Қазақ халқының дәстүрлі мәдениетіндегі жылқы феномені


«Жылқы және рухани әлем» -



бет4/5
Дата31.01.2018
өлшемі0,85 Mb.
#36566
түріДиссертация
1   2   3   4   5

«Жылқы және рухани әлем» - деп аталатын алтыншы тарауда қазақтың жылқы түстеу салты, жылқы музыка өнерінде, жылқы және көшпенділердің ту, байрақтарының шығу тегі, ту ұстау дәстүрі, жылқыға байланысты наным-сенімдер, эпикалық жырлардағы батыр мен аттың образы атты рухани мәдениетінің күрделі мәселелері сөз болады.

Жылқы түстеріне байланысты сөздерді жинау инемен құдық қазғандай, алдымен негізгі түстерді реттеп алу қиынға түспейді, енді оған басқа бір сөзді қосып отыру, зерттеушіні алға жетелей түседі. Түстер мен реңдерді зерттеу – жылқы туралы мәселелердің ішіндегі ең қиыны, бірақ ең қызықтысы. Жылқы табындарын аралап суретке түсіру, түстерді жіктеу бейне бір әдемі кірпіштерден сұлу сарайдың қабырғасын қалағандай әсер етеді. Ал, түстерге байланысты әдет-ғұрыптар мен салттар бұдан да қызық, этникалық тарихпен астасып жатады. Кейбір жора-жосындар саф алтындай жарқырап ежелгі мәдениетіміздің сән-салтанатын айқындай береді. Жылқы түстерін зерттеу әлемдік иппология ғылымында да кенже қалған мәселелердің бірі, жылқы туралы білімдер ХІХ ғасырдың аяғында шегіне жете дамыды дегеннің өзінде, түстер туралы азын-аулақ ақпарлар ғана кездеседі.

Жылқы түстерінің шығу тегін, неліктен алуан түрлі болып бөлінетінін алғаш тексерген Ч. Дарвин. Ұлы ғалымның пайымдауынша үй жылқылары ілкіде бір-ақ түстен қара жолағы бар қызыл (көк – А.Т.) торы жылқылардан тараған. Бұл пікірдің дұрыстығын қазіргі күнге дейін жылқыларда жиі кездесетін құйрығынан бастап мойнына дейін бүкіл арқасында созылып жатқан қара жолақтар, аяғында кездесетін жолақтар, сирек болса да мойнында, басына таяу шығатын жолақтар –– атавизмнің жұрнақтары екенін дәлелдейді [30, 37-б.].

ХІХ ғасырдың аяғында Торғай облысының мал дәрігерлері болып істеген М. Преображенский, А. Добросмыслов қазақтың жылқы түстеріне байланысты сөздердің көптігі сонша, орыс, еуропалық тілге аудару мүмкін еместігін айта келіп, арнайы зерттеу қажеттігін сөз еткен. Жылқы түстерін баран топ, қылаң топ екіге бөліп баранға: торы, шабдар, жирен, күрең, кер, қара, қоңыр түстерді, қылаңға: көк (ақ), сары, бөрте, құла, шұбар,, бурыл, ала түстерді жатқыздық. Көптеген жылдар жылқы түстерін жинап, жүйелеген кезде ең көп кездесетін түс көк (ақ) - 49, құла - 35, торы - 28 болып шықты, аз кездесетіндері бөрте - 7, күрең - 9, шабдар - 10, бурыл - 16, мұндай түсті жылқылар аз кездеседі-деп, қорытынды жасауға болады. Біздің әзір жинаған жылқының түсіне, түгіне байланысты сөздеріміз 358 дана әлемде ешбір елдің сөз қорында жоқ құбылыс. Сирек кездесетін шұбар, ақбоз, қаракөк т.б. жылқылар екі ел арасындағы тарту-таралғыға тартылған дипломатиялық келіссөздерде маңызы болған. «Қазақтардың Цин императоры Цяньлунге сәйгүлік силауы» атты суретті 1758 жылы Итальян суретшісі Джузепе Кастильони салғаны белгілі. Ең бір қызығы осы оқиға қазақ фольклорында сақталған.

Ақболат онан кейін-күші мықты,

Жан екен жаны жомарт, кісілікті,

Мәмбінің екі басты атын сыйлап,

Шянлуңды шалқадан түсіріпті.

Жырдағы «екі басты жылқы» деп отырғаны маңдайының қақ ортасынан құйрығына, шабынан бастап иегіне дейін бір жағы ақ, екінші жағы қап-қара түсті болған. Сонда бір жағынан қараса ақбоз, екінші жағынан қараса қарагер болып көрінген. Қазақ мұндай жылқыны «нысаналы жылқы» дейді. Император Шянлуңның (Цянлун – А.Т.) таңданғанынан шалқасынан түстіріпті»-деп отырғаны осы. Сөйтіп мұндай нысаналы атты қазақ делегациясы Қытай императорына силаған оқиға сурет болып сақталып, жыр болып жырланып бізге біздің заманымызға жетіп отыр.

Жылқыны қолға үйретіп салт мінген көшпенділер садақтың адырнасына жылқының қылын, тарамысын пайдаланды. Садақ тартқанда адырнаның созылып дыбыс шығаруы ішектің рөлін атқарса, жақ пен адырнаның бір-біріне үйкелісінен ыспалы дыбыс шығуы табиғи құбылыс [31, 177– 79-б.]. Садақтың оғында жылқының қылы пайдаланылғаны айдан анық, себебі, оқ салатын қорамсақты – қылшан деп атайды, яғни қыл оқтарды салатын зат. Қылды оқтар ұшқанда жылдам дыбыс шығарып, жауға қорқыныш туғызады. Қазақтың ең көне саз аспабының бірі адырна (арфа типтес) садаққа ұқсайды, ол ыспалы аспаптардың бірі қылқобыздың ішегіне – жылқы қылы, ысқышына (смычок) тағы да жылқы қылы, шанағына мал терісі (түйе, өгіз, серке) пайдаланылатыны мәлім. Енді қазақ фольклорына зер салайық:

Желмаяның терісін,

Шанақ қылған қобызым.

Бесті айғырдың құйрығын,

Ішек қылған қобызым.

Моңғол халқының ұлттық рәміздерінің бірі – саз аспабы морин-хуурдың қазақ тіліндегі баламасы – «ат қобыз».

Жылқы және саз өнерін екі салада қарастырамыз: жылқыны қолға үйретіп, салт міну саз аспаптарының (адырна, қылқобыз) пайда болуына тікелей әсері болды. Екіншіден жылқы туралы ән мен күйлерді біріңғай зерделеу біздің жалпы жылқыны барлық тұрғыда зерттеуге мүмкіндік береді. Қазақ музыка өнерінде төрт түлікке, жануарларға арналған жанрларды зерттегенмен жекелеп әр түлікке қатысты қарастырылған емес. Үшншіден жылқының сымбаты мен сулулығы, жүрісі, әсіресе жорғаның кербез, келісті теңселісі биге негіз болған. Диссертацияда жылқыға байланысты шыққан, жылқыға арналған 38 әннің, 89 күйдің, 4 бидің қай дәуірлерге жататыны өнерде, алатын орыны тарихи-өнертанушылық тұрғысынан зерделеніп, типологиясы жасалды.

Тудың шығу тегі, пайда болуы жылқының құйрық қылымен байланысты. Оған дәлел қазақтар жылқының күйін сынағанда «ту құйрығы қандай екен?» дейді. Мысалы, орта ғасырдағы Доспамбет жырау:

Ту құйрығы бір тұтам,



Тұлпар міндім өкінбен, - деп жырлаған.

Дерек берушілердің айтуынша ертеде батырлар өздерінің астындағы сәйгүліктерінің құйрығынан кесіп алып, туы мен найзасының шашағына таққан Бұл дерек фольклорда анық көрінеді:

Аттылы жасақ толған жер,

Ат құйрығын ту етіп

Атойлап ұран салған жер.

Демек, көшпенділердің алғашқы тулары өздерінің мініп жүрген аттарының құйрықтары. Кейін уақыт өте келе жылқының құйрығы тудың шашағына тағылып, оны «қыл шашақты ту», «қыл жалау» деп атаған. Туларға тайпалардың тотемін, жаратушысын, иесін кескіндеген. Алтайлықтардың тілінде «ту», «аруах», «рух» бір мағынаны білдіреді.

Түркі халықтарының барлығына ортақ, түркі қағанаты заманынан қалған тамаша мұра – тас бетіне қашалып жасалған Тұлпар мен Ту бейнесі. Желбірете ту ұстаған, салт атқа мінген жауынгер бейнесі сонау Байкал көлі маңынан бастап, Шығыс Еуропаға дейін, яғни түркілердің аттары су ішіп, түркі қылышы жарқылдаған жердің бәрінде кездеседі. Монғолиядан бастап Болгарияға дейін асыл текті арғымақтар мініп, қолдарына желбіретіп ту ұстаған ерлердің суреттері кең тараған, мұндай суреттердің жалпы саны 30-дан асады. Туды, ту ұстау дәстүрін Еуропаға скифтер, гүндер Қытайға ғұндар, кейінірек бұл дәстүрді жалғастырған ежелгі түркілер.

Жұмыста фольклорлық, заттың деректерді негізге ала отырып кейбір қазақ батырлары мен хандардың тулары анықталып, сурет-сызба түрінде реконструкциясы жасалды. Қарасай батырдың бөрібасты байрағы, Қабанбайдың ақ туы, Абылайдың он қыл шашақты туы, Жауғаштың туы, Жәнібектің ақ туы, Тортуыл Баймұрат батырдың тұлпарбас туы, Амангелдінің алты қыл шашақты туы.

Сонымен ту, байрақ дегеніміз – батырлық дәреженің, хандық биліктің, әскери лауазымның дәрежесі белгісі және жеке адамдардың белгісі. Бұл белгі патшалар, әскербасылар жүрген жерде көтерілген. Қазақ армиясында ту ұстаушы батырды-тубегі деп атаған, ол қолбасшыдан кейінгі лауазым саналған. Тубегілер бұл байрақтармен шайқаста түрлі тактикалық белгілер беріп, айқасты басқарып отырған. Түркия армиясында әлі күнге дейін ту ұстаушыны – байрақтар деп атайды. «Манас» жырында байрақ ұстаушының функциясы анық бейнеленген:

Байрақ бұлғап бақырам,

Байрақтың басын жапырам. [32, 190-б.].

Жылқыға байланысты наным-сенімдер қазақтың рухани мәдениетінің үлкен бір қабаты, бұл тақырыпты біз бұрынғы зерттеулерімізде қарастырғандықтан бұл бөлімде тек жаңа деректерді саралауды жөн көрдік. Жылқы ғұрпы қазақ рәсмиятында адам өмірге келгеннен бастап о дүниеге аттанғанға дейін, яғни «тал бесіктен жер бесікке»дейінгі өмірдің барлық кезеңдері мен белестеріне қатысады.



Асан Қайғыдан «дүниеде ненің дүбірі қатты» - дегенде «аттың дүбірі қатты» - деп жауап берген екен. Аттың дүбірі қатты болсада қазақ ерекше қадірлейді. «Аттың дүбірімен дүниеге келген бала атқұмар, батыр болады», - дегендей ертеде толғағы қысқан әйелі бар үйдің сыртынан табын жылқы айдап өткен кезде болған.

Бесікке саларда жылқының құйрық-жалынан, кекілінен қыл жұлып бесіктің арқалығына іліп қояды. Бесіктің екі жағынан қамшы үйіріп, егер бесікке салатын ұл болса: «Тақымыңнан тұлпар кетпесін, бәйге бермес шабандоз бол» деген тілеумен ырымдап салады.

Баланы бесікке бөлеп болған соң жасы ұлғайған кәрі адамдар (кемпір, шал) бесікке мініп тұрып, атқа мінгендей шу-шу деп ойын көрсеткендей болады. Орынбор қазақтарында бесікке салатын әйел бесіктің үстіне атша мініп алып, басына аттың жүгенін киіп, қолына қамшы алып, шауып келе жатқан адамды бейнелеп, ыңылдап өлең айтады.

Бесік жырының әуені Қазақстанның әр жерінде әртүрлі болғанымен міндетті түрде мынадай өлең жолдары кездеседі.

Құйрығыңды майырып,

Түнде жылқы қайырып,

Жаудан жылқы айырып,

Жігіт болар ма екенсің.



Бала апыл-ғұпыл аяғын баса бастағанда, баланың аяғын жылқының қылымен байлап ауылдағы белгілі бір жақсы адамға қайшымен қылды кескізеді. Бұл «тұсау кесер» деп аталады. Тұсау кескен адам бата береді: «Тұлпардай жүйрік бол, Сұңқардай ұшқыр бол!». Бата берген адамға сыйлық беріп, тілеу жасайды.

7-8 жастағы баланы жасынан жылқышылардың қосына апарып тастайды. Қоста әке-шешесінен жырақта бала өзін ұстай білуге, өз бетімен күнелтуге, ең бастысы қалың жылқыны қайырып-бағып, құрық салу, шалма тастау, асау ұстау сияқты шабандоздық өнердің қыр-сырларын өз көзімен көріп, шыңдалады. Қобыланды батырды әкесі Тоқтарбай жылқы қосына жіберіп өзінің бас жылқышысы Естемеске тапсырады. Естемес шын мәнінде болашақ батырдың тұңғыш тәрбиешісі.

Жылқыда жатып Қобыланды

Екпіні оттай қаулайды.

«Балаң жасық болса, жылқы бақсын,

Балаң тентек болса қой бақсын» - деген мәтелде жасық, жуас баланы жылқы шыңдайды, өжет етеді, тіл алмайтын тентек болса қой жынын қағып алып жуас етеді деп халқымыз бала тәрбиесіндегі төрт-түлік малдың рөліне ерекше мән бергенін көреміз. Бала тәрбиесіндегі жылқының рөлін ақын тілімен айтсақ:

Бала күннен тартып мінсең ат жалын,

Онда сенің көкірегің от-жалын (Төлеген Айбергенов).

Жылқының неке, отбасы қатнасындағы ролі біршама зерттелседе әлі де ел арасында тың фактілер кездеседі. Күйеу баланың атын, жалпы күйеу қайын жұртына келіп-кетіп жүргенде балдыздары, басқа тумалары аямай мінетін болған. «Күйеу атымен күл тасы» деген мақал содан қалса керек. Қыз келін болып түскенде келіннің басына аттың жүгенін кигізіп, ауыздығын салғандай көрсетіп, төрді бір рет айналдырады. Бұл келешекте келін жүгенсіз кетпесін тәртіпті, инабатты болсын деген ырым.

Жылқы адам қайтыс болғанда, жерлеуде айрықша этномәдени қызмет атқарады. Марқұмды бейітке дейін апаратын табытты ағаш ат дейді, марқұмды жерлеп болған соң үстінен биіктеу ұзыншалап үйген топырақты ат бесік деп атайды. Сонымен қазақтың бүкіл өмірін туғаннан бастап марқұм болғанға дейін ат қатарласып жүріп, шығарып салатынын көреміз.

Қазақтың тарихында еліне қорған болған батырлардың сүйікті тұлпарлары эпос-жырларда, аңыз-әфсаналарда тарихи кейіпкер ретінде көрінеді. Көшпенділік қоғамның негізгі қозғаушы күші жылқы болғандықтан, бұл заңды құбылыс саналады. Алпамыстың Байшұбары, Қобыландының Тайбурылы, Ер Тарғынның Тарланы, Қамбардың Қарақасқасы, Арқалықтың Көкжалы, Телағыстың Телкүреңі, Шораның Таспакері мен Қатукері, т.б. иесі мен аты қатар аталып, халық санасына сіңгені сонша, бірін-бірінсіз елестету қиын. Tүркі-моңғол халықтарының батырлық эпостары екі жақты аталады. Біріншісі – батырдың есімі, екіншісі астындағы тұлпардың аты.



Түркі халықтарының эпосының басқа халық эпостарынан ерекшелігі: «Батыр сол кезде батыр болады, өзіне лайықты жан серігі – әскери атын тапқан кезде. Бұған дейін ол қаншама жойқын күшін көрсетіп, ерлік жасағанымен батыр деп саналмайды» [33, 11-б.].

XVIII–XX ғасырлардағы әсіресе, жоңғар шапқыншылығына және орыс отаршылдарына қарсы азаттық соғысында қазақ қолбасылары мен батырлары мінген сәйгүліктерінің «тұтас галереясын» көруге болады. Абылайдың Алшаңбозы мен Құлаша аты, Қабанбайдың Құбасы, Бөгенбайдың Нарқызылы, Әбілқайырдың Ақбозы, Кенесарының Кертайлағы мен Өтеуке-Шабдары, Наурызбайдың Ақауызы мен Қызылауызы, Исатайдың Ақтабаны, Махамбеттің Тарланы, Ағыбайдың Ақлағы, Жанқожаның Мәстекқарасы мен Көкешкісі, Балуан-Шолақтың Ақбозы, Оспан батырдың Қаракері мен Ақбозы т.б. иесіне берілгендігі мен ерлігі, тұлғалары мен сымбаты еліміздің тарихында мәңгілік алтын әріптермен жазылып қалды.



