Досымбекова Р.Ө.
Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қазақстан, Алматы қ.
e-mail: rauan-d@mail.ru
Қазақ және қытай тілдері нумерологиясындағы фразеологиялық бірліктер
Қай ел болсын оның мәдениетінің бастауы жазу десек, жазудың бастауы сан болады. Бұның барлығы да, Қытайдың көне дәуір тарихын, мәдениетін зерттеген ғалымдардың еңбектерінде айтылған. Сан әлемі бірден басталатыны белгілі. Ал бір санының ұғымдық мәні – сан және иероглиф. Ол көптеген істің, мыңдаған заттың бастауы және негізі, мағынасы шексіз әрі қиын. Мысалы: бір тал, бірінші рет, әр біреуі, біртұтас, бөлуге болмайды, барлығы, жалпы, түгел т.б.сөздердің барлығында да осы «бір» саны қолданылады. Қытай тіліндегі бір саны қандай да бір құбылыстың, тіршіліктің, әлем жаратылысының бастауын білдіреді. Қай тілде болсын, бір саны бірлік сөзінің түпкі түбірі, адам өмірін бастайтын, тіршіліктің бастау көзі болып саналады. 12 санның циклында бұл цифр «жаңа туған нәресте» мағынасын білдіреді. Даостық ұғымда «бірлік тынысы», «рух үйі», «барлық тіршіліктің ортасы» мағынасын аңғартады. Бір санын қытай ұлты шыршамен теңестіреді. Баяу өссе де басқалардан биік, көркем болып өсіп, ұзақ жыл сақталып, кез келгеннің көзіне жоғарыдан, алыстан-ақ ілінеді. Қытай тіліндегі бір санының омонимдері «намыс», «ұтыс» т.б. болып саналады. «Бір» саны – ең кішкентай иррационал сан екендігі қытайдың нумерология ғылымына қатысты «史记·律书», «shi ji lu shu» кітабында былай айтылған: «数始于一», «Санның бастауы – бір» [ 1,10-б.].
Жер шары тұрғындарының барлығында сандық таңбаны жазуда негізінен ортақ цифрлық жүйені пайдаланатыны белгілі. Бірақ, Қытай мәдениетінің ерекшелігіне сәйкес оларда сандарды иероглифпен жазады. Иероглифтердің ішіндегі «бір», «一» «yi» барлық заттың, құбылыстың бастауы болып табылады. «一», «бір» санының оқылуы, тоны, дыбысталуы өте оңай иероглифтің бірі, онда қатаң дыбыс жоқ, ең оңай ұяң дыбыс. «一», «бір» санының жазылу формасы бір сызық, яғни солдан оңға қарай бір ғана түзу сызықпен жазылады. Бірдің оқылуы мен жазылуына қорытынды жасасақ, қоғамның дамуымен бірге, адамзаттың күнделікті тұрмыс-тіршілігі де, ғылыми техникамен тығыз байланыста екенін, сандардың маңызының артып келе жатқанын байқауға болады.
Адамзат баласы сан мәдениетіне күннен күнге мән беріп келе жатыр. Бұрынғы заманда сан адамдардың тұрмысында да өте маңызды рөл ойнаған. Бүгінге дейін жалғасып келген әртүрлі мәдениеттен біз санның ерекшелігін көре аламыз. Қытайлықтар санды тек есептеу үшін ғана қолданбаған, оларға өте үлкен мән берген. Қытай тілінде бірге байланысты мақалдар өте көп. Мысалы: «жолың сәтті болсын», «бет алған жағыңнан табысқа кенел», «өмір бойы бай болып өмір сүр» т.б. [2, 78 б.].
«一», «бір» саны қытай тілінлегі ең оңай жазылатын иероглиф болып табылады. Егерде біз әлемдегі барлық тілдердегі бірдің жазылуына зер салсақ, сол басқа тілдердегі сияқты Қытайдың жазбаша жазуындағы «бір» саны де жеңіл жазылатын сан болып саналады. «Қазіргі заманғы қытай тілі сөздігінде» «бір» санының сегіз түрлі мағынасын берген, оның ішінде алтыншы түрдегі мағынасын екі түрге бөлген, оны қоса есептегенде тоғыз түрлі мағынасы бар. «Қытай тілінің үлкен сөздігінде» «бір» санының жиырма түрлі мағынасы берілсе, оның он жетісі етістік қызметін атқарады. Бұдан басқа да тоғыз түрлі мағынасы бар, бәрін қосқандажиырма сегіз түрлі мағынасы бар.
Лингвист ғалымдардың пікірі бойынша сөздер көне дәуір жаңа заманға өткенде өзгеріске түседі екен. Жаңа неологизм сөздер пайда болып, жаңа мағынаға ие болады. Ал пассивтенген сөздер бірте-бірте қолданыстан шығып, көнерген сөздердің қатарын толықтырады. Сөйтіп сөздердің мағынасы кеңейеді немесе тарылады. Осыған байланысты «бір» санының қатысуымен қазіргі күнге дейін қолданылып келе жатқан біраз тұрақты сөз тіркестерін қарастырып көрелік. Мысалы:
Аз мөлшерді білдіретін сан есім, мысалы: «一问无知», «ештеңе білмеймін».
Бірінші: Санның ретін білдіреді, мысалы: «五月一日», «мамырдың бірі», «第一名», «бірінші, бірінші орын».
Көп бөлшектің бір бөлшегі, мысалы: «四分之一» «төрттен бірі « «这个东西该分我一份吧» – «мына заттың бір бөлігін маған бер».
Ұқсас, бір тұтас. Мысалы: «众口一词» «халықтың ауызбіршілігі бір», «说法不一» – «көзқарасы бірдей емес».
Жалпы, жеке, мысалы: «一家之言» – « бір үйді алып айтсақ».
Толық, бәрі мағынасында: «一家之主» « Бір үйдің отағасы», «一校之长» – «Бір мектептің директоры».
Зейін қою мағынасында, мысалы: «一心一意» зейінін шоғырландыру.
Осы жоғарыдағы келтірілген мысалдардың мағыналарынан тыс одан басқа да мағыналары бар. [3, 58б.].
Қытайдың атақты философы Лао Цзы сан ұғымына, мағынасына байланысты тұшымды ой айта отырып, «бір» санына былайша сараптама жасайды: «Дао ілімінен бір шығады, бірден екі, екеуден үш, үшеуден барлық зат шығып, дамып тарайды. Лао Цзы еңбегінің қырық екінші бөлімінде мынадай мысал келтірілген: «бір» әлемнің ең алғашқы кезі. Қытайдың көне дәуірдегі философтары бірді барлық заттың жаратылмай тұрған кезі, бастауы деп білген». Берілген сілтемеден көріп отырғанымыздай, «бір» саны барлық сандардың қайнар көзі саналады. Сонымен қатар «бірге» қатысты қытай тіліндегі астарлы ойды білдіретін тіркестер өте көп. Мысалы,
«一心一意» тек шын пейіліңмен, басқаша ойламау дегенді сипаттаса, «一步登天» тіркесі, негізінен, әсерлеу сөз, адамды бір аттап жоғарғы орынға жеткізу мағынасын білдіреді. Осы секілді мысалдардың біразын көрсетіп, талдап көрейік:
«一哄而散» тіркесі көп адамдар бірігіп айғайлап тарасқанды білдіреді.
«一窍不通» сөзі негізінен «түк білмес» дегенді білдіреді. Көбінде бұл ұстаздың оқушыларға қолданатын сөзі. Ата-анасы баласына қолданады.
«一清二白» сөзі «өте таза, өте ақ» дегенді білдіреді. Бұл сөз негізінен кінәсі жоқ болса да, жазықсыз кінәләніп, жәбір көрген және өзін өте тазамын, деп ойлайтындарға қолданылады.
«一尘不染» сөзі де «таза» дегенді білдіреді, заттың тазалығына, үйдің, көшенің таза екенін айтатын болса осы сөзді қолданады.
«一目了然» тіркесі «көз алдында жоқ болып кету» деген мағынаны береді. Бұл сөз «өзара қарым-қатынасты үзу, енді бір-бірімен араласпау» сияқты мағыналарға ие.
«一丝不苟» Бұл сөз «жұмыс істегенде өте мұқияттылықпен істеу, зейін қойып тыңдау» деген мағынаны береді.
«一毛不拔» Бұл сөз «адамның өте пысық, дүниеқоңыз» екенін білдіреді. Бұл сөзді қолдану арқылы адамдар жұмыс істегенде басқалардың алдында болып өзін көрсете білу керек дегенді білдіреді.
«一败涂地» Бұл сөздің мағынасы жеңіліске ұшырағанда артын жинау қиын екенін білдіреді.
«一见钟情» – « Бір көріп ұнатып қалу» мағынасында.
«一衣带水» бұл сөздің мағынасы, «көл араны бөліп тұрса да, барыс-келіс үзілмейді, яғни ешқандай нәрсе біздің арамызға кедергі бола алмайды» дегенді білдіреді.
«一般无二» сөзі «бір-бірінен айнымайды, ұқсайды, ажырата алмайсың» деген мағынаны білдіреді. Бұл сөз әдеби шығармаларда көп ұшырасаыд. «Батысқа сапар» романында кезіккен, маймыл болып жасанып алған сайтанды көрген қасындағылар осы сөзді айтады.
«一帆风顺» бұл сөздің мағынасы «сапардың сәтті болсын, яғни жолаушыға айтатын сөз».
«一生一世» тіркесі «өмір бойы» дегенді білдіреді.
«一走了着» сөзі «кетіп қалсаң болды» деген мағынаны береді .
«一路福星» Бұл сөз «жолың сәтті болсын, бақ жұлдызың жансын» дегенді білдіреді.
«一模一样» Бұл сөздің мағынасы «қатты ұқсайды», мысалы: баласы әкесіне қатты ұқсайды демекші болсаңыз осы сөзді қолдануға болады.
«一针一线» Бұл сөздің мағынасы «өте көп еңбек қолдану, бұл сөз негізінен тұрмысты жақсартқанда қолданылатын сөз, бір-бірден әрең құрап шықтым» дегендей [3, 58б.]. Міне осы келтірілген сөз тіркестерінің барлығының астарында алғашқылық, айрықшалық бүтіннің бөлшегі сияқты ұғымдардың жатқанын байқауға болады. Бұл деген «бір» санының, жоғарыда айтқанымыздай, біріншілігін, түрнегізділігін дәлелдейді. Көп адамның жиналып, бірігіп айғайлап тарасуы бірігуді сипаттаса, енді бірі түк білмес, яғни бірде-бір нәрсені білмейді дегенді білдіреді. Кейін бұл сөз ұстаздың нашар шәкірттерге қарап айтатын сөзіне айналған. Ал енді өте таза, аппақ мағынада жұмсалатын сөзде де біріншілік ұғымы бар екенін дәлелдеудің қажеті болмас. «一目了然», яғни «көз алдында жоқ болып кету» деген тіркесте қандай да бір заттың көз алдынан бірден жоқ болып кетуін көрсетеді. Сонымен бірге бұрын аралас-құралас болып жүрген адаммен бірден қарым-қатынасты үзу немесе бір-бірімен араласпау сипатында қолданылады. Қарастырып отырған «бір» санының «一见钟情» – бір көргеннен ұнатып қалу тіркесінде алғашқылық мағына айқын білініп тұрса, «一般无二» - «бір-бірінен айнымайды, ұқсайды, ажырата алмайсың» деген мағынаны білдіреді, яғни бірдейлік ұғымын сипаттайды. «一针一线» сөзінің «өте көп еңбек қолдану, бұл сөз негізінен тұрмысты жақсартқанда қолданылатын сөз, бір-бірден әрең құрап шықтым» сияқты мағыналық сырларына қарап аталған санның бүкіл санның түпнегіздік қасиеті оған киелілік ұғымды дарытқан деп санаймыз
Енді қытай тіліндегі «екі» санын зарделеуге тырысып көрейік. Қытай тіліндегі «екі» саны қосылудың, толықтырудың символы болып табылады. Дао ілімінің ұғымында жер мен аспан, адамзат ұрпағын жалғастыратын еркек пен әйелдің киелі одағы, ақ пен қара, жарық пен қараңғылық, күн мен түн, жер шарының тепе-теңдігін сақтап тұратын екі энергия: «инь» мен «янь» ұғымдарын білдіреді. Өсу мен дамудың белгісі, он екілік цикл бойынша өсіп келе жатқан ұрпақ болып саналады. «Екі» саны қытай мәдениетінде өзіне тән ерекшелігімен ерекшеленеді. Оны аспан мен жердің екіге бөлінгендігінің символы ретінде қарайды.
Қытай тіліндегі «екі» санының кілтіне назар аударар болсақ, екі бір-бірімен қиылыспайтын, параллель сызылған екі сызықпен кескіделеді. Бұл екі сызықты әлем екіге бөлінген, яғни аспан және жер, олар өзара қиылыспайды деп «екі» «二» санындағы екі сызықты аспан мен жердің символы ретінде қарастырады. Қытайдың сандық мәдениетінде адамдар жұп сандарды өте жақсы санап, оларға қатысты айтылған көптеген нақыл сөздер, тұрақты тіркестер мен танымдық сөздер бар: «二龙戏石» « Екі айдаһар бір тас ойнаған», «二泉月影» «Екі құдықта бір айдың сәулесі» т.б. Егер бұл сөздерді өзгертіп, «бір айдаһар бір тас ойнады», «Бір айдың сәулесі бір құдыққа» дер болсақ, ондағы бұл сөздің ешқандай қызығы болмай қалады. Ал, қытай тілінде екімен байланысты айтылған мұндай сөздер өте көп. Мысалы, «екі үй», «二 家» бұл сөз көне дәуірде кең қолданыста болған. Оның мағынасы кіші әйелдің үйі, яғни тоқалдың үйі [ 4, 45 б.].
«二老» «Екі кәрі» бұл сөз де көне дәуірде кең қолданылған. Әсіресе Конфуцийдің дәуірінде, оның мағынасы ата-анаға деген құрметті атау болып саналған. « 二仪» - « Екі әлем», ол – аспан және жер.
Қытай халқы екі санын жақсы көреді, әрі бұл санды «жуық» сан деп есептеп, әрқашанда жақсы іс жұбымен болады деп білген. Сонымен қатар қытай ұлты қонаққа өте үлкен мән береді. Адамдар телефон нөмірін, үйленетін күнін, сағатын таңдағанда, үнемі «алты», «сегіз», санынан тыс «екі» санын да көп таңдайды. Егер телефон нөмірінің ең соңында «1», «2», «3» сандары тұрса онда сөзсіз «2» санын талдайды. Үйлену той күнін таңдағанда, екінші күн, он екінші сан, жиырма екінші сан осы күндерін үйлену күні етіп таңдап, заң бойынша осы күні неке куәлігін алады. Қазір жұмысқа байланысты үйлену тойын демалыс күнге қарай бекітеді.
«Екі» санымен «үш» саны және «сегіз» саны бірге келгенде, онда олардың дыбыстық оқылуына байланысты өте жақсы мағына білдіреді. Бұл негізінен ганконгтық қытайлардың сөзінен шыққан, олар «екі» деген санды оқығанда «易» – «оңай» деген сөздегі оңайға жақын оқиды. Сондықтан «екі» мен «үш» сандары қатар келгенде «易生» «оңай өмір»деген мағынаны білдіреді. «Екі» саны мен «сегіз» саны бірге келгенде «易发» «оңай баю», ал, жиырма үш пен жиырма сегіз бірге келгенде оның мағынасы «易生易发» өмірің жақсы болып, оңай бай бол деген ұғымды білдіреді. Егер кім телефон нөмірін осылай алғысы келсе, онда шынымен бақытқа кенеледі деп санаған. Ал бұл сияқты нөмірлерге қол жеткізу өте қиын, әдетте мұндай нөмерлер ашық түрде сатылады, егер осындай нөмерге қол жеткізгің келсе, онда ақша жұмсайсың [ 4, 85б.].
Қытай тіліндегі сөз тіркестерінде «екімен» бірге келетін сөздер де өте көп. Егер екімен сөз құрағысы келсе, адамдар үнемі екі атақты адамды бірге қойып сөз құрайды, ал, «үш» саны мен «төрт» саны бұлай болмайды.
Мысалы: «二王» «екі ваң» ол ваң Ган мен оның ұлы Ваң Чиен бұрыннан бері бұл екі кісіні «Екі ваң» деп атап келген.
«二龙»-»Екі айдаһар» Шығыс Хан дәуіріндегі Чу Биао мен Чу Чжао. Ол екеуі білімді, мықты адамдар болған, сондықтан оларды «Екі айдаһар» деп атаған. «二老»-»Екі қария» Бо И мен Лу Шаң деп екі үлкен кісіні атаған, кейін келе бұл сөз жасы үлкен екі кісіні айту үшін қолданылып отырған. «二宋»-»Екі сұң» ол екі адамның аты-жөндері бірдей болғанда, екі сұң деп атаған. Бұл Сұң дәуіріндегі көп адамдарды атау белгісі т.б. [4,107-б.].
Қытай халқы «екі» санын бір жұп деп білген. Мысалы: «一双筷子» бір жұп сақпы, «一双鞋» бір жұп аяқ киім, « 一双脚»-екі аяқ, «一双袜子»-бір жұп шұлық, «一双眼睛»- қос жанар, «一双手»-екі қол , «一双肩»-екі иық, тағы да басқа бір-бірімен үлкен кішілігі бірдей, түсі де бірдей, бірі-бірінен ажырамайтын заттардың саны екеу болуы керек.
Қытай ұлтының той өткізу дәстүріне келсек, жаңа той жасаған адамдар «екі» санын киелі санап қатты құрметтегенін байқауға болады. Той жасағанда «喜» «xi», «той» деген жазу жазылған екі қызыл босағалық жазу ілінеді. Бұл қытай халқының дәстүрі. Той жасаған адамға берген заттардың бәрі жұп, яғни екеу болу керек. Өздерінің жаңадан алған заттары да екеу болу керек. Мысалы: көрпе, жастық секілді заттар және қолдан тіккен заттары да жұп етіп жасалады: кестелерге екі ағаш, екі гүл, екі құс, егер айдаһар тіксе, онда оған қоса желді де бейнелеп тігу керек, өйіткені айдаһармен жел жұп болады [5, 40-б.].
Қытай тілінде жақсы іс жұбымен деген ұғым бар. Бұл ұғым бойынша қонақ шақырғанда үстелдің үстіндегі жемістерді, құрмаларды жұптап қояды, тақ болуға болмайды. Егер, қонақ тамақ ішіп жатқанда абайсыздан бір сақбысын түсіріп алса, оған тағы бір сақбы әкелінбейді. Ол қонаққа басқа бір жұп сақбы әкелінеді. Бұл қонаққа деген құрметті білдіреді.
Қорыта айтқанда, «бір» және «екі» сандарының қасиетіне, киелілігіне, танымдық сипатына байланысты қытай мен қазақ халықтарында жалпы шығыстық таным-түсінікке жататын ортақтық бар секілді. Демек, ежелден аралас-құралас келе жатқан көрші жатқан екі елдің дүниетанымында, философиясында, мәдениетінде мұндай жақындықтың барлығын табиғи заңдылық деп қарауға болады.
«Үш» саны қазақ халқындағыдай қытай халқында да қасиетті сан болып есептеледі. Бір мен екінің қосындысы ретінде қандай да бір істің бастамасын да, жалғасын да білдіреді. Қытайларда үш саны біраз құбылыстың символикасы болып табылады. Жарықтың үш көзі: Жұлдыз, Күн, Ай. Үш бастау бар. Олар: Аспан, Жер, Адам. Қытай халқының дүниетанымына сәйкес атаулы үш жер болады. Олар: қасиетті жер, ақиқат жер, шексіз өмір жері. Сондай-ақ, отбасының негізгі үш элементі - еркек, әйел, ұрпақ. Үш бағыныштылық - патша мен қызметкер, әке мен бала, күйеу мен әйел. Қытайлардың ең қалаулы үш арманы - ұзақ өмір, мол байлық, көп ұрпақ. Қытайлар тұтынған негізгі үш дін мен ілім - конфуцийлік, даосизм және буддизм. Мысалы, Лау зы былай дейді: «道生一,一生二,二生三», яғни дау бірді әкелді, бір екіні әкелді, екі үшті әкелді. Лау зы «үш» санын шегі жоқ, ұзын, көп деп білген. Сонымен қатар «үш» санының адам деген мағынаны береді. Жоғарыда айтқандай, қытай халқында бір әлемді, екі аспан мен жерді, ал «үш» аспан мен жердің ортасындағы адамды білдіреді деген түсінік қалыптасқан [6, 120-б.].
Қытайдың көне дәуіріндегі әдебиетінде «үштің» философиялық мағынасы бұл қытай ертегісіндегі, бір мықты адам болған, оның аты Нажа, оның үш басы, алты иығы болған. Ол әділ және тез арада үш адамға өзгере алатын еді. Ол күшті өте мықты болған. Сондықтан адамдар «үш» санын «әділеттің», «мықтының» символы ретінде таныған. Одан тыс қытайлықтар «үш» деген бір істің басталуы орта деңгейге жетілуі, аяқталуы деп білген. Одан тыс «үш» санының еселенген сандарын да жақсы көрген. «Қытайша мақал-мәтел сөздігі» атты сөздікте үш пен басталған мақал-мәтелдердің ұзын саны жетпіс сегізге жетеді. Мысалы: «三生有幸» – «үш өмір де бақыт», «三更半夜» – «түн ортасы», «三思而行» – «үш рет ойланып істе» т.б. Ал, Қытайдың дәстүрлі көне тіл сөздігінде «үш» санынан басталған мақал-мәтелдер саны екі жүз он бес. Мысалы: Бір етікшінің өзі үш Жу Гы Лиаңға төтеп бере алады, мұндағы Жу Гы Лиаң үш патшалық дәуірінде өмір сүрген, өте ақылды, сұңғула адам болған. Бұл мақал көбінесе бір іске сенімсіздікпен қарағанда қолданылады. Бір істі жақсы сәтті аяқтау үшін «三人一条心» – «үш адамда бір жүрек, сары топырақтың өзі алтынға айналады». Бұл мақал негізінен алыс жол жүргенде үш адам болса, өзара көмектесіп, бір біріне көмегін аямаса, ең соңында үшеу іде баратын жерлеріне жетеді дегенді білдіреді. Бұл мақал негізінен татулықтың символы болады, т.б. «Үш» санының сөйлем ортасында тұрған мақалдар да көптеп кездеседі. Мысалы: «一问三不知» – «үш сұрақтан бірін білмеу», бұл мақал негізінен ештеңе білмейтін адамға қолданылады, мағынасы «ештеңе білмеу». «И жиң» кітабында үш көп жерде қолданылған. Олардың санын көрсететін болсақ, жалпы жиыны жиырма бірге жететінін көреміз. Сонымен бірге Қытайдың көне дәуірінде «үш» саны көптік ұғымды да білдірген. Мысалы: «三人行必有我师» «үш адам жүрсе мен оның ұстазымын» бұл сөйлемнің мағынасы көп адамдардың ішінде мен олардан білімім жоғары[6, 140-б.].
Қытайлардың үйлену тойында «үш» санына қатты мән берген. Оны біз мынадан көре аламыз. Үйлену тойында тағзым ету дәстүрі бар, яғни сәлем салу. Кімге сәлем салу керек екенін той басқарушы айтады. Ең алдымен аспан мен жерге тағзым жасайды, онда үйленген ержігіт пен жаңа түскен келін екеуі де иіліп тағзым жасайды. Екінші ретте үлкендерге иіліп тағзым жасайды. Үшінші ретте бір-біріне тағзым жасайды. Үш рет тағзым жасап болған соң, жаңа отауға кіреді. Қытай халқының салт-дәстүрінде де «үш» саны жиі ұшырасады. Олар дүниеден өткен адамның сүйегін үш күн сақтап, содан соң жер қойнына береді. Бір жылда тек төрт мезгіл болғанымен әрбір мезгілде үш айдан болады. Ал қытайлар осы әрбір айдың өзін үшке бөліп қараған. Айдың басы, айдың ортасы, айдың аяғы деп көктемді үшке, жазды үшке, қысты үшке бөлген.
Қорыта келе «үш» санының қасиетіне, киелілігіне, танымдық сипатына байланысты қытай халқында жалпы шығыстық таным-түсінікке жататын ортақтықтың бар екендігіне куә болдық. Демек, ежелден табиғатпен етене жүрген халықтардың дүниетанымында, философиясында, мәдениетінде мұндай жақындықтың барлығын табиғи заңдылық деп қарауға болады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
中国古代神秘数字, 叶舒宪,田大宪。北京社会科学文献出版社,1998, 294页.
Zhang Dan. Zhongguo shuzi. –Shanghai:Shangwuyin she guan 2002 nian -487 б.
Авакова Р., Дәулетова П. Қысқаша қытайша-қазақша фразеологиялық сөздік. – Алматы: Қағанат – ҚС, 1998.
巨积兰。《数字“三”的语言文化比较》第5卷。大连民族学院学报,2003.
Li Xue. Shuzi de wen hua. – Jilin:Jilinda xue chu ban she,2002nian. – 756 б.
Wang Li. Shuzi de shen mi. – Beijing:Beijing da xue chu ban she,2005nian – 497 б.
Нумерологические фразеологические единицы в казахском и китайском языках
В данной статье рассматривается формирование нумерологии в Китае на основе исследований ученых. А также рассматривается нумерологические фразеологические еденицы в казахском и китайском языках.
Ключевые слова: нумерология, цифра, фразеология, сравнения, имена числительные, символ, Даос.
Numerological phraseological units in the Kazakh and Chinese
This article discusses the formation of numerology in China on the basis of research scientists. Also considered numerological phraseological One unit in the Kazakh and Chinese.
Keywords: numerology, digit, phraseology, comparing names numerals, symbol Taoist.
Достарыңызбен бөлісу: |