Туынды түбір
Туынды. түбір деп құрамы негіз сөз бен жұрнақтан тұратын сөздер аталады, Мысалы, үгітші, каламгер, әсемпаз, сәнқой, бәлеқор, ботақан, кұлыншақ, құнажын, бөлім, бөлме, ақта, майла т.б.
Туынды түбірге сөзжасамның синтетикалық тәсілі арқылы жасалған туынды сөздер ғана жатады. Сонда туынды түбір мен туынды сөз деген екі терминнің арасында үлкен айырма бар. Сондықтан бүл екі термин кейде орынсыз бірінің орнына бірі колданылатынына қарамастан, олардың әркайсысын өз мәнінде қолдану керек.
Туынды түбір туынды сөздердің ішіндегі ең көп тараған түрі. Сөзжасамның синтетикалық тәсілі сөзжасамдық жұрнақтар арқылы туынды түбір сөздер жасап, тілді байытып отырады. Туынды түбірдің құрамы негіз сөз бен сөзжасамдық жұрнақтан тұрады. Туынды түбірдің мағынасы негіз сөз бен сөзжасамдық жұрнақтың мағынасынан жасалады. Негіз сөздің лексикалық мағынасы жұрнақ қосылғаннан кейін туатын лексикалық мағынаға негіз болады, сондықтан туынды түбірдің мағынасы мен негіз сөздің мағынасы үнемі байланысты болады. Мысалы: өнер-лі, ақ-та, көйлек-шең, біт-ім, сыр-лас т.б. Бұларда өнерлі деген мағына өнер деген сөздің мағынасына негізделген.
Туынды түбірлердің мағынасы оған негіз болған сөздің мағынасымен байланыста бола тұра, ол негіз сөздің мағынасынан белгілі дәрежеде өзгешелігі болуы керек. Кейде туынды сөздің мағынасы үлкен өзгеріске түссе, кейде ол мағыналық ерекшелік аз болуы да мүмкін. Мысалы, дәрігер, тәлімгер, зейнеткер дегендердің бәрі түрлі кәсіпті маманданған адамдарды білдіреді. Бұлардағы дәрі, тәлім, зейнет деген жансыз заттық үғым атауларынан маманданған адам атауы жасалды. Олар сөз табын сақтағанымен, мағыналарында үлкен өзгеріс болды.
Ал жақсылық, жамандық, үлкендік деген туынды түбірлерде негіз сөздің сындық, белгі мағынасы туынды түбірде заттық, ұғымға ауысты. Бірақ олардың мағынасында үлкен айырмашылық бар деу қиын.
Таулы, ақылды, өнерлі сиякгы туынды түбірлерде сөз табы өзгерді, бірақ мағынадағы өзгеріс өте үлкен емес. Мысалға келтірілген туынды түбірлердің бәрінде негіз сөздің мағынасында өзгеріс болған, ол мағыналық өзгеріс әр топта әр түрлі. Бүдан шығатын қорытынды негіз сөзбен салыстырғанда, туынды түбірдің мағынасында қандай болса да, белгілі бір өзгеріс, мағыналық түрлену болады. Сондықтан да негіз сөз бен туынды түбірдің мағынасы бірдей бола алмайды. Олай болса, туынды түбірдің мағынасында өзгеріс болу туынды түбірдің белгілерінің бірі болып саналады, өйткені туынды түбірде мағыналық өзгеріс болу міндетті.
Туынды түбір құрамы жағынан алғанда, екі морфемадан тұрады. Олар: негіз сөз және сөзжасамдық жұрнақ. Бұл екі морфема - туынды түбір үшін міндетті шарт. Негіз сөзден туынды түбірдің құрамы қашанда күрделі болады. Туынды түбірге негіз болған сөз қандай түбір болса да, одан жасалған туынды түбірдің бір морфемасы артық болады.
Туынды түбірлер тілдің қазіргі даму сатысына сай танылады. Сондықтан туынды түбірдің құрамындағы морфемалардың жігі анық көрініп тұрады. Мысалы, кедейлік<кедей+лік, қымызхана<қымыз+хана, көкте<көк+те, намысқор<намыс+қор, тапқыр<тап+қыр, тотық<тот+ық, тігін<тік+ін, ұшкыш<ұш+қыш, ұшақ<ұш+ақ. Келтірілген туынды түбірлердің бәрінде олардың қүрамындағы морфемалардың жігі анық көрініп тұр.
Осы туынды түбірлердің құрамындағы жұрнақтың әрқайсысы тілде бірнеше басқа туынды түбірлер жасаған. Олармен бұл туынды түбірлерді салыстыру арқылы жұрнақтың тілдің сөзжасам жүйесінде бары аныкталады.
Бұл жағдай тарихи түрғыдағы туынды түбірлерге қатысты емес. Тарихи тұрғыдағы туынды түбірлердің құрамындағы морфемалардың жігі жойылған. Сондықтан олар қазіргі тілдің даму сатысында туынды түбір саналмайды. Мысалы, түркологтар жой-жоқ, той-тоқ, кел-кет сөздерін көне заманда туынды түбір болған сөздер деп дәлелдеген. Қазіргі тілдің даму сатысында бұл сөздер туынды түбірлер ретінде танылмайды, олар қазір негізгі түбірлер саналады. Міне, сондықтан да туынды түбірлердің құрамындағы морфемалардың жігі сақталуы да олардың белгілеріне жатады.
Туынды түбірлер белгілі сөз таптарының құрамында болады. Мысалы, қолөнерші, жазушы, күресші, дорбашық, буыншақ, түйін, болжам деген туыңды түбірлер зат есімге жатады. Өркениетті, білікті, әуесқой, өнерпаз, дүниеқор, бағалы, киімшең деген туынды түбірлер сын есімге жатады. Ал тазала, әңгімеле, қолда, жолық, ағар, қыскар, бағала деген туынды түбірлер етістік екені белгілі.
Туынды түбірлердің сөз таптарына қатысты болатын себебі әр сөз табының өзіне тән сөзжасамдық жұрнактары бар. Туынды түбір қай сөз табының жұрнағы арқылы жасалса, сол сөз табының туынды түбірі саналады. Әр сөз табының жұрнағы туынды түбірге өзі тәуелді сөз табының мағынасын косып, сол сөз табының сөзін жасайды. Сондықган туынды түбір сөздің бәрі де белгілі бір сөз табының сөзі болып саналады. Осымен байланысты әр сөз табының сөзжасамы бар. Мысалы, зат есімнің сөзжасамы, сын есімнің сөзжасамы, етістіктің сөзжасамы т.б.
Қорыта келгенде туынды түбірлердің мынадай белгілері бар:
1) туынды түбір екі морфемалы сөз, олар: негіз сөз бен сөзжасамдық жұрнақ;
2) туынды түбірдің мағынасы оның құрамындағы негіз сөз бен сөзжасамдық жүрнактың мағынасынан жасалады;
3) туынды түбірдің құрамындағы негіз сөз бен туынды түбірдің мағынасы байланысты болады;
Сөзжасамдық ұя - сөзжасамның негізгі ұғымы. Сөзжасамдық ұя дегеніміз-жаңа сөзжасамдарға негіз болатын, ортақ, өзек мағына қалыптастыратын сөздердің жиынтығы. Бір сөзжасамдық ұядан тараған туынды сөздердің мағынасында түбірдің мағынасы сақталады. Сөзжасамдық ұяның мағынасын айқындау арқылы сөзжасамдық тізбекті тану мүмкін болады. Мысалы, “Өк”, “Бөл” деген сөзжасамдық ұялардан сөздің даму нәтижесінде мынадай туынды сөздер қалыптасқан: өк-өгіз-өгізше, өгіздей, өгіздік; өкір-өкіреш-өкіреңдеу; бөл-бөлу, бөлшек, бөлік, бөлім, бөлек, бөлектену, бөлісу, бөлме, бөлтек, бөлке, бөлдек, бөлгізу, бөлгіш. Сөзжасамдық ұяның мағынасы туынды сөзбен салыстырғанда ауқымды әрі кең болады. Сөзжасамдық мағына осы сөзжасамдық ұяның мағыналық шеңберінде дамиды.
Сөзжасамдық тұлға-сөзжасамның негізгі ұғымы. Сөз жасауға қатысатын ерекше тұлғалық және семантикалық суффикс түрінде де болуы ықтимал. Айталық, суффикстік тәсілде негізге суффикс жалғанса, мұнда екі сөзжасамдық тұлға қатысып тұрады.
Сөзжасамдық мағына – сөзжасамдық үдерісте қалыптасқан туынды мағына. Негіз сөз бен өзге сөзжасамдық тұлғалардың мағыналарының бірігуі не қосарлануы арқылы жасалатын мағына. Сөзжасамдық мағына өзінің белгісі мен реңі жағынан грамматикалық және лексикалық мағыналардан ерекшеленеді. Ол жекелеген тұлғаның немесе сөздің дара мағынасы емес. Сөзжасамдық мағына сөздің тұлғалық және семантикалық күрделі құрылымына тән, кемінде екі сөзжасамдық тұлғаның қатысуы арқылы немесе сөздің семантикалық дамуы арқылы пайда болады.
Сөзжасамдық тип деп бір сөз табынан белгілі бір жұрнақ арқылы жасалған ұқсас мағыналы туынды сөздердің жасалуы аталады. Мысалы, сын-сынақ, ат-атақ, жол-жолақ т.б.Бір сөзжасамдық типке белгілі бір жұрнақтың бір сөз табынан болған негіз сөздерге жалғанып, оларға бірдей мағына қосуынан жасалған туынды түбірлер жатады. Мысалы, қолда, майла, көзде. Бұл туынды түбірлер бір сөзжасамдық типке жатады. Олардың басын қосатын ортақ белгілері мыналар: 1) негіз сөздері бәрінде бірдей –зат есім, 2) бәрі жұрнақ арқылы жасалған, 3) туынды түбірлердің бәрінде қимыл мағынасы жасалған.
Сөзжасамдық үлгі-сөзжасамның негізгі ұғымының бірі. Сөзжасамдық үлгіні анықтауда мынадай белгілерге сүйену керек:
негіз сөздің қай сөз табына жататыны;
негіз сөз бен туынды сөздің семантикалық арақатынасы;
сөз тудырушы негіз сөз бен сөзжасамдық тұлғаның сыртқы формасы мен туынды сөздің сыртқы формасының сәйкес келуі; Яғни сөзжасамдық тәсілдің бірлігі, айталық, аффикстік тәсілде сөз тудырушы аффикстің бірдей болып келуі: келе-шек, бола-шақ; оқу-шы, жүргізу-ші, жазу-шы т.б.
Сөзжасамдық тізбек-бір сөзжасамдық ұядан немесе негізгі сөзден тараған туынды сөздер тізбегі, яғни бір түбірден тараған бірінен-бірі тікелей туындайтын, біріне-бірі негіз болатын негізді сөздердің тобы. Мысалы, бөл-бөлім-бөлімше-бөлімшелі. Біл-білім-білімді-білімділік; күндіз-күндізгі-күндізгіше.
Сөзжасамдық саты деп негіз сөз бен сөзжасамдық жұрнақтан тұратын сөзжасамдық ұядағы туынды түбірлердің жасалу ретін білдіретін тілдік бірлік аталады. Мысалы, ой-ойла-ойлан-ойландыр-ойландырт деген туынды түбірлердің әрқайсысы бір саты саналады.
Сөзжасамдық ұя қанша сөзден құралса да, онда сөзжасамдық жұп болады. Сөзжасамдық ұяның ең кішісінде бір, екі сөз болады. Мысалы, пай-пайшы, пән-пәндес, пән-пәндік, бық-бықтыр-бықтырт-бықтырқыз, бық-быққыз. Келтірілген 3 ұяның ең азында бір сөзжасамдық жұп бар, ол пай-пайшы. Пән деген түп негізден тараған ұяда екі жұп бар: 1. Пән-пәндес, 2. Пән-пәндәк. Ал бық негізінен тараған ұяда 4 жұп бар, олар: 1. Бық-бықтыр, 2. Бықтыр-бықтырт, 3. Бықтырт-бықтыртқыз, 4. Бық-быққыз.
Сөзжасамдық тарам (парадигма) деп тік қатардағы бір сатыда бір негіз сөзден өрбіген туынды сөздердің жиынтығы аталады. Мысалы, өр түп негізден жасалған ұяда 5 сөзжасамдық тарам бар, олар: 1. 1-сатыдағы: өрбі, өргіз, өрдір, өріс, 2. 2-сатыдағы: өріссіз, өрісті, өрісте, өрісшіл, өрістес, 3.3-сатыдағы: өрістел, өрістен, өрістет, 4. 4-сатыдағы: өрістік, өрістілік, 5. 5-сатыдағы: өрістетіл, өрістеңкіре.
Әдебиеттер:
Достарыңызбен бөлісу: |