационная онкология. Онкология. Журнал им. П.А. Герцена. 2016;5(6): 94 бет

  10. International Journal of Radiation Oncology • Biology • Physics (Int. J. Radiation Oncology Biol. Phys., Vol. 76, No. 3, 2010): 10 бет

  11. Stanford Report, April 18, 2007 Medical linear accelerator celebrates 50 years of treating cancer by Mitzi Baker

  12. Выпуске Бюллетеня МАГАТЭ за ноябрь 2018 года «Ядерная наука и технологии: решение текущих и новых задач развития», Николь Яверт, Бюро общественной информации и коммуникации: https://www.iaea.org/ru/newscenter/news/novaya-epoha-v-luchevoy-terapii-uchenye-dostigli-besprecedentnyh-rezultatov-v-unichtozhenii-rakovyh-kletok


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет