Аударма айшыќтары


Г.Қ.Қазыбек филология ғылымдарының кандидаты, доцент



бет2/39
Дата18.10.2023
өлшемі1,14 Mb.
#186327
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   39
Байланысты:
Хрестоматия 2009

Г.Қ.Қазыбек
филология ғылымдарының кандидаты, доцент


АУДАРМА АЙШЫҚТАРЫ


С. Абдрахманов

С. Аверинцевтің “Филологияға мадақ” атты еңбегіндегі бейнелі ойды тәржімеге телігенде былай болып шығады. Өркениет пен өркениеттің, халық пен халықтың танысуы, табысуы адамның адаммен танысуы сияқты. Олар бір-бірімен танысуы үшін бір-бірінен ортақ белгілер табуы керек, ал сол таныстық ұзағынан болуы үшін олар бір бірінен өзінен таппайтын нәрселерді де табуы керек. Танысудың осындай жолы – көркем аударма. В.Г. Белинский дүниежүзілік мәдени байланыс аударманың арқасында жүзеге асады деген: “ең бастысы, халықтардың бір-бірімен танысып, өзара идеялар алмасуы, соған орай әдебиеттерінің өркендеп өсуі, ақыл-ой өрісінің ұлғаюы бір халық әдебиетінің екінші халық тіліне аударылуына негізделеді”.


1963 жылы сол кездегі Югославияның Дубровник қаласында өткен Аудармашылардың халықаралық федерациясының ІV конгресінде қабылданған Аудармашы хартиясында аударма бүгінгі заманда адам қызметінің барлық қырын қамтитын және қажетті түрі екендігі, халықтар арасындағы рухани және материалдық алыс-берісті жүзеге асыра отырып, халықтардың өмірін байытатыны, адамдардың өзара түсіністігіне септігін тигізетіні атап айтылған еді. Сонан бергі қырық жылдан астам уақыт ішінде бүкіләлемдік ықпалдастық жаңа сатыға көтерілді. Социалистік жүйенің күйреуі, жер бетінің алтыдан бір бөлігін алып жатқан аса ірі мемлекеттің ыдырауы, халықаралық қатынастарда демократиялық үрдістердің орнығуы, адамдардың араласып құраласуы бүкіл әлем бойынша ерекше жандануы елдер арасында ғана емес, тілдер арасында да жаңа ахуал қалыптастырып отыр.
Бүгінде аударма біздің өміріміздің барлық саласына дендеп еніп кеткен. Таңертең көз ашқаннан кешке ұйқыға бас қойғанға дейін аударма көз алдымызда көлбеңдейді де тұрады. Теледидар өнімдерінің шамамен 75-80 пайыздайы аударма – қосып қалғаннан-ақ ақпараттық агенттіктердің материалдары, көркем фильмдер, деректі ленталар, танымдық хабарлар аударма күйінде ағытыла жөнеледі, радиодағы жағдай да сондай. Интернеттің жөні тіпті бөлекше, оның 100 пайызын дерлік сіз ойша қазақшаға аударып отырып пайдаланасыз, Қазақстандағы тарайтын газеттердің басым тілі тағы белгілі, бүкіл ғылыми және техникалық әдебиет ағылшын және орыс тілдерінде, автобусқа мінсеңізде, таксимен жүрсеңіз де, дүкенге кірсеңіз де, дәріханаға бас сұқсаңыз да, дәрігердің алдына барсаңыз да, қысқасы, аяқ аттап бассаңыз көбіне өзге тілде ойлауға, сөйлеуге, жазуға тиіссіз. Осының бәрінде біз аудармашылық қызметпен сәт сайын дерлік айналысып жатқанымызды ойлаймыз да.
Аударма ұғымы – кең ұғым. Задында, сөзге қатысты бардың бәрі аударыла береді. Бір тілден бір тілге өлең де, проза да, публицистика да, ғылыми кітаптар да, дипломатиялық құжаттар да, іскерлік байланыс қағаздары да, саяси қайраткерлердің мақалалары мен сөздері де, газет жарияланымдары да, бірін-бірі түсінбейтін адамдардың өзара сұхбаты да, кинофильмдер де, сан түрлі нұсқаулықтар да, тауарлардың этикеткалары да, жарнамалар да, маңдайшалар да қысқасы, бәрі де аударылады.
Қазақ поэзия аудармасының арғы-бергідегі жүріп өткен жолын, бел-белестерін бажайлау, ізденістері мен іркілістерін саралау – ұлттың көркемдік ойының бүгінгі биігін бағамдаудың, алда алар асуларын белгілеудің бір жолы. Бұл жолға талдау жасау арқылы біз тәржіменің халқымыз тарихында қандайлық қомақты орын алғанын ғана емес, сонымен бірге келешек замандарда атқарар рөлінің де бөлекше болатынын көрсете аламыз.
Қазақтың өркениетке барар жолындағы аударманың алар орнын Жүсіпбек Аймауытов айшықты етіп айтқан: “Адам табысы – адам баласына ортақ. Мәдениет, әдебиет бір елден бір елге жұқпалы ырыс. Самаурын, лампа, сүт машина, соқа, трактор, роман, драма...-бәрі де бөгде мәдениет табысы. Бала ересекке еліктегендей, өнерсіз ел өнерлі елге еліктемек. Бір кезде бұнан араб, арабтан Еуропа, Еуропадан орыс үлгі алған болса, бұл күнде орыс мәдениетінен біз үлгі алмақпыз. Өнерлі елден үлгі алмай, өнеге көрмей, еңбегіміз құнарлы, ажарлы болмақ емес. Абайдың кестелі толғаулы сұлу сөздері орыс ақындарының өлеңіне жүзген соң барып туған”. Бұл қазақ халқының қабылдампаздық қасиетін көрсететін бағалы, басты белгілердің бірі. Бұл – біздің артықшылығымыз. Сондықтан да, “ХХ ғасыр басында қазақ ақын-жазушылары томаға-тұйық күйде қалмай, жазба әдебиеті биікке көтерілген алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесіне көз салып, әдеби байланысқа түсе бастады. Әсіресе, орыс әдебиетінен үйрену кең етек жайғанын жоққа шығара алмаймыз” дегендей қысылып-қымтырылудың жөні жоқ.
Аударма өзіміздің төл әдебиетіміздің жазба дәстүрлерін орнықтыруға, көркемдігін кемеліне келтіруге көп көмектескен әрі алдағы кезде де көмектесе алады. Ондай көмек қазақ әдебиетіне дәл қазір қай кездегіден де керегірек. Сан түрлі себептерге байланысты әдебиет әуесқойлықтың әуезесіне айналып, талғамсыздық топанына тоғытылып тұрған тұста тәржіменің таңдаулы үлгілері арқылы көркем туындыға қойылар талапты қалпына келтіруге тырысудың да өзіндік орны бар. Ең бастысы, бүгінгі таңда аударма қазақ тіліне әлем әдебиетінің ең шоқтықты шығармаларын төгілте түсіру арқылы мемлекеттік тіліміздің мәртебесін асыруға ықпал жасай алады.
Бұрынғы ғасырлардағы арқауы өзге тілдердегі, ең алдымен түркі, араб, парсы тілдеріндегі шығармалардан алынып, негізінен нәзиралық дәстүрден қазақшаға түсірілген қисса, дастандарды айтпағанда, жазба әдебиет орныққалы бергі соңғы бір жарым ғасыр аясында қазақтың поэзия аудармасы мол қазына жинады. әлем әдебиетіндегі атақты ақындардың әйгілі шығармалары туған тілімізге тәржімеленіп, сөз өнеріміздің қоржынына қосылды. Соңғы бір ғасырға жуық уақыт аясында бұл жұмыс мемлекеттік деңгейде атқарылып, жүйелі, мақсатты сипат алды. өлең аудармасына қазақ жырындағы таланттардың бәрі дерлік тартылып, аударма арқылы ұлттық поэзиямыздың көркемдік құралдары анағұрлым молыға түсті. Тарих табыстырған, тарих тоғыстырған орыс халқының төл поэзиясынан аударма жасау кең құлаш жайды. Орыс тілі арқылы сол тілге аударылған әлем поэзиясының, күні кешеге дейін бір елдің құрамында өмір сүрген, қазір де алуан-алуан ықпалдастық жіптерімен жалғасып жатқан мемлекеттердің өлең-жырларының таңдаулылары тәржімеленді. Тәржіменің түр-түрі шығып, туыстас түркі тілдерінен ғана емес, өзге топтардағы тілдерден де тікелей аудару тәжірибеге ене бастады. Бұл қазынаны мыңжылдықтар межесінде, ғасырлар айырығында талдап, таразылаудың әбден жөні бар.
Қазақ әдебиеттануы мен тіл ғылымында аударматанудың алар орны онша қомақты емес. Бұл төл топырағымызда тәржімеге қатысты зерттеулердің кенжелеп қалуынан орын алып отырған олқылық деуге де болмайды. Жалпы, аударматану әлемде жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысында ғана ғылыми пән ретінде орнықты. Оның үстіне кешегі кеңестік кезеңде кез келген мәселенің негізгі, түйінді теориялық проблемаларымен түбірлеп айналысу Орталықтың еншісіне қалдырылатын да, ұлт республикаларындағы әдебиеттану ғылымының әлеуеті көбіне көп ұлттық сөз өнерінің төл туындыларын талдаумен тежелетін. Аударманың халықтар достығының дәнекер ретіндегі қызметі алдыңғы қатарға шығарылып қарастырылғандықтан, тәржіме туындылары бәрінен бұрын әдеби байланыстар тұрғысынан сөз етіліп, аударма категориялары, нормалары, типологиясы, эволюциясы, өлең жүйесіне, өлшеміне әкелетін өзгерістері сияқты көптеген мәселелер екінші қатарға ысырылып қала беретін. Идеологиялық қағидалармен қабыспауына байланысты ол кезде діни сипаттағы нәзиралық дастандар, көптеген ғашықтық, батырлық қиссалар жарияланған жоқ, сондықтан, тәржіметану тұрғысынан талданған да жоқ. “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасының аясында “Бабалар сөзі” сериясымен жарияланып жатқан діни дастандардың арасында өзге тілдерден негізінен нәзира тәсілімен ауысқан шығармалар аз емес екенін көреміз.
Кезінде аударма мәселелерін әдебиеттану ғылымы қарастыруы керек пе, әлде бұл тақырып тіл ғылымына тиесілі ме деген пікірталастың бізде шешуші дәрежеде Мұхтар Әуезовтің биік беделіне байланысты біржола әдебиеттану пайдасына шешілуіне орай, аударматанудың лингвистикалық қырлары жеткілікті ашылмай келе жатқанын атап айту жөн. Дұрысында, аударматану сөз өнері жайлы осы екі қос қанат ғылымның назарында қатар тұрғанынан ұтарымыз көп болар еді. Әсіресе, аударма мәтіндеріне лингвистикалық талдаудың қай тұрғыдан да пайдасы мол. Ақиқат бел ортада жатады дегендей, бүгінде ғылымда аударма – лингвистика заңдылықтарына арқа сүйеу арқылы тіларалық коммуникация міндеттерін шешетін сөз өнерінің өзгеше түрі деген пікір орнығып келеді.
Бүгінде аударматану әдебиеттану мен тіл ғылымының ортақ нысаны деудің өзі де аздық етеді. Кейінгі жиырма шақты жылдағы еркін ойлы, тың зерттеулер аударматануда лингвистиканың, социологияның, психологияның, әдебиеттанудың, социолингвистиканың, психолингвистиканың пәнаралық өзара әсер-ықпалы жүзеге асатынын көрсетіп отыр. Тәржімеленетін мәтін бір тілден бір тілге ауысу арқылы ең алдымен бір мәдениеттен бір мәдениетке, (бір өркениеттен бір өркениетке) көшіріледі, аударманың өзге лингвомәдениетке сіңісуі, қабылдануы ең алдымен осы үдерістің табиғи түрде, жатық жүруіне байланысты. Аударма туынды аударылған тілдің төл туындысы, сол тілдің табиғатынан, заңдылығынан жаратылған жаңа туындысы ретінде қарастырылғанда, оған осындай талап қойылғанда ғана айшықты аударма жасалмақ. Аударма өнері – сол тілдегі көркем әдебиеттің деңгейіне тәуелді өнер, төл әдебиеттегі көркемдік ізденістер кенжелеп қалған тұста аударма саласындағы табыстардың қомақты болмайды, сонымен қатар аударма өнерінің сол тілдегі төл әдебиетке ықпалы мол.
Көркем туындының өзге тілге аударылуы – аударылмауы мәселесі де қызғылықты тақырып. Кезінде кеңестік әдебиеттануда орныққан аударуға көнбейтін шығарма жоқ, бәрі тек шеберлікке байланысты деген былайша қарағанда көкейге қонымды, бірақ, аударма өнерінің, жалпы тіл табиғатының бүкіл диалектикасын толық ескермеуден шыққан үзілді-кесілді тұжырымдаманың ойланатын тұстары бар, бұл қағида әсіресе өлең жүйесіне, құрылысына, уәзініне, екпініне, ырғағына, ұйқасына, т.б. көп нәрсе қатысты болатын поэзия аудармасына келгенде қатты ескерілуге тиіс. Жақсы аударманың басты белгісі қазақтың өз өлеңіндей болып кетуі деген ой қисынында да мәселені оңайлатушылық бар. Аударма өлең өз өлеңімізден еш айнымай қалса, тәржіме арқылы тілдің толығуы, өлең өрнегінің өзгеше бояулармен, бедерлермен баюы да болмас еді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   39




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет