Дінге беріктігі Содыр саясаттың салдарынан зардап шеккен халықтың мұң-мұқтажын баспасөз бетінен түсірмеген қаламгердің ізін аңдушылар да көбейеді. Тіпті дәм-тұзы таусылар шағын төбесінен төніп отырып тосқан аудандық партия комитетінің озбыр өкілі оның ақырғы демін алғанына көз жеткізіп кетеді.
Тал бесіктен мұсылманша ілім-білім таныған Жиенғали ақтық демін алар сәтінде де «Алласын» аузынан тастамаған. «Жолдас, жаңылдыңыз» деп келеке еткен, құдайсыздыққа тәрбиелеген Кеңестік партияның шолақ белсенділеріне төс қалтасындағы партия билетін лақтыруы да – оның бойдағы бар дәрмені таусылғанымен, солақай саясатқа білдірген қарсылығы десе де болады. Әрі бұл жерде жазушының дініне беріктігі байқалады.
Жастайынан діни сауатын ашып, білімін шыңдаған Жиенғали шариғат негізін жетік меңгеріп өседі. Бірде жолдасы Құдайберген өзге біреуге атастырылып қойған сүйіктісін алып қашып кетіп, аяғы үлкен дауға айналған бұл істі Жиенғали шариғи жолмен шешіп беріп, қос ғашықты табыстырады. Оның діни сауаттылығын осыдан-ақ аңғару қиын емес.
Соңғы хат Ол өлгенше үзеңгілес алаштық Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіровпен араласып, тіпті шалғай ауданда жүріп хат алысып отырған. Әсіресе, Жиенғали мен Бейімбеттің арасындағы достық ерекше… «Еңбекші қазақ» газетінде әр нөмір сайын екеуінің шығармалары кезекпен-кезек жарияланып тұрған.
Өмірде де, шығармашылық жолда да жолдас болған қос қаламгер туралы Бейімбеттанушы Серікқали Байменшиннің жазбасында:
«Бейімбетте көркем сөз мығым, ал Жиенғалида көсем сөз басым. Яғни, жазушылығынан журналистік қабілеті жақсы» деп баяндайды. Ал Асқар Тоқмағамбетовтың: «Бейімбет салмақты, Жиенғали қызуқанды» деп суреттегені бар.
Осылайша айнымас жолдас болған қаламгерлер бір-бірінен алшақ болса да, хат жазысып қарым-қатынастарын суытпаған. Жиенғали Ілияс Жансүгіровпен де жиі араласып, жақсы сыйласқан.
«Ілияс! Сен маған жазушылар дүниесінде не істеліп жатқанды айтып, менің делебемді қоздырасың, мені әурелеп қайтесің. Жүрегімді жандырып, арманымды ұлғайтып қайтесің! Көкірек сайрағанмен денедегі дәрмен ұрықсат етпегесін не керек?
«Ембі-Нефть»-тің Сібірлік ауданы Темірдегі (біздегі) бөлімнің жайынан «Нефть» деген темада пьеса жазбақшы болып бастап қойғанмен не керек? Ол энергияның ендігі қызығын қара жер көрмекші болып отырғасын не пайдасы бар?
Одан да сен былай ет: мені жазушымыздың бірі еді деп танысаңыз, мені өлгенше қайыр сұрамайтын, аштан өлмейтін етіп жазушылар одағы атынан, соның қорынан, соның күшімен маған дүниелік жәрдем қолдарыңды созыңдар. Өлгесін қатын-балама қарасам дегеніңіздің маған қажеті жоқ. Қарассаңыз, қазір қарасыңыз! Бұған дейін бұл сөзді айтуға да арланып: «Өлсем, жайыма өлейін» деп жүр едім, одақ басында сен отырғасын айтып жатқан әрі сырым, әрі мұңым ғой, айыптамассың!
Бейімбет арықтаса, арықтаған шығар. Өйткені ол хат жазуын тоқтатты. Бәлкім, бір жеті түнгі еңбегіме жабысып бәле болар деп, басын алып қашып, бойын аулақ салғысы келген болар. Сеннен гөрі екеуміз жақындау едік, қазір ол құдай ұрғанға сәлем айт. Олай қорықпасын, хат жазысарлық достығынан айырылмасын. Тағы да хат жаз! Істеп жатқан күрделі істеріңді айт, ең болмаса өлгенімше естіп жатайын. Жай-күйіңді айт. Қош!
Темір қаласы, Сакко-Ванцетти көшесі, №33 үй».
Бұл Ілияс Жансүгіровке жазған Жиенғалидің соңғы хаты. Ауыр сырқаты әбден меңдеген ол 1933 жылдың сәуір айында әрі аурудан, әрі аштықтан көз жұмады.