ҚОРЫТЫНДЫ
1. Зерттеу барысында қазақ тілінің терминологиясында ерекше терминологиялық жүйе ретінде орын алатын аударматану терминдері тек тілдік тұрғыдан ғана емес, когнициямен байланысты зерттеліп, олардың экстралингвистикалық қырлары когнитивтік лингвистика аясында концептологиялық қасиеттерінің анықталуы арқылы және «ғаламның тілдік бейнесі» теориясына сай лингвокогнитивтік негізде кешенді түрде анықтала алатындығы айқындалды.
2. Аударматану терминдерін «ғаламның тілдік бейнесі» тұрғысынан зерттеуді негізгі мақсаттардың бірі ретінде ала отырып, ұлттық ерекшелікке аса бай лексиканың қатарына жататын тілдің лексика-семантикалық топтары лексикалық жүйемен байланыста қарастырылды, ал ғылыми ұғымдар жүйесімен байланысты терминдік бірліктер концептуалдық жүйе тұрғысынан тіл қызметінің когнитивтік қызметін айқындауда «ғаламның тілдік бейнесі» ұғымына орай кешенді түрде қарастырылды.
3. Ақиқат өмірмен, шындықпен тығыз байланыстағы тілдік бірліктер тілдің терминологиялық жүйесінде орын алады. Осы тілдік бірліктер жүйесін сыртқы экстралингвистикалық мәнділіктермен байланысты қарау белгілі бір терминологиялық өріске жататын ұғымдық атаулар жүйесінің құрылымын, қалыптасу заңдылықтарын, үрдістерін айқындауға мүмкіндік береді.
4. Нақты бір терминологиялық жүйе аясындағы аударматану терминдерінің таңбалануы ономасиологиялық зерттеуді қажет етсе, ал терминнің концептуалдық құрылымы, когнитивтік семантикасы жасанды интеллектінің маңызды ұғымы «ғалам үлгісі», «когнитивтік үлгімен» астасуының концептуалдық табиғатын анықтауды қажет етеді. Сондықтан терминдердің когнитивтік мәні семасиологиялық, ономасиологиялық әдістер мен когнитивтік тұрғыдан ұштастыра зерттелді.
5. Аударматану терминдік бірліктерінің қазақ тіл білімі ғылымының ауқымды бір дерекнамасы ретінде ғылыми-танымдық қасиеттерін ашу мақсатында лексика-семантикалық тұрғыдан зерттеу іске асырылды.
6. Ғылыми ұғымды білдіретін лексемалардың тілдік санада қалыптасуын, концептілік танымға айналу жолдарын айқындау үшін концептуалдық-менталдық ерекшеліктері мен атау мәнді күрделі құрылымдардың ішкі мағыналық, семалық белгілері анықталып, терминдердің дефиницияларын жасауда пайдаланылды.
7. Терминдер мен терминдік тіркестердің аталуына себепші негіз болған уәждік белгілер бірнеше уәждеуіш топқа жіктеліп, қисындық, синонимиялық, бүтіннің бөлшегі, бөлшектің бүтіні, мағыналық кеңеюі мен тарылуы сияқты түрлі қатынастар бойынша қарастырылды.
Достарыңызбен бөлісу: |