Қазақ ою-өрнектері



бет3/3
Дата25.01.2022
өлшемі25,07 Kb.
#114227
1   2   3
Байланысты:
Лекция Қазақ халқының қолөнері.

Ою-өрнектердің түрлері

«МҮЙІЗ» - қазақ оюының ең көне мәнері. Ою-өрнектің бұл элементі мүйізді мегзеуден шыққан. «Мүйіз» ою-өрнек кейде ұсақ, кейде ірі болып келеді. Ұсақ түрлері ағаш, сүйек, мүйіз сияқты нәзік қолөнер саласында қолданады. Ірі түрлері сырмақ, текемет, алаша, кілем, сәулет өнерінде сан түрлі мәнерде қолданылады. Мүйіз элементтері «аймүйіз», «қосмүйіз», «сыңармүйіз», «сынықмүйіз», «қырықмүйіз», «маралмүйіз», «еркешмүйіз», «қошқармүйіз» т.б. түрлерге бөлінеді. «Мүйіз» өрнегі үй жиһаздарында (кілем, сырмақ, текемет, алаша, көрпе, түскиіз, шымши), тұрмыстық заттарда (саба, шанаш, күбі, оқшантай, торсық, сандық т.б.), сондай-ақ қару-жарақтарда (қынап, оқшантай, торсық, садақ), киім-кешек, ат әбзелдерінде (ертоқым, айыл) қолданылады, жалпы бұл элементтің қолданбайтын жері жоқ десе де болады.

«ҚОШҚАРМҮЙІЗ» ою-өрнегі қойдың төбесі мен екі жаққа иіріле түскен мүйіз бейнесінде келіп, оның қолтық тұсынан қоидың құлағын долбарлайтын тағы бір шолақ мүйіз тәрізді екі буын шығып тұрады. Одан байқаған адамға қошқардың тұмсық бейнесі аңғарылады. Текемет, сырмак, басқұр, алаша, кілем, былғары, сүйек, ағаш, зергерлік бұйымдардың барлық түрлерінде кездеседі. Киізден жасалған бұйымдарда бұл ою түсті шүберектермен ойылып, құрақ, яғни аппликациялық өрнек түрінде де тігіледі.
«ҚОСМҮЙІЗ» ою-өрнегі қойдың, ешкінің, сиырдың екі мүйізін ғана бейнелейді және кейде «ырғақ», кейде «ілмек» деп аталатын оюларды «қосмүйіз» дейді. Үй жиһаздары мен тұрмыстық заттарды, киім-кешек, қару-жарақтарды безендіру үшін пайдаланатын қой, ешкі, сиыр, бұғы, марал сияқты жануарлардың қос мүйізін бейнелейтін ою-өрнек. Қазіргі кезде «қосмүйіз» ою-өрнегін сәукелеге, айыр қалпақтың төбесіне, шетіне, қамзолдың алдыңғы жағына, етіктің қонышына салады.

«АРҚАРМҮЙІЗ» деп аталатын ою-өрнек қойдың мүйізін бейнелейтін оюдың түрі. Бұл элемент «қошқармүйізге» өте ұқсас, бірақ, оған қарағанда шиыршықтанып, тармағы одан көбірек болып келеді (кілем, тұскиіз, сыр- мақ, кесте, киім-кешек пен үй жиһаздарында кездеседі).

«ӨРКЕШ» ою-өрнегі түйенің қос өркешін бейнелейді. Сырмақ, текемет, тұскиіздерге салынатын ою-өрнек композициясында көбірек кездесетін элемент. Қазақ оюында мал мен аңның қос мүйізін, түйенің қос өркешін, биенің қос емшегін бейнелеу тек симметриялық тепе-теңдік үшін ғана емес, сонымен қатар береке-бірліктің, көбеюдің символын білдіреді.

«СЫНЫҚМҮЙІЗ» морт сынған тік төртбұрыш жасап, төрт рет ішке қарай иіледі. Бұл ою-өрнек кілемдерді, шилерді, басқұр мен алашаларды, сондай-ақ әр түрлі қалталарды безендіру үшін пайдаланылады, ал сырт көрінісі малдың сынған мүйізіне ұқсайды.

Жүн және одан жасалатын заттар

Төрт түлік малдың жүні қазақ халқының өмір тіршілігінде үлкен роль атқарған және оны ұқсатуды ел бұдан мыңдаған жылдар бұрын білген. Қазақ халқының шаруашылығында мал жүнінің ең асылы және бұйымдар жасауға ең көп қолданатыны түйе және қой жүндері, ешкі түбіті, оның қылы, содан кейінгісі жылқының жал-құйрығы, түйенің жүні, шудасы.

Түйе жүнінен неше түрлі өрмек жіптерін иіріп, шекпен, қап, белбеу, құр, кілем, қоржын сияқтыларды тоқиды. Сол сияқты түйе жүні айыл-құйысқан, өмілдірік, ноқта жасауға және көген, бау-шу есуге өте қолайлы. Түйе жүні көрпеге салуға, шапанға тартуға өте жақсы, жеңіл, әрі жылы болады, қылшық шықпайды. «Шуда» деп түйенің мойнындағы, тізесіндегі, екі өркештің үстіндегі салалы қылшық жүндерін айтады. Шудадан жамау-жасқаулық жіп иіріледі. Бұрын қазақтың тон-шалбары, сабасы мен торсығы, көп ыдыстары осы шуда жіппен тігілген. Шуда жіп «шертер», «керуіш» деп аталатын.

Қойдың жүнін «жабағы», «күзем жүні», «қозы жүні», «өлі жүн» және «шет-пұшпақ» деп бес түрге бөліп атайды. Қойдың жабағы жүнінен шидем шапан, күпі күседі, ішпек, терілік жасайды, тыстап күпсек (бөстек), көпшік, жеңіл байпақ тігеді. Қойдың жабағы жүнін түтіп, одан кейін матаның сыртына шықпас үшін қылшықтарын бүрілтіп қайнатады. Бұл жүнді шайырынан арылтып тазарту үшін де істеледі. Жабағы жүнді киімнің, көрпенің арасына салады, неше түрлі иіру ісіне, бізбен, сыммен тоқу жұмысына қолданады. Түтілген жабағы жүннен шүйке жасалып, бау-шу есіледі, өрмек жіптері, неше түрлі жиектер ширатылады.

Өрмек

Өрмек халық қолөнерінің тоқу ісінде қолданатын өте қарапайым әдісі, яғни мұны тоқу станогы десе де болады. Күрделі техникасыз, кез келген жағдайда қолданылып, керекті жабдықтары оңай табылатын өрмектің екі түрі бар. Оның біріншісін аспалы немесе термелі өрмек дейді. Ондай өрмекте кілем сияқты тұтас, енді заттар тоқылады, екіншісін жай өрмек дейді. Жай өрмек шекпен, алаша, қап, қоржын, белбеу, терме бау, басқұр сияқты енсіз нәрселерді тоқуға арналады. Өрмекке арналып иірілген жіптер істелетін бұйымдарға, жасалатын жолақтарға, өрнектерге қарай бірнеше түсті болады және ол түстер бөлек-бөлек домалақтанады. Тоқылғанда заттың ұзын бойына жұмсалатын бұл жіптер кейде жалаң қабат, кейде екі қабат иіріледі. Шекпен жіптерін жиек жіптер сияқты оңқай, солақай етіп иіре береді. Өрмекшілер тілінде үстіңгі жіпті «ерсісі» деп, астыңғы жіпті «қарсысы» деп атайды.



Кесте және көркемдеп тігу

Кесте және көркемдеп тігу ою-өрнекті әшекейлеудің ертеден келе жатқан элементтерінің басты түрі. Кестені бізбен және жай инемен әшекейлеп тігу барлық халықтарға да ортақ өнер. Кесте өнері нағыз халықтық, алуан әдісті, таңдауы көп өнер. Кесте өнерінің қазақ халқына тән байырғы көне түрлері: біз кесте, айқас тігу, айқыш-үйқыш тігу, басып тігу, қайып тігу. Біз кестенің шым кесте және әредік кесте деп аталатын екі түрі бар. Біз кесте дөңгелек немесе төрт бұрышты етіліп кергіш ағашқа керілген материалдың бетіне түсірілген ою-өрнек бойынша қарамақты бізбен өткермелеп шалу арқылы кестеленеді. Шым кесте деп тігілетін материалдың ашық жерін қалдырмай немесе ашық орынды өте аз қалдырып, тұтас кестелеген шымқай кестені айтады. Әредік кестеде материалдың әр жері өшекейленіп, бөлек-бөлек өрнек салынады. Шым кесте, тұс киіз, сандыққап, мақпал шапан, орамалдың алақаны, жастық жапқыш, кежім, сәукеле сияқты басқа да көптеген заттарға төгіледі немесе бөлек материалға төгіп қондырылады. Әредік кесте тақия, балақ, өңір, жаға, етекке және кең қоныш етіктердің бұрыш-бұрышы, перделердің шеттері сияқты заттарға төгіледі немесе бөлек төгіп қондырады.

Зергерлік

Зергерлік – өте ерте заманнан келе жатқан өнер. Алтын-күміс әшекейлі бұйымдарды жасаумен әуестенушілерді зергер деп атау бүкіл Орта Азия халықтарында ерте кезден-ақ қалыптасқан. Қазақ шеберлер зергерлік өнерін біліп бірақ алтын-күмісті өздері қорытып, өндіре алмаған. Сондықтан оларды көрші орыс мемлекеттерінен сатып, айырбасқа алып отырған. Кесек күміс пен алтын оңайлықпен табылмағандықтан ол кездегі қазақ зергерлері көбінесе алтын, күміс ақшаларды қайта балқытып немесе ол күйінде пайдаланған. Ел арасындағы халық шеберлері түрлі көркем, нәзік істерді қарапайым әдіспен орындайды. Көбінесе білезік, өңір жиек, сақина, сырға, тіс шұқығыш (бұрын алтын, күміспен орнектеп жасап, қалтаға салып жүретін), қиықша, қоза, шолпы, алқа, қапсырма, сәукеле түйреуіш, мық, ілгек, сағат бау, үзбе, түйме, түйменің сабағы, бұрама, деңбет (дөңбет), кемер белдік, кісе сияқты адамның өз бойын әсемдейтін заттарды жасады. Ыдыс-аяқ, ағаш төсек, ер-тұрман, қару-жарақ, жазу жабдықтары, темекі салғыш, насыбай шақша, опа сауыт, домбыра, қобыз, сырнай және т. б. алуан түрлі жиһаздарды әшекейледі. Зергерлікті жұмыстың орындалу әдістеріне қарай: техника жолымен преске, қалыпқа салып қысу, балқытқан металдарды арнаулы қалыптарға қүю, бір металға екінші металды оюластырып жапсыру, тұтас металдың бетін ою, сызу арқылы өрнектеу, металдарга алтын, күміс жалату, металды қақтау, қуыстау, жұмырлау, домалақтау, шашақтау сияқты бірнеше түрге бөледі. Бұл заттарды қалай жасалатындығын әнгіме етейік.



Сүйек пен мүйізді ұқсату

Ежелгі халықтардың қай-қайсысы болса да негізгі күн көріс кәсібін аңшылық пен мал өсіруден бастаған. Сондықтан хайуанаттың етін, майын, ішек-қарнын, терісін, жүнін, тарамысын пайдаға асыра білумен қатар олардың сүйегінен, мүйізінен көптеген мүліктер мен қару-жабдықтар жасайтын. Алғашқыда сойылған малдың қабырғаларын пышақ орнына, жіліктерін шоқпар орнына, бас сүйектің ми қаптарын ыдыс орнына, жауырындарды қалақ орнына пайдаланған. Келе-келе адам баласы сүйекті сүйекпен жону, таспен егеу, отқа күйдіру сияқты әдістерді тапты. Ақырында сүйектен, мүйізден түрлі қолөнер туындылары жасалды. Тағы да көп жылдар өткен соң адамзат нәсілдері қоланы, мысты, темірді тапты. Бұл адамзат қауымының еңбегіне көп жаңалықтар ашып, жеңілдіктер берді. Осыған байланысты өте жабайы кездердегі сүйекті пайдалану әдісіне де көп жаңалықтар енгізілді. Сүйекті кесіп, тесіп, жонып өңдеу мүмкіндігі туды. Сүйек пен мүйіз енді өз алдына құрал жабдық болумен қатар, басқа құрал жабдықтарды да өңдейтін ою-өрнек, әшекей мүліктеріне айналды. Сүйекті жону, өрнектеу, шегелеу, сүйекке күміс қақтау сияқты жұмыстар өте нәзік болуымен қатар аса шеберлікті талап етеді. Көшпелі қазақ аулының шеберлері ағаштан көшіп-қонуға ыңғайлы кебеже, жүк аяқ, кереует, асадал, адал бақан, аяқ-табақ, шөміш, шомбал сияқты заттар жасаумен қатар, малдың бүкіл сүмесін де (тұлабойы және одан шығатын өнімдері) қажетке жаратып келді. Малдың етін, сүтін, майын тамаққа, терісі мен жүнін киім-кешек, киіз-сырмаққа жаратса, тезегін отынға, сүйегі мен мүйізін зергерлік өнеріне негізгі материал ретінде пайдаланды. Сүйекті ағашқа ырып қақтау және оның бетіне күміс жапсыру әдісімен ұқсатты. Ысқыш, тобыршық, шөміш сап, ұршық бас, шүмек, қағаз кескіш, қармақты біз сияқты заттар сүйектен жасалады. Әсіресе семіз, жас малдың қайнатылмаған сүйегі оюға, өрнектеуге өте қолайлы. Семіз малдың сүйегі май сіңген сарғыштау, шытынамайтын майысқақ келеді. Мұндай сүйектер тесуге де, кесуге де, ақсары түсті әдемі өң беруге де қолайлы. Семіз, жас малдың сүйегі кеуіп шатынаймайды, өңі де бұзылмай, ұзақ сақталады. Сүйек ұқсатушы зергерлер, әсіресе түйе мен жылқы сүйегін қадірлейді. Оның себебі бұлардың сүйегінде қара кемік болмайды және олар ұзақ сақталған сайын сарғыштартып, ажарлана түседі. Ал ожаудың сабы, тегене, табақ, піспек сияқты заттарға сиыр сүйегі де жарайды. Сүйекті агартып немесе сарғылт мөлдір түсті етіп өңдеуге болады. Сүйекті аппақ қардай ету үшін оны қайнатып, ыстық қоламтаға көміп кептіреді, ал сарғылт түске келтіру үшін май жағып, шөптің түтініне ыстайды. Сүйек ұқсатушы шеберлер жылан тіл пышқы, әр түрлі түрпілі егеулер, шапашот, асыл ыңғыру, қайқы пышақ, үскі, майда шарық, түрглі қағаз сияқтыларды қолданады. Бұлармен іс істеу үстінде ең бір шартты талап — асықпау, әрқашан бір қалыпты салмақпен жеңіл ұрғылау және сүйектің бетін үнемі тазартып алып, мұқият қарап отыру. Сүйек ісіне арналған аспаптар әрқашан өткір және асыл металдардан істеледі. Сүйекті шауып өңдеген кезде аздап ыстық су құйып отырса сүйек шытынамайды. Сүйекті түзетіп, тегістейтін құралды «бастырық» немесе «қысқы» деп атайды. Бұйымды өрнектеп жасау үшін екі беті бірдей егеліп өңделген сүйекті алады да, оның бетіне арналған ою-өрнегін сызады. Бұдан кейін сол сызықтың үстімен арнаулы «безеубас» шапқы, біз, сүргі сияқты аспаптармен ыра жонып оюлайды. Сүйектегі ою-өрнекті кернекті ету үшін ырылған оюларды сіңімді бояумен бояйды. Бояуға мұсатыр, скипидар сияқты сіңімді сұйық заттар қосылады. Өрнектер көлемді заттарға жасалғанда, олар бөлек-бөлек кішкене сүйектерден құрастырылып, жалғастырылып отырады. Сондықтан оны өрнектеуден бұрын құрақтарын қиюластырып, өрнек өрісін сиғызып, мөлшерлеп алады. Өрнектелген сүйекке күміс жапсырып, сәнді тастар орнатып, оларды мың шегелермен ұстатқанда, осы жапсырылып істелген өрнектер сүйек бетіне ырып отырғызылады да, оның үстіңгі беті сүйек бетіне дәл келтіріледі. Шегенің орнын сүйектің шетінен 5—10 миллиметрдей кейінірек тескен жөн. Әйтпесе сүйектің шытынап, сынып кетуі ықтимал. Сүйек тесетін бәрбінің бұрандасы өткір, ұсақ, әрі таяз келеді. Үскілеп отырған жерге әлсін-әлсін ыстық су құйылады. Бәрбіні қатты баспай, тек өз салмағымен немесе алақанмен ғана демейді. Тесіп отырғанда шытынап кеткен ұсақ сынықтарды қара күшала мен иісті жуа араласқан қоспаны езіп, сонымен желімдейді. Жіліншіктің қыр сүйектерінен әр түрлі өрнектегі қырлы, жұмыр, түзу немесе тармақты заттар, сүмбе, ілуір (киім ілгіш), тұтқа әр түрлі қораптар жасалады. Мәселен, кебеже беттеріндегі сүйек өрнектері қалың тақтайдың бетіне ырып отырып орнатылып, нәзік мықтармен шегелеу арқылы құрастырылады. Мұндай ырулар сүғынды ыру деп аталады. Ондай ырулардың түп жағы кең, беті тарыла келіп, орнатылатын заттар бір шетінен сүғылып қиюласады. Ал әр жерінен беріктік үшін қағылған мық шегелер сүйек бетіндегі өрнектермен үйлесіп жалпы өрнектердің бір элементі сияқтанып тұрады. Түйенің немесе жылқының қалың сүйектерін егеп, бейнелі өрнектер жасауға болады. Еліміздің кейбір шеберлері мал мен аңның сүйегін әдемілеп өңдеумен қатар құс пен балықтың да сүйегін өңдеп, одан неше түрлі гүл, түйреуіш, шыбын, жарқырауық қоңыз бейнесін жасап, өте үсақ әдемі өрнекті суреттер салып жүр. Сондайақ малдың, аңның ірі сүйектерін бұрандалап, топсалап құрастыру әдісімен өте үлкен көлемді мүліктер де жасалады. Ал сүйектен жасалған қобдишалар сәнді таяқ, қамшының сабы, айна қойғыш пен тоғыз құмалақ тақталары т. б. заттарды өте жиі кездестіруге болады. Сүйектен жасалатын және сүйекпен әшекейленетін заттар: алқа, астау, бәкі сап, белдік, бесік, білезік, домбыра, ер, есік, ине, кесте сап, кереге, қасық, қылыш сап, май салғыш, ожау, ойыншықтар, таяныш, табақ, тегене, шам қойғыш, түрлі ыдыстар т.б.

Ағаш бұйымдары

Қазақтың ұлттық қолөнерінде ағаштан көптеген заттар жасалады. Балташылар, ағаш ұсталары, ершілер қайыңды, үйеңкіні, үйшілер, ағаш ойып, шыбық өріп тоқушылар талды пайдаланады. Балташылар үй борайды, еден төсеп, арба, шана, жақтау, қақпа, тіреу сияқты ірі заттарды істейді. Ағаш ұстасы стол, шкаф, сөре, орындық, кебеже, асадал, рамалар жасайды. Ағаш оюшылар оны жонып күйдіреді де бояулап өрнектейді. Шыбық өрушілер, тоқушылар қамыстан, шидан қорап, шыпта, орындық, шарбақ сияқты заттарды өреді. Бұл жұмысқа бұтақсыз, оқырасы жоқ, таза ағаш таңдап алынады.

Ағаш шеберлері балта, пышқы, үстірік (сүргі), бұрғы, ағаш түрпісі, тез, қысқы, үскі, қашау сияқты аспаптарды пайдаланады. Бұлардан басқа түрлі өлшеуіш пен үлгі, біз, қырғы, желім, бояу сияқты көмекші құралдары да болады.

Ағаштан бұйым жасайтын шеберлер: емен, қайың, самырсын, үйеңкі, қызыл қарағай, шынар, қара ағаш, ырғай, шырғай, тасжарған, мойыл, қайыңның түбірі (безі), жөке, тал, арша, жаңғақ ағашы, май қарағай сияқтыларды пайдаланады. Бұлардың бірі қатты, бірі жонуға оңай, жылтыр, ал кейбіреуі жарылмайтын, қаңсымайтын болса, енді кейбіреуі иілгіш, жеңіл, су сіңбейтін бірақ бояу сіңгіш, желім ұстағыш болады. Әрбір істің ерекшелігіне қарай әр түрлі сападағы ағаштар пайдаланылады.

Тері өңдеу, ұқсату

Халық тұрмысында мал терілерін қарапайым жолмен ұқсату көптен бері келе жатқан тәсілдердің бірі. Сондықтан бұған байланысты турлі-түрлі ұғымдар туды. Мысалы, ірі қара малдың иленбеген терісін шылғи тері немесе шылғи қайыс, ал тері иленіп ұқсатылғаннан кейін оны қайыс деп атайды. Шылғи қайысты ұқсатудың екі түрлі жолы бар. Бірі — оның жүнін сылып тастап пайдалану, екіншісі — теріні жүнін сылымай-ақ пайдалану. Жүнді терілерден тулақ, тайтері, бөстек, тұлып, қауға, шанаш, мес, дорба, шарқай, т. б. жасалады. Жүнін алып тастаған терілерден көк, өкше сірі, көн, дабыл жасалады. Құрымға салынып, ысқа ұсталып, құмға қатырылған теріден саба, торсық, көнек, шанақ істеледі. Иленген теріден көксауыр, таспа, қайыс, қапшық, құлын, жарғаң, бота ішік, шідер, жүген, айыл, тартпа, тамақбау, құлақбау сияқты нәрселермен қатар, былғары, ұлтан, опайке, шегрен, көзел, етік, мәсі, кебіс, қоржын, тоқым, ертұрман, тон, шалбар, шамадан, тақия, көпшік, белдік, кісе, кейде тұс киіз сияқты келемді заттар да жасалады.

Ірі қараның терісі әрбір іске арнайы пайдаланылған. Соған қарай олардың әр түрлі атаулары бар. Мысалы, сиыр терілерін қолөнер шеберлері сиыр терісі, егіз терісі, тайынша терісі, бұзау терісі деп төртке бөліп атайды да, әр терінің өн бойы — жондың, қабырғалың, үйек бас тері, пұшпақ, мойын болып бірнеше түрге бөлінеді. Жылқы терісін — бие терісі, жабағы және құлын терісі деп үшке бөледі. Түйе терілерін атан терісі, бота терісі деп екіге ғана бөледі. Атан терісі, өгіз терісі және олардың жондықтары қол істеріне ең қолайлысы. Қой терілерін: жабағы тері, қырықпа тері, күздік тері, соғым терісі, тақыр тері, тоқтышақ терісі, сеңсең, елтірі, мари, жылбысқа тері деп он түрге бөліп атайды. Осы терілер киім түрлерінің бәріне жарай береді. Ешкі терілерін - жүндес тері, тақыр тері, түбітті тері, серке терісі, лақ терісі, лақ мариі деп бөледі. Ешкі терілері төзімді келеді. Сондықтан одан алуан түрлі киім тігеді, бөстек, тулақ, торсық, саба, қапшық жасайды.



Ши орау

Халқымыздың өрнекті өнерінің бірі шиді жүнмен орап, және оны өрнектеп тоқу ісі. Қолөнерінің барлық түрлері сияқты, ши тоқу, оны түрлі өрнектермен безендіру әдісі өте ерте заманнан бері келе жатқан өнер мұрасы. Сан алуан әдемі өрнектер орап тоқыған шым шилер киіз үйдің керегесі мен туырлығының арасына ыдыс-аяқ тұрған жақка тұтуға, сондай-ақ үлкен үйлердің ішін бөлмелеп далда жасауға, итарқа құруға өте ыңғайлы. Ертеректе батырлардың оң салып жүретін қорамсақ қаптары да шиден тоқылған. Қолөнер ісінің басқа түрлеріне қарағанда ши тоқу әлдеқайда арзанға түседі, әрі төзімді келеді. Әсіресе киіз үйдің ішін әсемдеуде шидің алатын орны ерекше. Неше түрлі сырмен боялып, сағанақтары күмістендірілген кереге көздері мен құлпырған құр-таңғыштарға, термелеп өріп, жібекпен шашақтаған уық бауларға, зермен кестелеп, шұғамен оюлаған туырлық пен үзіктің ішкі өрнектеріне ши жалпы түр беру ретінде өте үйлесіп-ақ тұрады.. Әсем болумен қатар ши көші-қон жағдайында алып жүруге өте қолайлы. Сондықтан мал шаруашылығымен айналысатын елдер оны ерте заманнан бері пайдаланып келеді.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет