Қазақ Қолжазбалары



Дата15.09.2017
өлшемі105,16 Kb.
#33506
ҚАЗАҚ ҚОЛЖАЗБАЛАРЫ

******************************************************************

КӨНЕ ТҮРКІ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ЖАЗБА ӘДЕБИ МҰРАЛАРЫ

(б.д.д. V ғ. бастап – ХХ ғ. дейін)

10 томдық басылым

V ТОМ


******************************************************************

МАЙТРИ СИМИТ НОМ БІТІК

(MAITRISIMIT NOM BITIG, Құмыл нұсқасы, XI ғасыр, 1067 жыл.)

Факсимлия, транскрипция, жолма жол және еркін аударма

АЛМАТЫ

Ел-Шежіре



2012

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРЛІГІ

«МӘДЕНИ МҰРА» БАҒДАРЛАМАСЫ БОЙЫНША ШЫҒАРЫЛДЫ

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті жанындағы «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының сирек қолжазбалар мен кітаптар бөлімінде дайындалып, университеттің ғылыми кеңесінде бекітілген.

Жоба авторы және жалпы ғылыми редакциясын басқарған ПҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Т.Қ.Жұртбай

Көне түркі тілінен жолма-жол және еркін аударма жасаған, ғылыми түсініктерін жазып, сөздікті құрастырған – «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының жетекші ғылыми қызметкері, магистр Е.Сыламхан.

Көне түркі (ұйғыр) жазуынан латын һарпіне тарнскрипция жасаған Орталық ұлттар университетінің профессоры Гың Шымин (ҚХР, Бейжиң).

Алғы сөзін жазғандар – Т.Жұртбай, Е.Сыламхан.

Ғылыми редакторы: Қ.Сартқожаұлы, филология ғылымдарының докторы,

Пікір жазғандар: Т.З.Қайыркен, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Б.Еженхан, тарих ғылымдарының докторы,

Е.Ауғали, филология ғылымдарының кандидаты, доцент (ҚХР, Бейжиң).

Терімі мен корректурасын жүзеге асырғандар А.Әбділхамитқызы мен Қ.Қамзина .

АННОТАЦИЯ

«Қазақ қолжазбалары» (б.д.д. ІХ ғ. бастап – ХХ ғ. дейін) атты 10 томдық басылымның V-VI томына көне түркі тілінде, көне ұйғыр әрпімен VІІІ-ІХ ғасыр аралығында хатқа түскен, ғылымда «Майтри симит ном бітік» деген атпен белгілі пұт мінажаты туралы жәдігердің 1959 жылы Шығыс Түркістанның Құмыл (Хами) аймағынан табылған, 1067 жылы көшірілген «Құмыл» нұсқасы (бұдан басқа қолжазбаның Тұрфан, Күсән және Тохар тіліндегі нұсқалары бар) енгізіліді. Қолжазба 27 тараудан (бөлім), 293 парақ, 586 беттен тұрады. Түркі жазба әдебиетінің төлбасының бірі болып табылатын көне мұра тұңғыш рет ана тілімізде ғылыми айналымға түсіп, қазақ оқырмандарының назарына ұсынылып отыр.

Басылымның V томына көне қолжазбаның Кіріспесі мен алдыңғы 4 тарауының факсимлиясы, түпнұсқа мәтінінің халықаралық ғылыми ортада қабылданған ережеге сәйкес латын қарпіне түсірілген транскрипциясы және оның қазіргі қазақ тіліне аударылған жолма жол тәржімасы мен еркін аудармасы енгізіліп отыр. Сонымен қатар көне түркі тілінің мәтініне қатысты Алғы сөз бен ғылыми сипаттамалар, түсініктер мен сілтемелер берілген.
МАЗМҰНЫ

Жұртбай Т. Біз жатсынып кеткен мұралар .......................................................................4

Қайыркен Т.З. «Майтри симиттің» қазақша басылымына пікір.....................................6
БІРІНШІ БӨЛІМ: «МАЙТРИ СИМИТ НОМ БІТІКТІҢ» ЛАТЫН ҚАРПІНДЕГІ ТРАНСКРИПЦИЯСЫ МЕН ЖОЛМА-ЖОЛ АУДАРМАСЫ.
Сыламхан Е. «Майтри симит ном бітік»: жазылуы және оның түркі тіліне аударылуы туралы.........................................................................................................................9
Кіріспе тарауының латын қарпіндегі транскрипциясы мен жолма-жол аудармасы.....................................................................................................................................26

Бірінші тарауының латын қарпіндегі транскрипциясы мен жолма-жол аудармасы.....................................................................................................................................65

Екінші тарауының латын қарпіндегі транскрипциясы мен жолма-жол аудармасы...................................................................................................................................114

Үшінші тарауының латын қарпіндегі транскрипциясы мен жолма-жол аудармасы...................................................................................................................................166

Төртінші тарауының латын қарпіндегі транскрипциясы мен жолма-жол аудармасы...................................................................................................................................211
ЕКІНШІ БӨЛІМ: «МАЙТРИ СИМИТ НОМ БІТІКТІҢ» ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ЕРКІН АУДАРМАСЫ

Кіріспе тарауының қазақ тіліндегі еркін аудармасы...................................................266

Бірінші тарауының қазақ тіліндегі еркін аудармасы...................................................282

Екінші тарауының қазақ тіліндегі еркін аудармасы...................................................304

Үшінші тарауының қазақ тіліндегі еркін аудармасы..................................................328

Төртінші тарауының қазақ тіліндегі еркін аудармасы................................................352


ҮШІНШІ БӨЛІМ: «МАЙТРИ СИМИТ НОМ БІТІКТІҢ» КІРІСПЕ ЖӘНЕ АЛДЫҢҒЫ ТӨРТ ТАРАУЫНЫҢ ФАКСИМИЛИЯСЫ.......................................................380
Қысқартылған сөздер.......................................................................................................507

Есімдер, географиялық көрсеткіштер.............................................................................507

Пайдаланған әдебиеттер...................................................................................................508

Ғылыми түсініктемелер....................................................................................................510

Қосымша. Зәкенұлы Т.Қ. «Майтри смит» және оның тілдік ерекшеліктері туралы.........................................................................................................................................513

БІЗ ЖАТСЫНЫП КЕТКЕН МҰРАЛАР

Түркі дүниесі, соның бір бұтағы қазақ елі, әлмисақтан бастап осы уақытқа дейін өзінің даму тарихында 16 түрлі жазу үлгісін қолданды. Арғы хұн, бергі ғұн, сақ, скиф дәуірлерінде қашалып, ойылып, бедерленіп түсірілген жартастағы, күміс тостағандағы, мәңгітастардағы,, қыштағы, кеспектегі таңба, белгілер көзге қанық. Соның ішінде барынша жәдігерлік сыпат алған көне түркінің сына жазуы, Шам шаһарының жазба үлгісіндегі араб әліпбиінің сүлдесі, латын және славян һаріптерінің барлық жазылымы түйсікке таныс. Тіпті көне қытайдың иероглифінің және арамей сына жазуының негізінде түркілік дыбыстық жазу үлгісіне бейімделген әріптік жүйе де болыпты-мыс. Қалай дегенмен де сол 16 әріптің әрқайсысымен жазылып, сақталып қалған мұралардың барлығында да бүгінгі қазақ ұлтының демі бар. Мұрахаттар арқылы ғылыми айналымға түскен жәдігерлердің демі мен дені бізге етене жақын. Олардың мазмұны мен ұзына сарыны да танымымызға таңсық емес. Өйткені сол жазбаларда біздің ұлттық тағдырымыз бен таным тарихымыз жатыр. Қадым заманнан қазіргі кезеңге дейінгі даму деңгейімізді анықтап берген сол жазу үлгілерінің бәріне де қарыздармыз. Алайда түркі бүтінінің бұтақталар тұсында – Біріккен түрк қағанаты кезінде, яғни, 795 жылы пайда болып, қазақ ұлтының мәйегін ұйытқан түркі қағанатының, сол қағанаттың құшағынан шыққан найман мемлекетінің ресми жазуы ретінде қолданылған, содан кейін Шыңғыс хан империясында жалғасын тауып, ұлы дала кеңістігін жайлаған Жошы мен Шағатай, Хұлағу мен Құбылай ұлыстарының ортақ ұлысаралық жазуы болған, сол ұлыстардың орынына тебін тепкен Алтын орда мен Ақ орда, Көк орда мен Боз орда хандарының жарлықтары жарияланған, қазақ хандығы дәуірінде де дәуірі жүріп тұрған, Абылай ханның тұсында мәнжу империясымен екі ортадағы мәмілегер ретінде өмір сүрген, қилы-қилы тарихи тағдырды басынан кешірген, бірақ та қазір біз жатсынып кеткен бір жазу үлгісі бар.

Ол – Шам әліппесінің негізінде сүзілген, қолдану аясы ендігі мен бойлығы бойынша Шығыс Түркістаннан – Түркияға, солтүстік Түркістаннан – оңтүстіктегі араб түбегіне дейінгі кеңістікті қамтыған, ХІХ ғасырға дейін қолданыстан шықпаған «ескі жазу» – «хұдам бітік», яғни, сүйретпелі жазу. Хұдам бітік әрпімен қағазға түсірілген жәдігерлер мен сарай жарлықтары, қағандар мен хандардың, басқақтардың мәміле хаттары Ауғанстанның, Иранның, араб елдерінің, Түркияның, Ресейдің, сондай-ақ батыс елдерінің мұрағаттары мен кітапханаларының қорында біршама сақталып қалған. Солардың қатарында, осы басылымның ҮІІ томында жарық көруге тиісті Алтын орда дәуірінде, 1393 жылы жазылған Тоқтамыс ханның жарлығы, 1398 жылы жазылған Темір Құтлұқтың жарлығы, Абылайдың мәнжу патшасына жазған хаттары да бар. Өкінішке орай қазақ хандығы жойылып, Ресейдің бодандығын қабылдаған соң және араб әліпбиі жаппай орныққан тұста бұл ата жазуымыз мүлдем санадан өшті. Жоғарыдағы тарихи жарлықтарды аударған Березин, Григориьев сияқты ғалымдар «ежелгі (көне емес) түркі жазуы», «көне жазу» – «хұдам бітік», «Алтынорда жазуы», «сүйретпе жазу» деп атаған жазу үлгісі ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарында атаулық өзгеріске ұшырады. Саясатта да, ғылымда да нәсілдік көзқарас өршіген кезде: көшпелі түркілердің мұндай өркениетті жазу үлгісіне ие болуы мүмкін емес. Ол маздақтармен (христиан мен мұсылман дінін қабылдаудан бас тартып Иранға, одан Ауғанстан мен Пакстанға, одан Шығыс Түркістан мен Орталық Түркістанға қоныс аударған көшпелі таяушығыстықтармен) араласқан эфталиттер арқылы келген. Сондықтан да оны рулық, яғни, түріктік тектері ажыратылмаған құраманың атымен «ұйғыр жазуы» деп атайық – деген астамшылық мәміле орын алды.

Тарихтың осы бір қиянатты атауы тез орнығып, қазір халықаралық ғылыми айналымда скифтерді – ирантілдес (яғни, арий тектес) ел деп, ал көне «хұдам бітік» жазуын – «ұйғыр жазуы» деп атау дәстүрге айнлып кетті. Соның нәтижесінде, қытай сияқты ұлы дәстүрге ие мемлекеттің өзінде түркітану ғылымы – «ұйғыртану» ғылымына меншіктеліп берілді. Бұған тарына қарайтындай іштарлығымыз жоқ. Ұйғырлар да түркінің бір тамыры. Тек жоғарыдағыдай астам пайымдаулар рухани намысты қозғайды. Сондықтан да біз сол Біріккен түрк қағанаты мен найман мемлекетінің және Шыңғыс ханның ұлыстары мен қазақ хандығының мемлекеттік жазуын сол тұстағы және бүгін де Сыртқы Монғолия мен Ішкі Монғолияда сақталған аталымы бойынша – хұдам бітік деп пайдаландық. Мұны – біз жатсынып кеткен жазуды жадында сақтаған ұлысқа деген құрмет деп түсінуге де болады. Сондай-ақ, соңғы жарты ғасырдың аңғарында жоғарыдағыдай «бөліп алып билеуге» негізделген пайымдауларды ұлттық өзімшілдікке айналдырған кейбір қандастарымыз исі түркі тектес қауымның ортақ мұрасын мүшелеп алу арқылы түркі жұртының тұтастығының түте-түтесін шығаруға бет алып барады. «Ұлы өктемдіктен» туған жалған ғылыми тұжырымды малданып, аға-ініден іргесін бөліп, оны саяси идеология ретінде ұстануды үрдіс еткен бауырластарымыздың «кіші өктемдігі» қынжылтады. Пекиндегі Орталық ұлттар институтында дәріс беріп жүрген кезімізде атақты түркітанушы Гың Шымин ғұламаның бізге қарата: «Сендер, қазақтар, ғылымдағы өз мұраларыңнан өздерің жеркеніп жүрсіңдер. Егерде дәл қазір қауырт кіріспесеңдер, ертең өз мұраларыңды өздерің ұйғырдан, өзбектен, әзірбайжаннан, түрікменнен сұрап, ала алмайқаласыңдар. Менің бұл пікірімді өзімнің ұйғыр шәкірттерім де жақтырмайды. Кейде сынап қояды. Бірақ шындықты ашық айтқанды ұнатамын», – деген сөзі үлкен ой салып еді.

Сол бір орынды айтылған ойлы ескертуден кейінгі бес-алты жылдың ішінде «ұйғыр жазуы» үлгісіндегі, яғни, құдам бітікпен жазылған Қазақстандағы, Германиядағы, Ресейдегі, Түркиядағы, Ауғанстандағы жәдігерлердің біразының көшірмесін жинақтап, жүйелеп, салыстырып, ежіктеп көргенімізде Гың лаужиенің пікірінің шындығына көзіміз жеткендей болды. Қазақ мемлекеті мен қазақ ұлты тікелей мұрагері болып танылатын ХІ – ХІІ ғасырдағы найман мелекеті, Жошы мен Шағатай ұлысы, қазақ хандығы, қазақ ханы Абылай ресми мемлекеттік жазу ретінде пайдаланған: найман жазуынан – хұдам бітіктен – сүйретпе жазудан – ұйғыр жазуынан бас тартатындай біздің еш жөніміз жоқ екен (Әрине, бұл туралы дербес пікір қозғалуы тиіс. Сондықтан да шағын кіріспеде оны таратып жатпаймыз).

Сонымен, қазақ ұлтының құрылу, даму жолының куәсі болған осындай етене мұраны біз неге жатсынып кеттік? Оның басты себебі, қазіргі қазақ ұлты қоныстанған кеңістікте ІХ ғасырдан бастап ислам дінінің, сол арқылы араб әліпбиінің сіңіріле таралуы. Екіншіден, хұдам бітікті мәмілегерлік жазу ретінде қолданысқа түсіріп отырған қазақ хандығының жойылып, Ресейге бодан болуы. Үшіншіден, хұдам бітікпен жазылған мұралардың негізгі бөлігінің пұт мінәжатын насихаттауға арналуы. Жатсынудың түп төркінінің өзі осы діни танымда жатса керек. Оңтүстіктен етек түре індеген исламдық шариғат пен Монғол империясының құлауымен шығыстан дендеп кірген пұт мінәжатының жосын, қағидалары қазақ даласында, соның ішінде Шығыс Түркістан мен Алтай тауларында бетпе-бет келіп, ұзақ уақыт шарпысумен болды. Қаңғай үстірті мен Саян тауы бауырында қалған арғын, қоңырат, алшын, найман, керей қауымы пұт мінәжатында қалды. Олар ХІХ ғасырда православиелік «әулие әкейлердің» арбауына ілікті. Қосағаштағы қазақтар қазір осы үш діннің үшеуінің де ықпалында жүр. Әкесі – пұтқа, шешесі – Исаға, баласы – исламға жүгінген отбасын көріп, жағамызды ұстағанымыз бар. Бұл – тарих талқысы. Дегенмен де, исі түркі тарихының Тәңірлік танымы мен бұрхандық діни танымынан мағлұмат беретін аса құнды мұрадан бас тартудың қазір еш қисыны жоқ. Тәңірлік таным мен пұт мінәжатының аңсарын танытатын ырымдық нысаналардың сарқыны қазақ халқының тұрмыс-ырымынан бүгін де нышан беріп қалады. Көне мұраларға көз қиығын салғанымызда мұны анық байқадық. Жалпы алғанда, Біріккен түрк қағанатының сүйретпелі хұдам бітік жазуымен сақталған жәдігерлерді шартты түрде: 1) Ислам діні туралы, 2) Мани діні туралы, 3) Несториян діні туралы, 4) Будда діні туралы мінажат уағыздар және 5) Түрлі іс қағаздар (қазірге дейін белгілі болған іс қағаздар саны 400-ге жуық) деп жіктеуге болады екен.

Ал осы бағыттағы біздің алғашқы талпынысымыз – түпнұсқасы Ауғанстандағы аласапыран кезінде өртеніп кеткен «Ләтафатнама» атты дастанның сақталып қалған фотокөшірмесін қазіргі қазақ тіліне аударуды қолға алудан басталды (Ол тәржіма осы басылымның ҮІІ томында жарияланады). Кезінде түркітанушы Ғұбайдолла Айдаров марқұм Гансу мен Дунхуаңнан табылған жәдігерлердің ішінен «Тариаттың» транскрипциясы мен жолма жол аудармасын қазақ тілінде жариялаған екен. Сол тәжірибеге және Гың Шыминның «Ұйғыр жазуындағы Майтри симит Құмыл нұсқасының зерттелуі» (2008), сондай-ақ, осы ғалымның шәкірттері Исрапыл Юсуп, Абдухейум Қожа, Долқұн Қамбаридің «Көне ұйғыр жазуындағы Майтри симит 1» (1987) атты еңбектеріне сүйене отырып пұт мінәжатының уағызын – «Майтри симит ном бітікті» қазақ тіліне аудару міндеті Гың шымин ғұламаның шәкірті, «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының жетекші ғылыми қызметкері Еркінжан Сыламханұлына жүктелді. Ол – Гың шымин түсірген латын әрпіндегі транскрипцияны қайта көшіру, оны мағынасы бойынша жатық етіп жолма жол аудару, түсініктеме беру, түсіндірме сөздік жасау сияқты аса ауқымды әрі өте күрделі жұмыстарды табанды түрде атқарып шықты. Әсіресе, Будда дінінің танымдық, философиялық жосындары мен қағидаларын, пұт мінәжатының ұғымдарын, астарлы пікірлерін түпнұсқаға сай түсінікті жеткізуге барынша көңіл бөлді. Әрбір діни атау мен ұғымға сілтеме берілді. Дегенмен де, жолма жол аударманы түпнұсқамен салыстыра оқып шыққаннан кейін оқырманның мәтінді тереңдеп түсінуі үшін еркін аударма жасау қажеттігі туды. Тиісті түсініктемелер де сол мақсатпен жазылды. Осы тақырыппен таныс ғалымдардың пікірінен соң тағы да жұмыс істелді.

Міне, енді сондай ғылыми саралаулардан өткен жас ғалымның төрт жылғы еңбегінің нәтижесі ғылыми қауымның назарына ұсынылып отыр. Ғылыми ой тоқырап қалмауға тиісті. Қалайда алға жылжуы үшін тәуекел де қажет. Сондықтан да алғашқы ғылыми ізденістердің кемшілігі болуы әбден мүмкін екенін ескере отырып, тиісті сын, ескертпелер алдағы уақыттағы осы бағыттағы зерттеулерге шипасын тигізеді – деген сеніммен сөзімізді аяқтаймыз.

Тұрсын Жұртбай,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің жанындағы

«Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының



директоры, филология ғылымдарының докторы,

профессор.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет