Қазақ тарихында ислам дініне дейін қазақ халқының сенімі шаманизмдік болса, ислам дінінен кейін де оның сарқыншақтары дәстүрмен біте қайнасып кетті. (Мысалы, келін түскенде отқа маю тамызу (отқа табыну), аруаққа сыйыну, малдың киесі бар деп ұғу т.б.) Сонымен қатар, қазақ әдебиетінде де шаманизмнің әсері зор болды. Оған бақсы сарыны, бәдік айтыс, аруақпен сөйлесу, жылан арбау т.б. жатқыза аламыз.
С.Мұқанов «бәдік» ұғымы туралы : «Шаман дініні қолданып жүрген кезіндегі қазақ халқының ұғымында «бәдік» - малға, адамға тиетін індет ауруының иесі - құдайы», - деп көрсетеді.
Бәдік» те осы шаман дінінің салдарынан пайда болған. Айтыстың бұл түрі – айтыс жырларының көне түрі. Ол адамның табиғаттың жұмбақ сырына түсінбеген кезінде, шаманизм дін нанымына байланысты туған. Адам өзі танып-білмеген күштердің бәріне табынған, солардың бәрінің өз иесі бар деп білген, жақсылық, жамандық атаулының бәрінің өз тәңірісі бар деп ұққан. Соларға құлшылық етіп жалбарынған, солардан медет тілеген. Атам заманғы ертегілер, мифтер, аңыздар туралы айта келіп, М.Горькийдің: "Бұлардың (ертегілердің) мағынасы ертедегі жұмыс адамының еңбегін оңайлатуға, оның өнімділігін арттыруға, төрт аяқты және екі аяқты жауларға қарсы құралдануға талпынуында және де сөз күші арқылы, "үшкіру", "аруақты шақыру" әдісі арқылы жаратылыстың стихиялық, адамға жау құбылыстарына әсер етуде болып отыр", – деген сөздерінің "бәдік" жырына тікелей қатысы бар. Сонау ерте-ерте заманда адам мал ауруының да, адам дертінің де иесі бар деп ойлаған. Сол дерттерден арылу жолын іздеген. "Үшкіру", "шақыру" арқылы сол іңдеттерден құтылуға болады деп білген. Малмен күн көріп, тіршілік еткен халыққа ең бір ауыр індет айналшық (айналма) деген мал ауруы болған. Сол аурудан құтылу амалы оның иесі – бәдікті үркітіп, көшіру керек. Ол үшін кешқұрым ауыл жастары жиналып, кеш өткізетін болған. Бәдікті сөзбен арбап, қорқытып, үркітіп, қашыру керек. Жастар екі жақ боп "бәдік" айтатын болған.
Айт дегенде айтамын-ау бәдікті,
Қара мақпал тоным бар барша әдіпті.
От оттамай, су ішпей жата берсе,
Бәдік емей немене бір кәдікті,
Көш! Көш!
Әй, бәдік, көшер болсаң, сайларға көш
Жылқыға, мінілмеген тайларға көш.
Таппасаң, одан жайды мен айтайын,
Тең түскен төрт құбыласы байларға көш.
Халық елге пәлелі бәдікті сөзбен алдап-арбап, басқа қонысжайға ауыстырмақты, көшірмекті ойлайды. Оған жақсы жайлы қоныс ұсынады. Бәдікке ұсынған қоныстарының бәрі сайлы, қызығарлық. Бертін келе адамның ойсанасы, білім-танымы есейе, жетіле келе бәдік айтысы діни нанымнан арылып, жаңа сипат алады, мазмұны жаңғыра бастайды. Ол енді жастардың әзіл-қалжың ойын айтысына айналады, онда әзіл-оспақ басым.
Жігіт:
Жемір бәдік дегенге, жемір бәдік,
Қу қыздардың шекесін кемір бәдік,
Семіз қыздың ішіне кіріп кетіп,
Бүйрек майын же дағы семір бәдік.
Қыз:
Бәдік кетіп барады мекесіне,
Ешкі арығын білдірмес текесіне
Онан көшер жайыңды мен айтайын,
Бар да жабыс жігіттің шекесіне
Жігіт:
Қаратауым дегенде, Қаратауым,
Тау басынан соғады қара дауыл.
Сіздің үйде бір бәдік бар дегенге,
Қаптай көшіп келеді біздің ауыл.
Қыз:
Бәдік кетіп қалыпты таудан асып,
Таудан арғы бұлтпенен араласып.
Енді екеуіміз бәдікті тауып алып,
Шын құмардан шығалық сабаласып.
Осы сияқты «бәдік» айтысы күлдіргі, әзіл-қалжың мәніне ұласады. Жалпы, «бәдік» айтысының нақты қай заманда туғаны белгісіз. Әр заманда мағыналық жағынан өзгеріп отырған.
Достарыңызбен бөлісу: |