Ерте бала аутизмінің белгілері. Емшектегі баланың іс-әрекет және әсерлесу ерекшеліктерін ата-ана байқай алады. Бұған емізудегі қиындықтарды жатқызуға болады. Атап айтқанда, нәресте емшектен бас тартады немесе тым сылбыр емеді, немесе тым қомағайланып емеді, тойына алмайды. Бөтелкемен емізуге қатты қарсылық білдіреді немесе, керісінше, емшектен бас тартып бөтелкені қуана емеді. Тәбеті нашар болуы мүмкін, кейде ол тамақты талғап жейді, кейбір өнімдерден, мысалы сүттен, еттен, балықтан, мүлде бас тартады. Науқас балалардың көпшілігінің асқазан-ішек жолы дұрыс жұмыс жасамайды: іші жиі қатады, құсады. Ұйқы бұзылыстары болуы мүмкін: бала не күндіз, не түнде ұйықтамайды, үнемі айқайлайды немесе күндізгі уақыт пен түнгі уақытты ауыстырып алады, кейде, керісінше, төсекте еш мазасызданбай, көзін бақырайтып бірнеше сағат жата береді. Сыртқы қоздырғыштарға жауап беру түрлері де әр түрлі: тым қорқақтықтан бастап реакцияның мүлде болмауына дейін. Және де бала соқыр не керең секілді көрінеді. Жайсыздыққа реакциясы әр түрлі болуы мүмкін: аз ғана қолайсыздыққа тым қатты қозудан бастап қарнының ашқанына, тоңғанына, астының ылғалдануына ешқандай реакцияның болмауына дейін. Кейде бұндай сәбиді ата-анасы «қолайлы», сабырлы, ешқандай қиындық тудырмайтын бала деп санайды. Бұған қоса, аллергиялық көріністерге бейімділік байқалады.
Әлеуметтік өзара қарым-қатынастың бұзылуы қоршаған адамдармен, ортамен қатынастың болмауынан немесе айқын шектелуінен көрінеді. Сәби әлемнен оқшау, өз әлемінде өмір сүреді. Сырт көзге ол қоршаған адамдарды көрмейтін секілді, ол үшін тек өз қызығушылықтары мен қажеттіліктері маңызды секілді көрінеді. Баска адамдардың оның әлеміне «кіру», қарым-қатынаска шакыру әрекеттеріне үрейленіп, агрессиямен жауап береді, өз-өзіне деген агрессия туындауы мүмкін. Көбіне ата-ана балаға жақындағанда олардың даусына жауап қайтармайды, жауап беріп жымимайды, жауап бергеннің өзінде ешкімге бағыттамай, кеңістікке қарап күледі. Баланың көзін, назарын өзіңе аударту қиын. Одан әрі қарай да онымен көзқарасты түйістіру қиынға соғады. Баланың көзқарасы адамды жанап өтетіндей, бейтарап, сонымен бірге ақылды, саналы көзқарасқа ұқсайды. Оның қызығушылығын көбіне адамдар емес, заттар туындатады: ол бірнеше сағат бойы күн сәулесіндегі шаң-тозаңның қозғалысына, өз саусақтарына қарап отыра береді, анасының шақырғанына мән бермейді. Оның жақын адамдарымен қарым-қатынасы да ерекше, мысалы, ол анасына басқалардан ерекше жан ретінде қарамайды. Көтер демейді, қолға алсаңыз, енжар және сылбыр. Көбіне олар басқа адамдармен тәндік қарым-қатынасты ұнатпайды, одан қашқақтайды. Жақын адамдарға немқұрайлы, бірақ уақыт өте келе оларды, көбіне анасын, тым қатты жакын тартып, аз уақыт жалғыз қалса қатты үрейленуі мүмкін.
Баланың бұдан өзге де көптеген өзгешеліктері болады. Мысалы, ол бірнәрсе жасау немесе бір затты алу үшін ересек адамның қолын пайдалануы, бейтаныс адаммен оңай тіл табысуы немесе ұнамайтын, танымайтын адамнан қашқақтап, корқуы мүмкін. Оның басқа балаларға деген көзқарасы да ерекше. Көбіне оларға жансыз зат ретінде қарайды, бақылайды, қосылып ойнамайды, өйткені ойын ережесін меңгере алмайды. Кейде ол басқа балаларға қатты куанып, айқайлауы, тіпті тұншықтыра қысып құшақтауы мүмкін. Сондықтан үрейленген балалар одан аулақ жүруге тырысады. Кейде өзге балаларды ұрса, кейде қорқып қашады. Бұндай бала басқа адамның эмоциялық күйін түсіне алмайды, сондықтан оның реакциясы сайма-сай емес. Мысалы, анасы жыласа, ол күлуі мүмкін. Бірақ кейде ол ата-анасының көңіл-күйін жаксы сезеді, оларды аяйды. Оның қоғамдык орындардағы іс-әрекеті де оғаш. Баланың айқайлап, сөрелердегі заттарға бас салуы мүмкін, ал өзге кісі өзіне көңіл аударса, мазасызданады. Балабақшада ол күн тәртібін сақтамайды, тәрбиешілерге құлақ аспайды, сабаққа қатыспайды, шкафтың ішіне кіріп алуы да мүмкін.
Сырқат баланың қарым-қатынас жасай алмауы көбіне сөйлеу бұзылысына байланысты. Емшек жасындағы бала анасының даусына, сөзіне көңіл аудармайды. Кейін ақыл-ой қабілетінің сақталуына қарай, ол сөзді жақсы түсінуі мүмкін. Басты мәселе — баланың сөйлеуінің коммуникативтік қызметінің болмауы немесе айкын жеткіліксіздігі. Нәресте уілдемейді немесе бұл кеш пайда болады, ол естіген сөздерін, дыбыстарын қайталамайды. Кейбір балалар мүлде сөйлемейді немесе ол өзіне ғана түсінікті «құс» тілін пайдаланады. Егер сөздерді үйренетін болса, оларды әдеттегі мезгілден ерте не кеш меңгереді. Бұл өте сирек, күрделі сөздер болуы мүмкін, және де бала оларды анық айтады. Кейбір сөздер пайда болып, одан соң оның сөздік қорынан біраз уакытқа жоғалып кетуі мүмкін. Оның сөйлеу мәнері бірсарынды, тез немесе баяу болуы мүмкін. Немесе сөздер буын-буынға бөлініп айтылады, жестикуляция болмайды. Оның сөздік қоры мол болғанымен, сөздер өзара байланыспауы ықтимал. Сөздерді өзі ойлап табуы мүмкін: көк - аспан сиякты; қызыл - жеміс, алма түсті. Бала көп уакытқа дейін «мен» деген сөзді қолданбайды, өзі туралы екінші не үшінші жақта айтады: «Қанат далаға шығады», «Үйге баражатырсың», «Отыр». Ол бұрын естіген сөздерін (мультфильмнен, жарнамадан) жақсы жаттап алып, дәл қайталай алады. Оған «иә» деген сөзді меңгеру киын, егер одан: «далаға шығамыз ба?» деп сұраса, «иә» деудің орнына: «далаға шығамыз ба» деп сұрақты кайталауы мүмкін. Кейде ол жақсы сөйлейтін секілді көрінеді, өйткені тамаша есте сақтау қабілетінің арқасында ол сөйлемдерді, тақпақтарды, кітаптың біраз бетін жаттап алып, дәлме-дәл қайталай алады.
Шектеулі, қайталанып отыратын және стереотипті іс-әрекет, қызығушылық пен белсенділік ерте жастан байқалады. Ол өміріндегі өзгерістерді қинала қабылдайды: жаңа тағамнан, күн тәртібінен, киімнен, арбадан, ваннадан қатты шошиды. Жиһаздың орнын алмастыру, күнделікті жүретін бағытты ауыстыру оны ашуландырып, қоркытады.
Ол өз өміріне көптеген салттарды енгізеді және оларды бұлжытпай орындауды талап етеді. Мысалы, ұйықтар алдында ол белгілі бір бірнеше кітаптан, белгілі бір ретпен әңгіме оқып беруді талап етуі мүмкін. Немесе үнемі бір пижамамен ұйықтайды, тәпішкесін шешкізбейді. Оған қозғалыс стереотиптері тән: тербелу, басты шайкау, қолды көтеру, айналу, шеңбер бойынша жүгіру. Ойнағанда да стереотиптер басым: олар бірнеше сағат қатарынан кітаптарды, кубиктерді, машиналарды бір катарға тізіп, оларды пішініне, түсіне, өлшеміне қарай бөле алады. Егер бірнәрсе қолынан келмесе, қатты ашуланады, қозады, бәрін жөнге келтіруге тырысады. Заттың иісіне, түсіне, беткейінің белгілі қасиетіне қызығушылық танытады. Көбіне оның тастамай өзімен бірге алып жүретін сүйікті заттары болады: жіптер, таяқтар. Көбі ересектердің кітап оқып бергенін ұнатады. Кей балалар белгілер мен символдарға қатты қызығушылық танытады, сөздерді таяқшалармен, сандарды әйнекке жазады. Оның музыкалық қабілеті жоғары болады.
Бала аутизмінің басқа да ерекшеліктері бар. Мысалы, қорқыныштар. Көбіне олар қатты шудан, тұрмыстық әлектр құралдардан, желден, жануарлардан, үлкен машиналардан, пианинодан қорқуы мүмкін. Аяқасты пайда болатын үрейлер де болады: бала еш себепсіз кенеттен шошынып, жылайды, айқайлайды, қасына ешкімді жақындатпайды. Керісінше болуы да мүмкін: ол қараңғылықтан, биіктіктен еш қорықпайды: үстел шетімен жүреді, жүзе алмаса да суға сүңгиді.
Аутизмі бар балалардың интеллекті төмен. Ақыл-ойы дамуының коэффициенті (ІQ) мынадай: жартысында 50-ден кем, төрттен бірінде - 50-ден 70- ке дейін, қалғандарында - 70-тен жоғары.
Бала аутизмінің таза түрінде дене дамуы, әдетте, қалыпты болады. Ол көбіне эпилепсия ұстамаларымен, кереңдікпен, соқырлықпен, Аспергер синдромымен қатар жүреді.
Достарыңызбен бөлісу: |