Қазақ халқының ұлттық танымы ғасырлар бойы қалыптасып, бекем орныққан, сондықтан да ол қазақ рухын небір күйзелістерден аман алып келе жатқан айрықша қасиетке ие
Байланысты: Қазақ халқының ұлттық танымы ғасырлар бойы қалыптасып
Қазақ халқының ұлттық танымы ғасырлар бойы қалыптасып, бекем орныққан, сондықтан да ол қазақ рухын небір күйзелістерден аман алып келе жатқан айрықша қасиетке ие. Халқымыздың сол қасиетін танытатын формула күллі материалдық байлықтан адами құндылықты биік қоятындығымен ерекшеленеді.
Ия, өзіміздің ұлттық танымымыз бен төлтума мәдениетімізді, рухани құндылықтарымызды танып, бойға сіңіру басты міндет. Егер елдің келешегі үшін қам жеп, жаһандану үдерісінде бет-бейнемізді жоғалтпай сақтап, жастарымыз жат, шетелдік ұғымда болмасын, рухани құндылықтардан ажырап қалмасын, адамгершіліктен мақұрым тұрмасын десек, онда жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарымызды сабақтастықпен жеткізу біздің борышымыз.
Әрбір ұлттың ғасырлар бойы қалыптасқан өзіндік ұлттық танымы мен мәдениетінің қайталанбас бай, қазыналы тарихы бар. Мәселен, қазақ халқының осындай көл-көсір рухани мұралары ұлттық танымымыздан ажырап, соңғы жылдары мемлекеттік деңгейдегі мәселеге айналып келеді. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының «Ұлттық бірегейлікті сақтау» атты бөлімінде: «Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Қазір салтанат құрып тұрған жаңғыру үлгілерінің қандай қатері болуы мүмкін? Қатер жаңғыруды әркімнің ұлттық даму үлгісін бәріне ортақ, әмбебап үлгіге алмастыру ретінде қарастыруда болып отыр. Алайда, өмірдің өзі бұл пайымның түбірімен қате екенін көрсетіп берді. Іс жүзінде әрбір өңір мен әрбір мемлекет өзінің дербес даму үлгісін қалыптастыруда. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз, танымымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана. Ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды» дей келе, «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай» деп түйіндеген болатын[1].