Бірінші кезең — Біздің заманымызға дейін III ғасыр мен біздің заманымыздың VI ғасыры аралығы. Бұған сақ заманынан бастап, көне түркі тайпаларының қиял-ғажайып тақырыптарға арналған күйлері, жорық сарындары, айтулы батыр, дана ару, ерге серік қанатты пырақ-ат, киелі жан-жануарлар туралы өте ертеден келе жатқан күйлер сарыны жатады. Мәселен, "Қос мүйізді Ескендір", "Көк төбет", "Көк бөрі", "Шыңырау", "Аққу", "Сарын", "Өгіз өлген", "Тарғыл бұқа", "Боз іңген", "Боз айғыр" сияқты күй-сарындар. Бұл күй-сарындар міндетті түрде аңыз-әңгімелермен қосарланып жүреді.