Қазақ отбасындағы тәрбие: ұяда не көрсең



Дата14.04.2017
өлшемі39,08 Kb.
#13846

Қазақ отбасындағы тәрбие: ұяда не көрсең...




 

Қазақ халқында өз еліне, отбасына, достарға адалдық ерекше маңызды орын алады. Сондықтан үй болып, оның ішкі талаптарын, әдеп – инабат нормаларын мүлтіксіз сақтауға зор мән беріледі.

Отбасындағы тәртіптің оның мүшелері арасындағы адамгершілік – туыстық қарым – қатынастың алатын орны ерекше. Әйтсе де онда бетімен кетушілікке жол берілмейді. Отбасы тіршілігінің ежелден қалыптасқан заңы бойынша, оны отағасы, ол болмаса отанасы, одан қалса үлкен аға не әпке басқарады, олардың сөзін, ұйғарымын өздері жерде қалдырмайды, ал үй – ішінің тәртібін қолында ұстаушылар да өз тараптарынан отбасының барлық мүшелерінің пікірін, тілек – ұсыныстарын елеп – ескеріп отырса, бұл, бір жағынан, ортақ мүддеге қызмет етеді, екінші жағынан, тәрбиелік, өнегелік мәні бар инабаттылық та болып табылады.

Отбасының бейіл – береке, ынтымағы үшін отбасының (басқарушының) әділ болуы орасан маңызға ие. Оның тәрбиелік рөлі де зор.

Ата-ана өз отбасын нығайта отырып, сонымен бірге оның балиғатқа толған мүшелерін үй болуға, өз шаңырағын көтеруге әзірлеуі басты әрі өте жауапты міндет болып саналады.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп, «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», «Көріп алған көріктіден көрмей алған текті артық», «Анасына қарап, қызын ал», деп халық бәрін бастан кешіп, сынақтан өткізгендіктен айтқан.

Әркімге, оның ішінде, балаға өз үйінен ыстық, өз үйінен кең де керемет мекен жер жүзінде жоқ. Алайда бала онда ата – ананың қамқорлығына, шексіз сүйіспеншілігіне бөленіп, әке мен шешенің жақсылығы мен дәулетінің қызығын көріп қана қоймай, адамгершілік, әдеп – инабат тағылымдарын алуы тиіс. Соның бірі – үлкендердің ақыл – кеңесі, өсиеті. Мұны жай ақыл айту, құрғақ насихатшылдық, кәрілердің кәдуілгі әдеті деп қарау – қате. Онда сен жақсы әдепке үйреніп қалсын деген ниет қана емес, үлкен өмір тәжірибесі, жастығыңа байланысты сен жете мән бере қоймайтын құнды сабақ бар. Соны құлаққа іліп, зердеге түйіп өскен жастан көп жақсылық күтуге болады. «Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады», - деген ғой кемеңгер Абай.

* * *


Қазақ отбасындағы қыз бала тәрбиесіне қарағанда біраз ерекшеліктердің бар екенін білеміз. Себебі бүгін отбасында еркелеп ұстап отырған қыздардың күні ертең бойжетіп, өскен соң, өзге шаңырақтың түтінін түтетіп, ошағының отын жағатын әйел, ана болатынын айтсақ та жеткілікті.

Қыз бала тәрбиесінде ананың орны ерекше. Ана қыз бала тәрбиесінде әкеге қарағанда ерекше қызмет етеді. Басқа ұлтқа қарағанда біздің қазақ қыздарының бойында ізеттілік, ар – ұят, ұяңшақтық, үлкенге қызмет көрсету, жан ашу қасиеттері қызының бойына сіңіретін ең бірінші – ол анасы.

Біздің халқымыз ер баланы ертеңгі мұрагер санағанмен қыз баланы олардан әсте кем көрмеген. Көп жағдайда қыз бала тәрбиесіне айрықша көңіл бөлген ата – аналар ұлдарынан гөрі қыздарын ерекше жақсы көріп, еркелетіп еркін өсірген. Қазақ отбасында мысалы, ұлды жазалау шектен шығып бара жатқан жағдайлары жиі кездессе, ал қызды жазалау кездеспейтін құбылыс десек те болады.

* * *


Отбасының ұйытқысы, берекесі, мейір – шапағат көзі - әйел. Әйелдің бұл рөлі отағасының жамағатына, бала-шағаның анаға деген сүйіспеншілігімен, қамқорлығымен, ана жанын қас – қабағынан, жанарынан танығыштықпен нығая, биіктей береді. Әрине, әйел де өзінің аналық борышын ұмытпағанда, әсіресе ерімен қабағы жарасып, тату сүйіспеншілікте тұрғанда, оған деген көзқарасында халқымыздың ізгі – дәстүрін, өнегелі - өміршең салтын, діни жол – жосығымызды ескергенде, оның қадір – қасиеті, бүкіл отбасын, ауылды, ағайын – туысты топтастырушылық мәртебесі арта түспек. Жеткіншек ұрпақ мұны ұғып, біліп өскені абзал.

Әйелдің еріне қарым – қатынасы балалардың әкеге көзқарасының сипатын анықтайтыны берік есте болуға тиіс. Мұның өзі бір жағынан, үй – ішіндегі әдептің бастау алатын көзі екені анық. Демек, балалар үшін әке беделі аналарының сөзі, іс – қимылы, қас – қабағы арқылы қалыптасады. Мысалы ерлі – зайыптылар балалар көзінше бір – біріне қатты, балағат сөздер айтыспақ түгіл, дауыс көтеріп, керісуге тиіс емес. Олай еткенде өз беделдерін жоғалтудың, бала – шағаның жүрегін шошытып, зәресін ұшырудың үстіне, олардың жанына кейін өздері үй болғанда алдарынан шығатын жаман әдеттің ұрығын егеді. Бұл жағынан аналардың балаларға: «әкеңмен ақылдас», «әкең біледі», «әкеңнің айтқанын істе», т.б. деген сияқты дәстүрімізде бар сөздерді айтып отыруы қандай ғанибет. Атақты «Абай» романында осыған орайлас халықтарымыздың қадірлі дәстүрін танытатын мынадай бір тағылымды естелік бар. Семей қаласында 3 жыл оқып, жайлаудағы әке үйіне күн кешкіре жетіп жығылған 13 жасар шәкірт бала – Абай аттан түскен бетте амандасу үшін шешеге қарай жүгіреді. Сонда ақылды да байсалды ана Ұлжан: «Әй, балам, анда әкеңдер тұр, әкеңе барып сәлем бер!» - дейді. Бір сәтке балалық сезім жеңіп, қателік жіберіп алғанын түсінген жас Абай шалт бұрылып, ортасында әкесі Құнанбай бар шеткерірек тұрған оқшау топқа қарай адымдай жөнеледі. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов мұны халықтың жүрекке жылы осындай тамаша дәстүрінен хабардар ету үшін ғана емес, оның тәрбиелік зор маңызын жоғары бағалағандықтан да келтіріп отырғаны анық.

Отбасының өмір отын лаулатып отырған ошақ иесі әйелдің орны да, еңбегі де алабөтен. Баяғының білімпазы Ибн Фахруддин: «Әйелдері тәрбиелі болған халық тәрбиелі, әйелдері тәрбиесіз болған халық тәрбиесіз. Әйелдері үнемшіл, пысық, жігерлі, талапты болса, халық бай; ал жалқау, салақ немесе ысырапшыл болса, халық пақыр, кедей болады», - деп бекер айтпаса керек.

«Инабат» кітабынан



 


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет