Қазақ лексикографиясының қалыптасуы мен зерттелуі. Лексикография ұғымы туралы түсінік



бет1/2
Дата07.02.2022
өлшемі22,24 Kb.
#96148
  1   2
Байланысты:
№ 12 -дәріс.Қазақ лексикографиясының қалыптасуы мен зерттелуі


Қазақ лексикографиясының қалыптасуы мен зерттелуі.



  1. Лексикография ұғымы туралы түсінік.

  2. Сөздік түрлерінің жіктелуі.

Қазіргі тіл білімінде лексикография – ғылым мен білім, техника, өнеркәсіп салаларының бәріне де қатысты, қолданым аясы өте кең пәндердің бірі. Қандай да болмасын ғылыми мәселе белгілі бір ұғымға анықтама беруден басталады. Лексикографияның теориясында да қарастырылатын алғашқы мәселе, «лексикография» ұғымына анықтама беру болып табылады. Ғалымдардың лексикография терминіне берген анықтамалары әртүрлі. Қазақ тіл білімінде аталмыш терминге Ғабдолла Қалиұлы екі түрлі анықтама береді:
1) сөздік жасаудың теориясы мен практикасын зерттейтін тіл білімінің саласы;
2) белгілі бір тілдегі я ғылым саласындағы сөздіктердің жиынтығы – ретінде көрінеді.
Орыс тіл білімінде О.С.Ахманованың лингвистикалық терминдер сөздігінде: 1) сөздік түзу туралы ғылым; 2) тілдегі лексикаға сипаттама жасау ретінде сөздік түзу ісі; 3) тілдегі немесе білім саласындағы сөздіктер жиынтығы - деген анықтама беріледі. Кеңестік дәуірдегі екі тілді (аударма) лексикография теориясының негізін қалаған ғалым В.П.Берковтың пікірі бойынша, лексикография: 1) сөздік түзу ұстанымдарын зерттеумен айналысатын ғылым саласы, сөздік жасаудың теориясы; 2) сөздік түзу ісі; 3) тілдегі сөздіктердің жиынтығы; 4) елдегі сөздіктердің жиынтығы.
Профессор Байынқол Қалиев: «Лексикография (грек. lexikos – сөз туралы, сөзге қатысты, grapho - жазамын) – қолданбалы тіл білімінің өз алдына бөлек, жетекші саласы. Ол сөздік жасаудың теориясы мен тәжірибесімен айналысады, олардың ғылыми ұстанымдарын (принциптерін) жасайды. Лексикография ұлт тілінің лексикалық байлығын жинастыру, оларды ретке келтіріп, жүйеге түсіру ісімен шұғылданатындықтан, ол жалпыхалықтық тілді байытады, әдеби тілдің нормасын қалыптастырады, тіл мәдениетін арттырады»-деп анықтама береді. Жоғарыда келтірілген анықтамаларды қорытындылай келе, лексикография белгілі бір тілдегі лексиканы сипаттайтын, сөздік жасау ісін қарастыратын, тіл білімінің саласы және бір тілдегі сөздіктердің жиынтығы екенін көреміз. Лексикография сөздік түзу барысында тіл білімінің әлеуметтік лингвистика, психолингвистика, этнолингвистика, лингвомәдениеттаным салаларымен тікелей байланысты. Лексикография теориясы ұғымның, зат пен құбылыс атауларының мағыналарына түсінік беру жағынан семасиологиямен, тілдегі сөздік құрамның жиынтығы ретінде лексикологиямен, ғылыми апарат пен метатіл мәселелері жағынан логикамен, тіларалық коммуникацияға байланысты аударма теориясымен және басқа да көптеген ғылым салаларымен тығыз байланысты. Сөздіктер, бір жағынан, ғылыми өнім, екінші жағынан, ақпарат көзі, үшінші жағынан тілді үйрететін дидактикалық туынды болып саналады.
Қазақ лексикографиясының қалыптасуы туралы сөз қылғанда түркі тілдеріне ортақ мұра 11 ғасырда Қараханидтер мемлекеті кезіндегі Орта Азия елдерінің сөйлеу тілі мен кейбір тайпалық одақ тілдерінің сипатын білдіретін Махмұд Қашқаридың «Диуану лұғат ит-түрк» сөздігін атаймыз. Сөздік 1073-74 жылдары жарық көрген. Бұл сөздікте Махмуд Қашқари түркі сөздерін араб тілінің морфологиялық ерекшеліктері негізінде топтастырғанмен, түркі тілдерінің өзіндік грамматикалық заңдылықтарына сүйене отырып, оның ішінде түркі сөздерінің буынға бөліну ерекшелігін басшылыққа алған.
Сөздікте түркі тайпаларының өмірі, этнонимдері, топонимдері, туысқандық ерекшеліктері, лауазымдары мен қызметтері т.т. қамтитын он мыңға жуық сөз, сөз тіркестері араб тіліне аударылып, жан-жақты талданған. М.Қашқаридің сөздігі түркі тілдері салыстырмалы грамматикасының, түркі тілдері лексикографиясының, түркі тілдері лексикологиясы мен грамматикасының негізін қалаушы, тіл тарихы үшін баға жетпес құндылық болып табылады.
Қазақ лексикологиясына қатысты тағы бір еңбек А.Д.Скалонның 1774 жылы жарық көрген “Русско-киргизский словарь” (С.Буличтің мәліметі бойынша “Русско-казахский словарь”) сөздігі. Қолжазба түрінде құрастырылған бұл сөздікте қазақ тіліндегі сол кезеңдегі қоғамдық терминдер мен сөздер түзілген. Бұл құнды мұра сол кездегі Қазақстанды танып-білгісі келген орыс зиялыларының зерттеу жұмысына жәрдем тигізген. ХІХ ғасырдың басында А.С.Пушкин қазақ жеріне келіп, танымал әдеби мұраларды жинауға талпыныс жасады. Осындай мәдени саяхатшылар үшін қос тілді сөздіктер елеулі қызмет атқаруы мүмкін. Бұл уақыттың сөздіктері тек аудармамен шектеліп қоймай, грамматикалық түсініктемелерге де орын берген. 
1861 жылы жарық көрген Н.И.Ильминскийдің «Материалы к изучению киргизского (казахского) наречия» еңбегі қазақ лексикография ғылымына қосылған құнды мұра саналады. Бұл еңбектің 162 беті орысша-қазақша сөздіктен тұрса, 35 беті қазақ тілінің фонетикасы мен грамматикасына арналған.
Белгілі түрколог В.В.Радловтың «Опыт словаря тюркских наречий» атты сөздігі фонетика, морфология, лексиканы зерттеуде теориялық дереккөз ретінде пайдаланылды. Жоғарыда аталған сөздіктермен қатар М.А.Машановтың «Русско-киргизский словарь» (1898), Ыбырай Алтынсариннің зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, үстеу мен жалғаулық, предлог, етістік және аударма үлгілері деген 8 бөлімнен тұратын “Начальное руководство к обучению киргизов русскому языку” деген 1879 жарық көрген еңбегінде сөз таптарын атап көрсетіп, оларға қатысты сөздік ұсынады. Әрі қарай сөздердің синтагмалық қатынасын, тіркесімділігін сипатын ашады. Арасында әр тақырыпқа байланысты грамматикалық ережелер беріп отырады. Мысалы, «Нәрселердің аттары [Зат есім], (Имя существительное)» деген 1 бөлімді құдай бог, пайғамбар пророк деп бастап, заттардың орыс тіліндегі аудармасын беріп отырады. Кейбір жерінде таңқалдыратын тұстары да бар. Қазір біз ауызекі тілде қолданып жүрген сюртук сөзіне бешмент, бешмет деген балама берген. Бұл сөз «Орысша-қазақша cөздікте» сюртук. сюртук (ерлердердің ұзын етекті киімі) деп аударылады.
Қазақ тіл білімінде сөздік жасау ісі 20 ғасырдың екінші жартысында қарқынды дамыды.Осы кезде сөздік түзу практикасымен қатар теориясы мен сыны қатар іске асырылды деп айта аламыз. Мысалы,
К.Аханов 1959-1961 жылы шыққан түсіндірме сөздік пен 1960 жылы шыққан “Біріккен сөздер мен сөз тіркестерінің орфографиялық сөздігі” туралы сын да айтады. Кейін шыққан орфографиялық сөздіктегі қайын аға деген екі сөзден тұратын сөздің қайнаға деп жазылып, осы тектес қайын бике сөзінің екі бөлек жазылғанында бірізділіктің жоқтығын дәйектейді.
Ы.Маманов “Орфографиялық сөздіктегі олқылықтар” атты мақаласында жоғарыда сөз болған сөздіктің екінші басылымына (1978) мынандай сын тақты: “Тағы бір көңіл аударатын нәрсе: сөздікте дыбысталуы біртектес түбір сөздерге тәуелдік жалғауы жалғанғанда, солардың бір тобының құрамындағы қысаң ы,і әріптері түсіріліп жазылған, ал енді бір тобы түбірін сақтап жазылған. Солардың біразын оқып көрейік: ауыл – аулы, дауыл – дауылы, ауыз – аузы, қауыз – қауызы, мұрын – мұрны, жұрын – жұрыны, мойын – мойны, ойын – ойыны т.б.” [15, 451]. Ол мұндай сөздердің құрамындағы ы, і әріптері барлық жағдайда сақталып жазылғаны жөн деп есептеді. Ал осы әріптерге қатысты бөрік – бөркі, көрік –көркі, мүлік – мүлкі, халық – халқы, әріп – әрпі сөздерінде олардың кейінді ықпал заңына бағынбайтынын жазады. 
Алғаш шыққан Жұмат Досқараев пен С.Аманжоловтың диалектологиялық сөздіктеріне ғалым Кеңесбай Мұсаев сыни пікірмен қоса ескертпелер де айтады. Алайда С.Аманжоловтың сөздігін қазақ тіліне аударған ғалым Ғабдолла Қалиев соңғы кездері осы тақырып айналасындағы зерттеліп жатқан еңбектердің 50-жылдары жазылған диалектологиялық сөздіктен аса қоймағанын көрсетеді.
Лексикография екі саладан тұрады: теориялық лексикография және тәжірибелік лексикография. Теориялық лексикография жалпы сөздік жасау- дың теориясын, мақсаты мен міндетін, принциптері мен типтерін анықтайды. Ал тәжірибелік лексикография түрлі сөздік жасаумен, сөздерді жүйелеумен, сұрыптаумен және оларды нормаға түсірумен айналысады.
Қазақ лексикографиясы қазақ тіл білімінің басқа да салалары сияқты соңғы елу-алпыс жыл ішінде қалыптаса бастады.
Лексикографиялық жұмыстар -жалпы тіл мәдениетіндегі табыстарды, тіліміздегі сөздердің кодификацияланған (қалыптанған) нормаларын қалың жұртшылыққа жеткізудің бір формасы. Бұқаралық ақпарат құралдарында (баспасөз, радио, теледидар), орта және жоғарғы оқу орындарында оқылатын лекциялардың бәрі, кез келген кеңсе қызметкерлері, жалпы жұртшылық осы сездіктерге жүгінеді. Сөздіктер тілді жүйелендіруде, әдеби тілдің нормаларын қалыптастыруға септігі тиеді. Қазіргі ана тіліміз кез келген мәселені, ой-пікірді соншалықты анық, дәл және нақты етіп түсіндіріп алатындай дәрежеге жетті.
Ұлттық мәдениетіміздің дамып, жетілуі және қазақ тіл біліміндегі үздіксіз жүргізілген зерттеулер мен іс-тәжірибелер сөздік жасауды жеңілдетті әрі сапасын да көтеріп отырды. Лингвистикалық сөздіктер өте көп. Олардың өздерінің мақсат-мүдделері белгілі. Олар бір тілдік, екі тілдік және көп тілдік болып бөлінеді. Мысалы, түсіндірме сөздік бір тілдің өз сөзімен жеткізілсе, ал екі немесе көп тілдік сөздікте өзге тілдердің сөздерімен түсіндіріледі. Проф. Л.П. Ступин лексикографияға байланысты өз жіктемесін ұсынады.
Жіктеме жасаудың алғашқы негізі ретінде сөздіктерді энциклопедиялық және лингвистикалық түрлерге бөледі.
Екінші негіз ретінде көлем жағынан сөздіктер үлкен, орташа, шағын түрлерге бөлінеді.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет