М. С. Мұқановтың пайымдауынша, қазақтың жүздері этноәлеуметтік ағзаның жоғары санаттарының бірі. "Этноәлеуметтік организм" деп этностық, әлеуметтік, шаруашылық, саяси бірлестіктерді түсінеміз
М. С. Мұқановтың пайымдауынша, қазақтың жүздері этноәлеуметтік ағзаның жоғары санаттарының бірі. "Этноәлеуметтік организм" деп этностық, әлеуметтік, шаруашылық, саяси бірлестіктерді түсінеміз.
Қазақ жүздерінің мынандай ішкі белгілері бар:
а) ішкі аумақтық тұтастық;
ә) этностық туыстық;
б) шаруашылық-мәдени бірлік;
в) саяси басқару ортақтастығы.
Осы ішкі белгілердің мәнін аша түсейік. Әрбір қазақ жүзінің тарихи қалыптаскан аумағы бар. Мысалы, Ұлы жүздің таралған аймағы — Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан; Орта жүздікі — Орталық, Шығыс, Солтүстік Қазақстан; Кіші жүздікі — Батыс Қазақстан. Қазақтың бір жүзге кіретін тайпалары өзара туыстас, тіпті бір атадан тарадық деп есептейді. Белгілі бір географиялық ортада, аумақта өмір сүргендіктен, жүздің құрамына кіретін тайпалардың өз арасындағы шаруашылық-экономикалық байланыстар басқа жүздерге қарағанда күштірек болады.

Осы ішкі байланыстардың пәрменділігінің нәтижесінде белгілі бір тілдік-диалектілік, тұрмыстық-ғұрыптық ішкі тұтастық, өзара жақындық қалыптасады. Жүздер сонымен қатар басқарылуы жағынан да ішкі тұтастығымен ерекшеленеді. Әр жүздің өз төбе билерінің болғанын білеміз. Хандық заманда әр жүз өз хандарын сайлап отырғаны белгілі.
Қазақ жүздері күнделікті тіршілікте қазақ халқының шаруашылық, саяси аумақтық бөлшектері болды. Тыныштық замандарда ішкі этностық байланыстардың, қатынастардың көпшілігі жүздердің өз ішінде жүріп жатты. Дегенмен бұдан қазақ жүздерінің арасында саяси, шаруашылық-мәдени, этностық байланыстар болмады деген түсінік тумауы керек. Көшпелі мал шаруашылығымен айналысатын, отырықшы не жартылай отырықшы ру-тайпалардың арасында өзара айырбас, сауда қатынастары жиі болды. Жүздердің көршілес жатқан руларының арасында құдандалық, тамырлық қатынастар да өркендеді.
Ішкі шекаралас аудандарда жер дауы, жесір дауы мәселесі де болып тұрды. Сондықтан жүздердің ішкі шекаралық аудандары қазақ халқының өзара мәдени, тілдік, тұрмыстық, шаруашылық бірлігіне дәнекер болған алтын көпір, үзілмес желі қызметін атқарды. Ал ел басына күн туған жағдайда, сыртқы жаулардан қорғану мәселесінде қазақ жүздері жұдырықтай жұмыла білді. Ол кезде "мынау бәлен жүздің жері, елі" деп бөлінбеді, бүкіл қазақ жері, қазақ елі үшін қай жүздің баласы болсын, жанын қиюға даяр тұрды. Қазақ жүздерінің ішкі бірлігінің, жалпықазақтық патриотизмнің, елдіктің озық үлгісін біз Жоңғар шапқыншылығы оқиғаларынан көреміз. Мұндай мысал көптеп саналады. Қазақ жүздерінің қордаланып қалған ішкі, сыртқы мәселелері жүздердің басы қосылған құрылтайларында, жиындарында шешіліп отырды.