Эпостық батырлардың өздеріне лайық ат іздеп тауып, баптап, жанжолдас етіп алғанындай, XVIII–XIX ғасырдың батырлары да ержете бастағанда өзінің талабынан шығатын ат тапқанша көңілдері көншімеген. Әлбетте, батырдың жас шағынан, құлын кезінен таңдап мінген жылқысына, жас балаға ат қойылғандай есім беріледі. Аттың есімі ең бірінші түсіне, одан соң мінезіне, жылдамдығына, жүйріктігіне қарап қойылады. Түркі халықтарындағы жылқы киесін зерттеген С.П. Нестеров: «Аттың есімі оның өзіндік «паспорты» болып табылады, иесі мен атының арасындағы қарым-қатынасты көрсетеді. Иесі үшін жылқы еңбек құралы емес, бүкіл көшпенділік өмірдің тауқыметін бірге көтеретін жан серігі, досы. Батыр мен жылқының арасындағы бауырластық, достық эпостарда айқын бейнеленген» [13, 37-б.].

Бұл тарауда біз батырлардың өмірі мен қызметін, қазақ қоғамындағы батыршылдық иниститутын астындағы аты арқылы зерделедік, сондықтан сәйгүліктерінің аты фольклорда, тарихи деректерде барын ғана сөз еттік. Шын мәнінде көшпенділер қоғамында героиларды жан серігі атынсыз зерттеуге болмайтынына көз жеткіздік. Сондықтан атының есімі сақталған барлық батырлармен хандардың олардың өмір сүрген уақыттарын көрсете отырып кесте-схемасын жасадық.

ҚОРЫТЫНДЫ
Қазақ жері-жылқының жаратылған жері, яғни туған бесігі. Қазақ халқының арғы ата-бабалары ежелден алғашқылардың бірі болып жылқыны қолға үйреткен, мініске жаратқан, етін тағам, сүтінен қымыз ашытқан терісінен киім тігіп, ең аяғы сүйегінің өзін баспанасына құрылыс материалы есебінде жұмсаған. Бұған дәлел Ботай энеолит қонысынан табылған салмағы ондаған тонна, жүз мыңдаған жылқы сүйектері. Бұл сүйектердің ішінен сүйек сулықтардың (костянные псалий) табылуы жылқыны қолға үйретудің айқын дәлелі. Қыш құмыралардың сынықтарына Англияда өткен зертханалық тексерулерде бие сүтінің қылдықтарының табылуы ботайлықтардың Еуразияда тұңғыш қымыз ашытушылар екенін дәлелдейді. Сондықтан қазақ халқының жылқы мәдениетіне шамамен 6-мың жыл болды –деп айтуға негіз бар.

Қазақ жерінде қола дәурінің өзінде жылқының екі тұқымы: бойлары шоқтықтарына дейін 130-136 см бойы аласа жылқылармен қатар биік жылқылар (арғымақ деп айтуға болады 150см) кездеседі. Темір дәуірінің жылқылары шамамен осы екі тұқымның арасындағы бойлары 140 см кәзіргі қазақ және моңғол тұқымдарына жақындау болып келеді. Көне түркілер заманынан Шыңғысхан шапқыншылығына дейін археологиялық және жазба деректер бойынша негізінде екі түрлі жылқы тұқымы өсірілген: түркі жылқысы кәзіргі қазақ және моңғол тұқымдарына жақындау, сонымен қатар бойы биік арғымақ тұқымдарында өсіру кең етек алған. 1928 жылға ұжымдастыруға дейін ру, ел, атауларымен аталған (адай, шекті, жағалбайлы, найман т.б.) қазақы тұқымның негізгі генефондысын құрады. Қазақи тұқымның көптеген тұқымдары мен тармақтарын құртқан 1929-1931 жылдардағы коллективизация науқаны.

Жылқы тарихын зерттеу көшпенділердің оның ішінде қазақтың көне замандардағы тарихын кезеңдеуге (кезеңдерге бөлуге), демек кезеңдеу жүйесін жаңаша қарауға септігін тигізеді.

Ілкіде адам жылқыны азық қылса кейін мініп, жылқымен мал бақты мүны тарихта бақташылдық номадизм (пастушеский номадизм) кезеңі деп аталды. Бақташылдық номадизм б.з.д. IVмың жылдықтың аяқы шенінен басталып, б.зд. II мың жылдықтың басымен бітеді.

