Қазақ ЖӘне ағылшын тілдеріндегі жер-су аттарының ерекшеліктері



Дата08.06.2018
өлшемі27,16 Kb.
#41432
ҚАЗАҚ ЖӘНЕ АҒЫЛШЫН ТІЛДЕРІНДЕГІ ЖЕР-СУ АТТАРЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Исахова Л.Т.

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты, Шымкент, Қазақстан



Резюме

В данной статье рассматриваются особенности топономики казахском и английском языках.

Summary

Peculiarities of toponymy in Kazakh and English languages are considered in this article.

Дүние жүзіндегі халықтардың ландшафт ерекшеліктерін қабылдауы ең алдымен түс арқылы болған. Сондықтан Жер шарының кез келген түкпірінде түспен байланысты атаулар жетерлік. Бізді қоршаған географиялық атаулардың түстермен байланысты қойылғандары айрықша топты құрайды. Тіл маманы Қ.Рысбергенованың соңғы зерттеулері (2010) қазақ топонимиясында 10 негізгі түс (ақ, қара, қызыл, сары, көк, қоңыр, боз, ала, сұр, жирен) атрибутталғанын көрсетеді. Осы түстердің арасында топонимикалық белсенділігі жөнінен Қазақстанның барлық аймақтарында таралған ақ, қара, қызыл, сары, көк лексемалары басымдылық көрсетеді. Дүние жүзі мен Қазақстанның жеке аймақтары бойынша ірі объектілердің атаулары мысалында осы топтың ерекшеліктерін қарастырайық.

Ақ. Бұл түспен байланысты атаулар географиялық нысандардың барлық дерлік түрлеріне берілген атауларда кездеседі. Ақ сөзі түсті анықтаушы ғана емес, кейбір жағдайда «таза», «қасиетті» деген ауыспалы мағынасында да қолданылған. Солтүстік Мұзды мұхиттағы Ақ теңізді ең алғаш рет П.Планций 1592 жылы картаға Маре Альбум, яғни «ақ теңіз» деп түсірген болатын. 1594 жылы фламандтық картограф Меркатордың картасында бұл атау қайталанып беріліп, дүние жүзіне тарап кетті. Орыс карталарында Белое море деп берілген бұл атауды қазақша Ақ теңіз деп атау қолданысқа енген. Шеткі теңіздің осылай аталуы оның табиғи ерекшеліктеріне байланысты: су айдыны жеті ай бойы мұз құрсауында жатады және жауған қар теңіз бетін жапқанда ақ түсті болады. Кейбір зерттеулер бойынша, көршілес жатқан Балтық теңізінің атауы да қазақшаға аударғанда «ақ теңіз» дегенді білдіреді. Өйткені латыш тілінде балтс, литвалықтардың балтас дегені «ақ» деген мағына береді. Ақ түспен байланысты оронимдердің болуын ең алдымен басын қар мен мұз басып жатуымен түсіндіруге болады. Сондықтан бұл атаулар тобы қазіргі заманғы мұздықтар таралған аймақтарда жиі кездеседі. Мысалы, Алтайдағы Белуха, Альпідегі Монблан (французша «ақ тау»), Анды тауындағы Кордильера Бланка (испанша «ақ тау»), Кения тауы. Ақ түспен байланысты оронимдердің екінші тобы тауды құрайған жыныстардың түсін білдіретін атаулар болып табылады. Мысалы, Маңғыстау түбегіндегі Ақтау ақшыл түсті әктасты жыныстардан түзілген. Қазақстанда шөбі тез қурап, ақшыл түске енетін шөлейтті аймақтардағы жазық жерлерда Ақдала, Ақжазық тәрізді атаулар жиі кездеседі.

Ала. Бұл топтағы топонимдер арасында Алатау оронимі көне деп есептеледі. Ғалымдар мұны ала сөзінің ежелгі түркілік сөз қатарына жататындығымен түсіндіреді. Ғ. Қоңқашбаев (1951) Алатауды «қарлы таулардың жалпы атауы» деп түсіндірсе, Э.М. Мурзаев (1984) бұл атау типологиялық маңызға ие екендігін атап өтіп, «мәңгі қар жамылғысы сақталатын және биіктік белдеулілік тән тауларға» берілетінін туралы жазған. Орыс зерттеушісі Е.К. Мейендорф (1975) бұл атауға қатысты осыған ұқсас пікір айтқан: «Бұл таулардың «ала» аталуы кейбір шыңдарын мәңгі қар басып жатуына және кейбірінде қардың мүлде дерлік болмауына байланысты ақ пен қараның араласуы болады... Осы ала-құлалық тау атауына себепші болған».

Қара. Құрамында қара анықтауышы бар топонимдердің басым көпшілігі түспен байланысты болып келеді. Көбінесе географиялық объектінің түсін қара деп қабылдау қоршаған ортадағы басқа нысандармен салыстыру негізінде жүргізілетіндіктен, «қара» деп аталған объектінің барлығы бірдей дәл сондай қара болмайды. Мысалы, Германиядағы әйгілі Шварцвальд тау массиві қазақ тіліне аударғанда «қара орман» дегенді білдіреді, шындығында да бұл таудың жоғарғы белдеуін күңгірт қылқанды ормандар көмкеріп жатыр, олар алыстан қара түсті болып көрінеді. Пиренейдегі күңгірт түсті жапырақтары болатын емен ормандары басым өсетін Съерра-Морена («қара таулар») да осы тектес атау болып табылады. Тәжікстандағы Сиякух тауының атауы тәжік тілінен аударғанда "Қаратау" (сия-"қара", кух -"тау") дегенді білдіреді. Таудың бұлай аталуы беткейлері тік болғандықтан, қардың тұрмауына байланысты болады. Қарақұм шөл типін білдіретін ландшафтылық термин ретінде өсімдікпен бекіген құмдарға қатысты қолданылады. Қазақстан мен Орта Азияда ірілі-ұсақты оннан астам Қарақұм бар. Кейбір зерттеушілер Қарақұм атауы құмдардың жалпы түсіне мүлде сәйкес келмейді, өйткені олар сарғыш қоңыр немесе қызғылт реңкте болатынын айтады. Қарақұм аталатын құмды өңірлер өсімдік жамылғысымен бекіген, құм бетін өсімдік жауып жатқандықтан күңгірт болып келетін жерлер болып табылады. Сондықтан сусыма құмдар тән Аққұмнан Қарақұмның ландшафтылық ерекшеліктері географиялық атауларда ақ және қара анықтауыштары арқылы айқындалып берілген. Бұл мағынасында алғанда, құм атауларындағы қара ландшафт сипатын бейнелейді деуге болады. Азиядағы ірі тау жүйесі Қарақорым деп аталады. Бұл таудың атауы оның сипатын дәл бейнелейді: басым түрде қара түсті жыныстардан құралған оталарда аяздық үгілу әсерінен қалыптасқан тас қорымдар жиі кездеседі. Ал Қазақстандағы бірнеше Қаратаудың болуы ең алдымен бұл тауларды құрайтын жыныстардың қара түсімен байланысты болады. Түркілік номинация ерекшеліктеріне сәйкес, қазақ топонимиясындағы Қаратау оронимі тау типін білдіреді: жазда биік шыңдарында қар мен мұз сақталатын Алатауға керісінше, бұл атау қар жамылғысы жазда еріп кететін, онша биік емес тауларға қатысты да қолданылады.

Гидронимдердегі қара да өзіндік ерекшеліктерге ие. Оңтүстік Америкадағы бірнеше өзен Риу-Негру, Рио-Негро («қара өзен») деп аталса, Қазақстан мен Орталық Азиядағы жүздеген өзендер, бұлақтар мен ағын сулар Қарасу деп аталады. Оңтүстік Америкадағы қара өзендердің атауы олардың суында көп мөлшерде өсімдік шірінділері мен лай болуымен байланысты болады. Ал азиялық қара өзендердің көпшілігінің суы мөлдір болады; олардың осындай атауға ие болуы түркі халықтары семантикасында «қара» сөзі «жер» деген ұғыммен астасып жатыр. Яғни жер асты суларынан бастау алатын, суы мөлдір өзендерге осы атау тән болады.

Сары. Бұл түспен байланысты атаулар гидронимдерде су түсін, ал оронимдерде көбінесе тау жыныстарының түсін білдіреді. Сары теңіз оған келіп құятын мол сулы, лайлы сарғыш өзен суларына байланысты осылай аталған. Ал Хуанхэ өзенінің суы сарғыш түсті лёссты жыныстар таралған аймақпен ағып өтуіне байланысты лайлы сары түске ие болады, сондықтан ол Сары өзен (қытайша хуан–«сары», хэ–«өзен») аталған. Қазақстанда Сарысу, Сарыбұлақ аталатын бірнеше өзен бар. Ал АҚШ-тағы Миссури өзенінің оң жақ саласы Йёллоустон (Yellowstone) өзенінің атауы ағылшын тілінен аударғанда «сары тас» дегенді білдіреді. Бұл осы маңдағы жартастардың түсіне байланысты қойылған. Ресейдегі Саратов қаласының атауының негізінде қазақ тіліндегі «сары тау» жатыр. Уақыт өте келе, Сарытау атауы түрін өзгертіп, Саратовқа айналған. Ал Волгоград қаласының бұрынғы атауы Царицын қазақша Сарысу атауының бұрмалануынан пайда болған. Қазақстанның құрғақ далалары мен шөл-шөлейттерінде аптапты, құрғақ жаз өсімдік жамылғысының тез қурап, жазықтың сары реңкке енуіне себепші болады. Бұл өз кезегінде қазақ топонимиясында Сарыарқа, Сарыдала, Сарыөзек тәрізді атаулардың қалыптасуына негіз болған. Осы ретте қазақ халқының ат қоюдағы айрықша бір ұстанымын да ескерген жөн: кей жағдайда халқымыз «ұзақ сонар», «кең-байтақ» деген ұғымды сары сөзі арқылы жеткізген. Сондықтан қазақ санасында Сарыарқа сары түсті ұсақ шоқылар ғана емес, кең-байтақ аумақ болып табылады.

Қызыл. Атауы қызыл түспен байланысты ірі объектілер қатарына Қызыл теңіз, Қызылқұм және т.б. жатқызуға болады. Қызыл теңіздің атауы теңіз табиғатынан хабар береді: теңіз шығанақтарына енген сайын судың қызарып бара жатқанын байқауға болады. Бұл қызыл түс осы теңізде өсетін «триходесциум эритреум» деп аталатын өте ұсақ қызыл түсті балдырлармен байланысты болады. Бұл теңізді гректер ұзақ уақыт бойы Эритрей теңізі (грекше эритрос–«қызыл» деген сөз) деп атап келген, кейіннен бұл атау басқа тілдерде аударма нұсқасы күйінде пайдаланыла бастады. Теңіз атауы оның жағалауындағы Эритрея мемлекетінің (бұрын Эфиопияның провинциясы болған) атауында сақталып қалған. «Қызыл» гидронимдер тізімі мұнымен бітпейді. Дүниенің әр түкпіріндегі Ред-Ривер (Солтүстік Америкадағы өзен атауы), Рубикон (Италиядағы аты тарихта қалған өзен), Сурхоб (Тәжікстандағы өзен), Қызыл-Ирмак (Түркиядағы өзен), Хонгха (Қытайдағы өзен) және т.б. гидронимдердің мағынасы «қызыл өзен» дегенді білдіреді. Бұл өзендердің ағып өтетін аумағында топырақ пен борпылдақ жыныстардың қызыл түсті болып келуі өзен суын қызғылт, қызыл-қоңыр түске бояйды. Сол себепті өзендер осындай атауларға ие болған. Қызылқұм аталатын құмды өңірлердің аталымын көбінесе түспен байланыстырады. Ғылыми әдебиетте, саяхатшылардың жолжазбаларында құм атын түспен байланыстырғанымен, әртүрлі бағыттағы ақпарат берілген. Е.К. Мейендорф (1975) бойынша, Қызылқұм топырақтары сазды қызғылт жыныстар, олар кейбір жерлерде құм бетіне шығып жататындықтан жалпы құмды Қызылқұм деп атаған. Ал И.В. Мушкетов (1886) Қызылқұмның үштік дәуірдің құмтастарының бұзылуынан пайда болған қызғылт түсті құмдардан тұратындығын атап көрсеткен. Біздің зерттеулеріміз бойынша, дәстүрлі геосимволикадағы оңтүстікті білдіретін «қызыл» ұғымы қазақ тіліндегі «қызу» етістігімен жаратылысы жағынан байланысты болуы мүмкін, сондықтан Қызылқұм шөліне қатысты «оңтүстіктегі ыстық құм» деген анықтама беруге болатын тәрізді. Қызылқұмның Қазақстан аумағындағы басқа құмды өңірлерге қарағанда, оңтүстікте орналасқандығы шөл атауына түсінік береді. Қызыл түс атауы ретінде Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында кеңінен таралған. Негізінен жер бедерінің дөңес пішіндерінің атауларында қалдық массивтер мен аласа тауларда таралған қызыл түсті граниттерге қатысты болса, ойыс, тегіс жер бедері жағдайында қызыл түсті шөгінділермен байланысты атауларда кездеседі.

Дүние жүзі және Қазақстан бойынша біз атаған түстерден басқалары да көптеген атаулар құрайды. көгілдір қоңыр түстермен байланысты атаулар өте көп. Олардың арасында көк (Көксу, Көкшетау), (Көгілдір таулар, Кукунор), (Үшқоңыр), сұр (Хингоу, Миннесота), жасыл (Жасылкөл, Гринвич) және т.б. бар.

Қорытындылай келгенде, жер-су, елді-мекен атауы халқымыздың өткендегі тарихы, ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы қалыптастырған бай тәжірибесінің жемісі.



Әдебиеттер


1. Ахметов Қ. Ономастиканың мәртебесі – ана тіліміздің мәртебесі // Ономастика: бүгіні мен болашағы. Республикалық ғылыми-практикалық конференцияның материалдары. – Астана, 2002. – 196 б.

2. Жанұзақ Т., Рысберген Қ. Қазақ ономастикасы: жетістіктері мен болашағы. – Алматы: Азия, 2004. – 126 б.

3. Мақсұтұлы Е. Мағынасыз атау // «Ана тілі» газеті. – 2004. – №50. – 9 б.

4. Республика Казахстан. РГКП “НКГФ” / ред.: Е.А. Гесско, О.К. Чехович. – 2004 (карта)

5. Әбдірахманов С. Қазақстанның географиялық атауларын транслитерациялаудың жаңа нұсқаулығы туралы // Ономастика: бүгіні мен болашағы. Республикалық ғылыми-практикалық конференцияның материалдары. Жинақ. Астана, 2002. – 196 б.

6. Wells J.C. Longman Pronunciation Dictionary. Fifth impression. Longman, 2003. 871 p.

7. The WORLD ALMANAC and Book of Facts 2001. #1New York Times Bestseller. World Almanac Books. 1008p.

8. Хасенов Ә. Тіл білімі. Оқу құралы. 3-басылуы.Алматы: Санат, 2003. – 416 б.

9. The United Kingdom. //100 Questions Answered. Britain. Creativity, innovation, quality. Question 57–60, P. 57–60.

10. McKay. S.L. Teaching English as an International Language: Rethinking Goals and Approaches Oxford University Press, 2002. – 150 p.

11. Gilyarevsky R.S., Grivnin V.S. Languages Identification Guide // Translated from Russian by Lev Navrozov. “Nauka” Publishing House. Central Department of Oriental Literature. Moscow, 1970. – 53-112 б.

12. Қазақ тілі // энциклопедия «IDK-TIPO» ред. баспа орт. Алматы, 1998. –509 б.

13. Қайдар Ә. Қазақ тілінің өзекті мәселелері. Актуальные вопросы казахского языка. Алматы: Ана тілі, 1998. – 304 б.

14. Исаев М.К. Фонетические особенности английской речи казахов. Алматы: КазУМОиМЯ им. Абылай хана, 2004. – 322 c.

15. Зеленецкий А.Л. Сравнительная типология основных европейских языков. – М.: ACADEMA, 2004. – 252 с.

16. Афанасьева О.В., Резвецова М.Д., Самохина Т.С. Сравнительная типология английского и русского языков (практикум). Учеб. пособие // Изд. 2-е, испр. – М.: ФИЗМАТЛИТ, 2000. – 208 c.

17. Корчажкина О.М., Тихонова Р.М. Фонетико-орфографический справочник английского языка. – М.: ФОРУМ: ИНФРА-М, 2004. – 256 с.



18. Мырзабеков С. Қазақ тілінің айтылым сөздігі. Алматы: Сөздік-Словарь, 1999. – 200 б.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет