Алмаз, кремний, германий және сұр қорғасын периодтық кестедегі IV топтың элементтері болып табылады. Сондықтан, олардың торларының координациялық саны 8-4=4 болуы қажет. Шынында да, олардың барлығы тэтраэдрлік тор құрайды, олардағы әрбір атом 1.19 а –суретте көрсетілгендей көршілес 4 атоммен қоршалған.
Фосфор, мырыш, сурьма және висмут периодтық жүйенің V тобына жатады. Олардың координациялық саны 8 — 5 = 3 тең. 1.19 б – суретте көрсетілгендей әрбір атом көршілес үш атоммен қоршалған. Тор қабаттық сипатта болады. Атомдық қабаттар бір-бірімен Ван-дер-Ваальс күштерімен байланысқан.
VI топқа жататын селен және теллурдың координациялық саны – 2. Олардың әрбір атомының көршілес екі атомы бар болып, ұзын спираль қатарлар түрінде орналасқан (1.19 в-сурет). Қатарлар бір-бірімен Ван-дер-Ваальс күштерімен байланысқан.
Ең соңғы иод VII топқа жатады (1.19 г –сурет). Оның координациялық саны 1. Тордағы иод атомдары жұптасып орналасқан, оларды бір-бірімен Ван-дер-Ваальс күштері байланыстырады. Иодтың тез ұшып кететіндігі осымен түсіндіріледі.
8 — N ережесі бойынша кристалданатын химиялық элементтердің құрылымының осындай сипатта болуы түсінікті. IV топтағы элементтері атомдарының сыртқы қабықшадағы электрондары – 4. 8 - электрондық конфигурация құру үшін оларға 4 электрон жетіспейді. Олар бұл жетіспеушілікті көршілес атомдардың төрт электрондарымен алмасу есебінде толтырады, яғни 1.19 а –суретте көрсетілгендей олармен берік коваленттік байланыс құрады. Сондықтан, бұл элементтердің кристалдық торындағы әрбір атомның 4 көршісі бар. Менделеевтің периодтық кестесіндегі V, VI, VII топтар элементтері де атомдарының электрондық қабықшаларын 8-ші электронға дейін осылай толтырады.
Коваленттік байланыс арқылы құрылған кристалдарға көптеген химиялық қосылыстар жатады. Оған мысал ретінде кварцты алуға болады. Кварц кристалында әрбір кремний атомы оттегі атомдарынан тұратын тетраэдрмен қоршалған (1.20-сурет). Оттегі атомдары кремний атомымен коваленттік байланыс жасайды.
Достарыңызбен бөлісу: |