Б.з.д. II мың және I мың жылдықтың шекарасында, яғни алғашқы қола дәуірінде салтатты-серілер кезеңі басталады. 1,5 мың жылдан астам ұзақ уақыт бойы қайыс және жіп ауыздықпен атты басқарған адамдар атпен тек ғана мал бағуға қолы жетсе, енді қоладан жасалған екі езулі ауыздықты ойлап тапқан Еуразия көшпенділері атты әскери мақсатқа басқалардың жерін жаулап алуға қол жеткізді. Ғалымдар тарих сахнасына салтатты серілердің шығуына төрт жаңалық себепші болды дейді: металл ауыздық пен сулық, қысқа қанжар түйреп кесетін семсерге айналды әрине ат үстінен садақ тарту. Б.з.д II мың жылдың басында осындай ат жарағы мен қаруы бар арийлер Орталық Азиядан жөңкіліп Индияны жаулап, Иранды көктей өтіп Еуропаға барған. Сақ-скифтерде темір ауыздық, скиф садағы, сауыт, ғұндарда ағаш сүйекті қатты ер-тұрман ғұн садағы, көне түркілерде металл үзеңгі мен қайқы қылыш, моңғолдарда қатаң тәртіп әскердің ондық, жүздік, мыңдық болып бөлінуі. Демек, Орталық Азияның көшпенділері ер-тұрман жабдықтарының өзгеруіне прапорционалды түрде жаңа қару-жарақтардың ойлап табылып, қолдануына сәйкес басқа елдерге жорықтарын бастайтын болған деп қортынды жасауға болды. Көшпенділердің 3 мың жыл бойы жарты әлемді қайта-қайта жаулап алып тұруы ХШ ғасырда моңғолдармен бітеді, себебі одан кейін оқ-дәрі, мылтық-зеңбірек заманы басталып, атты әскер кейнгі планға ығыстырылды. Орталық Азияның ірі көшпенді этносы болып табылатын қазақ елі осы кезеңдердің бәрін басынан өткізді.

Американ ғалымы А. Хазановтың есептері бойынша Еуразия аумағындағы мемлекетердің 50% астамы әлемдің өркениет тарихында көшпенділердің әскери жорықтарының нәтижесінде пайда болды. Н.Э.Масановтың пікірі бойынша «көшпенділер бытыраңқы шашылған егіншілік әлемін желімдеп бірегей планетарлық кеңістікке келтірді Колумбқа дейінгі ғаламдастыру үрдісін жасады, отырықшы егіншілік қоғамның тұрғындарын белоктык тағамдармен (сүт, ірімшік,йогурт, қымыз) қамтамасыз етіп, денсаулығын нығаятып әл-қуатын жақсартты».

Жоғарыдағы фактілерге сәйкес қазақ халқының болмысын алып қарайтын болсақ бес мың жылдан астам ат үстінен түспеген көшпенді халықты 1929 жылы Кеңес одағы 1958 жылы Қытай отырықшыландыру, коммуналастыру деген сылтаумен аттан түсірді, және сүйікті асы мен сусыны: жылқы еті мен қымыздан айырды. Бүкіл өмірін ат үстінде өткізіп, бүкіл шаруасын ат үстінде атқарған халықтың ең алдымен рухы өшті мүсәпірге айналды, мүлдем бас көтере алмайтын халге жетті.

Қазаққа қарағанда, әлемнің басқа көшпенділері бақыттырақ болды. Арабтар мен моңғолдар «ат үстінен ... » өркениетіке кірді деуге болады.

«Қазақ тарихы-жылқы тарихы – деп түйіндейді Ж.Бабалық пен Қ. Ілиясұлы. Тарих керуенінің үздіксіз алға жылжуында халқымызды ХХ ғасырдың 30 жылдарына дейін аман-есен жеткізген жылқы десек артық айтпаймыз. Жылқы – сан ғасырлар бойы қазақтың құдіретті қаруыда болды. «жылқысы бар көшпенділер о заманда кәзіргі ядролық қаруы барлармен бірдей болған»-деп бейнелейді К.А. Ақышев.

Қазақ жігіті астындағы сәйгүлігін сүйген сүлуынанда жақсы көрген, бір ат үшін өмірін қиған, бір ат үшін ұры атанып жеріне жексұрын болып елінен қашқан Отан, ел, жер, тумалары үшін өмірін қиюға болады, ол жалғыз ат үшін ше? Қазақтың осы феноменін шетелдіктер түсінбейді.

Жылқыға байланысты халықтың білімдер, жылқы түстеу, жылқыға қатысты әдет – ғұрып, салт – дәстүрлер, мақал – мәтелдер, афоризмдер т.б. қазақ халқының рухани мәдениетінің үлкен бір саласы болып табылады. Бүгінгі таңға дейінгі материалдар мен зерттеулер, қазақтың жылқы түстеуінің сөздік қоры әлемдегі бай да мазмұнды екенін көрсетіп отыр. Тағы бір ерекшелігі бұл сөздердің көптігіне қарамастан, Қазақстанның барлық өлкелерінде бірдей айтылып, бір мағына беруінде. Жылқыға қатысты, наным –сенімдермен, діни жораларды саралағанда индоевропалық, ерте көшпенділердің, түркі дәуірінің қазақ хандығының т.б. элементтері қабаттасып келіп отырғанына көзіміз жетеді.

Жылқы шаруашылығына байланысты қазақтың халықтық мәдениетімен, Евразияның мекендеген түркі – моңғол халықтарының мәдениетімен салыстырып қарағанда көптеген ортақ белгілірі анықталды. Жалпы түркі – моңғол халықтарының шаруашылығында және халықтық мәдениетінде жылқының ортақтығындай, басқа мәдени үрдістерді табу қиын. Себебі ерте замандардан – ақ бұл халықтардың ата – бабалары өздері өмір сүріп отырған ұланғайыр территорияны жылқының күшімен бағындырды, жылқының күшімен қорғады. Екіншіден таулы, далалы аймақта ұқсас шаруашылықтармен айналысу және ықылым заманнан келе жатқан этномәдениеттік байланыстар. Түркі монғол этносынан жылқы шаруашылығы тұрғысынан қазаққа ең жақын тұрғаны қырғыз, алыстауы түркімен.

ХХI ғасыр-ғаламдастыру заманында да қазақ әлемге өзін жылқы арқылы таныта та алатынын Қытайдағы қандастарымыз дәлелдеп берді. Пекин Олимпиадасының қарсаңында 20 жылқының ішегі мен майынан 100 метрлік қазы жасап Гиннес кітабына енгізді. «Қаражорға» биін 13 мың 800 адам бір мезгілде билеп ол да Гиннес кітабына енді. «Қаражорға» атты ұлттық биіміз осы аттас күйіміз ықылым заманда жылқыдан шыққаны белгілі. Сондықтан жылқы арқылы әлемдің өркениетке береріміз алда.

Дала жылқысының көне тарихын зерделегенде әлемдік тарихтағы кейбір оқиғалар мен үрдістердің, атаулардың шығу тегі мен пайда болуына байланысты мәселелерді қайта қарауға тура келеді. Мысалы: әйгілі Гректер мен парсылар арасындағы марафон шайқасында гректердің жеңгенін білдіру үшін бір жауынгер 42 км жүгіріп отырып «жеңіс» -деген сөзді ғана айтып өліп кетеді. Біздің ойымызша егерде гректерде құрыығында бір ат болғанда, жауынгер атпен кәзіргі адамдардың жаяу жарысы марафон мүлде болмас еді. Грек-прасы соғыстарының сабақтары гректердің скифтерден жылқы сатып алуына, сөйтіп атты әскерді жасақтауына және скифтерден садақ тартуды үйретуге себепші болды.

Жалпы Қазан төңкерісіне дейінгі әдебиеттерде бұрын қазақта кәсіби мамандықтар мүлде болмаған, болса мал шаруашылығына байланысты жылқышы, сиыршы, қойшы т.с.с айтылып жазылушы еді. Біздің зерттеулеріміз бұл пікірдің қате екенін көрсетіп отыр. Жылқыға байланысты қазақ қоғамында 20-ға жуық мамандық болған. Сыншылардың өзі Қазақстанның әр аймағында әр түрлі аталады. Атбегі, сейіс, бапкер, тапкер, сайыпкер, атпаз, дадагер. Бәйгені ұйымдастырушылар 7 түрлі мамандыққа бөлінген. Кәзіргі тілімізде кең қолданылып жүрген «Төреші» - деген сөз ілкіде тек ат бәйгесіне төрелік еткен адамды атаған. Қазақта аттың жүрісіне ерекше көңіл бөлген, әр аттың жүрісіне орай мақсатқа пайдаланылған. Аттың жүріс, шабыс, жорға түрлері 20-дан аса түрге бөлінетіні, 30-ға жуық сөзбен бейнелейтіні көрсетілді.

Қымыз құятын ыдыстар тізімін ерте заманда пайдалынылып кәзір ұмытып қалған тегенеден үлкен қайық тәрізді, кейде үш сирағы бор ағаштан ойылып жасалған «самар» - деген ыдыспен толықтырдық. Бір торсықтың өзі: шимай торсық, мүйіз торсық, жан торсық болып 5-ке бөлінетіні айқындалды.

Халқымыздың өмір-тұрмысынан мүлде өшіп қалған бес биенің терісінен жасалған «бес бие сабасының», он биенің терісінен тігілген – «тай жүзгеннің» біздің далалық экспедициялардың материалдары негізінде реконструкциялары жасалды. Қазірдің өзінде бұл сабаларды қалпына келтіріп қымыз тойында көрсету жайында этнопроектілер жасалуда.

Кеңес заманында ұмытылып қалған қымызмұрындық мерекесі біздің еңбектеріміз бен мақалаларымыздың негізінде кәзір Қазақстанның жер-жерлерінде тойлана бастады. Жалпы ұлттық мейрамдар ұлттық сананың бір көрінісі, сол себепті мемлекеттік идеологияның бағыт-бағдарымен үйлесетіні негізсіз емес.

Қазіргі уақытқа дейін арғымақ тұқымдарының шығу тегі, тұрпаты, жөніндегі талас пікірлер көп-ақ. Біздің жазып алған қазақ атбегілерінің араб, түркімен жылқыларын арғымақ – деп атап оған берген бағалары арғымақ мәселесін айқындауға септігін тигізері хақ.

Қазақ ер-тұрмандарының ат жбдықтары тұңғыш рет сарапталды, «төрт тұрман», «бес тұрман» - деген сөздердің мағнасы ашылды. Ер жабдықтарының 90-нан астам атаулары мен терминдері жүйеленді. Оңтүстік қазақтарынан өте сирек кездесетін ер қосатын қалыптың суреті салынып алынды.

Автордың далалық экспедициялардың нәтижесінде Қазақстанның оңтүстік өңірінен Қамбар ата ескерткіші мен Қамбар ата мешіті тұңғыш рет ғылыми тұрғыда зерделеніп бағасын алды.

Қобыланды батыр жырындағы Тайбурылдың тас ақыры Тараз қаласының музейіен табылып әйгіленді.

Ел арасынан жиналған деректер және шежіре негізінде Төле бидің жайлауда қымызмұрындық өткізетін алып шынар ағашы анықталады. Төле би бәйтерегі – деп аталатын 600 жыл жасаған бұл ағаш Өзбекстан Республикасы, Шарбақ ГЭС-нің маңыына таман Шыршық өзенінің жағасында орналасқан.

Тайбурылдың тас ақыры мен Төле би бәйтерегі қазақ тарихы мен мәдениетіндегі айтулы нысандар ретінде оқулықтар мен энцеклопедиялардан өз орнын алатыны даусыз.

Атты қолға үйретіп мініске, күш - көлікке пайдалану арқылы көшпенділер әлемдік өркениетке көптеген рационазаторлық жаңалықтарды енгізгені белгілі. Ер-тұрман, етік, шалбар, садақ қайқы қылыш т.с.с. Осылардың қатарына ту, байрақтарды жатқызуға болады. Әлемдегі ең алғашқы тулар-қыл жалаулар. Жылқының құйрығынан қыл алып оны ту қылып көтеру «жылқы культімен» байланысты. Біздің зерттеулер қылқұйрық тулардың көне түркілірдн бастап қазақта ХІХ ғасырға дейін болғанын қуаттайды.

Қазақ халқының бағуы ата-бабалары ат мәдениетін жасаған әлемдегі санаулы халықтардың бірі. Олай болса әлемдегі жылқы туралы терминдерді көзсіз қабылдай бермей өзіміздің байырғы ұғымдарды қалпына келтіріп неге пайдаланбасқа? Ежелгі түркі заманынан бермен қарай ат ойындары өтетін жерді «атмайдан»-деген. Демек, «ипподром» - деген сөзді «атмайдан» деп атау керек. Керісінше жылқы туралы терминдер мен атауларды әлемдік жылқытану ғылымына біз енгізуіміз қажет.

Ғасырлар бойы жылқы жүріп өткен жолдарды зерттеу, жылқыны күтіп баптау, Қамбар ата ұрпағын ардақтау, әлпештеу қазақ халқының мәдени келбетін тұлғалауға, халқымыздың өзін-өзі тануына көмектесер хақ.

Жұмыс сан қилы көп жоспарлы сол себепті алуан түрлі аспектіде қарастыруға тура келді: биологиялық, (жылқының шығу тегі) экологиялық (жылқы-табиғат-адам), жылқы тану (қолға үйрету, жарату, сыншылық өнер) әскери іс (атты соғысқа үйрету, ұрыс тактикасы), техникалық (ер-тұрман жабдықтары), тарихнамалық (әдебиеттерге шолу, сараптама жасау), этнографиялық (информаторлардың деректері), фольклорлық (эпикалық жырлар), мәдениеттану (жылқы және музыка) құқықтық (құн, ат-шапан т.б). Осы тұрғыда ғана тақырыпты жан-жақты ашып, алға қойған мақстаттарға жеттік.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет